Әбунасыр еренім

Скачать



ӘБУНАСЫР әл-ФАРАБИ – әл-ОТЫРАР

(Қазақ аңыздарының ізімен жазылған әңгіме)

© Кенішбайдың Рақымының ұлы Болат

Астана – 2018 жыл – 22 шілде

Ұлтымызды ұлыдай, ұлықтай, ұлымыздай ұлықтайық!!!
Ұлтыңызды ұлыдай, ұлықтай, ұлыңыздай ұлықтаңыз!!!
Ұлтыңды ұлыдай, ұлықтай, ұлыңдай ұлықта!!!
Ұлтымды ұлыдай, ұлықтай, ұлымдай ұлықтаймын!!!

© Кенішбайдың Рақымының ұлы Болат
----------------------------------------------------------------------------------------------------

ӘБУНАСЫР әл-ФАРАБИ – әл-ОТЫРАР

(Қазақ аңыздарының ізімен жазылған әңгіме)

Ескертпелер:
1) Жастарға түсінікті болу үшін әңгімедегі ел, жер, су, тау атаулары қазіргі заманғы атаулармен аталған, сөз саптаулар қазіргі заманауи сөз тіркестері арқылы берілген, табиғаттағы және қоғамдағы құбылыстар заманауи ұғымдар арқылы суреттелген.

ПРОЛОГ

Отырар қаласының ортасында орналасқан әдемі сарайдың кең, салтанаты жарасқан қонақ күтетін бөлмесіндегі биік те үлкен үстелдегі қазақи мол дастарханның төрінде ел арасында Қоңыр атты қолбасшы аталып кеткен Отырар қаласының әскербасы Махмұт отыр. Дастарханды айнала қолбасшының көп балалы отбасының барша мүшелері жайғасқан. Махмұтқа қарама-қарсы жақта Махмұттың келіншегі Ботагөз ағаш тегенедегі сары қымызды ағаш ожаумен жайлап сапырып отыр. Әкесінің оң жағында ұлдардың ең үлкені Әбунасыр, сол жағында қыздардың ең үлкені Айсұлу орналасқан. Махмұттың Әбунасырдан кейінгі ұлдары, Нұртай мен Нұрбек, үстелдің ортаңғы тұсының екі жағына тұрып алып ет турап жатыр, қалған ұл-қыздары жайдары көңілмен әңгімелесіп отыр.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОТЫРАР ҚАЛАСЫНДА БОЛҒАН ОҚИҒА

