Жыл сайын елімізде елбасының кезекті жаңа жолдаулары жолданады. Халық болып қабыл аламыз. БАҚ беттері жарыса жазып, ол туралы түрлі түсіндірме сабақтарын жүргізеді. Бірақ жолдау деген не? Оның мақсаты қандай деген сұрақтарға толыққанды жауап алған емеспіз. Тек жолданған жолдауды талдаймыз. Әр елдің президенті өзінің халқына жолдауды жыл сайын немесе араға жыл салып жолдайды. Жолдау бір тармақтан, не бір бағыттан ғана тұрмайды. Оның бағыты мен бағдары көп. Жолданған жолдауды талқылау арқылы халық арасында елдің сыртқы және ішкі саясаты туралы ақпарат беріледі. Экономикалық-саяи көзқарастар негізінде халық жаппай ел билігі мен елдің бүгінгі жетістіктерімен танысады. ТМД елдерінің ішінде Ресей мен Қазақстан жолдауды жыл сайын жолдап қана қоймай, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Жолдаудың жолдану мақсаты – елдің өткеніне сараптама жасап, бүгінгі жасалу керек істердің басын ашып, ертеңгі болашаққа жол ашу. Бір ұлт, бір тағдыр, бір мемлекет болғаннан кейін, ел ішіндегі әрбір халықтың жолдау негізінде жұмыс жасауы маңызды. Грамматикалық жағынан қарасақ, жолдау сөзінің түбірі жол. Яғни жол сілтеу, жол табу деген мағынадан келіп шығады. Халыққа түсінікті тілмен жеткізген кезде жолдау - бұл халықпен сырласу, ақылдасу, халыққа жоспарды жеткізу деген сөз.
Халыққа жолдау- 2018ж
Білім Бір байқағанымыз, Жолдауда білім сөзі 24 рет кездеседі екен. Бұл білім саласы басты назарда екенін көрсетсе керек. Әсіресе, мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты 30 пайыздан 50 пайызға дейін өсетіні туралы хабарды халық ерекше ықыласпен қабылдады. Президент осы мақсатта биыл қосымша 67 миллиард теңге бөлу керектігін айтты. Жолдаудың бір ерекшелігі – мұнда білім саласының барлық сатылары бойынша нақты міндеттер айқындалған. Мысалы, Президент орта мектеп, колледж, ЖОО үздік оқытушыларының бейнесабақтары мен бейнелекцияларын Интернетке орналастыру керек екенін атап өтті. Бұл расымен, еліміздің түкпір-түкпіріндегі ұстаздарға қолжетімді әрі пайдалы дүние болары анық. Сонымен қатар бұл ауыл мен қала білімін теңестіруге жағдай жасайды деп ойлаймыз. Президент Жолдауда ЖОО бойынша да нақты міндеттер қойған. Оның ішінде Президенттің аграрлық университеттердің рөлін қайта қарау туралы ойына ерекше тоқталуға болады. Себебі Елбасы мұндай оқу орындарының диплом беріп қана қоймай, ауыл шаруашылығы кешенінде нақты жұмыс істейтін немесе ғылыммен айналысатын мамандарды даярлау керек екенін айтты. Агроөнеркәсіп саласының Қазақстан экономикасында алатын рөлінің ерекше екенін ескерсек, бұл жоғары оқу орындарындағы оқу бағдарламалары жаңартылып, агроөнеркәсіп кешеніндегі озық білім мен үздік тәжірибе сабақтасса, саланың дамуына ерекше үлес болары сөзсіз. Ұлт, денсаулық, әлеумет Жолдаудан Ұлт сөзін 19, әлеуметтік сөзін 18, денсаулық сөзін 8 рет кездестіруге болады. Яғни халықтың әл-ауқаты, әлеуметтік жағдайы мен денсаулығы басты назарда. Осы ретте 2016-2017 жылдары зейнетақы мен жәрдемақы үш рет көбейгенін айта кетуге болады. Базалық зейнетақы 29 пайызға, ынтымақты зейнетақы 32 пайызға, бала тууға байланысты жәрдемақы 37 пайызға, ал мүгедектер мен асыраушысынан айырылғандарға төленетін жәрдемақының әрқайсысы 43 пайызға өсті. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің, білім беру саласы қызметкерлерінің, әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің жалақысы, стипендиялар да көтерілді. Республикалық бюджеттің әлеуметтік салаға бөлінген шығыны 2018 жылы 12 пайызға өсіп, 4,1 триллион теңгеден асты. Жолдауда бұл салалар бойынша нақты міндеттер де қойылған. Мысалы, Президент денсаулық саласында онкологиялық аурулармен күресу үшін кешенді жоспар қабылдап, ғылыми онкологиялық орталық құру қажет екенін айтты. Сонымен қатар Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің жаңа редакциясын әзірлеуді тапсырды. Тиімділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан негізгі созылмалы ауруларға алыстан диагностика жасап, осы саланы амбулаторлық емдеу арқылы басқаруға көшу қажет екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ Жолдауда Президент тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін әзірлеуді тапсырды. Жолдауда Н.Назарбаев өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесін қарастыру тапсырмасына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауапсыздық танытып, атүсті қарағанын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек. Сонымен қатар Президент бірыңғай электрондық еңбек биржасын кең ауқымда енгізу қажеттілігін атап өтіп, Электрондық еңбек биржасы туралы заңды 2018 жылғы 1 сә- уірге дейін қабылдау керектігін айтты. Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан 2018 жылдан бастап халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тобына атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібіне көшті. Оның шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайыздан 50 пайызға дейін көтерілді. Сонымен қатар еңбекке қабілетті әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтар үшін берілетін қаржылай көмек олар жұмыспен қамту шараларына қатысқан жағдайда ғана қолжетімді болады. Еңбекке қабілетсіз азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары күшейтіледі. Экономика, бизнес Биылғы Жолдауда экономика сөзі 17, бизнес сөзі 15 рет кездеседі. Яғни экономикалық өсімге қол жеткізуге бағытталған міндеттер қатарында бұл салаларға да басымдық берілген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауда болашақта жаһандық экономика мен еліміздің экономикасын дамытуда ерекше маңызға ие болатын жаңартылатын энергия көздері туралы да айтқан. Қазір Қазақстанда жұмыс істеп тұрған жалпы қуаттылығы 336 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 55 нысаны 2017 жылы 1,1 миллиард киловатт-сағат жасыл энергия өндірген. Жолдауда Президент 2030 жылға қарай Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30 процентке жеткізу міндеті қойылғанын айтқан. Жолдауда айтылғандай, 2017 жылы Қазақстан арқылы өткен жүк транзиті 17 пайызға өсіп, 17 миллион тоннаға жуықтаған. Енді транзиттен түсетін жыл сайынғы табысты 2020 жылы 5 миллиард долларға жеткізу міндеттеліп отыр. Бұл инфрақұрылымға жұмсалған мемлекет қаражатын тез арада қайтаруға мүмкіндік береді.
Ел басшысы өз сөзін Біз бәріміз бір атаның - Қазақ халқының ұлымыз. Бәріміздің де туған жеріміз біреу - қасиетті Қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан. Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді Мәңгілік Ел етуді мұрат қылдық. Қазақстан-2050 Стратегиясы осынау мәңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі. Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз Мәңгілік Ел боламыз деп қорытындылады.