Батальон командирлерінің әскери дәрежесі майорлар

Скачать


28-гвардияшы Панфиловшылар өздерінің қанымен өшпес даңққа ие болды. Халқымыз олар туралы өлең-жыр шығарды, аңыз етеді. Олардың есімдері халқымыздың гитлершіл басқыншыларға қарсы Ұлы Отан соғысының тарихында мәңгі сақталады. Дивизиямызды құрушы Иван Васильевич Панфиловтың есімі мәңгі өшпейтін жауынгерлік даңққа бөленген. Сондықтан да панфиловшы ерлерді көргенде:

— Сіз расымен Панфилов дивизиясынансыз ба? — деп таңданған адамдарды талай кездестіргенім бар.

— Ия, — дейді панфиловшы. Сол таңдандырған панфиловшы кәдімгі жай адам болып шығады.

Ол керемет батыр емес, асқан алып емес, ол, тіпті, соғыстан бұрын армияда болмаған, тек бір колхозда адал еңбек еткен, фабрикада немесе заводта жұмыс істеген, я болмаса бір мекемеде бухгалтер болып қызмет еткен өзіміздей бір адам болып шығады. Әриие, бұл бейбіт совет азаматы солдат шинелін киіп, қолына винтовка алғаннан кейін де бірден жауынгер бола қойған жоқ.

Осындай әр алуан қарапайым адамдардан Генерал Панфилов 2,5-3 айдың ішінде жауынгерлік құрама жасақтады. Взвод емес немесе рота, полк емес, тұтас бір дивизия құрды. Бұл — Панфиловтың зор еңбегі. Ол 8-гвардия дивизиясының қолын жеңістерге жеткізді.

Панфилов соғыс өнерінің кемеңгері еді. Ол соғыстың өнері мен әдісіне мейлінше жетік, ұрыста батыл, соғыс ғылымында жаңалық тапқыш ақыл-ой иесі еді. Ол ұрыстарда дұшпанның генералдарынан басым түсіп отырды, оларға өз дегенін істей білді, жаудың әскер сапының осал жерлеріне қатты тиіп, оған істің түйіні шешілетін учаскелерде, үзілді-кесілді кезеңдерде қирата соққы бере білді.

Ол адамгершілігі күшті, басалқылы генерал болды, солдатты аса құрметтейтін, оның адамгершілік қасиетін жоғары бағалайтын. Иван Васильевич барлық ұлтты тең көретін. Ол өз ұлтын — орыс халқын шын сүйетін, оның ардақты дәстүрлерін жақсы білетін, мақтан ететін. Осы тұрғыдан қарап, ол басқа ұлттардың халықтарын да сондай жақсы көріп, құрметтейтін.

— Өз ұлтын қадірлемеген, мақтан етпеген адам нағыз жексұрын, мекенсіз, тұрақсыз, бишара, — дейтін Панфилов. Ал, біздің 8-гвардия дивизиясында орыстар, қазақтар, қырғыздар, украиндар, өзбектер бір анадан туғандай қол ұстасып, жауға қарсы соғысты.

Eгep мен өзіміздің генерал туралы жаза қалсам, онда бұл шығармамды мынадай тарауларға бөлер едім: парасатты генерал, логикалы генерал, кең толғанымды генерал, әдіс-айлалы генерал, қажырлы генерал, қайсар генерал, саспайтын салқынқанды генерал, қабырғалы генерал, кішіпейілді генерал, дегеніне жетпей тынбайтын генерал.

Панфилов өзінің офицерлерін тактикада икемді болуға үйретті. Білегі жуан, бірді жығатын солдат болудан гөрі, ақылымен мыңды жығатын солдат болуға үйретті.

Командир — әскердің ақыл-ойы, ұрыстың, жеңістің ұйымдастырушысы. Ол — ақыл-ой қызметкері.

1941 жылдың күзінде панфиловшылар Москваны төсін төсеп қорғауға шықты. Бір гвардеец алты гитлершіл бандитқа қарсы тұрды. Жаудың басым күшіне қарсы бұл ұлы ұрысқа бүкіл дүниежүзі назарын салып отырды. Бұл ұрыста біз жауды жеңіп шықтық. Санымызбен емес, шеберлігімізбен жеңдік, өйткені соғыс әдісі жағынан біздің командирлер басым болды. Білегі жуан бірді жығар деген қазақ мақалы тегін айтылмаған.

