Ертеде бір кедейдің үш баласы болыпты. Үшеуінің мінезі үш түрлі екен. Үлкені қатыгез, қу, тек қана өзін ойлайтын, ал ортаншысы жігерсіз, елдің айтқанымен жүретін адам болып өседі. Ең кішісінің аты Елемес екен. Ол ағаларына қарағанда мейірімді, адал, еңбекқор еді. Күні жетіп әкелері ауыр науқастан қайтыс болады. Бар жиған-тергенін балалары әкесін жерлеуге жұмсап, өздері панасыз қалады. Басқа амалдары қалмаған жетім балалар күн көру үшін алыс жолға аттанады. Ұзақ жүрген үшеуінің алдынан екі айрық жол шығады. Осы жерде таста қашалған сөздер бар екен. Онда екі бағыт көрсетілген: біреуі – барса келмес, екіншісі – барса қайтар. Ағалары:
— Кіші ініміз қайда барса да сый-сияпатқа ие болады. Оның бізден қандай артықшылығы бар? Одан да Елеместен құтылайық, – деп келіседі де:
— Сен барса келмес деген жолмен кет, ал біз барса қайтармен барайық, — дейді інілеріне.
Елемес келіседі. Ол ағаларымен қоштасып, өз жолымен кетеді.
Жолшыбай қалың орманда Елемеске көкжал қасқыр кезігеді.
— Сен неге бұл жолмен жүрдің? Осы жолдың барса келмес аталуын білмеуші ме едің? Әлде өмір сүргің келмей ме? Мен сені жеймін! — деп ол ақырады.
Елемес қасқырға:
— Амал қанша? Өмір де, өлім де біреу. Одан қашып қүтыла алмайсың. Пешенеме жазылғаны осы болса, көнбеске амал бар ма? Жегенің ас болсын! – деген екен.
Қасқыр осындай батыл адамды алғаш кездестірген еді. Елеместің берген жауабына разы болған ол:
— О, достым, бұл – менің құлағыма тиген бірінші жылы сөз. Бұдан бұрын маған кезіккендер жегенің ас болмасын дейтін. Мен ерегісіп, оларды өлтіруші едім. Сондықтан бұл жол барса келмес атанған. Сенің айтқан сөзің маған қатты ұнады. Мен сені жей алмаймын. Екеуіміз дос болайық. Реті келсе саған көмегім де тиіп қалар, — дейді де қоштасып, өз жолымен кетеді.
Елемес одан әрі жүре береді. Бір уақытта алдынан үлкен қала шығады. Ол осы қалаға қарай бет алады. Қаланың кіре беріс жерінде жәрмеңке болып жатыр екен. Елемес жәрмеңкені аралап келе жатып алдында жатқан бір әмиянға көзі түседі. Әмиянды жерден көтеріп алып:
— Мынау кімнің әмияны? Кім жоғалтты? – деп жар салады. Бұл сөзді естіген жәрмеңкеде жүрген қала жұрты аңтарылып Елемеске қарап қалады. Осы кезде Елеместі қоршап тұрған адамдардың арасынан бір қария шығып:
— Мен жоғалттым. Оның ішінде менің өмір бойы жиып-терген алтын теңгелерім бар. Оларды әйелім тігіп берген гүлді орамалдың ішіне түйіп қойғанмын. Балам, әмиянды ашып көрші, – дейді.
Елемес әмиянды қарап тұрған жұрттың көзінше ашады. Расында да ішінде гүлді орамалға түйілген алтын теңгелер бар екен. Жоғын тапқан қария қуанып, Елемеске алғысын айтады.
— Балам, өзің кім боласың? Қайдан келесің? Қайда бара жатырсың? – деп жөн сұрайды.
Елемес қарияға барлық мән-жайды айтып береді. Оның әңгімесін естіп болған қарт:
— Сен мейірімді, адал жан екенсің. Егер қаласаң, осы қалада қал. Менің үш ұлым бар еді, төртіншісі бол, – дейді.