Ботагөз: Отағасы, біз қаладағы, үйдегі жаңалықтарды кейінірек айтармыз, өйткені олар жәй ауыл арасындағы әңгімелер ғой. Ал, сіз астанамыз Бозақ қаласына елбасымыз патшаның арнайы шақыруымен, қасыңызға ұлымыз Әбунасырды ертіп елордамыздың мың жылдық мерейтойына барып келдіңіз. Керемет болған шығар. Айта отырыңыздар.
Қоңыр атты қолбасшы: Иә, ғажап болды. Әуелі осы мерекені тамашалауға арнайы шақырған елбасымызға ризамын, сосын өзінің орнына Отырар делегациясын бастап бар деген қала әкіміне ризамын. Ол кісі ауырып қалды ғой, әйтпесе өзі барар еді. Бозақтан қайтып келген соң, Әбу екеуміз, Отырарға кіре сала әкімнің сарайына барып, басшымыздың қал-жағдайын сұрап, сапарымыздың қорытындысын айтып, алғысымызды білдіріп, ризашылығын алып, біраз әңгімелесіп шықтық. Ауырып отырса да белсенді көрінді.
Ботагөз: Иә, ол кісі ауырса да, қызметін атқарып жүр деп естіп отырдық.
Нұртай: Әке, тойға шет елдерден қонақтар шақырылып па?
Қоңыр атты қолбасшы: Иә, астанамыздың мерейтойына көптеген шет елдерден патшалары, императорлары, корольдері, шахтары, князьдері, басқа да үлкен-үлкен лауазымды адамдар бас болып шақырылған қонақтар топ-тобымен келіпті. Араларында тәжірибе алмасуға келген мамандар, байқауларға қатысуға келген өнер адамдары мен ғалымдар, жарыстарға қатысуға келген спортсмендер жетерлік. Бір байқағаным шет елден келген қонақтардың көбі қазақша біледі немесе түсінеді екен, ал білмейтіндерінің кейбіреуі өздерінің тілмаштарын ала келіпті, кейбіреуіне біздің қазақтың ұл-қыздары аудармашы болып, жалданып қызмет етіп жүр. Бұл біздің қазақ мемлекетінің халықаралық беделінің өте жоғары екенін көрсетеді.
Айсұлу: Ләйім солай болсын!
Қоңыр атты қолбасшы: Мерейтойлық іс-шаралар бірнеше күнге созылды. Халыққа тамашалауға ыңғайлы болу үшін тәжірибе алмасулар, байқаулар, көрмелер, жәрмеңкелер, жарыстар түр-түрімен, кезек-кезегімен, жеке-жеке ұйымдастырылды.
Нұрбек: Қазақстан командасының жетістіктері қалай болды?
Қоңыр атты қолбасшы: Қазақтар аламан бәйгеден, аударыспақтан, ат үстіндегі соғыс өнерінен ешкімге дес бермеді. Қырық күншілік жерден жіберілген аламан бәйгедегі алдыңғы орындарды қазақ тұлпарлары бөлісті, ішінде адай, найман жылқыларынан да жүйріктер бар болды. Аламан бәйге орталық стадиондағы мәреге жеткенше ол жерде қысқа қашықтықтағы ат жарыстары, көкпар, аударыспақ, жорға жарыс, желісті аттар және жүк таситын аттар жарысы, қыз қуу, поло, ат үстіндегі соғыс өнері, тағысын тағы түрлі-түрлі жарыстар, байқаулар, концерттер болды. Стадионның сырт жағында қолдан тау үйіліп, онда қиялы, құзды, шыңды, тастақты, жартасты және небір кедергілермен жолдар жасалып тауда атпен жүруден жарыс өткізілді, бұл жарыста жеңімпаз болып найман жылқысы бір ауыздан анықталды. Көрермендердің айтуынша найман жылқысының түрі көп екен. Найман жылқысының етті түрінің қазысы тірі жүрген кезде де анық көрініп тұрады екен, сүтті түрінің сүті өте майлы болып келеді, сондықтан одан жасалған қымыз өте керемет болады екен, сол жылқы тұқымының алысқа шабатын төзімді, жақынға шабатын ұшқыр, тауда жүретін тұяғы мықты, жүк тасып-тартатын алапат күшті, ауыл арасында мінетін жорға, арбаға жегетін желісті, аударыспақ пен көкпарға ыңғайлы және тағы басқа да түрлері бар екен
Нұртай: Керемет! Шет елдіктердің дайындығы қалай екен? Олар жүлделі орындар ала алды ма?
Қоңыр атты қолбасшы: Иә, көкпардан қырғыздар бірінші орын алды, қазақ күресінен жапондар көптеген жүлделер иеленді, үндістер полодан жеңімпаз атанды, жүк тасу жарысында орыстардың аттары бәрінен озды. Мені таң қалдырған бір нәрсе, қысқа қашықтықта біздің Жебе тұқымынан озатын араб жылқысының пайда болуы.
Айсұлу: Ол қалай болды екен?
Әбунасыр: Мен қысқа қашықтықта мәре сызығынан алғашқы болып өткен ұшқыр аттың иесі араб атбегісімен сөйлестім. Ол баяғыда бір жомарт қазақ бір арабқа бір үйір Жебе тұқымынан жылқылар сыйлапты, соларды араб атбегілері сұрыптап сіздердің Жебелеріңізден де керемет ұшқыр жылқы тұқымын шығарып, оған араб жылқысы деген атау беріп, оның жақсы қасиеттерін ұдайы дамытып жүр деп өздерінің жетістіктерінің сырын айтып берді.
Сондықтан, біз де шет елдерден озық заттарды, нәрселерді, тәжірибені, әсіресе білім мен ғылымды елімізге әкеліп, пайдаланып, дамытуымыз керек деп ойлаймын.
Ботагөз: Әумин, айтқаның келсін!
Нұрбек: Әбу, спорттан басқа қандай өнер түрлерінен байқаулар болды?
Әбунасыр: Астанамыздың Сарыарқа төрінде өткен отыз күн ойын, қырық күн тойында неше түрлі тәжірибе алмасулар, байқаулар, жарыстар болды ғой. Солардың ішінде, өзімнің ойымша, ерекше маңызы бар дегендерін айтып отырмын ғой. Мысалы, итальяндықтар өздерінің скрипка деген музыкалық аспаптарын әкеліп, онымен неше түрлі сазды әуендер ойнап көрсетті, скрипка маған ұнады, біздің қобызға ұқсайды. Көрсетердің алдын да сахнаға скрипканы жасаған шебер шығып, осы аспапты қазақ қобызының негізінде жасадым деп айтты. Мен сол кезде жанымда жүрген шетелдік меймандарға қобыздың атасы домбыра екенін айтып бердім. Сол арада бір музыка асбаптарын зерттеуші жат жұрттық ғалым қазақ домбырасы әлемдегі шекті музыкалық асбаптардың атасы екенін мен өз бетімше дәлелдеп шықтым деп біздерді, қазақтарды керемет риза қылып, мақтаныш сезімімізді одан сайын көтеріп тастады.
Ботагөз: Міне ғажап! Ал, енді, отағасы бесбармақ дайын, бастаңыз.
Қоңыр атты қолбасшы: Рахмет! Ал, бастадым, алып отырыңдар. Шіркін, қазақтың тағамдарына бұ дүниеде ешбір тағам жетпейді ғой, әсіресе үйде дайындалған!
Әбунасыр: Осыған байланысты айта отырайын, мерейтойдағы тағамдар байқауында қазақ аспаздары ұлттық тағам түрлерінің барлығын көрсетті деуге болады. Дүниенің әр түкпірінен шақырылған қазылар алқасы, әсіресе, шетелдіктер қазақтың ұлттық тағамдарының арасында еттен және ет қосылып жасалған тағамдар түрінің көп екеніне өте таң қалды. Бұл байқауда Сарыарқа аспаздары пісірген қазақтың ұлттық тағамы бесбармаққа қазылар алқасы тарапынан бармақпен бағалау тәсілі бойынша тағы да бес деген баға беріліп, бұ тағамның әлемге белгілі бесбармақ атына лайық екені тағы да дәлелденді.
Шет елдерден келген емші-балгерлер қымызға өте қызықты, олар қымыздың емдік қасиеті бар дегеннен хабардар екен. Естуімше шетелдік дәрігерлер тауарлар көрмесі мен жәрмеңкесі аясында қымыз сатып алу үшін көптеген келісім-шарттар жасапты. Ал, маған ұнаған қымыздардың ішінен шығыстағы Катон-Қарағай мен оңтүстіктегі Тараздан келген қымыздарды атар едім.
Нұртай: Әке, білім-ғылым сайыстары болды ма?
Қоңыр атты қолбасшы: Иә, балам. Бұл ретте біздің отырарлықтардың мақтанарлық жағыдайы бар. Білім-ғылым байқауларында Отырардан шыққан, Отырарда оқыған ғалымдар ғылымның көптеген жарыстарында жеңімпаз атанып немесе жүлделі орындарды иеленіп жатты.
Ал, енді біздің Әбуге келетін болсақ, мен ған емес, патша ғана емес, сол тойға қатысқан бүкіл ел білім-ғылымда Отырардан шыққан Әбунасырға әлемде тең келетін ешкім жоқ! деп мойындағанда әкелеріңнің төбесі көкке бір елі жетпей тұрды ғой!
Осы жерде мен үшін бір өкінішті жәйтті айта кетейін, ол қазақ ғалымдарының шет елдерден келген басшы лауазымды адамдарға, кәсіпкерлерге келісім-шарт арқылы жалданып жатқаны болды. Соны көргенде мен білім-ғылым соңында жүрген менің Әбуім қалай екен, ол әлі жас қой, оны да шетелдіктер көп ақшамен қызықтырып, алдап-сулап, жалдап алып кетпесін деген ойға баттым.
Әбунасыр: Әке-ау, ғалымдарымыздың жалданғанында тұрған не бар? Ғалымдарымыз шет елдерге барсын, әйтеуір тегін емес қой, бала-шаға, ауыл-аймақтың, ел-жұрттың қамы ғой. Екінші жағынан, олар қазақ ғылымын, сол арқылы қазақтың аты мен даңқын бүкіл әлемге жаяды, паш етеді ғой! Сосын, әке мен жас емеспін ғой, жуық күндері жиырманы толтырамын, мен алданбас едім. Мен Отырар қаласының әкімі және сіздің ғылым байқауында озу керек деген тапсырмаларыңызды, жерлестеріміздің жеңіспен қайт деген талаптарын, жанұямыздың аман орал деген тілектерін бұлжытпай орындап, делегациядан бөлек кетпей, өзіңізбен бірге сүйікті де қайрымды, ақылды да данышпан, білімді де ғылымды, ізгі де игі қаламыз Отырарға, үйімізге, отбасымызға аман-есен, абыроймен оралдым ғой.
Қоңыр атты қолбасшы: Иә, рахмет, саған! Ұлым-ау, шығыста моңғол, ұйғыр, қытай елдерінен батыста Кавказ тауын жағалай Қырым түбегін қоса алып Днепр өзеніне дейін созылып, оңтүстігінде Хан Тәңірі тауларынан, Әмудәрия, Каспий аумақтарынан басталып, солтүстігінде орыс еліне, Сібір ормандарына дейін жайылып жатқан, осы ұшы-қиыры жоқ, ұшса құс қанаты, жүгірсе аң аяғы талатын ұлан-ғайыр, кең сахара, сайын да Ұлы Даламызды толық гүлдендіріп алсақ Қазақтың аты мен даңқы ғаламға жалдамалы жарнамасыз-ақ жайылмай ма?!
Жаңа өзің айттың ғой, жәй бір қазақтың тек жомарттығынан ғана біздің Жебе тұқымынан артық араб жылқысының қалай пайда болғанын. Ал, ғалымдарымыз шет елдерге барып, бар жиған-терген білімін сатады, оны ол жақтағылар күнделікті өмірлеріне жаратып қана қоймайды ғой, қазаққа қарсы қолдана ма деп қорқамын!
Әбунасыр: Білім де тауар ғой, оны сатып немесе сатып алып пайда тапқанның еш сөкеттігі жоқ. Білім тауар болғанда керемет қадірлі, қасиетті, қастерлі, киелі, әулие тауар. Білім ескірмейді, көбейіп, ауысып, дамып отырады, тәжірибе алмасып жатады, жоғалмайды, ыстықта бұзылмайды, суыққа тоңбайды, оны алып жүруге ат-арба керек жоқ. Әрине, білім-ғылымның жетістіктерін адамзат тек ізгі де игі істерге ғана пайдалану керек, бірақ әр адамның жаратылысы, ой өрісі, сана-сезімі, мәдениеті әр түрлі ғой. Мәселе осы да деп ойлаймын!
Сосын мұғалімдерім мен ұстаздарымнан алған білімдерімді, өзімнің оқыған-тоқығанымды, осы жолғы халықаралық байқауларда және кездесулерде алған сабақтарымды, осы жасыма дейінгі жиған тәжірибелерімді талдай отырып мынандай пайымға келдім, яғни қорытынды шығардым. Оқу-білім-ғылымды барынша мамандандырылған бағыт-салаларға бөліп-бөліп дамыту керек екен! Сонда олардың қарыштап дамитынына сенемін.
Қазіргі кезде ғылымның алға дамуына кедергілер көп болып тұр, олардың ең негізгісі оқу оқыту және білім беру орталықтарының аздығы, сосын мына дін менен діншілдердің, мешіт пен медіреселердің көбейуі. Сондықтан мемлекетімізде мектептер мен кітапханаларды көптеп ашу керек.
Әлемде көптеген діндер бар, әр дін көптеген бағытқа бөлінеді. Дін дегеніміз ғылымның бір түрі, бірақ ғылымның сенімге негізделген түрі, сондықтан оны саясаттық ғылымдар түріне жатқызу керек. Діннің күшін билеушілер өздерінің саясатын жүргізу үшін пайдаланып отырады.
Ботагөз: Ойың дұрыс, Әбу! Махмұт, балалар, осы жақсы әңгімеміз саясатқа ауысып бара жатқан сықылды. Отағасы, саясат Сіз сияқты ел бастаған адамдардың жұмыста, қызметте, әкім һәм патша сарайларында талқыға салатын істері ғой, ал бүгін үйдесіз, аман-есен, абыроймен тойды атқарып, делегацияңыз жүлделі, ат-көліктеріңіз сау-саламатта келдіңіз, қалада болмағаныңызға екі айдан асты, сондықтан да біз ауыл-аймақта болған жаңалықтарды айтып берейік, жәрәй мә?
Қоңыр атты қолбасшы: Жәрәйді. Дегенмен ғой бұл мерейтойдан үлкен әсермен келдім ғой! Ботагөз, жәңә патша сарайы деп қалдың, біз сол сарайда болдық ғой. Елбасы кең адам ғой, әр делегацияны кезек-кезек шақырып өзінің сарайын көрсетті, қалай қызмет атқаратынын баяндап берді, сосын делегация басшыларын жеке қабылдады. Мен қабылдауға Әбуді ертіп бардым.
Айсұлу: О, қабылдау қалай болды? Сарай үлкен бе екен? Патшамыздың білім-ғылымға көзқарасы қалай екен? Әке, шеше, кешіріңіздер, мен өзім Әбу ағам сияқты ғылым жолын таңдағандықтан бар жерге осы сұрақты тықпыштай беремін, әйтеуір.
Қоңыр атты қолбасшы: Жоға, білгің келетін затты білетін кісіден сұрауға еш ұялма. Патша сарайының салтанаты тілмен айтып жеткісіз. Балалар ел үшін, жер үшін аянбай еңбек етсеңдер бұл патшаның ба, әлде келесі сайланған патшаның ба қабылдауында боларсыңдар, мүмкін өздеріңінің біреуің де патша болып сайланып, ел басқарарсыңдар.
Ботагөз: Әумин, айтқаныңыз келсін! Қазақ Бабамыз Жақсыдан шапағат! деген ғой. Махмұт, сен өзің атақты әкім-патшалармен, хан-сұлтандармен, батыр-билермен, ғұлама-ғалымдармен араласып жүрсің, оларды арасында абыройың да бар, сол жақсы мен жайсаңның, текті мен бектінің шапағаты біздің балаларға жұғысты болар, біздің балаларымыздың атағы әлі-ақ жер жарады, айналайындарым менің!
Қоңыр атты қолбасшы: Иә, әумин, айтқаның келсін!
Әбунасыр: Елбасымыз бізбен әңгімелескенде білім-ғылым мәселелеріне ерекше көңіл бөлді ғой. Ол балаларды оқытуға, жас ұрпақты тәрбиелеуге, ғылымды дамытуға көп күш жұмсап жатқан Отырар қаласы басшылығына өте риза екенін айтты. Құрылысы бітіп қалған Отырардың орталық кітапханасын кітаптармен тезірек толтырып, халық игілігіне жарату керектігін бұйырды. Отырардағы оқу-тәрбие орындарын бұдан ары дамыту керектігін баса айтты. Сосын патшамыз Осы астанамыз Бозақ қаласының мың жылдық мерейтойын жасаймын деп жар салған соң, маған бір топ қария келіп, бұл қаланың мың жылдық емес жүз мың жылдық тарихы бар дегенді айтып еді, сондықтан Отырар әкіміне айта бар, ол осы деректің растығын зерттеуге ғалымдарды жұмылдырсын деп әкеме тағы да тапсырма берді. Одан кейін елбасымыз Отырардан шыққан, Отырарда оқыған білімді адамдарды Қазақ мемлекеті аймағында қалдыруға жағыдай жасау керектігін басқа әкімдерге, тиісті уәзірлеріне бұйыратынын айтып бізді бір марқайтып тастады.
Нұрбек: Бәсе! Мен осы мерейтойдың бағдарламасына басқа тойларда ешқашан болмаған білім-ғылым байқауларын енгізгенін естіген кезде қуанғанмын, біздің патшаның білім-ғылымға ерекше қарай бастағанын сезгенмін.
Қоңыр атты қолбасшы: Иә, сенің сезімің алдамады. Сосын патшамыз менің Қоңыр атымның ерекше жануар екенін делегациялар шеруінде байқағанын айтты. Мен өз кезегімде елбасымызға менде өзім арнайы сұрыптап шығарған, түстері анық қоңыр болып келетін бір үйір жылқы бар, сондықтан осы қоңыр тұлпарымды сыйға алыңыз дедім. Ол ниетіме рахметін айтып, патша тек басқа елдің басшыларынан ғана сыйлық алады, өз мемлекетінің азаматтарынан сыйлық алмайды, халықтың оны патша қылып сайлағанының өзі ғана үлкен де зор сый, сондықтан да елбасы әрқашанда елге қалтқысыз қызмет ету жауапкершілігінде болу керек деді. Осы арада патшамыз мерейтойға қонақ болып келген шет мемлекет басшылары менімен кездескенде, менің қызмет орнымның сайланбалы екендігін және бұл орынға кез келген адам сайлана алатынын, яғни ол адамның патша тұқымы болуы шарт емес екендігін естігенде қатты таң қалды. Олардың кейбіреуі бұны бұрыс деді, біреулері дұрыс деді, енді біреуі тойдан кейін қалып, тәжірибе алуға рұқсат сұрады деп бізге мемлекетіміздегі ел басқарудың ерекшелігіне сырт көздің қызығушылық танытатынын мақтанышпен айтып берді. Сосын, патшамыз мен кейде осы Отырар қаласының әскербасы Махмұтты қоңырат руынан шыққан соң Қоңыр атты қолбасшы деп айтатын шығар деп ойлаушы едім, бірақ онда оны Қоңырат Махмұт деу керек қой деп өзіме өзім сұрақ қоюшы едім деді де, Қазақ Бабам Халық айтса, қалыс айтпайды деген ғой, сондықтан, біздің халық қалыс айтпай сізді ерекше жаратылған қоңыр жылқыларды сұрыптап шығарғандықтан Қоңыр атты қолбасшы деп айтып жүр екен ғой, яғни бүкіл қазақ сізді Қоңыр атты қолбасшы деп біледі ғой. Сіздің ерекше қоңыр түсті атыңыз бар екені рас, қолбасшы екеніңіз рас, тегіңіз қоңырат руынан екені рас, сосын осы атау сізге жарасып тұр, айтылған кезде ұйқасып, құлаққа жағымды естіледі, ал, жан жолдасыңыздай болған сәйгүлігіңізді маған сыйлап жіберсеңіз ел-жұрт алдындағы ерекшелігіңізден айрылып қаларсыз, бой тұмарыңыздай болған арғымағыңыз тіл-көзден, пәле-жаладан аман болсын, жақсылықта да, жаманшылықта да бірге жүрген дүлдүліңіздің сізге қызметі ұзағынан болсын деді де, қайта менің атымнан Отырардың әкіміне, бала-шағаңызға, туған-туыстарыңызға, көрші-қолаңдарыңызға, дос-жарандарыңызға, құрбы-құрдастарыңызға, жора-жолдастарыңызға тойбастар-базарлықтар ала барыңыз деп бас уәзіріне маған сый-сыяпат жасаңдар деп бұйырды. Сосын, салтанатты түрде былай Құрметті Махмұт! Сіздің мемлекетімізге, халқымызға, елімізге, ұлтымызға, жерімізге, отанымызға сіңірген еңбегіңізді жоғары бағалаймын, сондықтан Сізге тархан деген атақ беремін! Енді Сізді Махмұт Тархан деуге болады деп маған сол атақтың белгісі мен куәлігін беріп, иығыма алтын оқалы шапан жапты.
Нұртай: Әке, құтты болсын тархан деген атағыңыз!
Айсұлу: О, әкетайым менің, құтты болсын тархан деген атағыңыз!
Нұрбек: Әке, құтты болсын тархан деген атағыңыз!
Ботагөз: Құттықтаймын! Балалар, әкелерің келе сап Ботагөз, патша маған тархан атағын берді деп қуантып еді, сосын сендерге өзім айтам деп еді, енді, міне әкелеріңінің тархандық белгісі мен куәлігі, иығына патша жабқан шапанын көріп тамашалаңдар. Енді мен де әкелеріңді, патшамыз айтқандай, Махмұт Тархан деп атайтын боламын.
Әбунасыр: Әке, мен тағы да құттықтаймын! Атақты патша бергенімен, бұл бүкіл халқымыздың құрметі ғой, елбасы ел атынан сөйлейді ғой, сондықтан, әке мен қатты қуаныштымын!
Ботагөз: Патшамыздың ғұмыр жасы ұзақ болсын! Елбасымыз жомарт екен, тіпті Сізді артындырып-тартындырып, тойбастар-сәлемдемелердің түр-түрін беріп жіберіпті ғой. Ол кісінің сыйлықтарын ертең таратып беремін.
Махмұт Тархан: Иә, Ботагөз, жалпы қазақтар жомартпыз ғой, біздің арамыздан шыққан патшамызда сосын жомарт болады ғой, Қазақ Бабам айтқан ғой Елі қандай? Елбасы сондай! деп. Сонымен, тойбастар демекші. Патшамыз тойға келгендерге Қазақ елі атынан тойбастар таратты. Әбу, айтшы осы тойда тойбастар туралы болған қызықты. Ботагөз, біздің ұлымыз тілмәш-аудармашысыз-ақ кез келген шетелдікпен сөйлесе береді ғой, солардың біразы Әбуден тойбастардың мәнін сұрапты.
Әбунасыр: Тойға келген шетелдіктер жеріміздің байтақтығына, табиғатымыздың байлығына, еліміздің өркениетіне, халқымыздың мәдениетіне, ұлтымыздың салт-дәстүріне қатты таң қалағандарын жасырған жоқ. Олар әсіресе той аяғында берілетін тойбастарға, тойбастар сөзінің, жәй мағынасыз, тура аудармасын естіген кезде, бұл қалай деп, той біткенде тойбастары несі деп, өте-мөте таң-тамаша болып, сосын оның мағынасын қазақ тойбастар кәдесін тойға келген қонақтардың үйіндегі тойдың басы осы болсын деген ізгі ниетпен той аяқталғанда береді деп түсіндіргенде бұл салтқа өте құрметпен қарап, бұндай дәстүрдің еш ұлтта жоқ екенін айтып, кейбіреуі енді бізде той жасап, ол тойға қазақтарды шақыруға міндетті болып қалдық па деп қалжыңдап жатты.
Ботагөз: О, бәрекелді! Осы халықаралақ дәрежедегі тойдан келген тойбастар бізге, көрші-қолаңға, туған-туысқа, жора-жолдасқа жұғысты болсын! Бәріміздің үйлерімізде осындай керемет той болсын!
Махмұт Тархан: Әумин, айтқаның келсін! Ал, енді қаламыздағы жаңалықтарды айтыңдар.
Нұртай: Әке, қала әкімі жастарды жинап, құрылысы жуықта біткен орталық кітапхананы аралатты. Кітапхана ауданы мен ауласы кең пішілген, сәулеті керемет кешен екен, оның ішінде кітап қоймасы, кітап оқуға келгендерге арналған көптеген үлкенді-кішілі бөлмелер, түрлі іс-шаралар өткізуге арналған төбесі биік аумағы кең зал және баспаханаға, мектепке, ғылыми орталыққа, асханаға, мейрамханаға, қонақ үйге, керуен сарайға арналған ғимараттар бар екен. Әкім сол жерде жиналыс өткізіп, онда осы кітапхананы кітапқа толтыру мәселесі туралы мәжіліс жасады. Отырыста баспахана толық қанды жұмыс істеу керек делінді, ол үшін еліміздегі және басқа мемлекеттердегі ғалым, жазушы, ақын, суретшілерді еңбектерін осы баспаханада бастыруға үгіттеп, оларға шақыру-тапсырыстар жіберу керек деп ұйғарылды.
Сосын алыс-жақын шетелдерде шыққан таңдамалы кітаптарды, шығармаларды, туындыларды сатып алып, егер ондай мүмкіндік болмаса оларды сол жерлерде қазақ тіліне аударып Отырарға әкеліп әйтпесе жіберіп отыратын, өз еркімен осындай сапарларға бара алатын өкілдерді мемлекет есебінен жан-жаққа аттандыру керек деген шешім қабылданды.
Осы күрделі істі атқаратын өкілдерді кәмілетке толған, шетел тілін білетін, шетел тілін білетін қызға үйленген жігіттердің арасынан байқау өткізіп таңдап алатын болды.
Сөйтіп, бұл хабарландыру, қызық болғанда, бір жақсы науқанның басталуына себеп болды. Қазіргі кезде қаламызда шетел тілін білетін жігіттер мен қыздар арасында жаппай үйлену тойлары болып жатыр.
Ботагөз: Махмұт Тархан, құдайға шүкір, біздің балаларымыз кем дегенде екі шет тілін біледі ғой, ал Әбуіміз тіпті көптеген тіл біледі деп мақтана аламыз. Бірақ, мен олардың шетелге қызметке кетуін қаламас едім. Мемлекетіміздің аймағы тыныш, жеріміз байтақ та бай, сондықтан ел-жұрт арасында болып, отанға қызмет қылғанға, халық үшін, жанұяң үшін еңбек еткенге не жетсін.
Махмұт Тархан: Иә, бірақ бағана қаламыздың әкімі Әбунасыр халықаралық байқаудың жеңімпазы, сондықтан ол егер өзі қаласа қалалық байқауға қатыспай-ақ осы қызметке бара алады, бірақ үйлену керек, қалыңдығы да шетел тілін білу керек деген еді.
Нұртай: Ал, мен сол байқауға қатыссам ба деп ойланып жүрмін.
Махмұт Тархан: Нұртай сен сот болып әділ қазылық етем деуші едің ғой, асықпа, әлі де ойлан. Балалар, сендердің әрқайсыңның өскенде кім болам? деген армандарың бар еді ғой! Мақсат қойған соң, жоспарды орындау керек, әйтпесе қылтың-сылтыңы көп, бірде алай-бірде былай адам боп өсесіңдер, көздеген межелеріңе ешқашан жете алмай, өмір бақи ішқұса болып жүресіңдер. Әбу, Айсұлу, Нұртай, Нұрбек, сендердің мына іні-қарындастарың әлі кішірек, олардың армандары әлі қалыптаса қойған жоқ қой, ал сендер, естиярсыңдар ғой, біз сендердің кім болғыларың келетіндеріңізді білеміз ғой.
Ботагөз: Иә десейші, Махмұт! Әбу сен ғалым, Айсұлу сен тіл маманы, Нұртай сен сот, Нұрбек сен елші болам деуші едіңдер.
Әбунасыр: Әке, шеше, менің балалық арманым көп тіл үйреніп, ғалым болу еді ғой, оны орындадым деп ойлаймын, енді соны дамыту керекпін және ел игілігіне жаратуым керек деп есептеймін. Астанада өткен халықаралық байқауға қатысқан шетел ғалымдарымен бір ай бойы бірге жүргендегі түйгенім біздер, яғни қазақ ғалымдары шетел ғалымдарымен тығыз байланыста болуымыз керек. Басқа мемлекеттерде де ғылым дамып жатыр, неше түрлі ғылыми жаңалықтар ашылуда, соларды елге әкеліп, халық игілігіне жаратуымыз керек. Мына қаламыздың әкімі ұйымдастырып отырған осы қызмет менің өзім үшін, ұлт үшін, халық үшін, адамзат үшін жасайтын еңбектерімді тиімді етуге үлкен мүмкіндік береді деп санаймын. Сондықтан, мен осы қызметке баруға бел буып отырмын және мен ол қызметке елмен бірге байқауға түсіп, байқаудан өтіп барамын деп ойлап отырмын.
Махмұт Тархан: Міне, балаларым, мына Әбу ағаларың сияқты болуларың керек, әкім берген жеңілдікті пайдаланбай, көппен бірге боламын деп отыр. Сондықтан, Ботагөз, мен қарсы емеспін.
Ботагөз: Туу, Махмұт, тұра тұршы. Жаңа айттым ғой мен ойымды. Балам-ау, райыңнан қайтшы. Сосын сен әлі үйленген жоқсың ғой.
Әбунасыр: Менің сөз байласып жүрген қызым бар. Оның аты Керімай, кәмілетке толған, жасы он алтыға осы айдың аяғында толады, грек тілі мұғалімінің қызы, бірнеше тіл біледі. Тезірек құда жіберіңіздер. Қымбатты менің ата-анам, туғандарым рұқсаттарыңызды беріңіздер!
Махмұт Тархан: Әп-бәрекелді! Несі бар, құда жіберсек жібереміз. Ботагөз, баламыздың жолын байламайық, рұқсатымызды берейік. Өзің Әбуіміздің атағы жер жарады деуші едің ғой, меніңше осы сапарлар сол сенің тілегіңе жеткізетін жолдар болар деп ойлаймын. Балалар сендер қалай, қарсы емессіңдер ме?
Айсұлу: Иә, менің ағам керемет, жеңгем болатын Керімайда керемет, мен ол қызды жақсы білемін, енді керемет тойға керемет дайындалатын болдық қой. Анашым, рұқсатыңызды беріңіз енді.
Нұртай: Менің анам көріпкел! Көрде тұрыңыздар Әбу ағамның даңқы бүкіл әлемге тарайтын болады! Анатайым менің, ағамыз барсын осы қызметке, сосын ол шет жаққа мүлде кетпейді ғой, барып келіп тұрады, жалғыз болмайды, қасында жеңгеміз болады.
Нұрбек: Мен ойлаймын, кейін мен өскенде бір мемлекетте Қазақстанның елшісі болам ғой, сонда ағам іс-сапармен келеді ғой, сонда мен оған барлық жағыдайды жасайтын боламын. Шеше қарсы болмауыңызды сұраймын.
Ботагөз: Жарайды! Қаламыздың әкімі ақылды кісі ғой, қазақ әйелдерінің қай кезде болсада күйеулеріне жағыдай жасайтынына, олардың жұбайларына бар жағынан алғанда ақылшы бола алатынына және ер азаматтарына әрқашан сүйеніш бола алатынына кәміл сенген соң, жігіттердің қасына келіншектерін ертіп жіберейін деп отыр ғой. Әкімнің осы жастарға деген қамқорлық ісі көңіліме бір медет болып тұр. Бердім рұқсатымды.
Әбунасыр: Қадірлі менің ата-анам, туғандарым рұқсат бергендеріңізге алғысымды, сенім білдіргендеріңізге рахметімді айтамын! Баталарыңызды беріңіздер!
Махмұт Тархан: Ал, Ботагөз, сен баста.

