Дүниені қудым екіленіп,
Ұстамаққа кезеніп.
Дүние қырын салмады,
Ешбір маған еміреніп.
Құлпырған қара құндыз деп,
Тұңғиықты тереңге -
Талай құлаш сермедік!
Жалғаншыға келген соң,
Әр тарапқа толқытты,
Көңіл мұрдер желденіп.
Дүние қызық көрінді
Алтайыдай алдымда,
Соқпаққа көрдім серменіп!..
Кейбір күндер ыңыранып,
Қайрат сыймай қанаға,
Нар бурадай көлбедік.
Опасы жоқ бұл дуние,
Түспеді қолға, қуғанмен,
Неше алуан түрленіп.
Өткіздік өмір қапылатпен
Атаңа нәлет дүниенің
Алдағанын шын көріп.
Ақ шариғат ойламай,
Дүниенің әлегі
Қалды көңіл кірленіп.
Талма - талтүс болғанда,
Талықсығанға ұқсаймыз,
Дүние - киік, адам - ит,
Қуа - қуа ізденіп.
Жас толығып, күш қайтып,
Жеткізбес біліп дүниені,
Енді тұрмын бірленіп...
Азаттыққа - қару жоқ,
Қарусыз - жауға бару жоқ,
Осы күні біз тұрмыз,
Саңылау таппай көзденіп.
Бізден бұрын өтіпті,
Екі етегін түрініп,
Иманым тілеп жүгірген,
Хақ дегенде еңіреніп.
Ғайып ирен қырық шілтен
Шылауында екен олардың,
Жұмыла әулие күңіреніп.
Бұл күндегі пенденің,
Ниеті жолдас өзіне,
Оны әулиеден көрмелік.
Шын тілесе, әулие
Демес еді: бермелік .
Бұрынғы өткен ерлердің
Еске түссе істері,
Іш толады шерленіп.
Көңілім жошып сайраса,
Көкірек қабы тарылып,
Ретімен шығарған
Сөз сыймайды керленіп.
Тасқа тисе таңдағым,
Қараңғыда жарық еткен,
Мен бір шапқан наз бедеу,
Сулығын шайнап өрленіп!