Жайраңдаған жайық-қыз құлын мүсін,
Әудем жерден сезеді үніңді ішім.
Ұғын, түсін лүпілін жүрегімнің,
Мінезбен де маңғаздау жұғымдысың.
Базбіреулер қошақан , сәби десін,
Өз орны бар арусың фәниде шын.
Ұғымың да, өзгеше қылығың да,
Тал бойыңнан табылар сан үйлесім.
Жаутаңым-ай, жанары жәудіреген,
Саған менің назарым ауды дер ем.
Жүзіңдегі жұтардай түпсіз көлдер,
Ақын болсаң - деп тұр-ау - жаудыр өлең .
Ынтық қылып жібектей күлкі, ісіңе,
Шоқ салып үлгердің-ау мың кісіге.
Пері қызы болмаса, періште - ол ,
Дейді ұлдар көз салған түр-түсіңе.
Үй үлкені болғанмен тым еркесің,
Сымбатыңа жарасып тұр өрдешің.
Арман шыңға айналып бар болмысың,
Алғансың ба мекендеп жыр өлкесін?!
Зәузатым-ай мөлтілдек, жаутаңдаған,
Кезіміз көп кездесер бау таңдаған.
Сені көрсем дәрменсіз күй кешемін,
Сезінсем де өзімді қауқарлы адам.
Салды сезім сарсаңға әрі мені,
Бұл не деген көңілсіз сарын еді.
Қаузады мұң жапырақ-жүрегімді,
Дертті жанның өзіңсің дәрігері.
Емде мені, ерке қыз...