Ботагөз:
Әбунасыр еренім!
Өзге туған беренім!
Артып туған әкеден,
Асып туған шешеден!
Нұрын шашқан жүзіңнен,
Үлкен болашақ көремін!
Салиқалы сөзіңнен,
Ұлылықты сеземін!
Балапаным, Әбуім!
Құтты болсын сапарың!
Бақытты болып өмірің,
Ұзақ болсын ғұмырың!
Шуақты болсын күндерің,
Айлы болсын түндерің,
Жайлы болсын жаздарың,
Қарлы болсын қыстарың,
Гүлді болсын көктемің,
Пұлды болсын күздігің!
Орындалып ойларың,
Білімді болсын ғылымың!
Әумин!

Махмұт Тархан:
Әумин!
Әбунасыр ұлыма,
Ұрпақтарға арналған,
Батам менің хатталсын!
Ұрпақтардың жадында,
Мәңгілікке жатталсын!
Жиын, думан, тойларда,
Қайта, қайта айтылсын!
Батам менің жастарға,
Айқара сара жол ашсын!
Қазақ болып тудың сен,
Қазақтығың сақталсын!
Басқа да ұлтты сыйла сен,
Өз ұлтыңда мақталсын!
Ана тілде сөйле сен,
Басқа да тілдер оқылсын!
Атажұрттан көшпе сен,
Шекарамыз нық болсын!
Атажолдан тайма сен,
Ана сүті ақталсын!
Оқу, білім жина сен!
Ғылым мида тоқылсын!
Еңбек етте, ерінбе сен,
Тәжірибе жиналсын!
Үйрен де сен, жирен сен,
Үлгілерің іске ассын!
Жердегі барлық үлгіні,
Жастарымыз игерсін!
Дүниедегі барлық игіні,
Жастарымыз үйренсін!
Әлемдегі барлық ізгі істі,
Жастарымыз жасасын.
Жастарымыз жасасын!
Жастары оның жүз ассын!
Батам менің жыр жасын,
Қырдан ассын, ел ассын,
Ғасыр ассын, жыл ассын,
Жүзеге ассын, іске ассын,
Орындалсын, нақ болсын!
Бата бердім ізгі ниетпен,
Қабыл болсын тілегім,
Орындалсын ақ ниетпен.
Әумин!

Ботагөз: Әумин! Мінеки, балалар, қазағымның кез келген салт-дәстүрінің, әдет-ғұрыпының мән-мағынасы, маңызы бар. Көрдіңдер ғой, халықаралық дәрежедегі тойдан келген тойбастар киелі екен, Әбунасырдың үйлену тойының басы болды. Ал, менің құлыным бұдан былай әрқашан әлемдік деңгейде жүреді, сондықтан Әбуімнің аман-сау жүрген әр күні мен үшін халықаралық дәрежедегі думандатқан той болып есептеледі!
Махмұт Тархан: Әумин! Өте керемет айттың, Ботагөз! Ал, енді Ботагөз, Айсұлу өздерің бас болып осы тойларға дайындықты бастаңдар! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, ұрпақтарымыз мәңгілік болсын!

