Қазаққа ілгерілеу керек болса, мұны аз қалыпта қалдырмай, көбірек тұрсын, бәріне таныс жетілген жұрттардың қатарына қосу керек; олармен бірге адам баласының жеңіл күн көруіне, тегіс бақытты болуына жол табу керек, іздесіп ат салысу керек... Бізге керегі қайткенде солардың білімін тез үйреніп, қайткенде сол қатарға тез қосылу қамын қылу керек. (Сұлтанмахмұт)
Өмірбаяны. Абайдан кейінгі қазақтың жазба әдебиетінде әр жанрда еңбек етіп, ерекше көзге түскен көрнекті ақындарының бірі Сұлтанмахмұт Торайғыров болды. Ол 1893 жылдың 28 қазанында Көкшетау облысының Қызылту ауданында туған. Оның әкесі Шоқпыт (шын аты Әбубәкір) атанған кедей, момын шаруа адамы болған.Шоқпытта екі баласы болған: Байқоңыр, Сұлтанмахмұт. Сұлтанмахмұттың екі жасында шешесі өліп, жетімдікті көріп өседі. Әкесі әйелі өлген соң балаларын алып, өзінің туған жері Павлодар облысының Баянауыл ауданына көшеді. Ақынның балалық шағы Баянауылда өтеді. Алғашқыда ол Әлі, Тортай, Мұқан деген ауыл молдаларында оқиды. 1908 жылы Сұлтанмахмұт Баянауылдағы Әбдірахман деген молданың медресесіне түсіп, одан 2-3 жыл сабақ алады. Молданың ұрып – соғуына шыдай алмай, ол оқуды тастап кетеді. Молданың қаталдығын, надандығын сықақ етіп өлең шығарады.
Ол 1911 жылы бір қыс бойы Нұрғали Бекбауов деген мұғалімнен оқиды. Нұрғали жаңаша оқыған, көзі ашық, сауатты мұғалім болған. Оның көмегімен Сұлтанмахмұт қазақ, татар тілдерінде шыққан әдеби кітаптарды, газет – журналдарды оқуға дағдыланады. Өзінің білімінің саяздығын сезген Сұлтанмахмұт 1912 жылы Троицк қаласына барып, Ахун Рахманқұли деген татардың медресесінде оқуға түседі. Бірақ тұрмыс жағдайының ауырлығынан мұнда ұзақ оқи алмайды. Қаржының тапшылығынан көп қиыншылық көріп, ауруға шалдығады. Жаз шыға Троицк маңындағы бір ауылға бала оқытуға кетеді. Ондағы ойы бала оқыта жүріп, денсаулығын түзеп, қаржы жинап, қайта оқуға келу болады. Ол бала оқытудан бос уақытында, өз бетімен оқумен шұғылданады, өлеңдер жазады. Сұлтанмахмұт Торайғыров қазақтың ұлы ақыны Абайға да мінездеме беріп, оны қазақ әдебиетінің өкілдерінің бәрінен ерекше, дара тұлға деп бағалайды. Ол аз өмірінің ішінде (небәрі 27 жас жасаған) әлденеше лирикалық өлең, ондаған мақала, екі роман, 5-6 поэма жаңа сатыға көтерген, Абайдан кейінгі ірі суреткер, реалист ақын болып табылады.
Ақын есімі – ел есінде
Кейде Есіл- қайран ерім-ай, еліне берерін түгел бере алмай кетті-ау,- деп өкінетініміз бар. Иә, өкінішсіз өлім жоқ. Әйтсе де! Аз жасаса да, өртеніп өтетін, асыра асыл сыйлап үлгеретін, арманына жететін алыптар болады!
Сөндіріп ай мен күніңді,
Тек денімді сау қылшы!- деген тірлікке құштар, өмірді шексіз сүйген ұлы жан- Сұлтанмахмұт Торайғыров аз жасап, көп арманы көкірегінде кетті. Өз дәуірін жанартаудай жарып шығып, қара түнде жарқылдаған найзағайдай жалын атқан ақын, аққан жұлдыздай небәрі 27-жасында дүниеден қыршын кетті.
Әдебиетте не бары он-ақ жыл қалам тебіренткенінің өзінде, өлең-жырлары өз алдына бір шынар болса, Қамар сұлу, Кім жазықты романдары, Кедей, Адасқан өмір поэмалары, Ауырмай есімнен жаңылғаным әңгімесі қазақ әдебиеті әлемінде шыншыл сырларымен, көркемдік сипаттарымен, орындылығымен, оттылығымен келешек ұрпақтан-ұрпақ қадірлеп оқитын классикалық ұлы туындыларға айналды.
