Ахмет Байтұрсынұлы - мемлекет қайраткері, ақын, публицист, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы

Скачать



Ахмет Байтұрсынұлы - мемлекет қайраткері, ақын, публицист, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы. Ол 1873 ж. он бесінші қаңтарда қазіргі Қостанай облысының Жангелдин ауданында дүниеге келген. 1895 ж. Орынбордағы төрт жылдық мұғалімдер мектебін бітірген. 1895 жылдан 1909 жылға дейін Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде оқытушы, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарады. 1905 ж. жазылған Қарқаралы петициясы (арыз-тілегі) авторларының бірі болды. Сол кезеңнен бастап жандармдық бақылауға алынған Ахмет Байтұрсынов 1909 ж. бірінші шілде күні губернатор бұйрығымен тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылды. Көп кешікпей Ішкі істер министрлігінің Ерекше Кеңесі оны қазақ облыстарынан тыс жерге жер аудару жөнінде шешім қабылдады. Осы шешімге сәйкес Ахмет Байтұрсынов Орынборға 1910 ж. наурыздың тоғызында келіп 1917 жылдың соңына дейін тұрды. Осы қалада 1913 - 18 ж. өзінің ең жақын сенімді достары Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовпен бірігіп және қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық Қазақ газетін шығарды. Қазақ елінің азаттық қозғалысы тарихында Байтұрсынов редакторлық жасаған Қазақ газетінің алатын орны ерекше. Байтұрсынов 1917 ж.революциядан кейін өмірге келіп, қазақ тарихында терең із қалдырған алаш қозғалысына тікелей араласып, Қазақ газеті арқылы саяси теориялық бағыт-бағдар беріп отырды. Алаш партиясы бағдарламасын даярлаған шағын топтың құрамында болды және Екінші жалпықазақ съезінде Оқу-ағарту комиссиясы төрағасы болып сайланды. 1919 ж. наурызда Алашорда үкіметі атынан Мәскеуге Кеңес үкіметімен келіссөзге барды. Сол жылы сәуірде Байтұрсыновтың ықпалымен Алашорда басшылары мен мүшелеріне Кеңес үкіметінің кешірімі жарияланды. 1920 ж. қазревком мүшесі ретінде Қазақстанның Ресеймен шекарасының қалыптасу ісіне белсенді түрде араласты. 1920 - 21 ж. Қазақ АКСР халық ағарту комиссары қызметінде болды. 1922 ж. Өлкелік халық комиссариаты жанындағы Академиялық орталықтың, 1922 - 25 ж. Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының төрағасы болып қызмет атқарды. Байтұрсынов түрлі қызметке ат салыса жүріп, 1921 - 25 ж. Орынбордағы, 1926 - 28 ж.Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен сабақ берді. 1928 ж. Алматыда Қазақ мемлекеттік университетінің ашылуына байланысты ректордың шақыруымен осы оқу орнына профессор қызметіне ауысты. 1929 ж. екінші маусымда 43 Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге тұтқынға алынып, Мәскеудегі Бутырка абақтысына жөнелтілді. 1930 ж. төртінші сәуірде ату жазасына кесілді. Бұл шешім 1931 ж. қаңтарда он жылға концлагерге ауыстырылды. 1934 ж. Максим Горькийдің жұбайы Елена Пешкованың көмегімен Байтұрсынов мерзімінен бұрын босатылып, отбасымен Алматыға оралады. Бұл жерде тұрақты жұмысқа қабылданбай, түрлі мекемелерде қысқа мерзімдік қызметтер атқарды. 1937 ж. сегізінші қазанда тағы да қамауға алынып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды; Ахмет Байтұрсынов Алматы қаласында 1938 ж. сегізінші желтоқсанда қаза тапты.
Тұтас буынның төл басы болған Байтұрсыновтың алғашқы кітабы - Қырық мысал 1909 ж. жарық көрді. Қазақ әдебиетінде Абайдан басталған жаңа арна - мысал жанры Байтұрсыновтың Қырық мысалымен орнығып, ұлттық сипат алды. Оның мысалдары әлеуметтік-қоғамдық жағдайды меңзейтін оқиғалардың, адамдар психологиясынан хабардар ететін ғибратты тұжырымдардың молдығымен ерекшеленеді.
Ол 20 ғасырдың бас кезіндегі қазақ жастарының рухани көсемі болды. Байтұрсыновтың Қазақтың бас ақыны деген көлемді мақаласы - әдебиеттану ғылымындағы алғашқы зерттеу еңбектердің бірі.
Оның Әдебиет танытқыш деген зерттеу еңбегі әдебиет тарихына, теориясы мен сынына, методологиясына тұңғыш рет тиянақты анықтама беріп, қазақ әдебиеттану ғылымының жүйесін жасады. Сондай-ақ ол - әдебиет тарихының мұрасын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаған зерттеуші ғалым.Байтұрсынов ұйымдастырып, бас редактор болған Қазақ газеті қоғамдық ойға ірі қозғалыс, рухани санаға сілкініс әкелді. Байтұрсынов - әлеуметтік мәселелерге, қоғамдық ой-пікірге ықпал жасаған публицист. Оның мақалалары ғылыми байыптауымен, өткір ойларымен сол кезеңнің шындығынан хабар береді.
Ол - қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа үлгі ұсынған реформатор. Байтұрсынов әліпбиі қазақ тілінің табиғатына бейімделген араб жазуы негізінде жасалды. Байтұрсынов қазақ мектептерінің мұқтаждығын өтеу мақсатында қазақ тілін пән ретінде үйрететін тұңғыш оқулықтар жазды. Оның үш бөлімнен тұратын қазақ тілінің тұңғыш Тіл - құрал атты оқулығының фонетикаға (1915), морфологияға (1914) және синтаксиске (1916) арналған бөлімдері жарық көрді. 
Байтұрсыновтың ақын, аудармашы, ғалым-тілші, әдебиеттанушы ретіндегі ұлан-ғайыр еңбегі өз дәуірінде зор бағаға ие болды. 1923 ж. Байтұрсыновтың елу жасқа толғаны Орынбор, Ташкент қалаларында салтанатты түрде аталды. 1988 жылдан кейін Қазақстандағы көптеген көше, мектептерге Байтұрсынов есімі берілді. Тіл білімі институты, Қостанай университеті Байтұрсынов есімімен аталады.1998 ж. оның туғанына 125 жыл толған мерейтойы салтанатпен атап өтіліп, Алматыда Байтұрсыновтың мұражай-үйі мен ескерткіші ашылды.


Скачать


zharar.kz