Мәймөңкесіз, желдіртпе емес, қарапайым, бірақ өзінің шындығымен нәзік сезіміңді қозғайтын жауынгерлік өткір сөз командирдің күшті құралы болу керек. Жауынгерді тәрбиелеудің, басқарудың бір күшті құралы — командирдің өз басының үлгілілігі. Оның үлгісі көрік үшін емес, мақтан үшін емес, толығынан іске пайда келтіретін, жауынгерге дарымды үлгі болу керек.

Командирдің негізгі міндеті — солдатты ержүрек етіп тәрбиелеу, оған солдат өнерінің техникасын, ұрыс жүргізу өнерін үйрету. Біздің генерал нақ осындай командирлерді тәрбиелеп өсірді.

Соғыс өнерінің негізін меңгергеннен кейін советтің бейбіт азаматы жауынгер солдат болды. Бірақ, ол бұрынғысынша қарапайым, соғысқа дейінгісіндей еңбек сүйгіш, кішіпейілді адам болып қала берді. Ол кішкене қара домалақ ұлын немесе құралай көзді бөбек қызын бұрынғысынша жанындай жақсы көреді, әйеліне сырын айтып хат жазады, сүйіспеншілік қуанышына еріп, күн нұрының шуағын сезіп отырады. Жылайтын да кезі болады. Жауынгер жолдасының денесін қабірге түсірерде ол көз жасын булап, жылайды. Өзіне шамадан тыс ауырлық келгенде ол ойланады, қайғырады. Ол шаршайды, өйткені оның да кеудесінде соғатын біздікіндей жүрегі бар.

Ол өзінің адамгершілік қасиетін, дүниежүзіндегі бірден-бір тамаша ерікті Отан — анасын, өзінің еңбек ету, білімге жетілу, демалу правосын мақтан етеді. Ол құл емес, малай емес, ол өзінің өмірін, өзінің бақытын, өзінің намысын жанымен де, қанымен де қорғайды. Ол өзімен ұлттас туысқандарын мақтан етеді, оларды жанындай көреді.

Бұл — ерікті совет азаматының өз басының мақтанышы. Ал, өз басының мақтанышы мен ұлт намысы ұрыста батырлық, ерлік туғызады. Жаным — арымның садағасы, Өлімнен ұят күшті, — дейді қазақ мақалы.

Солдат — біреудің ері, біреудің әкесі. Неміс оның семьясына, бақытына қанды шеңгелін салды. Неміс оның өзін де өлтіргісі келді. Ал, ол адамның өмір сүргісі келеді, өлу үшін емес, өмір сүру үшін ұрысқа шығады.

Неміс, тіпті, жақын жерде тұр, бірақ жауынгер оны әлі жүзбе-жүз көрген жоқ. Онда екі түрлі сезім — қорқыныш сезімі және өзінің борышын атқару сезімі бар. Қиын-қыстау кезеңде ол жаумен өліспей бітіспейтін ұрысқа шығады. Тап осы жерде оған теңеу табу қиын. Ең жауыз аңдар да ондай қырқыса алмайды. Қорқыныш сезімі жеңсе — қорқақ болғаның, борышыңды атқару сезімі жеңсе — батыр болғаның. Командир жауынгерлердің жан сезімін, жүрек сезімін байқап отыратын болу керек. Ол жауынгерлердің жан сезімі берік болмаса, ең күшті қамалдардың да сақтап қала алмайтынын білетін болу керек.

Дүниеде қорықпайтын адам болмайды. Екі жарым жыл бойына майданда мен өзім ондай адам көрген емеспін. Адам туа батыр болмайды, батырлық — жауынгерлік тәрбиеден пайда болады. Бұл тәрбиенің мәні жорықтағы жауынгерлік өмірде кездескен қиыншылықтар мен ауыртпалықтардың бәрін жеңе білуде, жүректегі қорқыныш сезімін жеңе білуде.

Ұрыстағы солдат үнемі өзін сақтауға тырысады, өмір сүру үміті оның жүрек отын қаулатады. Біз айтып жүрген қаһармандық, ерлік ұрыс майданында пайда болады. Жау дегеніміз — жеті басты жалмауыз емес, жай адам екенін, оқ пен найза оның да денесін тесіп өтетінін өз көзімен көргенде, солдат қорқыныш сезімін жеңіп, өзінің өмір сүруі үшін жауын өлтіруге ұмтылады. Кескілескен ұрыста өлім туралы ой болмайды, тек барлық кедергіні жеңетін, өмірге сусаған жігер болады.