Жұрттың бақытты болуына себін тигізген адам ғана бақытты адам,- депті Дени Дидро. Олай болса бар өмірін, күш-қайратын, ой-санасын, ақылын, бүкіл талант дүниесі жалынын ақтық демі сөнгенше ел-жұртының бақытты болу жолына себін тигізуге жұмсаған Сұлтанмахмұт тірлігінде қандай бақытты болған десек, енді бүгінгі күнде де, жарқыраған асыл поэзиясы да бүкіл табиғатымен бақытты. Ақын поэзиясы өте өміршең поэзия. Үлкен талант иелерінің өмірінде өлім жоқ деген осы болса керек. Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған деген екен Абай атамыз. Туғанына 113 жыл толып отырған, 27 жасында қыршын кеткен Сұлтанмахмұт творчествасы сан ғасырлар жасап ұрпақтан-ұрпақ жалғаса бермек.
Он екі жасында-ақ тауды тесіп, тасты жарып шыққан қайнардай бұрқ етіп өлең-жыр шумақтаған балдырған Сұлтанмахмұт 17 жасында туған халқының өмір сырына үңіліп, келешегін ойлайды. Шындықтың аулын іздеп жолға шығады.
Сұлтанмахмұт өмір сүрген кезең ХХ-ғасырдың бас кезі- Ресей топырағындағы ең бір дүр сілкіністің, азаттық үшін арпалыстың кезеңі болды. Бірімен-бірі қабаттасқан үш бірдей төңкеріс патшашылдық биліктің тас-талқанын шығарды. Отаршылдық езгінің әлсіреуі ұлттардың оянуын тездетті. Саяси жағдай ұлттық сананың оянуына себепкер болған төменде айтып кеткен үш төңкеріс, ол Ресейдегі 1905-1907 жылдары және қазақ даласындағы патшаға қарсы 1916 жылғы қозғалыстар, 17-ші жылғы Ақпан төңкерісі. Ақынның бел шеше жазу ісімен айналысқан кездері де осы бір шытырман жылдар еді. Ол мәдениеті озық елдердің жоғары жетістіктерін уағыздап, жаңалық жаршысы бола білді. Сол себептен ақын Бүгіндегі жастарға оқу міндет, бар қиындық тек қана ғылым жеңбек деген үлкен ойдың қажырлы көрінісіндей жыр жолдарын өз оқырмандарына жолдады.
Аса көрнекті қайраткер С.Торайғыровтың әдеби мұрасының зерттелу тарихына тоқталайық.
Сұлтанмахмұт шығармаларын жинау, бастыру, зерттеу ісінің де ұзақ тарихы бар. Ақынның өз басы да, әдеби мұрасы да дау-дамайға көп түскені мәлім. Осындай уақытта ақынның кейбір өлеңдері жоғалды, табылғаны дау туғызды. Қолда барының кейбірі ұлтшылдық қарғыс таңбасы басылып, қайта жабылды. Сондай шығармасының бірі- Айтыс (қала ақыны мен дала ақынының айтысқаны) аталатын дастаны. Бұл-аяулы ақынның кемел ойлап, кең пішкен шығармасы. Аяқталмауы өкініш. Мұнда Сұлтанмахмұт егеменді еліміздің тәуелсіздігі, тіл теңдігі, төл өнеркәсіп, Ұлттық қорғаныс тәрізді аса ірі және көкейкесті мәселелерді сол кезде-ақ – 1919 жылы қозғап, тамаша жырлағанын көреміз. Жиырма жеті жасында дерт меңдеп, тағдыр кермесіне ілінген ақын! Тым болмаса екі жыл тұрмадым, іштегіні түгел жарыққа шығара алмай кетіп барамын, - деп, Айтысты тәмәмдай алмағанын зор өкініш етіпті.
Айтыс С.Торайғыров қайтыс болғаннан кейін, советтік заманда- 1922 жылы Қазан қаласында белгілі ақын Бернияз Күлеев бастырған Адасқан өмір және 1933 жылы Қызылордада шыққан Сұлтанмахмұт Торайғырұлының толық шығармалар жинағы кітаптарында жарияланды.
1933 жылы ақын жинағын Жүсіпбек Аймауытов баспаға дайындады. Сұлтанмахмұт өлген соң (1920ж) оның шығармаларын он жыл бойы жинап – теріп, баспаға әзірлеп, өмір тарихын жазған Ж.Аймауытовтың еңбегі айрықша екенін баса айту керек. Жүсіпбек болмаса Торайғыровтың толық жинағының шығуы, оның толық өмір тарихын білуіміз неғайбыл еді.,-дейді Қайым Мұхамедханов.
Поэманы С.Торайғыровтың 1922 және 1933 жылдары жинақтары бойынша баспаға дайындаған – филология ғылымдарының кандидаты Арап Еспенбетов.
С.Торайғыровтың кейінгі жылдары шыққан екі жинағында да (1950 және 1957) елеулі кемшіліктер кездеседі.