СИРИЯНЫҢ ДАМАСК ҚАЛАСЫНДА БОЛҒАН ОҚИҒА

Сирияның Дамаск қаласындағы Қазақ мемлекеті елшілігінің территориясындағы бір үйдің қонақ күтетін бөлмесіндегі биік те үлкен үстелдегі қазақи мол дастарханның төрінде егде тартқан Әбунасыр, қасында жұбайы Керімай отыр, дастарханның төменгі жағында даяшы тұр. Бөлмеге рұқсат сұрап бір ер адам, бір әйел, бірнеше жасөспірім ұл-қыздар кіріп келеді. Барлығы қазақша киінген. Ер адам қазақша армысыз аға деп, әйел адам қазақша сәлем салып, балалар қазақша аталап бөлме ішін нұрландырып жібереді. Сәл-пәл науқастанып жүрген Әбунасырдың ауыруы тарқағандай болып, жадырап сала берді.
Әбунасыр: Ой, қарақтарым рахмет! Сәлемдеріңізді алдық. Қайдан жүрген қазақсыздар?!
Керімай: Иә, сіздер де сау-саламат, аман-сау болыңыздар! Ал, кімсіздер? Сөздеріңіз, киімдеріңіз қазақша, бұнда қайдан келдіңіздер?
Ер адам: Әбу ата, Керімай апа, мен Сирияның Алеппо қаласының билеушісі Сайф ад-Даул Хамданимын, қасымдағылар менің жанұям, біздер Сіздер Дамаскіге келді дегенді естіп, барлығымыз Сіздерге сәлем беруге келдік.
Әбунасыр: Ой, бәрекелді! Өркендеріңіз өссін! Иә, естім едім бір қандасымыз Алеппода әкім деп, сол бала екенсіз ғой. Төрлетіңіздер.
Сайф ад-Даул Хамдани: Менің қазақша аты-жөнім Сейіт әл-Дауыл. Дамаскінің шетінде Дауыл деп аталатын қазақ ауылы бар. Сонда тұратын қазақтар бұл атау Дамаскідегі ауыл деген мағына береді дейді. Мен сол ауылда туыппын. Сіздер мені қазақша Сейіт деп атай беріңіздер.
Керімай: Жарайды. Сейіт, келін, балалар! Келіңіздер, жоғарлаңыздар, жайғасыңыздар. Даяшы балам, мына біздің туыстарымызға арнап жаңадан дастархан жая қойыңызшы.
Сейіт: Рахмет апа! Әбу ата, мен қазақпын, әйелімде қазақ. Балаларым қазақ тілін жақсы біледі, өйткені біз үйде тек қана қазақша сөйлесеміз, қолымыз босаса жанұямызбен осы мемлекет аумағындағы қазақтармен араласамыз, Сирияда біраз қазақ отбасы бар, олардың кейбіреуі осы елдің азаматтары, ал, кейбіреуі оқуға, жұмысқа, қызметке келгендер, солар арқылы Қазақстанның жағыдайын біліп тұрамыз. Құдайға шүкір, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын ұмытқан жоқпыз.
Әбунасыр: Өте жақсы. Дұрыс екен. Ал, Сейіт балам, шежіреңізді айта отырыңыз, таныса отырайық.
Сейіт: Менің әкемнің әкесі-атам Қазақстанның солтүстігіндегі Ботай қаласына жастайынан әкім болып тағайындалып, өте нәтижелі қызмет етіпті. Бір күні мемлекет басшысы оны шақырып алып, оған Сіз Ботай қаласын жақсы дамыттыңыз, енді ел астанасы Бозаққа әкім болыңыз, осы қызметке ауысыңыз, елордамызды одан ары қарай дамытуға ат салысыңыз депті. Атамыз келісіп, сол лауазымда жан аямай еңбек етіп, халықтан, мемлекет басшысынан ылғи алғыс алып жүрген кезде патшаның бас уәзірімен жұмыс бабында сөзге келісіп қалыпты, сосын ол екеуі патшаға төрелікке жүгініпті. Патша шешім шығара алмай, көп ойланыпты, өйткені атамыздың сол жолғы ұстанымы өте-мөте дұрыс екен. Сол кезде атамыз патшасына Патша ағзам! Бас уәзір екеуіңіз жастайыңыздан бірге келе жатырсыздар, мен үшін екеуіңіздің араларыңыз ашылмасын, мені басқа қызметке ауыстырыңыз депті. Бір жағынан атама қатты риза болған, екінші жағынан мемлекеттік қызметте жастайынан бірге келе жатқан бас уәзірінің көңілін қимай отырған патша бас уәзірге Бозақтың қазіргі әкімінің осы дауға себеп болған шешімі дұрыс, сол жолмен жүрейік. Бірақ, мемлекет тыныштығы үшін ол кісіні әкімдіктен босатып, бір шетелге елші қылып жіберейік депті. Сөйтіп, менің атам елші болып кетіпті. Сосын біраздан кейін ол патша ауырып қайтыс болып кетеді де, сол бас уәзір патша болып сайланып, атамның елдегі жоғарғы қызметтерге тағайындалу мүмкіндігі өте төмендеп кетеді де, ылғи елшілік міндеттерді атқаратын қызметкер болып қалыптасады да, патша бұйрығы бойынша бірнеше мемлекетте елші болып жұмыс атқарады. Атам Сирияға елші болып тағайындалған кезде менің әкем дүниеге келеді. Осы мемлекеттің заңы бойынша бұ жерде туған кез келген балаға Сирияның азаматтығы бірден беріледі екен. Сөйтіп әкем Сирия азаматы болып Дамаскіде өседі, осы жерде оқып білім алады, ер жетіп кәмілетке толып үйленеді, балалы-шағалы болады, қызметке шығады, қысқасы тұрақтанып қалады. Атам мен апам мен ес білген кездерде қартайып қайтыс болды, біраздан кейін әкем, сосын шешем, сосын аға-апайларым аурудан о дүниелік болды. Ол кісілер Дамаскідегі қазақ бейітіне жерленген. Мен болсам нағашыларымның қолында қалдым. Нағашы апам қазақ, нағашы атам Сирияның Хамдани әулетінен еді. Кішкентайымнан сол әулеттің тәрбиесін көріп, үйінде жүргендіктен халық мені Сайф ад-Даул Хамдани деп атай бастады. Бұған нағашыларымда қарсы болмады, олар Сейіт, тағдырың осылай болды, бұл атау қазақша есіміңе ұқсас, сосын сен біздің туған баламыздай болып кеттің, Қазақстанда сені ешкім күтіп отырған жоқ, осында қал, біз көмегімізді аямаймыз, бізге бастысы сенің аман болғаның керек деді. Сөйтіп, Сириялық болып, осында өсіп-өндім, қазақ қызға үйлендім, қызметке араластым, патшаның көзіне түсіп, Алеппоға әкім болым тағайындалдым, мені халық, ел басқарып отырған адамдар сыйлайды, тәубә, осылай біреудің алды, біреудің арты болып өмір сүріп жатқан жайымыз бар. Өзім жастайымнан ғылым мен өнерге жақын болдым, кейін өсе келе сол салалардағы кісілерге қамқорлық жасай бастадым, қол бос кезде сол адамдармен араласамын. Сіз туралы сол ғалымдардан естідім, олар маған Сіздің жазған кітаптарыңызды әкеліп беріп отырады, ол шығармаларыңыз бен туындыларыңызды отбасымен бірге отырып оқимыз, талдаймыз, түсінуге тырысамыз. Енді міне бір арманымыз орындалып Өзіңізбен қауышып жатырмыз. Қуаныштымыз!
Керімай: Керемет шежіре. Тағдырларыңыз солай болған екен, өкінбеңіздер. Көптен бері жырақта жүрсеңіздерде қазақ екендеріңізді ұмытпағандарыңыз, сосын қазақ екеніңізді ұмыттырмаған нағашыларыңыздың жақсылығы көңілге жылулық орнатады. Сейіт балам, өзіңізбен сырласу атаңа қызық болар деп ойлаймын, осы үйдің бір-екі бөлмесіне орналасыңыздар, атаңмен әңгіме-дүкен құрыңыздар.
Сейіт: Орналасуға шақырғаныңызға рахмет, апа! Біздер Дамаск қаласы әкімінің қонақ үйіне орналастық. Ал енді, тағдырымызға өкінбейміз, бірақ атажұртты аңсаймыз. Атамекенге баруға бір ыңғайы келмей жүр еді, енді Сіздердің арқаларыңызда келген сияқты. Ата, апа, ол ыңғайдың қалай келгенін айтып берейін. Дамаск қаласының әкімі Әбу атамыздың, яғни Екінші Ұстаздың өзі билейтін қаласына келгенін естіпті, сәлемдесуді жоспарлап отыр екен. Ол кісі Екінші Ұстаздың менің қандасым, яғни атам екенін естіп қуанып, менімен Сізбен кездесу туралы ақылдасты. Ол әкім екеуміз бір-бірімізді қатты сыйлаймыз, осындай күрделі жағыдайларда ақылдасып тұрамыз. Мен өз ойымды айттым, ол келісті, оны жүзеге асыруға атсалысамын деді. Сөйтіп біз Сирия мемлекетінің басшысы патшамызға бардық, Сіздердің осында екендеріңізді естіртіп, жоспарымызды айттық. Қуаныштысы ол біздің жоспарымызды мақұлдап, өзіде біраз ойларын қосты, Сізге сәлем айтты.
Әбунасыр: О, Сейіт балам, мені дәріптеп жүргеніңізге көп рахмет! Патшаңыз қандай сәлем айтты? Бізге қатысты жоспар дедіңіз, ол қандай жоспар? Қалай біздің арқамызда Сіздің арманыңыздың орындалуының ыңғайы келе қалды?
Сейіт: Айтайын Ата. Ертең Сізге сәлемдесуге Дамаскінің әкімі келеді, бүрсігүні ол екеуміз Сізді патшаның қабылдауына ертіп барамыз, сосын патша сарайының бір үлкен залында Сізбен кезек-кезек жастар, ғалымдар, басқа да сала мамандары кездесулер өткізеді, ол іс-шаралар біткен күні патша Сіздің құрметіңізге той жасайды, сосын Керімай апам екеуіңізді мен Аллеппоға апарып құрметті қонақ қылам, Сириядағы қазақтарды жинап ұлан-асыр той жасаймын, сол жерде Сізді Отырарға жеткізіп салатын арнайы керуен жасақталып, ол керуенді мен басқарып Қазақстанға қарай жолға шығамыз. Сөйтіп, менің атажұртты бір көрсем дейтін арманым орындалады. Ата, апа менің осы жоспарымды енді Сіздер мақұлдаңыздаршы, өтінемін!
Керімай: Мен қарсы емеспін. Менің Әбуіммен Сирия халқы кездесіп, ақыл сұраса, оны Сирия патшасы қабылдап, той жасаса, оған Дамаскі мен Алеппоның әкімдері келіп сәлем берсе, Алеппоның әкімі бізді құрметті қонақ қылып, біздің құрметімізге халықты жинап үлкен той жасаса, Сирияның осы үш мемлекет қайраткері біз үшін арнай керуен жасақтап, ол керуенді Алеппоның әкімі басқарып бізді Отырарға дейін шығарып салса мен неге қарсы болайын?!
Әбунасыр: Керімай, енді мен айтайын. Сейіт балам, келін, балаларым! Ниеттеріңізге үлкен рахмет, патшаңыз бен Дамаскінің әкіміне де алғысым шексіз! Екі-үш күн болды өзімді өте жаман сезініп, көңіл-күйім болмай, мазам кетіп, сәл-пәл науқастанып жүрмін. Енді мына ауру дендеп кетсе, елге жете алмай қалам ба деп қорқамын, жасымда біразға келіп қалды ғой. Сөйтіп, атамекеннен бір уыс топырақ бұйырса болды, басқа арман жоқ деп отаныма қайтқым келіп отыр. Керімай, менің ақырғы арманым осы.
Керімай: Әбу, олай айтпа. Сейіт балам, атаңа суық тиіп қалған шығар деп ойлаймын, өйткені күн ысып кетті деп ылғи суық су ішеді, суық суға түседі.
Сейіт: Ой, ата, апам айтқандай, олай демеңіз, шынында да суық тиіп қалған шығар.
Әбунасыр: Сейіт балам, келін, балаларым! Құдайға шүкір, мен асарымды асадым, жасарымды жасадым, атақ-даңққа бөлендім, немере-шөберелер тіпті шөпшектер көрдім. Ауылда Керімай апаң екеуміз шөпшектеріммен серуендеп жүрген кездерде, Керімайға Мына естияр шөпшектерім мені ата деп біліп қалды, енді олар мені ұмытпайды, өмір-бақи біздің атамыз болған деп жүреді, яғни мен осы шөпшектерім өлгенде бірақ ұмыт боламын, яғни мен осы шөпшектерім өлгенде бірақ өлемін, яғни бұл әр адамның ойында жүретін ұзақ жасасам ғой дейтін арманның орындалуы ғой деп есептеймін, ал ұрпақтары ұмытпаған адам ұрпақтарымен бірге жасай береді, сондықтан ұрпақтарымның үзілмеуін және олардың мәңгі жасауын тілеймін, армандаймын деп әркез қайталап қоямын.
Ал, енді, ұлы да зор армандарым қазақ үшін жан аямай еңбек ету, ұлтыма қалтқысыз қызмет ету еді. Өткен өмірімді саралай отырып, сол армандарымныңда орындалғанына көзім жетіп отыр. Ал, соңғы арманымды жаңа айттым ғой, сондықтан еш аялдамай атамекеніме қайтқым келіп отыр.
Сейіт: Ой, ата, қойыңыз енді, мен білсем, Сіз көп жасайсыз. Тірі адамда арман мол болады, сондықтан мен Сізге ұзақ ғұмыр, көп арман тілеймін! Ата, Сіз білесіз ғой, қазақи шежіре бойынша алғашқы пайғамбарлар Адам Ата мен Хау Ана қазақ жерінде ғайыптан пайда болып мыңдаған жыл өмір сүрген, ал пайғамбар, әулие, киелі біздің қазақ ұлтының басы Қазақ Баба мың жылдай өмір сүрген. Сізді бүкіл әлем Екінші Ұстаз деп мойындайды, ал, қазақтар Сізді сол пайғамбарлардың тікелей ұрпағы дейді, Сізді пайғамбар деп санайды, әулие адам, киесі бар ғұлама, дана ғалым деп есептейді, сондықтан Сіз әлі ұзақ ғұмыр кешесіз.
Керімай: Әумин, балам, айтқаныңыз келсін! Қазақ Бабам Халық айтса, қалыс айтпайды деген ғой. Сейт баламыз сол халықтың өкілі, көзі ғой, аман-сау екеніңді байқап отыр. Сосын сені бір көруді аңсаған бұл балаң сені бірінші рет көріп отыр, жанұясын толық ертіп келіп сәлем бергізіп отыр, тіпті сен үшін патшаға барып, мемлекеттік деңгейде мереке-мейрам, той-думан ұйымдастырып отыр, Отырарға өзім жеткізіп салам деп отыр. Сондықтан, осындай азаматтың көзінше Әбу еңсеңді түсіре берме, мына сені пір тұтып отырған жастарға үлгі бол! Сосын мен білемін ғой, сенің мына жасыңа қарамай басқа ақсақалдарға қарағанда әлі ширақ екеніңді, әйтпесе осы сапарға шықпас едік қой.
Сейіт: Иә, апамыз айтқандай Сіз әлі тың көрінесіз ата. Бағанадан байқап отырмын, Сізді ешкім сексеннен асқан деп ойламайды. Ата, міне отбасым куә, Алеппода бір сексеннен асқан көршім бар, ол кісі іс-сапарға шықпақ түгіл, ауласынан ары аса алмайды. Ата, біздің жоспар бойынша Сирияда Сіз үшін атқарылатын іс-шаралар көпке созылмайды. Бітісімен Қазақстанға бірге жол тартамыз.
Әбунасыр: Керімай, осы сапарға шығарда Әбу мүшел жасың жақындап қалды, бұл жолы іс-сапарға шықпай-ақ қояйық деп едің ғой? Енді, тіпті үйге асығатын түрің көрінбейді ғой!
Керімай: Әбу, сен Египетте тек Александрияға барамыз да, тез қайтамыз дедің ғой, сосын мен мүшел жасты Отырарда өткізуге үлгеретін шығармыз деп ойладым ғой. Александрияда ешқандай үлкен кітапхана жоқ екенін екеуміз көрген кезде мен тез қайтайық дедім ғой, ал сен Египетте, тарихы терең ел екен деп, бір жыл жүріп алдың ғой. Сейіт балам, шынымды айтсам, менде де аздаған қорқыныш бар, мүшел жаста ел-жұрттан алыста жүрміз. Білесіз ғой мүшел жастың қасиеті мен киесін. Қарақтарым, мүшелден мүшелге өтерде байқап жүріңдер!
Сейіт: Білеміз, апа! Атамыз туралы мәліметтерді бүкіл дүние жүзі біледі, бізде білеміз атамыздың екі айдан кейін жетінші мүшелін жинап бітетінін. Со себепті ғой, мен жаңағы жоспарды жасап жүргенім. Мен атамыз енді осы арадан алыстамай мүшелден аман-есен шықса екен деп отырмын. Ата, көрде тұрыңыз, осы екі айдың ішінде кездесулерімізді, керуен жасақтауды аяқтаймыз да, Сіз мүшелден шыққан күннің ертесінде атамыз мүшелден аман-есен шықты деп біздің үйде той жасаймыз, сосын келесі сәрсенбіге дейін дем алып, сәрсенбі сәтті күні атажұрт қайдасың деп жолға шығып кетеміз. Мінеки, ата, апа, менің істерімнің бәрі қазақи салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа сай екенін көріп отырсыздар.
