Ана тілі – жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын ұрпақтын-ұрпаққа жеткізіп сақтап отыратын қазына... Жүсіпбек Аймауытов.
Тіл — адам жанының тілмәші. Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт болып жасай алмақ емес, ондай ұлт құрымақ. Ұлтының ұлт болуы үшін бірінші шарт — тілі болуы. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмыс, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі — бәрі көрініп тұр. Қазақтың сары даласы кең. Тілі де бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ. Түрік тілімен сөйлейміз деген түрік балалары күндерде бір күн айналып қазақ тіліне келмекші, қазақ тілін қолданбақшы. Күндерде бір күн түрік балаларының тілі біріксе, ол біріккен тілдің негізі қазақ тілі болса, сөз жоқ, түрік тілінің келешек тарихында қазақ ұлты қадірлі орын алмақшы. Келешектің осылай болуына біздің, мына келешек ұрпақтың иманы берік деп айта аламын.
Туған елім – тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы,
Өссе тілім, менде бірге өсемін,
Өшсе тілім, мен де бірге өшемін! – деп, ақын Әбділдә Тәжібаев ағамыз жырлағандай тіл қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс – берекенің алды, ұлттың әрі жаны, әрі ары. Тіл жай сөз емес, өмірдің талай сынынан өткен, өскелең талаптарға сәйкес өрістей түскен толыққанды ақиқат десек, жаңыла қоймаспыз.
Тілсіз қоғамның қандай түрі болса да өмір сүре алмақшы емес, ол тілдің өзі қоғам бар жерде ғана пайда болып, өмір сүреді. Демек, қоғамнан тыс, бөлек тіл жоқ. Тіл – қоғамның жемісі. Тіл біздің мақтанышымыз, тіл біздің барымыз да, нарымыз да болып қала бермек екенін өз шығармамда дәлелдегім келеді. Сондай-ақ, тіл әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасатын күш.Сол ананың сүтімен дарыған ана тіліміздің қуаты, күші, рухы қашанда қазақ деп жүрегі соққан азаматтар мен азаматшалар үшін үлкен мәртебе екені сөзсіз ...
Тіл туралы оралымды ой айтқанда, әрине...біздің тіл байлығымыз туралы айтпай кету мүмкін емес. Тіл байлығы - әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Тіл – таусылмайтын байлық. Менің ойымша, бүгінгі таңда, әсіресе, болашақ ұрпақ үшін маңыздысы - қанша тіл білсең, өзгеден сонша кез биіксің. Заман ағымына орай әр түрлі тілдерді меңгеру, сол тілді игеру-Елбасымыздың да басты назарында. Алайда, жаны қазақ, қаны қазақ ұлт үшін алдымен туған еліңнің мемлекеттік тілін білу маңыздының маңыздысы болмақ. Осы орайда мына бір жайтты еске түсіргім келеді. Бүгінгі таңда ағылшын, орыс, түрік т.б тілдерді негізгі деп санайтын жастар саны артуда... Сонда өз ана тілі не болмақ?! Өз тілінде сайрап тұрмаса не шара?! Әрине, тіл білген жақсы... Бірақ, өз туған тілінде, ана тілінде дәмді де жүйелі сөз орамын құрай білу, әдеби тілде жұрт аузын ашатындай көркем сөйлеу-әр қазақ баласының міндеті дегім келеді.
Сондай-ақ, қазақ тілі - өте бай тіл. Ол шаруашылықтың бар саласын өркендете түсуге себепші күш, халқымыздың мәдени дәрежесін көтере беруші пәрменді құрал, жұртшылықты жаппай отаншылдық рухта тәрбиелеудің құралы, қуатты қаруы. Амал не, осындай әдемі туған тіліміз бола тұра өзге тілде сөйлейтіндер де көп-ақ. Төл тілде сөйлеуден безу ақ сүт беріп, асыраған анаңды ұмытумен бердей. Осы кезде Паустовскийдің мына бір сөзі ойыңа еріксіз оралады: "Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік.
"Тіл тағдыры – ел тағдыры” деп те айтып жүрміз. Сондықтан әр адам өз ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануының қандайына болса да қарсы тұруға тиіс.