Соғыса жүріп үйрен, есейіп, шынық. Өлуге асықпа, соғысқа үйрен, — дейтін бізге Иван Васильевич Панфилов. Бұл данышпандық қағиданы біздің гвардеецтер қазір де берік ұстайды. Ұрыста қаза тапқандардың орнына келген жаңа жауынгерлер осы қағида бойынша соғысуға үйренеді. Панфиловшы гвардеецтер ұрыстарда өсіп ержетті, соғыста шын батырлық мектебінен өтіп, шынықты. Біз шын махаббат пен өшпенділікті сынап көрдік. Өмір үшін күресте біз қорқыныш сезімін жеңуге үйрендік.

Біздің дивизияда жаппай батырлық көрсететін даңқты жауынгерлік дәстүр пайда болды. Панфиловшы 28 гвардеец Волоколамскі тас жолы бойында жаудың 50 тажал машинасына қарсы ұрысқа шықты — бұл жаппай батырлықтың айқын үлгілерінің бірі ғана. 11, 16, 20, 50, 100 панфиловшы, бүкіл дивизия мақтан етерлік жауынгерлік даңққа ие болды. Панфиловшы жауынгерлер ұрыс майданында жауды рақымсыз қыруда, істеген жауыздығы үшін одан кек алуда, қанға қан, жанға жан алуда.

Мұндай жауынгер дұшпанның зәресін алады. Бірақ панфиловшы — қазір де бұрынғысындай ізгі адам. Қазір де майданның алдыңғы шебінде, аз ғана уақыт толас болған кездерде жолдастарым жаңа жыл алдында әйелдеріне, аналарына, балаларына құттықтау хаттар жазып, сәлем жолдайтынын мен жақсы білемін. Осы жаңа жылдық хаттарға олар өздерінің барлық жан сезімін, өздерінің асқан сүйіспеншілік сезімін төгеді.

Ардақты жұртым, туған елім! Сіздерді 1944 жаңа жылмен құттықтаумен қатар, жаңа жылда тілек дегендейін, шын пейіліммен, ақ ниетіммен, барлық жақсылық тілектестігімді білдіргім келеді.

Бұл жаңа жыл майданда жүрген ел ерлерін, халық азаматтарын, ата-бабамыздың аруағы қолдап, ел намысы медет болып, қанды балақ фашистердің жанын жаһаннамға тапсырып, күлін көкке ұшырып, дұшпанды жеңген ұлы мерекелі жыл болсын.

Бұл жаңа жыл майдандағы Қазақстан ерлері аман-есен, батырлық көрсетіп, дұшпанды жеңіп, соғысты бітіріп, абыроймен елге қайтып, ағайын туысқандармен, жегжат-жұрағаттарымен, үй ішіндегі бала-шағаларының дидарын қуанышпен көрісетін жыл болсын.

Бұл жылы елімізге, жерімізге бейбітшілік орнап, халық қуанышы қойнына сыймай — үлкен мереке, той болсын.

Бұл жылы еңбек майданындағы еңбек ерлерінің табысы ұлғайып, өндіріс өсіп, қаламыз гүлденіп, колхоз отары малға толып, қап-қамбаларыңыз дәнге толып, әдебиет, мәдениетіміз көсегесі көгере гүлденіп — елге тамаша байлық берекелі жыл болсын.

Бұл жылы соғыс пен еңбек майданындағы ел ерлері ана сүтін ақтап, ата жолын қуып, ұлы маршал көсеміміз Сталиннің жол басшылығында — абырой табысқа үнемі не болып, сау-саламат, тар жол, тайғақ кешуден өтіп, өмірлері ұзақ, даңқы жер жарып, атақтары шыға берсін.

Бұл жылы қанішер неміс нағылеттері ел мен халықтың, бүкіл әлемнің қарғысына ұшырап, өлімге, опатқа душар болсын.

7) III-1972 ж. Правда газетінде жарияланған Фронтовики деген мақалада Женя Иванова Баукең берген сыйлықтың текстін келтіргенін Баукеңнің өзіне оқып бердім. Баукең Женяның өмірінен бірнеше эпизодтар келтіріп айтып берді.