Керімай: Ой, Әбу! Мынандай жан-жақты ойланатын, бәрін келістіріп істейтін, үлкенге қамқор баладан айналайық та! Сейіт балам, көп рахмет! Әбу, баламызды жалындыра бермей ұсынысын, өтінішін қабылдайық!
Әбунасыр: Иә, Керімай, қабылдайық. Қазақ Бабам Шақырмаған жерге барма, қараусыз қаласың! Шақырған жерден қалма, шақырусыз қаласың! деген ғой. Сондықтан, Керімай дұрыс айтасың, бұлдана бермейін, баламыздың жоспарына келісейін. Сейіт балам, Сізге, осы жасап жатқан үлкен құрметіңіз үшін зор алғысымды білдіремін! Керімай біледі, мен өзім ешкімнің мазасын алмай, ешкімге салмақ салмай, қызметімді атқара бергенді жақсы көремін. Сол себепті бағанадан бері, өзімнің ұстанымды ұстанайын деген ой ғой, ренжімерсіз. Сізге көп рахмет!
Сейіт: О не дегеніңіз, ата! Ешқандай реніш жоқ! Сізді жер жүзі құрметтейді ғой, ал мына жаман бауырыңыз, құдайға шүкір, қазір жат жұртта жүрседе, бұ жерде ешкімнен кем емес, сондықтан осындай кезімде Сізді күте алмасам мен қазақ болмай кетейін!
Керімай: Бәрекелді! Сейіт балам, атаңыз көнді, енді рұқсат етсеңіз мен келінді алып атаңды жаңа өзің айтқан іс-шараларға дайындайын. Әдетте, атаң кездесулерде сөйлейтін сөздерін, оқитын дәрістерін өзі дайындайды, ал мен атаңның киім-кешегін, басқа да әбзелдерін дайындаймын.
Сейіт: Әрине, апа, келініңізді жұмсай беріңіз. Сіздер халықаралық деңгейде жүрген ата-апаларсыздар ғой. Біздің Сіздерден үйренеріміз көп, сондықтан келініңізді үйретіңіз.
Керімай: Рахмет, Сейіт балам! Біздің беделімізді барынша көтеріп жатырсыз, Сіздің де мерейіңіз әрқашан үстем болсын! Келін жүріңіз, әлгінде айтқан дайындықтарды жасайық, жаңа даяшы қой сойығызып жатырмын деп еді, соны көрейік. Әбу мен дайындаған тамақтан басқа тамақты тұшырқанып жемейді, тек ауыз тиген болып отырады, сондықтан үйде даяшы болсада қазан-ошаққа мен ылғи араласып жүремін. Ал, Әбу, біз бара тұрайық, тамақ дайын болғанша мына балаларға өзіңнің шежіреңді айтып бер.
Әбунасыр: Әй, Керімай, Керімай! Осылай болмасаң Керімай боласың ба?! Балалар, жаңа әкелерің Сізді бүкіл әлем Екінші Ұстаз деп біледі деп менің мәртебемді көтеріп тастады. Егер сол рас десеңдер, сол жетістікке мен осы Керімайдың арқасында жеттім, ол менімен өмір-бақи бірге келе жатыр, менімен бірге жердің жүзін аралап шықты, ыстыққа да суыққа да төзді, ұрпақтарымыздың тәрбиесінеде ол жауапты, қысқасы маған бар жағыдайды жасап жатқан сол. Мен ойлаймын сендердің аналарыңда сондай шығар деп. Сондықтан, кәмілетке толған соң өмірлік жұптарыңды дұрыстап таңдаңдар.
Сейт: Өсиетіңіз орынды, ата! Біз, келініңіз екеуміз балаларымыз, мейлі ұлы болсын, мейлі қызы болсын кәмілетке жақындағанда айттырып, сосын қазақша құдаласып үйлендіреміз деп отырмыз.
Әбунасыр: Бәрекелді, өте дұрыс ойларың! Осылар ғой біздің болашағымыз. Ұрпақтарымыз өсіп-өнсе, ата-баба жолын қуса, біз ұмытылмаймыз ғой, яғни мәңгілік боламыз ғой.
Сейіт: Әбу ата, Сіз Екінші Ұстазсыз, сондықтан Сізді бүкіл адамзат баласы ешқашан ұмытпайды, Сіз мәңгіліксіз! Ал, біздер жаңа Сіз айтқандай ұрпақтарымыз арқылы ұмытылмаймыз, әрине олар дұрыс адам болса. Екіншіден, Сіздің жазған кітаптарыңыз бар, үшіншіден ғылымдағы салған жолдарыңыз бар, бұларда Сіздің мәңгілік тұлға екеніңізді әрқашан дәлелдеп отырады. Мына балаларым Сіздің кітаптарыңызды оқып өсіп жатыр, замандастарына бұл біздің атамыз деп мақтанып жүреді. Бұларды Сізге сәлем бергізейін деп, Сізбен таныстырайын деп, Сізден бата алғызайын деп, Сіздің өз аузыңыздан шежіре есіткізейін деп ертіп келдім.
Әбунасыр: Дұрыс, Сейіт балам! Балалар сендерге батамды кейінірек берейін, өздеріңмен таныстық, сәлемдеріңді бердіңдер, кітаптарымды оқып жүр екенсіңдер, ендеше, қазақи шежіре ізімен, қазақи сарынмен, қазақи маққаммен басымнан өткен-кеткен оқиғаларды айтып берейін.
Сейіт: О, ата, өте керемет айттыңыз! Бүгін бұлар мектепте отырған жоқ қой, өздерінің туысқан бабаларының қасында отыр. Сосын, ата, мен бұларды Сізбен өткізілетін ресми кездесулердің бәріне қатыстырамын, сол жерлерде Сіздің дәрісіңізді мектепте отырғандай болып мұқият тыңдайтын болады, жазып отыратын болады. Ал, қазір, Сіз біз аңсап жүрген атажұрттан қонақ болып келіп жатырсыз, Сізден қазағымның исі аңқып тұр, Сіздің біздің атамыз, бабамызсыз, сондықтан Сіз ренжімесеңіз, біз бір Сізге еркелеп, Сізбен алқа-қотан отырып, Сіздің шежіреңізді естісек деп едік.
Әбунасыр: Еш ренжімеймін, еркелеңдер, өз үйлеріңде отырғандай болыңдар! Менде кішкентай бала болғанмын. Қайран балалық шақ десеңші! Сол бала кезімде не әкем не атам мені ақсақалдар, қариялар, қарттар жиналып, алқа-қотан болып әңгіме-дүкен құрып отырған жерлерге осылай алып баратын. Сонда небір қызықты әңгімелер, аңыздар, тарихтар, шежірелер еститінмін. Бір таңқаларлық жағыдай, сол аңыздардың көпшілігінің рас екендігінің дәлелдерін осы жиһанкездік іс-сапарларымда әлемнің әр жерлерінде кездестіріп отырдым.
Сейіт: Қанеки, балалар, жайғасып отырыңдар. Нағашы аталарыңның үйінде емін-еркін жүресіңдер ғой, солай өздеріңді сезініңдер, байқаймын атамызда өзінің ауылдағы ұрпақтарын сағынған сияқты. Сол сағынышын сәл де болса басайық.
Әбунасыр: Иә, оларды сағындым! Олар біз сапардан оралғанда осылай келіп сәлем береді, еркелейді, базарлық күтеді, шежіре тыңдайды. Сендерді көріп оларға деген сағынышым бір жағынан зорайып, бір жағынан аздап басылған сияқты. Мінеки, Сейіт, адам баласының санасы өте күрделі ғой, әп сәтте сағыныш бірде зорайып, бірде азайады. Осындай және басқа да құбылыстарды зерттеп, білу, талдау үшін көп оқу керек, оқуды тоқып терең білімге айландыру керек. Оқуды, білуді, зерттеуді, тәжірибе жасауды, талдауды, қорытынды шығаруды ұйымдастыратын, осы үрдістерді жүйелі түрде жүргізетін, қоғамды алға дамытатын әлеуметтік саланы жалпылама айтқанда ғылым дейді. Ал, жаңағыдай құбылыстардың көптігін өзің білесің, сондықтан ғылымның саласыда, бағыт-бағдарыда өте көп болу керек.
Сейіт: Өте қызық, осы бір-екі баламды ғылым жолына салам ғой деп ойлап жүрмін.
Әбунасыр: Дұрыс. Менің ұстанымым, кез келген отбасының әр мүшесі оқу-жаза алатын білімді болу керек, бір үйде кем дегенде біреу ғылыммен айналысу керек, сонда ғана ол мемлекет, яғни ұлт, халық алға дамиды, тарих көшінен қалмайды. Қой, Сейіт, екеуміз саясатқа ауып бара жатырмыз ғой. Жаңа өзің айтқандай осы отырысты ресми дәріске айналдырып жібермей, мына балаларыма шежіре айтып берейін.
Сейіт: Иә, сүйтейік, ата, ал, балалар аталарыңды тыңдаңдар.
Әбунасыр: Балалар, сендердің атажұрттарың Қазақстан қазіргі кезде Жер жүзіндегі ең үлкен мемлекет. Менің туған қалам Отырардың мың жылдық тарихы бар. Ол Алепподан үлкен, Дамскіден үлкен болмаса кіші емес. Ол қалада оқу, білім, ғылым керемет дамыған. Оның осы замандағы әлемдегі ең керемет ғылыми орталық екенін барлық мемлекеттер мойындап отыр. Ол шаһарда мененде артық ғалымдар өмір сүріп жатыр.
Сейіт: Қалай? Аристотель Бірінші Ұстаз. Ал, Сіз Аристотельден артқаннан кейін Екінші Ұстаз аталдыңыз. Біздер Үшінші Ұстаз дегенді естіген жоқпыз ғой, ата?
Әбунасыр: Сейіт, Сіз ойлаңыз, егер Қазақстанда, Отырарда менен артық ғалымдар болмаса мен осы оқу, білім, ілім, ғылымымды қайдан алар едім. Мен 70 тіл білемін, егер Қазақстанда жетпіс тіл білетін мұғалімдер, ұстаздар, яғни ғалымдар болмаса мен 70 тілді қайдан үйренер едім? Сондықтан, сол ғалымдардың арқасында мен осындай дәрежеге жеттім деп есептеймін. Кезінде әлемнің жеті ғұламасының бірі Анарыс, Римді жеңіп, құдайдың Жердегі қамшысы атанып, дүние жүзіне билігі жүрген Әділ-Аттила патша, жарты әлемді басқарған Арғын би, атақты қанішер, жеңіліс көрмеген Кирді жеңген Томирис патша, оның күйеуі әлемдегі ең күшті адам Рүстем шыққан қазақ елінде ілім-ғылымның дамуы, сосын Египетті үш ғасыр билеген, Үндістанды әлі күнге дейін басқарып келе жатқан, Ескендір Зұлқайнарынды тоқтатқан қазақтар арасынан мені үйрететін дәрежесі бар, яғни менен әлде қайда артық ғалымдардың шығуы кездейсоқ емес, заңдылық емеспе! Сол себепті, әділетіне келетін болсақ, мен жәй ғана, қарапайым ғана қазақ болған соң қазақ келешегі үшін, қарапайым ғана адам болған соң адамзат болашағы үшін еңбек етіп жүрген қатардағы бір ғалыммын деп өзімді санаймын да, жаңағыдай мәртебе беру дұрыс емес қой деп ойлаймын. Менің пайымдауымша осылай атақ беріп, дақпырт тарату Европа жақтан келген сияқты. Өйткені, мен Европа елдерін аралағанда олардың жарнаманы өндірістің қозғаушы күші деп есептейтінін, сөйтіп жариялылыққа көп көңіл бөлетінін байқадым. Мысалы, жаңағы логика бойынша Бірінші Ұстаз деген атақты талдайық. Аристотельді мен көп зерттедім, оның еңбектерін талдадым, тексердім, түзеттім, дамыттым. Оның алып бара жатқан артықшылығын көрмедім, иә жақсы ғалым, бірақ тағы да айтамын оны осындай дәрежеге жеткізген ұстаздары, мұғалімдері ғой. Әрине, талант туа беріледі және кез келген бала талантты болады, бірақ құр талант еңбексіз, оқусыз, білімсіз, тәжірибесіз керемет ұлы жетістіктерге жеткізбейді. Еңбекке құштарлық талант сияқты адами қабілетке жатады, тәжірибе өмір-бақи жинайтын қазынаң, оқу-білім ұстаз бен кітап арқылы келеді. Ал, қазіргі кітап тапшылығы заманында ұстазсыз ештеңе шықпайтынын бәріміз білеміз.
Сейіт: О, ата! Ұқтым! Бірақ ол атақты Сіз сұрап алған жоқсыз ғой. Әлем солай мойындап отыр ғой.
Әбунасыр: Ал, мен бұл атаққа, тек болашақ қазақ жастарының біздің бабаларымыз сондай болған деп бастарын жоғары ұстап, рухтанып, намыстарын жанып, мені мақтамай, қайта зерттеп, талдап, тексеріп, түзетіп, дамытып, оқуда, білімде, өнерде, еңбекте, қызметте, ғылымда алда болып жүргенін елестеткен заматта ғана көңілім жылыйды да, сондай кездерде Үшінші Ұстаз қазақ жерінен, қазақ топырағынан, қазақтан шықса ғой деп армандап, шығатын шығар деп үміттеніп қоямын, онда да анда-санда ғана.
Сейіт: Бұл бізге де үміт отын жағатын арман ғой, үмітіңіз ақталып, арманыңыз орындалсын, біз Сізді мақтамаймыз, біз Сізбен мақтанамыз ата! Атақ-даңққа деген көзқарасыңызды түсіндік, ата!
Әбунасыр: Көп рахмет үмітімнің ақталуына, арманымның орындалуына тілектес болғандарыңызға, менімен мақтанғандарыңызға, мені түсінгендеріңізге зор алғысым мен қуанышымды білдіремін. Өйткені түсінік бар жерде сыйластық болады, сыйластық болған жерде сүйіспеншілік болады, сүйіспеншілік болған жерде бейбітшілік болады. Ондай жерлерде шешілмейтін мәселе болмайды, жұмақ пен жәннәт орнайды. Соны білген ұлт басымыз Қазақ Бабамыз Түсіну мәдениеттің шыңы! деп бағзы замандарда өте көрегендікпен ұрпақтарына өсиет, аманат айтып кеткен екен кезінде.
Балаларым, келер замандарда ғылым қарыштап дамиды, ғылымның күшімен небір керемет жаңалықтар ашылып, небір керемет ғажайыптар жасалады, яғни ғылым, дін емес, ғылым адамзат қоғамының алға қозғаушы күшіне айналады.
Сейіт: Ата, неге дін туралы олай дедіңіз? Сіздің бір кітабыңызда дін ғылымның сенімге негізделген саласы деген жазу бар ғой. Қазіргі кезде діндер дамып жатыр, оның түрлері көбейді. Адамдар өздеріне ұнаған діндерді қабылдап жатыр. Менің білуімше қазақтар баяғыда тәңір дінінде болса, кейінірек иудаизм, христиан, будда діндерінде болыпты, ал қазір ислам дінін қабылдап жатыр ғой. Байқауымша көпшілік, жалпы алғанда, діндерден пайда көріп жатқан сияқты, яғни діндерде адамзат қоғамының қозғаушы күшіне жатады ғой деп ойлаймын.
Әбунасыр: Иә, кезінде солай деп ойлап, жазып едім. Кейін зерттей келе көзім жетті, дін мен ғылым екі бөлек құбылыс екен. Дін сенімге негізделген бағыт, ал ғылым оқуға, білімге, ілімге, зерттеуге, талдауға, дамуға негізделген бағдар екен. Діннің түрі көп, бірақ бірін бірі мойындамайды, сонымен қатар әр дін сала салға бөлінеді екен, сол салаларда бірін бірі мойындамайды екен. Ғылымда да сала көп, бірақ олар бірін бірі мойындайды және толықтырып отырады. Қолында билігі бар адамдар дінді саясатқа айналдырып алған, өйткені ол сенімге, яғни бір нәрсеге сыйынуға негізделгендіктен адамдарды билікке сыйынуға ыңғайлайды. Билік пен дін өздерінің сенімдерін растау үшін ғылымның әлеуетін пайдаланғысы келеді. Ал, ғылым діннің күшінсіз-ақ өзінің жолын дәлелдей алады. Болашақта діннің күші мен әлеуеті азая береді де, бірте-бірте дін деген ұғым Жер бетінен жоғалып кетеді.
Сейіт: Қызық екен!
Әбунасыр: Бұндай болжауды адамзат қоғамының даму кезеңдерін зерттей келе айтып отырмын. Адамзат, оның ішінде қазақтар қоғамының даму кезеңдерін талдап көрейікші. Басқа ұлттардың тарихын бұл талдауға қоспай-ақ қоялық, өйткені сендер оны қайдан білесіңдер деп ренжіп қалар, ал, біз қазақтар өз тарихымызды өзіміз жақсы білеміз ғой.
Сейіт: Иә, ата. Әңгімеміз қазақ тарихымен ұштасып жатса, балаларымызға қызықты болар.