Туған тілдің абыройын асқақтату - әрбір адамзаттың абзал борышы. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымызды, салт -санамыз бен дініміз осы ұлттық мәдениет пен тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің елдің елдігі жас ұрпағын парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отансүйгіш те ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекеттік тілдің атқаратын қызметі орасан зор. Осы ойымды жүйелейтін болсам, мен тәуелсіз елімнің азаматы ретінде туған тіліме мынадай үлес қосудамын. Мен қазақ тілінде білім аламын, қазақ тілінде көркем сөйлеп, сауатты жаза аламын, қазақ әндерінен рух алып, ерекше рухпен орындап, жүрегіме жылу ұялатамын, өзі қазақ болса да, өз тілін шұбарлайтын қазақтың ұл-қыздарына ақыл-кеңес беремін, қазақ поэзиясының жанашыры ретінде ақындық қабілетімді шыңдап өлең шығарамын, тіл туралы қанатты сөздер мен мақал-мәтелдерден жинақ жасаудамын т.б осындай үлесімді қосып жатқан жайым бар. Бұл менің оқушы ретіндегі парызым деп білемін. Егеменді ел болып, ес жиып, етек жия бастаған бұл күндері осындай іс-әрекеттер арқылы тілімізді жандандыруға болады деп санаймын. Сол жинаған қанатты сөздерімнің ішінде маңыздысын тілге тиек еткім келеді.
Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді.
Ана тілі – ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау. Міне, осындай қанатты сөздер арқылы біз бойымызға рухани азық, күш жинай аламыз, әр сөздің қадір-қасиетіне үңіле аламыз, тек соны естен шығармасақ болғаны ...
Дағыстанның әйгілі ақыны Расул Гамзатов: "Ертең туған тілім жоғалар болса, мен бүгін өлуге даярмын” – десе, орыстың атақты ақыны К.Р.Ушинский: "Ана тілі – халықтың өткен ұрпағын, қазіргі және келешек ұрпағын, тарихы бір тұтастық, мызғымас бірлік, ажырамас туыстық жағдайда мәңгілік біріктіретін ең сенімді құралы-деп санайды. Шынында да, ана тіліміз арқылы ғана біз халқымызды, отанымызды танып білеміз, халық рухының сарқылмас бастауы да сонда жатыр. Ел – жұртымызды, туған жерімізді, оның өзен-көлдерін, оның бораны мен найзағайын ана тіліміз арқылы ғана қабылдап, соларға деген перзенттік махаббатымызды ана тіліміз арқылы жеткіземіз. Бұл мәңгілік еліміздегі мәңгілік тіліміздің көрінісі.
Олай болса бүгінгі таңда үлкен әріппен Елбасының өзі әлемдегі ең дамыған елу елдің қатарына қосылу міндетін қойып отырған кезде көп ұлттылығымызды тілге тиек ете бермей, мемлекеттік тілдің пәрменді дамуына көп болып атсалысып, осы бағытта бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара бірлесе жұмыс жүргізсек деймін. Бұл да мәңгілік тіліміздің жандануына себепкер болары сөзсіз.
Сонымен қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Ол осы елде өркендеп, дамуы тиіс. Оны осы елдің әрбір азаматы көзінің қарашығындай қорғап, мәртебесінің биіктеуіне барынша үлес қосуға міндетті. Әрине, бұл күрделі де күрмеулі қиын мәселе екені түсінікті. Алайда, қай кезде де елдік, елдің тұтастығы мен бірлігін сақтау жайлы біздің ата-бабамызға да оңай болмаған. Ал тіл мемлекеттің ең қымбат қазынасы екенін ескерсек, мұның маңыздылығы мен құндылығы арта түсері сөзсіз.
Мына бір жүрекжарды ойымды Елбасымыздың сөзімен сабақтағым келеді. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында мемлекеттік тіл туралы былай деді:
Қазақ тілі мәселесіне келер болсақ, бүгінде біздің тіліміз ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Бұдан басқа:
Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар – ана тіліміз мәңгілік елмен бірге мәңгілік тіл болды. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы деп білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін, барлық жерде керек болуы үшін біз өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек, өзіміз соған атсалысуымыз керек”,– деп кесіп айтты. Елбасымыз елінің қамы мен жаны үшін аянбай еңбек етіп қана қоймай, бүгінгі күнге дейін ата-бабамыздан мұра болып жеткен тіліміздің мәртебесін асыруға атсалып жүргенін бәріміз білеміз. Тіл-адам жанының айнасы. Тіл арқылы біз өсе де аламыз, тіл арқылы біз өше де аламыз. Сондықтан мәңгілік елеміздің мәңгілік тілінің тұғырын биікке көтеру-мына біздің, яғни жастардың қолында екенін сөзімнің соңында айтқым келеді. Тіліміздің мәртебесі қашанда биік болсын!