1) А. Бек туралы бір күні Женя (ол әуелі Баукеңнің полкына неміс тілінен аудармашы болып, соңыра оны дивизияға Чистяков алыпты) Бек непорядочный адам деп ренжіпті. Себебін Баукең сұраса, айтпапты. Баукең Бекті шақырып алып, қыстаған соң, ол Женя, сен қызсың ба, әйелсің бе?, — деп сұрап едім дейді. Өзі шамасы қырындаған сияқты. Ол кезде оның жасы елулерде. Женя оның қызынан кіші. Өзіне де өлердей ұрсып, бір айта оны (Бекті) полктан қуып жібердім. Өйткені оған дейін Женяның ашу-ызасы басылсын деп ойладым. Шынын айту керек, Женя моральный жағынан өте ұстамды, бірде бір офицермен ыржаңдап тұрғанын көрген емеспін.

Ол Алматыдағы шет тілдері институтында істеп жүргенде салпаң ерін жеңгеңе өмірде ең көп үйренген, тәрбиеленген кісім Момышұлы деп айтқаны бар.

2) Соғыстың бір қарбалас кезінде немістерді біз қуып ала алмай, не немістер бізді қуып ала алмай, тіресіп тұрған кезіміз еді. Немістерден тіл әкелуге Женяны және 4-5 жауынгерді жібердім. Олар міндетін орындап, немістің передовойда жүрген бір майорын ұстап әкелді. Маған хабар берген соң, тексеріп, сұрауға келдім, бірақ Женя жоқ екен. Бір командир ол қазір келеді деп ескертті. Майорды жанымдағы орындыққа отырғызып, аз-маз білетін немісшеммен тілдесе бастадым. Полктағы командирлерімнің бәрі де орындықтарға орналасып отырды. Осы кезде Женя кіріп келді де, маған рапорт беріп, жөнін баяндай бастады. Рапорт берген соң, аудармашылық қызметіне кірісті. Бірақ ол отыратын орындық жоқ екен, соны тұтқын майор сезіп қалып:

— Мадам, менің орындығыма отырыңыз, — деп ұшып тұрып, орындығын Женяға тосты. Женя отырып, майор тұрып қалған соң, алда отырған бір командиріме айқай салып, орындығын майорға бергіздім де, Женяға:

— Екі құлағыңды тас бекітіп отыр, мен майорға ұрсамын, — деп бұйырдым. Женя қызарып кетті де, бұйрығымды орындады. Мен осы кезде командирлерімнің бәрінің жер жебіріне жете ұрсып, балағаттап, өңкей надан немелер! деп кейідім. Бәрімізді тұтқын майор жерге қаратып кеткенін сезбейсіңдер деп бара сабадым.

Соңыра тұтқынды сұрап болған соң, осы эпизодты генерал Чистяковқа айтып ем, ол ішек-сілесі қатқанша күліп: ой, иттің баласы-ай, сендерді ұятқа қалдырған екен, — деді.

* * *

1941 жылғы 26 ноябрь күні маршал К.К.Рокоссовский мені полк командирі етіп тағайындады. Онда менің жасым 30-да еді. Әскери дәрежем аға лейтенант болатын. Ол кезде партия қатарында жоқпын. Полк командирі болу дейтін оңай емес. Мен одан бұрын батальон командирі болатынмын. Бес рет қоршауды бұзып шыққам. Соны марқұм генерал Иван Васильевич Панфилов Рокоссовскийге жеткізген екен. Маршал Рокоссовскийдің маған сенгендігінің төркіні сонда жатыр еді. Партия қатарында жоқ аға лейтенантты полк командирі етіп тағайындау — үлкен сенім. Ал, полк штабының бастығы подполковник Сорокин екен. Аға лейтенант пен подполковниктің айырмасы жер мен көктей. Полк комиссары — батальондық аға комиссар Петр Васильевич Логвиненко. Батальон командирлерінің әскери дәрежесі майорлар. Полкты қабылдауға келдім. Полк штабы Трусово деревнясында екен. Менің штабқа кіргеніме бір сағат болған жоқ, күтпеген жерден немістер Трусовоға шабуыл жасады. Мен қатты састым. Немістердің күші мол. Қарсыласуға шамам жоғын сездім. Шегінуге мәжбүр болдым. Шегіну — оңай емес. Шегінуден шығу үшін тосқауыл керек.