Әбунасыр: Сейіт, мен өзі барлық әңгімемді қазақ тарихымен байланыстыруға әр кезде тырысамын. Сонымен, қараңыз, қазақта пендешілік деген ұғым бар, Қазақ Бабам Алтын көрсе періште жолдан таяды деген ғой, яғни пенде өзіне пайдалы нәрсеге не затқа табынады, сыйынады. Менің білетінім алғашқы қазақтар әуелі топыраққа, тасқа, суға, отқа, ағашқа, өсімдіктерге, аңдарға, малдарға, сосын күнге, ең ақырында айға табынған, сыйынған. Бұл табынулардың әрқайсының өз тарихы бар, мен қысқаша тізбектеп қана айтып жатырмын. Сосын айдан да құдіретті бір күш бар екенін сезіп білген қазақтар ол құдіреттің құдіреті құдды Айдыкіндей екен деп, құдды Айдай екен деп, құддыайдай екен деп, құдыайдай екен деп, құдайдай екен деп айта-айта ол құдіретке Құдай деген атау берген. Құдай бұ дүниені ғайыптан жаратқан, жасаған, сондықтан Құдай бұ дүниенің иесі деген. Сондықтан құдайды Жаратқан, Жасаған, Жаратқан Ием, Жасаған Ием депте атаған. Сөйтіп қазақтар адамзат тарихында алғашқы боп бір құдайға сыйыну кезеңін бастап беріп, бір құдайға шүбәсіз сенуді дін деп атаған. Осы дін сөзі діл сөзінен шықты деп ойлаймын, өйткені қазақта ділі мықты деген сөз тіркесі бар, ол адамның ұлттық болмысының беріктілігінің бейнесі, яғни дінді қабылдаған адамның құдайға деген сенімі мықты болу керек деген мағынадан шыққан сөз деп ойлаймын. Осылай қазақтар адамзат тарихында алғашқы боп бір құдайға сыйыну дінін ойлап тауып, ол дінді Тәңір діні деп атаған.
Сейіт: Неге ол дінді Тәңір діні деп атаған?
Әбунасыр: Менің ойымша, қазақтар құдайдың да жаны, тәні бар деп пайымдаған шығар және олар құдайды өте құдіретті деп санағандықтан, оның тәні өте ірі тән деп ойлаған шығар, содан құдайдың ірі тәні бар деген сөз тіркесінен құдайдың тәні ірі деген сөз тіркесі, одан бара-бара тәні ірі құдай және тән ір құдай сөздері, сосын тәңір құдай және тәңір деген сөздер шыққан шығар.
Сейіт: Мүмкін, ал, ата, Сіз құдайға сенесіз бе?
Әбунасыр: Кейде сенемін, кейде сенбеймін! Неге екенін айтайын, осы дәлелдерді өзіңізде байқап жүрген шығарсыз. Айналамыздағы табиғат қолмен қойғандай, бір керемет құдірет осының бәрін ойластырып жасап жаратқандай, соны көрген кезде, әй осы Жаратқан Ием, Жасаған Ием бар сияқты деп ойлап, құдайға сенетін кездерім болады. Адамзат табиғаттың баласы ғой, сол екеуінің кейбір тылсымдарын ғалымдар ашып жатқан кезде, әсіресе, адамзат қоғамын жайлап алған әділетсіздікті көрген кезде құдайға деген сенімнің жоғалып, өшкенін сеземін. Сосын, кейінгі замандарда діндер де көбейіп кетті, яғни Тәңір дінінің ізімен иудаизм, христиан, ислам, буддизм сияқты және басқа да бір құдайға ғана табынатын діндер шықты ғой. Құдай біреу болса, дін неге көбейіп жатыр, құдай бар болса, басқасын сұрамай-ақ қоялық, тіпті болмаса әділетсіздікті неге тоқтатбайды? Осындай логикалық негізде құралған сұрақтар көп, әзірге жауап жоқ, сондықтан сенім тұрақты емес. Бұл күрделі мәселелердің шешімі болашақ ұрпақтардың еншісінде деп ойлаймын. Осы жерде қазақтың құдай сөзіне қатысты айта кететін бір нәрсе қазақтың құдай деген сөзі араб тіліне, яғни исламға құдыс деп өткен. Байқасаңыз еврейдің иуда деген сөзі және индустардың будда сөзі қазақтың құдай сөзімен үндес екенін, яғни ол сөздерде қазақтың құдай деген сөзінен шыққанын көресіз.
Сейіт: Міне, балалар мен сендерге өркениеттің бәрі біздің атажұрттан басталған деп айтушы едім ғой, соның бір дәлелі осы.
Әбунасыр: Иә, Сейіт, менде солай ойлаймын. Мысалы, дін туралы айтсақ, Қазақстанның төрт жағында әлемде көп тараған төрт діни өркениет, яғни шығысында буддизм, оңтүстігінде ислам, батысында христиан, солтүстігінде шаманизм, ортасында тәңір діндері мәдениеті орналасқан. Қарасаңыз, бұндай шартарапқа шапағатын жайып тұрған қасиетті де киелі жер мен мемлекет әлемде жоқ. Сондықтан да, адамзат та, тіл де, сенім де, дін де, мәдениет те, өркениет те Қазақстаннан тараған деген қазақ аңыздарының рас екеніне сенемін.
Сейіт: Ата, қазір қазақтар жаппай ислам дінін қабылдап жатыр деп естіп жатырмын. Неге тәңір дінінде қалмай жатыр?
Әбунасыр: Мен ойлаймын, қазақ біріншіден қазақ болып қалу керек, яғни әр ұлт өзі ұлт болып қалу керек. Дін екінші кезекте болу керек. Қай ұлт қандай дін қабылдаймын десе ерікті. Жаңа дін сенімге құралған саясат дедім ғой, яғни қазақтар Тәңірге сыйынды, табынды. Қазақтар Тәңір олардың арман, мақсаттарын орындауға көмектеседі деп сенді, бірақ өзің білесің өмір деген күрделі құбылыс, сондықтан жоспарлар орындалмай қалуы мүмкін ғой, сол кездерде басқа діндегі адамдардың тастары өрге домалап тұрғандарын көрген қазақтардың Тәңірге сенімі жоғала бастаған. Оның үстіне Тәңір діні өте көне дін болған соң оның қағидалары бір жағынан ұмытыла бастаған, екінші жағынан өмірдің ағымынан қалып ескіре бастаған, үшіншіден жас діндердің жарнамасы белсенді түрде, тіпті жиіркеніштісі қарудың күшімен, басқа діндегі елдерге соғыс ашып әлсіздерін жаулап алып, жеңілгендерді қорқытып өз дініне кіргізу әдістерімен жүргізіліп жатыр. Олар кітаптарымыз аспаннан тікелей құдайдан жіберілген дейді.
Сейіт: Тәңір дінінде неге кітап жоқ?
Әбунасыр: Тәңір дінінде кітап болған. Қазақтар біреуді бір нәрсеге сендіргісі келсе Киіз Кітаптан оқыдым дейді ғой, яғни осы Киіз Кітап деп жүргеніміз тарих тұңғиығындағы қилы-қилы, қиын-қиын замандарда жазу өшіп, өзі жыртылып, жоғалып кеткен, бірақ ұстанымы халық жадында қалған, адамзат тарихындағы бір құдайға сену дәуірін бастап берген Тәңір дінінің көктен түскен кітабы ғой деп ойлаймын, кей кезде оны осы ұлтбасымыз Қазақ Баба жазып кеткен кітаппа депте ойлаймын, өйткені Сіз білесіз ғой, бізде Қазақ айтыпты деген ұғым мен тұрақты сөз тіркесі бар екенін.
Сейіт: Иә, атам мен апамның, әкем мен шешемнің кей кездерде қазақтың киіз кітабында жазылған немесе қазақ айтыпты деп отыратындары еміс-еміс есімде.
Әбунасыр: Айтпақшы, Киіз Кітап демекші, біздің Отырардың орталық кітапханасында сырты киізбен қапталған, парақтары бұзау терісінен жасалған өте көне бір кітап бар. Ол кітапты орталық кітапхана ашылғаннан кейін жеріміздің шығысындағы Ертіс дариясының оң жағында, Алтай тауының түбінде орналасқан Тастұмсық деген қаладан бір адам сол жақтағы бір таудағы үңгірден тауып алдым деп беріп жіберіпті. Ол кітапты әзірге ешкім оқи алмай отыр, ғалымдардың айтуынша ол кітап дыбысталуы ұмытылып кеткен көне қазақ әріптерімен жазылған. Алтай тауының шығыс жағында сондай таңбалармен жазылған тас кітаптар бар екенін өзім көрдім. Аңыз бойынша ол тас кітаптар биік гранит жартастардың ұзына бойынан қашалып алынып, беті тегістеліп, жазу жазылып, сосын киелі жерлерге апарылып, тас кітап деп орнатылады екен. Өкінішке орай сол киіз кітаптыңда, сол тас кітаптардыңда құпиясын әлі ешкім аша алмай жүр. Мүмкін, сол Отырар кітапханасындағы киіз кітап Қазақ Бабамыздың Киіз Кітабы немесе Тәңір дінінің Киіз Кітабы шығар, кім біледі?
Сейіт: Қызық екен, яғни Тәңір дінінің көктен түскен кітабы болған ғой.
Әбунасыр: Иә, жас діндер Тәңір дінінен даму алған, олар Тәңір діннің адамға құдайдың құдіретін білдіретін қағидаттарын өздеріне ыңғайлап алған, сондықтан оларда құдай біреу, оның біздің дінге арналып көктен түскен кітабы бар дейді. Олардың пайғамбарлары ұлтының қамын ойлайтын адамдар болған, сондықтан олар аспаннан түскен кітаптардағы ұстанымдарды өзінің халқы үшін ыңғайлаған. Бұны сезген басқа ұлттар діндердің ұстанымдарын өздерінің болмысына қарай бұрмалаған, сөйтіп, мысал үшін Сіз қабылдаған исламды алайықшы, бұл дінде көптеген ағымдарға бөлініп кеткен, әр бағыт Алла мен Құранды өздерінше мойындайды, бірақ әрқайсының ұстанымы мен сенімі әр басқа. Христиандарда да, буддизмде де, иудаимзде де солай, оларда тарам-тарамға бөлініп кеткен.
Сейіт: Иә, исламда ағым көбейіп барады, бәрі өзінікін дұрыс дейді.
Әбунасыр: Олармен салыстырғанда қазақи салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар сонау бағзы заманнан бұзылмай келе жатыр. Мен Жердің жүзін көп араладым. Әлемнің әр жерінде қазақтарды кездестіріп жүрдім. Сонда атажұртағы қазақтар мен шетелдерде тұрып жатқан қазақтардың салт-дәстүрі, әдет-ғұрыпында еш айырмашылық жоқ екенін көрдім. Мысалы, жеті ата толмай қыз алысып-қыз беріспеу, құдаларын құдайдай сыйлау, күйеуге төс тарту, тағысын тағылар. Сейіт, бұндай мықты тұрақтылықты діннің қалыбына салып көрейікші. Сейіт, өзіңіз әр дінді талдап, зерттеп көріңізші. Сонда, дін дегенің әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің жиынтығы, яғни мынаны істеуге болады, мынаны істеуге болмайды деп қатып қалған қағидаттарға шүбәсіз сенуге бағытталған жиынтық заңнама екенін көресіз. Осы логикамен жүріп, қазақи салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды хаттап-құжаттап бір кітап қылып шығарып, бұл жаңа Қазақ Дінінің жуықта аспаннан аян арқылы жаңадан шыққан пайғамбарға түскен Қазақтың Жаңа Киіз Кітабы деп жаңа дін жасап шығаруға болар еді ғой.
Сейіт: Олай болса әр ұлт өзінің дінін шығарып алады ғой?
Әбунасыр: Иә, шығарсын, онда тұрған не бар, қайта әр әр ұлт өз дінінде, яғни өз болмысында қалып, әр ұлттың өз ерекшелігі мәңгілікке сақталатын болады. Бір халық бір халыққа менің дінімді қабылда демейтін болады, яғни соғыс ашуға себеп жоғалады, ұлтаралық көзғарас өзгеріп, әлемде бейбітшілік орнайды. Болашақта әр ұлт пен ұлыс, әр халық пен ел өз кітаптарын шығарып, өздерінің салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын дінге емес заңға айналдырып алады да діннің мән-мағынасы кетеді, адамзат оқу-білім, ілім-ғылымға бет бұрады. Ал, бұлардың бәрі ұстаздан шәкіртке, үлкеннен кішіге кітап арқылы беріледі. Жазу-сызудың, оқу-білімнің күшін білген, мемлекет болашағын ойлаған патшалар халқын сауаттандыруға көп көңіл бөлген, сондықтан мектептер, кітапханалар салғызған, басқа да оқу орындарын, баспаханалар ашқан, кітаптар жазғызған. Менің жас кезімдегі қазақ елінің патшасы оқу-біліиге, ілім-ғылымға өте зор көңіл бөлді. Патша сондай болған соң ол тағайындаған, қол астындағы лауазым иелері де сондай саясат жүргізді, елімізде ғылым қарыштап дами бастады. Отырар әкімінің қажырлы қызметінің арқасында қалада мектептер, кітапханалар, ғылым орталықтарының саны артып, менің туған қалам еліміздегі ғылым орталығына айналды, оның даңқы шетелдерге жете бастады, Отырарға келіп білім алатындардың саны көбейді.
Сейіт: Ата, осы орайда, қазіргі таңда атақ-даңқы жер жарып тұрған Отырар кітапханасы туралы айтып беріңізші.
Әбунасыр: Айтып берейін. Әкіміміз патшамен келісе отырып Отырарда аумағында керуен сарайы, асханасы, қонақ үйі, мейрамханасы, баспаханасы, кітап сақтайтын қоймасы, кітап оқитын залдары, мектебі, ғылыми орталығы бар үлкен кітапхана салдырды, оншақты жылдың ішінде кітапхананы құнды кітаптарға толтырды. Мен Отырардағы орталық кітапханадай жан-жақты жасақталған, кітап қоры көп кітапхана қазіргі кезде әлемде жоқ, бұған дейін болған емес деп үлкен қуанышпен, зор мақтанышпен айта аламын.
Сейіт: Александрия кітапханасы ше?
Әбунасыр: Мен осы іс-сапарымда Отырар кітапханасын Александрия кітапханасымен салыстырғым келіп арнайы түрде Египетке бардым. Египетте Керімай екеуміз бір жыл болдық. Александрия, Каир және басқа да қалаларын араладық, пирамидаларын көрдік. Менің зерттеп білгенім, сол жердегі ғалымдардың айтуынша, өз заманында Александрия қаласы Египет аймағындағы басқа жерлермен салыстырғанда оқу-білімі дамыған мекен болған екен. Ол қаланың әр жерінде кіші-гірім кітапханалар болыпты, бірақ орталықтандырылған үлкен кітапхана болмапты, яғни Александрия кітапханасы дегеніміз жиынтық ұғым екен. Александрияда кітап көп екен деген дақпырт жарнамаланып, ол жарнамалар аңызға айналып, Александрия кітапханасы деген ұғым пайда болған ғой. Отырар кітапханасы Александрия кітапханасынан бар жағынан артық екенін көріп, білдім. Өйткені, Александрия қаласының кітапханаларында негізінен жылнамалар, естеліктер, діни кітаптар жиналған екен, ғылыми, көркем әдебиет өте аз болған екен, сосын ол кітапханадағы кітаптардың саны көшірмелер арқылы көбейіп тұрған ғой, яғни бір кітап қайта-қайта көшіріле берген. Ал, Отырар қаласының орталық кітапханасы әлемнің бар түкпірінен жиналған құнды кітаптарға толы, негізінен ғылыми кітаптардың, көркем әдебиеттердің түпнұсқалары жиналған және олардың саны өте көп, сосын сол орталық кітапханадағы кітаптардың саны бүкіл Александриядағы кітаптардың санынан артық.
Сейіт: Солай деңіз!
Әбунасыр: Иә, солай, осы деректерді өз көзіммен көріп келдім. Сонымен, Отырар кітапханасын жасақтауға Керімай екеумізде қатыстық, әлі күнге дейін сол іспен айналысып жүрміз.
Сейіт: О, ата, бәрекелді! Балалар, Әбу аталарың мен Керімай апаларың өздерің естіп жүрген атақты Отырар кітапханасын кітапқа толтырған адамдардың қатарына жатады екен. Ата, осы игілікті іс қалай басталып еді?
Әбунасыр: Кітапхана салынып бітіп, іске кіріскен кезде мен жиырмада, Керімай он алтыда, жаңа ғана үйленген кезіміз еді. Қала әкімі шетел тілін білетін жас жұбайларды бас қылып шартарапқа кішігірім керуендер жібере бастады. Оларға ғылым дамыған мемлекеттерге, қалаларға барып, ол жерлерден таңдап жүріп, құнды кітаптардың түпнұсқасын сатып алып, түпнұсқа сатылмаса көшірмесі жасалып, түпнұсқаны да, көшірмені де сол жерде қазақ тіліне аударып, көшірме мен аударманы тексертіп, растатып Отырарға жеткізу не болмаса жіберіп отыру, сосын жүрген жерлерінде қазақтың болмысын, Отырарды жарнамалап отыру тапсырылды. Бұл керуендер екі-үш жылда қайтып келіп атқарған жұмыстарына, жол-жөнекей көргендеріне жазбаша есеп беріп тұрды. Сөйтіп, жас жұбайлар оншақты жылдың көлемінде кітапхананы жасақтап бітті, қазақтыңда, Отырардыңда даңқы әлемге жайылды.