Біріншіден, жазушының қолжазбалары жоғалып кеткенін сылтау етіп, тиянақты ешбір текстологиялық жұмыс жүргізілмей келген. Екіншіден, Сұлтанмахмұт Торайғыров-
тың творчестволық өмірбаянын жазуда да ауыз толтырып айтарлықтай ізденулер мен жаңадан тапқан жөнді деректер болмаған.
1926 жылы Сұлтанмахмұт Торайғырұлының сөздерін жинау науқанына ат салыңыздар! деген ашық хатында Жүсіпбек Аймауытов: ақын елінің тілі ғой, адал туған ұлы ғой, бүлк-бүлк еткен жаны ғой, жанын жеген ары ғой, айта алмай. Жаннан, ардан безбесе, ақынын қандай ел қастерлемесін! – деп жазды. Сұлтанмахмұт шын мағынасында осы сөзге татитын ақын. Ол көп жабының бірі емес, от болып жанып кеткен, құйрықты жұлдыздай ағып түскен, тұлпар талант еді. Сондықтан Сұлтанмахмұт есімі қазақтың жыр – дариясын құрайтын үлкен, асау, арналы өзенінің бірі болып қалмақ. Ол халық жүрегінен құрметті орын алады.
Ақын есімі – ел есінде мәңгі қалмақ. Алтын – ұя мектебім С.Торайғыров есімін 1993 жылы алды. Ол кезде ақиық ақынымызға – 100 жыл толған еді. Мектебімізде ақынға арналған мұражай бар.
Торайғыров көшесі қаланың ортасында орналасқан Қонаев көшесінен басталып, Энергетиктер көшесімен аяқталады. Торайғыров көшесінде мешіт, аурухана кешені, Шахтер мәдениет және демалыс бағы, Сары – Арқа дәмханасы, №35 лицей мектебі, Қазақстан – Ресей университеті орналасқан.
Павлодар қаласында қасиетті қара шаңырақ Павлодар мемлекеттік университеті С.Торайғыров атымен аталады. Сол қалада Торайғыров көшесінде ақынға арналған ескерткіш орнатылған.
Баянауылда С.Торайғыровтың құрметті есімімен аталған Торайғыр көлі бар екені барлығымызға мәлім. Сол көлдің маңында Торайғыр ауылы орналасқан.
Шәкірт ойы
Қараңғы қазақ көгіне
Өрмелеп шығып, күн болам!
Қараңғылықтың кегіне
Күн болмағанда, кім болам?...
Асыл сөз
Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы ерінбе.
Адамдықты көздесең,
Жаттап, тоқы көңілге.
Сөз мәнісін білмесең,
Өлең оқып не керек?
Не айтқанын сезбесең,
Жарапазан не беред?
Шығамын тірі болсам адам болып
Шығамын тірі болсам адам болып,
Жүрмеймін бұл дүниеде жаман болып,
Жатқаным көрде тыныш жақсы емес пе,
Жүргенше өмір сүріп надан болып.
Мен балаң, жарық күннен сәуле қуған,
Алуға, күнді барып, белді буған.
Жұлдыз болып көмеймін елдің бетін.
Болмасам толған айдай балқып туған.
Бұл сөзім асып айтқан асылық емес,
Ойында оты барлар асылық демес.
Тебем деп, тірі болсам надандықты,
Серт етіп, өз-өзіме еткем егес.
"Мен қазақ"
Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға алаш деген атты аламын.
Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын?!
Ерікті ен даланың құсынша ұшып,
Ер жеттім кеңшілікті сүтін ішіп.
... Алтай, Ертіс Сырдария, Есіл, Жайық,
Арасын қоныс қылдым ірге жайып.
Елім, жерім, қорғайтын ерім болып,
Ер жеттім ен далада лықа байып.
Ер Түрік ұрпағымын даңқы кеткен,
Бір кезде Еуропаңды тітіреткен.
Кіргені есік, шыққаны тесік болып,
Күнбатыс, Күншығысқа әмірі жеткен.
Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға алаш деген атты аламын.
Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын!
* * *
Сүйдіріп, жүрегімді тартқан менің,
Сарыарқа, Сарыдала – туған жерім.
Көк күмбездің астында көк масаты
Сәулемен алтындаған сары белім.
Кең дала, шаңсыз ауа, таза қоныс,
Исі аңқып, бетім сүйген самал желім.
Кіндік болып, мал менен жанды өсірген,
Жаз жайлау, күзгі күзек, қысқы тебін.
* * *
Сүйемін туған тілді – анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім
Шыр етіп жерге түскен минутімнен
Құлағыма сіңірген таныс үнім.
Сол тілмен шешем мені әлдилеген,
Еркелеткен, құлыным, жаным деген
Сол тілменен бірінші білгізілген:
Ана деген сүйгендік сөз әм менен
Қылжықтап, алып қашып құрбы бөркін
Сол тілменен ойнадым далада еркін
Сол тілменен бірінші сыртқа шығып
Өмірде ен далада ұққан көркім.