— Комиссар, сіздің қарамағыңызға бір рота қалдырамын. Мен полкті алып шығуым керек. Сіз тосқауыл боласыз, — дедім. Комиссар Логвиненко:

— Түсінікті, командир жолдас, — деді маған.

Жасыратын еш нәрсесі жоқ, быт-шытымыз шығып қашып бара жатырмыз. Обалы не керек, комиссар бір ротамен сіресіп тұрып алып, тосқауылға тоқтау болып, немістерді алға жібермепті. Бұл да оңай нәрсе емес. Соколово дейтін қыстаққа жеттім. Соған барып қорғаныс ұйымдастырдым. Есімізді зордан жинап алдық. Логвиненко ротаның қалғандарымен қайтып келді. Күштің аты — күш. Немістер тықсыртып келе жатыр. Біз де бедірейіп, қарсыласып тұрып алдық. Полкімде алты зеңбірегім бар еді. Соларды алғы шепке қойдым. Немістер сегіз танкпен келе жатыр. Зеңбіректер ата бастады. Немістердің де танкінде зеңбірегі бар. Сарт-сұрт атып, алты зеңбірегімнің бесеуінің тас-талқанын шығарды. Бір ғана зеңбірек қалды. Шыдай алмастан қалған зеңбіректің қасына жүгіріп бардым. Сөйтсем еңгезердей, қап-қара қырғыз екен командирі. Дәрежесі — старшина.

— Ат! — деп айқай салдым.

— Атып жатырмыз ғой, командир жолдас, — деді.

Соғыста сәтті, сәтсіз нәрсе болады. Атқан оғың әркімге тие бермейді. Сол жолы (әлгі қырғыз жігітінің фамилиясы Тоқтағұлов, аты Сатыбалды екен) оның зеңбірегінің сәті түсті. Әр атқан снаряды далаға кеткен жоқ. Сегіз танктің бесеуін қиратты. Немістерге жан керек. Қалған үш танкі шегінуге мәжбүр болды...

30 ноябрь күні Крюковоға шегініп қайттық. Ол Москвадан отыз-ақ километр жерде. Москваның іргесі дірілдеп, қалтырап тұрған кезі еді. Крюковода алты күн соғыстық. Қолма-қол Крюковоны біресе немістер бізден тартып алады немесе біздер немістерден тартып аламыз...

Мен соғыс кезінде батальон командирі де, полк командирі де, дивизия командирі де болғандардың біреуімін. Бірақ та үлкен дәрежеме қарамастан (ол кезде жас едім ғой) солдаттармен қатар жүрген командирдің бірі болдым. Әр уақытта алдыңғы шепте жүргендердің біреуі болатынмын. Немістер бізді Крюководан қуып шықты. Есімізді жинап алғаннан кейін, біз күш жинап, тағы да қарсы шабуылға шықтық. Отан үшін, Сталин үшін! деп, айқайлап, ұран салып бара жатырмыз.

Мен де алдыңғы шептің қатарында жүгіріп бара жатырмын, Немістердің бірнеше минометтері бізді атқылай бастады. Сол бір шақта минаның жаңқасы менің алдымда кетіп бара жатқан әскеридің қолына тиіп, білегінен жұлып кетіпті де, оның қолы екі-ақ елі теріге ілініп қалыпты. Менің көзімше жаңағы әскери теріге ілініп тұрған қолын жұлып алып, қарға лақтырып жіберді. Соны көрген мен есімнен танып қала жаздадым.

— Атаңның, гөрі қоқи! — деп мылтығын оқтап алып, сермеп атып, алға тұра жүгірді. Соғыс заңы бойынша ол ауыр жараланғаннан кейін шетке шығып тұрып қалуы керек еді, бірақ ол өйтпеді. Ол қайта ызаланып-өршеленіп алға жүгіріп барады. Мен тағы таң қалдым. Мен оны қуып жетіп, түріне қарасам, әлгі жауынгер — баяғы старшина Тоқтағұлов Сатыбалды екен.

Мен соғыста қорқақтықты да, батырлықты да көп көрген кісілердің біреуімін, Шын Алатаудың сұңқары екенсің ғой! деп ердің ерлігі алдында жүрегім мен басымды идім.


Скачать


zharar.kz