Сейіт: Ол керуендер неге жас отбасылардан жасақталды?
Әбунасыр: Әкім жарықтық ақылды кісі еді. Ол арнайы қазылар тағайындап, байқау ұйымдастырды. Қазылар әр жыл сайын денсаулығы мықты, көп тіл білетін, қандай жағыдай болсада елге қайтып келетін отанға деген сүйіспеншілігі зор отбасыларды ғана таңдап алып отырды. Әкім оларды мемлекет қаржысы есебінен іс-сапарға аттандырып отырды. Сосын, әкім марқұм біздің жас жұбайлар сапарда, жат жерде бірге жүрсе, еш алаңдамай ғылыми жұмыспен айналысатынына сенемін деп отырушы еді, ол сөзді естіген біздер сол сенімді ақтауға тырыстық.
Сейіт: Әкімдеріңіз өз заманының керемет дана кісісі болған екен, жаны жанатта болсын!
Әбунасыр: Әумин! Әлқисса, Керімай екеуміз байқаудан сүрінбей өттік. Сосын бір сәрсенбінің сәтті күні екеуміз екі жорғаға мініп, бір желісті атты жеңіл күймеге, бір күші көп қазанатты арбаға жегіп, арбаға өзіміз үшін бір қос, бізге ері атқосшы, әйелі даяшы болып қызмет істейтін отбасы үшін бір қос, сапарға керек-жарақтарды артып, атқосшы мен даяшыға да жорға мінгізіп, тағы да төрт қосалқы ат алып, жолға шықтық. Жылқылардың барлығы қоңыр түсті болды, өйткені олардың бәрін әкемнің шаруашылығынан таңдап алдық. Мен ес білгелі әкем Отырар қаласының әскербасы еді. Әкемде, менде Отырар қаласының шетіндегі бір ауылда дүниеге келгенбіз. Сол ауылда біздің жанұялық жылқы шаруашылығымыз болды. Әкем қолы бос болғанда атам екеуі жылқы сұрыптаумен айналысатын, сөйтіп жүріп олар түсі анық қоңыр болып келетін әртүрлі жылқы тұқымдарын сұрыптап шығарды. Ол жылқылардың ішінде тайпалған жорғасы да, күймеге жегілетін желістісі де, жүк тасыйтын күштісі де, жақынға шабатын ұшқыры да, алысқа шабатын дүлділі мен тұлпары да, сәнге мінетін сәйгүлігі мен арғымағы да, соғымға сойылатын еттісі де, қымызға сауылатын сүттісі де болды. Әкем өзі ылғи қоңыр түсті ат мініп жүретін, сол себепті халық оны Қоңыратты қолбасшы деп атап кетті. Әкемнің есімі Махмұт еді. Елордасы Бозақ қаласының мың жылдық тойында патшамыз әкеміздің еңбегін ескеріп оған тархан деген атақ берді де әкеміз ресми кездерде Махмұт Тархан деп атала бастады, бірақ халық оның лақап атын тастамай, әкемді Қоңыратты қолбасшы Махмұт Тархан деуші еді.
Сейіт: Балалар естідіңдер ғой, аталарыңыз текті жердің ұрпағы екен.
Әбунасыр: Қазақтың бәрі текті, өйткені олар жеті ата толмай қыз алысып, қыз бермеген, таза қанды ақсүйек халық. Қазақтың өте көне және аристократ ұлт екеніне әлемді аралап жүргенде көзім әбден жетті.
Сейіт: Иә, ата, бұндағы қазақтар да сол салтты өте қатты сақтайды.
Әбунасыр: Сонымен, біз, Керімай екеуміз алғашқы сапарларымызда оңтүстікке бағыт алып Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Пәкістан арқылы Үндістанға жеттік, одан Үнді мұхитын жағалап отырып Қытайға және Корей түбегіне бардық, сосын Жапон аралдарын аралап, олардан қайтадан құрлыққа өтіп, Лена, Енисей, Байкөл аймақтары арқылы Моңғолияға кіріп, ол жерден еліміздің шеті Алтай тауының шығыс жағына жетіп жығылдық. Екінші жорықтарымызда солтүстік елдеріне, Ресей, Скандинавия түбегі, Балтық теңізі жағалауларына саяхат жасадық. Үшінші ретте бетімізді Европаға бұрып, Украина арқылы Англияға дейін барып, қайтарымызда Испания, Франция, Италия басқа да елдердің жерімен Грецияға барып, одан отанымыздың шеті Қырым түбегіне кеме арқылы жеттік. Төртінші сапарларымызда Түрікменстан, Иран, Ирак арқылы Аравия түбегіне бардық, одан Израиль, Сирия, Түркия жерлерін басып өтіп Кавказ тауынан асып түсіп ел шетіне ілігіп едік. Сол жолы, осыдан он шақты жыл бұрын, Алеппода болғанбыз, бірақ онда Сейіт, Сіз емес басқа әкім еді.
Сейіт: Иә, менің Алеппоға әкім болғаныма бес-ақ жыл болды ғой, ол қаладағы ғалымдар Сіздің келгеніңізді жыр ғылып айтып отырады.
Әбунасыр: Бізді Алеппода қонақ қылғанда ғалымдарды жинаймын деп отырсыз ғой, сонда ризашылығымды білдірермін оларға. Ал, бесінші, осы жолғы сапарымызды еліміздің батыс шетіндегі Қырым түбегінен бастадық. Сол жерден кемеге отырып Қара, Эгей, Жерорта теңіздері арқылы Александрияға бірақ бардық, одан Египетті аралап, ол елдің қалаларын, пирамидаларын көріп, Иерусалим арқылы Дамаскіге жеттік. Осылай алпыс жылдың ішінде жер жүзінің көп жерін аралап шықтық. Өстіп жүріп сексеннен асқанымызды байқамай қалыппыз.
Сейіт: О, ата, бүкіл әлемді аралапсыз ғой!
Әбунасыр: Африканы аралай алмадық, онда Египеттен ары аса алмадық.
Сейіт: Басын бастапсыз ғой, келесі жолы барарсыз.
Әбунасыр: Әй, қайдам! Денсаулығым ақырғы кезде сыр беріп жүр. Ой, балалар, кешіріңдер, бағана бұндай көңілсіздікке бой бермеймін деп едім ғой. Осындайда Қазақ Бабам Үмітсіз шайтан, адам шайтан емес, адам баласында ең ақырғы сөнетін сезім үміт, сондықтан үмітті үзбеу керек, үмітті үзу, өліммен тең! деген екен. Үмітті үзбейік, Африкаға сапарға барсам, Алеппо арқылы өтіп, Сейт, Сіздің бір балаңызды бірге ала кетейін, мен қайтып келгенше бұларда ер жетіп қалар, а?
Сейіт: Иә, бәрекелді, солай десеңізші! Әрине ала кетесіз, қарсы емеспін. Балалар, аталарыңның әңгімесінен жиһангез болып шартарапқа саяхатқа шығу дегеннің ғажап екенін байқаған боларсыңдар. Бірақ, ол үшін денсаулық пен білім керек, сондықтан денешынықтырумен, оқумен қатты айналысу керек. Ата, осы сапарларыңзда небір қызықты оқиғалар, небір ғажайыптарды көрген шығарсыз солар туралы айтып берсеңіз.
Әбунасыр: Иә, небір кереметтерді көрдік ғой. Мен сапарларымның барлығын ғылыммен ұштастырып отырдым, жүрген жерлерімде ғылыммен айналысуды тоқтатпадым, білім, тәжірибе жинадым, күнделіктер, естеліктер, ғылыми туындылар мен шығармалар жазып отырдым. Сіздің жоспарыңыз бойынша біз әлі бірнеше ай бірге болады екенбіз, сол кездерде жата-жастана шежірелерімді толығырақ қып айтармын. Ал, қазір мына балалар жалықпас үшін жер-жаһанды кезген кезімде көрген-естіген, оқыған-білген, қазақ тарихымен байланысты оқиғаларды айтып берейін.
Сейіт: Бұл мағанда қызық болар еді.
Әбунасыр: Европаны аралағанымда білгенім, ол жақтың ғалымдары біздің Анарыс бабамызды қатты құрметтейді екен, оны әлемнің жеті ғұламасының қатарына жатқызып, ол европа халықтары үшін көп нәрсе жасап, европа ғалымдарына көп нәрсе үйретіп кетіпті. Ал, Әділ-Аттила бабамыздың жасаған ерліктерін европалықтар жыр ғып айтып отырады екен. Аттила Римді жеңіп Европа ұлттарын Римнің боданынан босатып, олардың әрқайсына өздерінің тәуелсіз мемлекеттерін құруға мүмкіндік жасапты, оның әділ саясатын көрген Рим Папасы оны Аттила Құдайдың Жердегі қамшысы деп атапты, оның әділдігіне сенген европа елдері бірі мен бірі келіспей қалған кезде төрелікке Аттиланы шақырады екен.
Сейіт: Мінеки, балалар, біздің бабалар қандай болған!
Әбунасыр: Иә, ал енді, Үндістанда болғанда, сол елді кішігірім мемлекеттерге бөліп-бөліп билеп отырған раджалар өздерінің тегі арилер екенін, арилердің атажұрты солтүстіктегі таулардың ар жағындағы далалы аймақ, яғни Қазақстан екенін, арилердің ықлым заманда қазақ елінің патшасы болған Арғын бидің тікелей ұрпағы екенін айтып отырғанын естідім. Үндістанда және басқа да шығыс жерлерін аралағанда Будданың да тікелей ұрпақтарымен кездесіп, әңгімелестім, оларда айтып отыр атажұртымыз Қазақстан, кезінде қазақ елін басқарған Сақ патшаның тұяқтарымыз деп.
Сейіт: Қанша заман өтседе өздерінің тегін ұмытпаған не деген керемет!
Әбунасыр: Иә, Сейіт, осы жиһангездік сапарларым кезінде менің ұққаным, жалпы алғанда шетте жүрген қазақтар өздерінің тегін ұмытпайды екен, оның нақты бір мысалы Сізсіз ғой, Сейіт!
Сейіт: Қазақ болып тудық, қазақ болып қаламыз, ұлтымызды, тегімізді, тілімізді, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрыпызды, ділімізді, болмысымызды, атажұртымызды ұмытпаймыз!
Әбунасыр: Бәрекелді Сейіт, қазақпыз деп отырсыз ғой, соған байланысты баяғыда қариялардан естігенімді айтып берейін. Біздің жерге алғашқы пайғамбарлар Адам Ата мен Хау Ана ғайыптан келіп қонған, сондықтан біздің жер атақоныс деп аталады екен, олар біздің жерде тұрақтап қалған, сол себепті біздің жер ататұрақ деп аталады екен, олардың балалары осы жерді мекендей бастаған, сондықтан біздің жер атамекен деп аталады екен, Адам Атаға алғашқы тіл қатқан Хау Ана екен, сол себепті олардың балаларының тілі Ана Тіл деп аталады екен. Біздің ұлтбасымызғ яғни қазақ ұлтының басы Қазақ Баба алғашқы пайғамбарлар Адам Ата мен Хау Ананың жетінші ұрпағы, яғни туажаты екен, ол кісі пайғамбар, киелі, әулие, қасиетті кісі болған екен, сондықтан осы атақоныс және Ана Тіл қазақтарға еншілікпен тиесілі болған екен, сол себепті бұл жер дүние жүзіндегі барлық қазақтар үшін атажұрт деп есептеледі, ал қазақ тілі Ана Тіл деп аталады екен. Осы аңыздардаң растығына күннен күнге көзім жетіп келе жатыр.
Сейіт: Мінеки, балалар, осындай жерден, осындай елден жаңа ғана аталарың айтып кеткен керемет ғажайып істер мен ұлы адамдардың шығуы табиғи заңдылық. Ата, ренжімеңіз, тағы бір қайталап жіберейін, Екінші Ұстаздыңда бізден шығуы табиғи заңдылық деп Сізбенен мақтанып қояйын!
Әбунасыр: Оу, Сейітжан-ау, көп рахмет! Олай болса, Сіздің логикаңыз бойынша Үшінші Ұстаз қазақтардың арасынан шығады ғой, а?! Несі бар Үшінші Ұстаз қазақтардың арасынан шықса шығар, мүмкін осы отырған балалардың арасынан шығар, сонда біз ол баланы да, оның әкесінде біз жақсы білеміз деп мақтанып отыратын боламыз.
Сейіт: Әумин! Бірақ, қазір емес, кейінірек шығар.
Әбунасыр: Сізде ренжімеңіз, рухтандыру үшін айтып жатырмын ғой, бұл ұрпақтан шықпаса келесі ұрпақтан шығар. Ал, енді логикаға салсақ мен былай деп пайымдап жүрмін. Бағана айттым ғой, ғылым күннен күнге, жылдан жылға дами береді, табиғат пен адамзаттың құпиясын ашқан сайын ғылымның саласы көбейе береді, яғни әр саланың өз ұстазы, көшбасшысы пайда болуы мүмкін. Ал, енді сол бағыттардың байланысын күшейту үшін мамандар бірігеді де ғалымдардың ұжымдары пайда болады. Бірақ, бұл жеке тұлғалардың мәні мен маңызы жоғалады деген сөз емес. Мен ойлаймын ғылымның шырқау шегі жансызға жан бітіру, яғни жансызды сөйлету, жансызға сана беру, яғни жансыздың жаны барды түсінуіне жол ашу болып табылады. Біз қазір адамзатты жансыз заттан жаратып, сана берген құдай деп жүрміз ғой. Сондай дәрежеге жетіп, сол тылсым құпияға жететін жолды салған, яғни жаңалықты ашқан адам Үшінші Ұстаз атанар деп есептеймін. Ол жол табиғат пен адамзаттың біте қайнауына, олардың бірін бірі түсінуіне, яғни өркениеттің шырқау шегіне, Жер бетінде әділетті қоғамның, жұмақ өмірдің орнауына апарады.
Сейіт: Ата, бұл бағана айтылған Түсіну мәдениеттің шыңы дегенге саяды ғой!
Әбунасыр: Иә, Сейіт дөп айттың! Ал, балаларым, әңгіме соңында тағы да қайталайын, жақсы өмірге жету үшін оқу керек, оқығанды тоқу керек, білім-ілім жинау керек, тәжірибе алу керек, зерттеу керек, тексеру керек, талдау керек, қорытынды шығару керек, нәтижені жүзеге асыру керек, яғни ғылымды дамыту керек, ал осының бәрі іске асу үшін кітап керек. Сол үшін және келер ұрпақ жаңағы айтқан межелерге жету үшін Отырардағы кітапхананы жасақтап, ғылымды дамытуға ат салысып жатқанымыз.
Сейіт: Ата, мен осы әңгімеге дейін балаларымның ғылым жолына түскендерін, кәмілетке толысымен үйлендіремін де, Қазақстанға Отырар қаласына оқуға жіберемін деп жоспарлап жүр едім, қазір басқалай ойлап отырмын.
Әбунасыр: Не боп қалды? Ұнамай қалдық па?
Сейіт: Жоға, Ата. Апама қазір келген соң айтармын, менде мынандай ұсыныс-өтініш бар. Егер Сіздер ренжімесеңіздер, келіссеңіздер, мақұлдасаңыздар осы жолы Отырарға барғанда бір ұлым мен бір қызымды Сізге шәкірт, апама бала ретінде қалдырып кетсем деп ойлап отырмын. Олардың керек-жарағын жыл сайын керуен арқылы жіберіп тұратын боламын, сонда арамыздағы қатынас үзілмейтін болады.
Әбунасыр: Жат жұртта жүріп, атажұрттан қол үзгісі келмеген қазақ үшін керемет жоспар. Бізге сенсеңіз, мен қарсы емеспін, Керімайда қарсы болмайды, сосын неге Керімайға ғана бала болады, мағанда бала болсын да!
Сейіт: Ой, ата, кешіріңіз, Сізге де бала болсын! Бірге тәрбиелеңіздер!
Әбунасыр: Е, бәсе! Қазір Отырарға әлемнің көптеген елдерінен келіп білім алып жатқандар жастар жетерлік, солардың көпшілігіне Керімай екеуміз қамқорлық жасап жүреміз, оларға қарағанда Сіздің балаларыңыз бізге жақын ғой, өз балаларымыздай тәрбиелейміз, оқытамыз, кәмілетке толған соң үйлендірейік, құдаласуға келін екеуіңіз келерсіз, сосын Отырарда дүркіретіп тұрып той жасаймыз.
Сейіт: Әумин! Айтқаныңыз келсін! Ата, керемет шежіре айттыңыз. Көп рахмет! Бізде мол мағлұмат алдық. Енді қарсы болмасаңыз, тамақтың алдында далаға шығып, біраз бой жазып, серуендейік, балалар ойнай тұрсын. Мына ұрпақтарыңызға бағана айтам деген батаңызды беріңіз.
Әбунасыр: Берейін. Баяғыда қазақтың бір шежіреші шешен биі бата туралы былай деп айтыпты:

Батаның көптігі болмайды,
Беретін кісісі болса!
Батаның аздығы болмайды,
Алатын адамы болса!
Батаның тілексізі болмайды,
Тілейтін тілекшісі болса!
Батаның жауапсызы болмайды,
Сұрайтын сұраушысы болса!
Батаның жаманы болмайды,
Орындайтын адамы болса!

Менің беретін батам сол ақын айтқандай болсын деп ойлаймын.

Сейіт: Керемет айтқан екен! Әрине, Сіздің батаңыз сондай болады, ата! Ал, балалар, қолдарыңды жайыңдар, атамыздан бата алайық.
Әбунасыр: Бар адамзат байлық пен билікті о дүниеге алып кете алмайтынын біледі, адамға бұ дүниеде көп нәрсе керек жоқ екенін біледі, бірақ кей адамдар осыны біле тұра байлық пен билікке ұмтылады, яғни қанағат пен тәубешілікті ұмытады. Әр адамда қанағат, әр адамда тәубешілік болса, адамдар ортасында сыйластық болса, адамдар арасында түсіністік болса, әлемде бейбітшілік нығайа түсер еді, табиғат байлығы таусылмас еді, адамзат дәулеті молайа берер еді, ұрпақтарымыз үшін алаңдамас едік, олар жақсы замандарда өмір сүрер еді. Сондықтан батамды болсын, болсын демей, кетпесін, кетпесін деп, батамды Қанағат бата деп атап, бата берейін:

Уа, ұрпағым!
Сұрасаң бата берейік!
Ақ білекті білейік,
Ақ алақан жаяйық,
Ақ тілек, ізгі ниетпен,
Қанағат бата берейік!

Қазағымда бәрі бар!
Қанағат, шүкір, тәубә деп,
Болсын, болсын демейік!
Тістегеннің аузында,
Кетпесін деп қолдағы бар,
Жаратқаннан тілейік!
Жұлқығанның қолында,
Кетпесін деп қорадағы бар,
Жасағаннан тілейік!
Қазақтағы барлық қор,
Кетпесін деп бата берейік!

Мемлекеттен бейбітшілік кетпесін,
Елден бейқұттылық кетпесін,
Жерден байлық кетпесін,
Жұрттан тыныштық кетпесін,
Ұлттан бірлік кетпесін,
Халықтан тірлік кетпесін,
Қорадан мал кетпесін,
Малдан қоң кетпесін,
Үйден жан кетпесін,
Жаннан сән кетпесін,
Тәннен саулық кетпесін,
Үлкеннен ағалық кетпесін,
Кішіден інілік кетпесін,
Жастан ғылым кетпесін,
Кәріден тағылым кетпесін,
Ойымыздан еңбек кетпесін,
Қолымыздан күрек кетпесін,
Ортамыздан сыйластық кетпесін,
Арамыздан түсіністік кетпесін,
Әр кісіден тәубә кетпесін,
Әр адамнан қанағат кетпесін!
Әумин!

Сейіт: Әумин! Айтқаныңыз келсін. Ғажайып бата!
Әбунасыр: Бағаңызға рахмет! Сейіт, балалар, жүріңіздер, тамақ түскенше серуендеп қайтайық.

ЭПИЛОГ

Қазақтан шыққан, бүкіл әлем Екінші Ұстаз деп мойындаған, ғұлама ғалым Әбунасыр әл-Фараби – әл-Отырар жетінші мүшел жасын, яғни туғанынан кейінгі 85-ші жылын жинап жүрген кезінде Сирияның Дамаск қаласында қайтыс болды.
Ұлы бабамыздың ақырғы да соңғы арманын орындау үшін Сирия патшасы мен Дамаск қаласының әкімі және Алеппо қаласының әкімі Сейіт үшеуі арнайы керуен жасақтап, оған Сейітті бас қылып Әбунасырдың мәйітін Отырарға жеткізуге ниет қылып, әрекет жасайды. Бірақ, сол уақыттарда ол жақтарда өте қатты ыстық болғандықтан ұлы бабамыздың мәйітін елге жеткізуге еш мүмкіндік болмапты, сондықтан Әбунасыр бабамыз жұбайы Керімайдың рұқсатымен Дамаск қаласындағы қазақ бейітінде жерленіпті. Екінші Ұстазды жерлеу, бабамыздың атынан ол кісінің артында қалған елге ақырғы қонақ асын беру, бейітінің басын көтеру, жетісі, басқа да рәсімдері қазақша өткізіліп, олардың шығындарын сириялықтар көтеріпті. Бабамызды жерлеуге Сирия патшасы, сол елдің лауазымды адамдары, көптеген мемлекеттерден патшалар, көрнекті ғалымдар бастаған делегациялар келіп қатысыпты. Сейіт атасының жетісін өткізгеннен соң, Керімай апасын жасақталған керуенмен Отырарға апарып салуға өз патшасынан рұқсат алыпты. Керімай анамыз жан жарының моласының бір уыс топырағын шүберекке түйіп алып елге қайтыпты. Керімай анамыз Отырарға жеткен соң, ұрпақтарына Дамаскідегі Әбунасырдың моласынан алынған осы бір уыс топырақты өзі қайтыс болғаннан кейін өзінің моласына Әбуімнің атынан салыңдар деп өсиет айтыпты. Сосын Отырардың киелі топырағынан бір уыс топырақты шүберекке түйіп, Әбунасырдың бір ұлына беріп, оның қасына бір жиенін, бір немересін, бір шөбересін, бір шөпшегін ертіп, Сейіттің керуеніне ілестіріп Дамаскідегі Әбунасырдың моласына жеткіздіріпті. Ұрпақтары ата-аналарының алдындағы парыздарын орындап, Дамаскіден аман-есен қайтып келген соң Керімай анамыз Әбуіме туған жерден, менен және ұрпақтарынан бір уыс топырақ бұйырды. Әбуімнің ақырғы да соңғы арманын орындадым. Маған да туған жерден, Әбуімнің атынан және ұрпақтарымның қолынан бір уыс топырақ бұйыратынына сенемін, енді менде де арман жоқ! деп қатты қуаныпты.

P.S. Ғылымның ең жоғарғы шыңы жасанды интеллекті бар роботтар жасап шығару болып саналады. Ал, енді жасанды интеллектің ең жоғарғы сатысы адамзаттың табиғи тілдерінің, сол тілдердің сөздерінің мағынасын түсіну болып есептеледі. Бүгінгі күнгі роботтар адамдармен программаға енгізілген негізгі сөздер арқылы ғана байланыса алады, бірақ тілдердің, сөздердің мағынасын түсінбейді.
Біздің замандағы жасанды интеллект әлемдегі 6 мыңнан астам тілдің ішінен тек қазақ тілінің мағынасын түсінеді екен. Осы жаңалықты ашып, роботқа (жансызға) қазақ тілін түсінуге жол салған, яғни жансызға жан бітірген технологияны ойлап тапқан Шәріпбайдың Әмірінің ұлы Алтынбек деген қазақ екен.

Астана – 2018 жыл – 22 шілде
-------------------------------------------------------------------------------------------------------------

Әбунасыр әл-Фараби – әл-Отырар

Баяғы өткен заманда,
Қазақтардың елінде,
Мыңдаған жыл бұрында,
Қазақстан жерінде,
Отырар атты қалада,
Салыныпты кітапхана.

Шартараптан Қазақтар,
Кітаптарды жинапты.
Ең қоры көп ғаламдағы,
Кітапхана жасалыпты.
Ғылым, білім іздегендер,
Осы жерге жиналыпты.

Оқу білім бұлағы,
Білім өмір шырағы,
Қағидатын ұстанған,
Отырар билігін ұстаған,
Текті Қазақтың тұяғы,
Әбунасыр әл-Фараби,
Әбунасыр әл-Отырар,
Қазақстанда туыпты.
Жасынан білім қуыпты,
Көптеген кітап жазыпты,
Өмірдің мәнін тауыпты,
Табиғат заңдарын ашыпты,
Ғылым шыңына шығыпты.

Қазақ атын шығарған,
Жетпіс тілде сөйлеген,
Қазақ даңқын арттырған,
Бар ғылымды меңгерген,
Ән шығарып, күй жазған,
Аристотельді түзеген,
Ғұламалар мойындаған,
Әлемдегі бар ғалым,
Екінші Ұстаз атаған,
Отырардан шыққан,
Тегі таза Қазақтан,
Әбуден асқан әлемде,
Шежіре мен тарихта,
Арғы-бергі дүниеде,
Тірі жанның сапында,
Адамзаттың ішінде,
Кім бар екен ғаламда?!
Деректерге сүйенсек,
Ондай адам жоқ екен,
Мына бүкіл ғаламда?!

Осыдан кейін кім айтар?!
Қазақ кейін пайда болған деп,
Қазақ жазуы болмаған деп,
Қазақ білімсіз, оқымаған деп,
Қазақ кітап жазбаған деп,
Қазақ ғылым жимаған деп,
Қазақ өндіріс ашпаған деп,
Қазақ тауар құрамаған деп,
Қазақ қала салмаған деп,
Қазақ өнер қумаған деп,
Қазақ тірлік жасамаған деп,
Қазақ өркениет құрмаған деп!
Айтыңдаршы, кім айтар?!
Сол адамды маған жібер!

Астана – 2015 жыл – 18 тамыз

Әбунасыр әл-Фараби Отырардан шыққан қазақ екен

Бірінші Ұстаз Аристотельді тексеріп, түзеген,
Екінші Ұстаз атағын бағзыда алып, иеленген,
Әбунасыр әл-Фараби Отырардан шыққан Қазақ екен.
Адамзат қоғамының төрт тұғырын анықтап берген екен!

Елді дамытатын басты тұғыр, негізі ғылым деген,
Еңбектен, білім ал, үйрен де жирен деген,
Жасампаз іс-қимылың ғылыми болсын деген,
Оларсыз нұрлы заман келмес деген екен!

Екінші, әділетті заңдарыңды құра деген,
Ақиқатты заңмен ғана анықтап отыр деген.
Заң бұзғанды жазалап, түзе деген,
Өйткені, заң бұзар қоғам құрыр деген екен!

Бір тұғыр дін-дәстүр, ол сенімге (идеологияға) негізделген,
Дінге кірсең, жарғыда (құранда) жазылғанға сеніңіз деген,
Айтқанына пайғамбар-көсемдердің келтірме шүбә деген,
Көсемге сенбесеңіз күнә деген екен!

Үш тұғырды мықтайтын төртінші бола білген,
Ел сенімін ақтаған билеушілер болар деген.
Елге қамқор патша бола білген,
Ел сыйлаған елбасы болар деген екен!

Төрт тұғыры тең болса,
Ел мақұлдап мықтаса,
Халық құптап қолдаса,
Мемлекет мәңгі болар деген екен!

Осылайша ол Қазақ мыңдаған жылдар бұрын,
Адамзаттың даму жолдарын анықтап берген екен.
Екінші Ұстаз атағын тегіннен тегін алмаған екен.
Айтқандары бүгінгі күнге дәлме-дәл келеді екен.
Сондықтан, Үшінші Ұстаз атағын ешкім әлі алмаған екен!

Астана – 2016 жыл – 03 қаңтар

Әбунасыр әл-Фараби – Екінші Ұстаз

Әбунасыр бабамыз,
Аристотельден оза алған,
Екінші Ұстаз аталған,
Мақтанышпен айтамыз!

Қайырмасы:
Отырарда жаралған,
Әбунасыр әл-Фараби,
Елінен жиған ғылымын,
Ғаламға жайып таратқан,
Ғұламаларды оқытқан,
Қазақтан шыққан данышпан!

Әбунасыр бабамыз,
Жетпіс тілде жаза алған,
Әр ғылымға жол салған,
Үлгі болсын деп айтамыз!

Қайырмасы

Әбунасыр бабамыз,
Елін, жерін сатпаған,
Салт, дәстүрін сақтаған,
Рух берсін деп айтамыз!

Қайырмасы

Астана – 2016 жыл – 04 қаңтар

Әбунасыр әл-Фараби – әл-Отырар атаулы әңгіме мен
Әбунасыр әл-Фарабиға арналған өлеңдерге
Әбунасыр әл-Фараби логикасының үлгісімен
қысқаша түсініктеме

Кітапхана салу үшін жер дайындау керек, оған күрек және басқа да сайман керек. Бұл құрал-жабдықтарды жасау үшін өндіріс керек. Кітапхананы кірпіштен салса, кірпіш жасайтын завод керек, тастан салса, тас қашайтын зауыт керек. Ғимаратты салуға кірпіш пен тастан басқа ағаш, темір бұйымдар керек, оларды өндіретін зауыт керек, оларды құрылыс орнына жеткізетін көлік керек. Ғимаратты салатын мамандар керек. Кітапхананың ішін кітапқа толтыру керек, ол үшін кітап шығару керек. Кітап шығару үшін қағаз, сия, бояулар керек, жазу-сызу білу керек. Отырарда бірен-саран адам ғана хат танымаған, ол қаланың бар халқы жазу-сызу білген, сондықтан кітапхана салу қажеттілігі туған. Отырарда халықты оқытатын мектеп немесе басқа да оқу орындары болған, оларда маман мұғалімдер, оқытушыны оқытатын оқытушылар болған. Отырар Қазақстанның жәй қатардағы қаласы болған, егер бұндай қалада сол кездегі әлемдегі ең бай кітапхана болса, онда еліміздің басқа қалалары мен ауылдарында білім, ғылым, өндіріс, мәдениет ошақтары болғаны ғой. Бұл кітапханаға шартараптан кітаптар жиналыпты, онда ол кітаптарды барып алып келетін экспедициялар, керуендер жан-жаққа шығарылған ғой, яғни шетел тілдерін білетін мамандар сосын оқу, білім, ғылым жүйелерін ұйымдастыратын мекемелер болған ғой. Осындай тамырын тереңнен тартқан ғылыми логикалық негіздер болғандықтан қазақ жерінде Отырар кітапханасы пайда болған, қазақ елінен жетпіс тілде оқи, жаза, ойлай, сөйлей алатын Әбунасыр шыңдалып шыққан. Әбунасыр ол кезде қазақта жалғыз болмаған, оны оқытып, тәрбиелеген, оған жетпіс тілді үйреткен, ол үлгі алған, ол бәсекеге түсіп озып шыққан замандастары болған. Осы және басқа да ғылыми логикалық дәлелдер қазақтың бағзыдан біртұтас ұлт, ел болғандығын, мемлекет құрғандығын, қазақтың баяғыда пайда болғанын көрсетеді, яғни Әбунасырға дейін мыңдаған жылдар бұрын қазақта ғылым, өндіріс, мәдениет дамығанын байқатады.

Астана – 2015 жыл – 18 тамыз

ӘБУНАСЫР әл-ФАРАБИ – әл-ОТЫРАР

(Қазақ аңыздарының ізімен жазылған әңгіме)

© Кенішбайдың Рақымының ұлы Болат

Астана – 2018 жыл – 22 шілде


Скачать


zharar.kz