Елемес қарияға еріп, оның үйіне барады. Қарияның балаларымен бірге жер қазып, егін егеді. Бір күні жер қазып жүрген оның күрегіне бір зат ілінеді. Алып қараса – алтын. Алтынды көрген ол одан әрі қаза түседі. Сол жерден ат басындай алтын тағы шығады. Елемес тапқан алтынды алып, қарияның үйіне келеді де:
— Әке, мен ат басындай алтын таптым. Міне, алыңыз, – деп алтынды шалға ұсынады. Оның көңіліне разы болған қария:
— Балам, бұл алтынның маған қажеті жоқ. Қашанғы бізбен бірге тұра берем дейсің. Өзіңше үй-жай болып, өніп-өс. Бұл – адалдығың мен еңбегіңнің арқасында тапқан байлығың, – деп кеңес береді.
Елемес алғысын айтып, алтынның бір бөлігін қарияға береді. Өзі қалған алтынын сатып, үйленіп, үй болады. Мал-мүлік жинайды. Ешқандай қара жұмыстан қашпай, күні-түні еңбек етеді. Бірде жұмыстан шаршап келген Елемес ұйықтап жатып түс көреді де шошып оянады. Түсінде ағаларының халі нашар екен.
Ит тойған жеріне, ер туған жеріне деуші еді. Ағаларымның жағдайлары қалай екен. Мүмкін, олар қиналып жүрген шығар. Осы байлықтың рахатын жалғыз өзім көргенше, ағаларыммен бөлісейін деген оймен Елемес еліне көшпек болады. Осы күнге дейін әке болып келген қарияға барып, батасын алады да жолға шығады.
Көшіп келе жатып, баяғы екі жол айырылатын жерге жеткенде, ағаларын кездестіреді. Олар әбден жүдеп, азып-тозып кеткен екен.
Елемес ағаларына киім, тамақ береді. Елдеріне оралып, әкелерінің шаңырағын қайта көтереді. Ал ағалары қанша қиыншылық көрсе де мінездері түк өзгермепті. Олар інілерінің бұл жасаған жақсылығын түсінбейді. Елеместі күндеп, одан қалай да құтылудың амалын ойластыра бастайды. Бір күні ағайынды үшеуі аң аулауға шығады. Қайтар жолда қаннен-қаперсіз келе жатқан Елеместі бауырлары өлтіреді. Інілерін айдалада тастап, үйлеріне оралады. Келіндеріне:
— Сенің күйеуің аң аулап жүріп, үлкен жартастан құлап мерт болды, – деп, өтірік айтады. Өздері інілерінің бар жиған-терген мал-мүлкіне ие болып, әйелін ертіп басқа жерге көшіп кетеді. Осы кезде баяғы қасқыр жортып келе жатқан еді. Ол алыста ұшып-қонып, шуылдап жүрген топ қарғаны көреді. Бұл не болды екен? деген оймен қарға үймелеген жерге жақындайды. Келіп қараса, ол баяғы өзінің өліп жатқан досы екен. Енді не істеу керек? Қасқырға бір ой сап ете түседі. Ол жата қалып, білдіртпей жер бауырлап жылжып барады да қарғалардың арасынан патшасын ұстап алады. Қалған қарғалар:
— Патшамызды босат! – деп шулап қоя береді. Сонда қасқыр қарғаларға:
— Сендер адам тірілтетін шөп әкеліп беріңдер! Ол ең биік құздың басында өседі. Міне, сонда ғана патшаларыңды босатамын, – дейді.
Қарғалар келісіп, адам тірілтетін шөп өсетін құзды іздеп, жан-жаққа ұшып кетеді. Олар жер-көкті қоймай қарап, ақыры сол құзды табады. Құздың басында жан-жағына сәулесін шашып тұрған шөпті көреді. Іздегендерін тапқанына қуанған олар шөпті алып, кері қарай ұшады. Қасқыр қарғалар әкелген шөпті суға салып жұмсартып, Елеместің аузына салады. Елемес орнынан түрегеледі. Қасқыр қарғалардың патшасын қоя береді.
Қайта тірілген Елемес есін жиып, досына рақметін айтады. Сонан соң ағаларын іздеп шығады. Көп ұзамай алдынан ауыл көрінеді. Бұл ағаларының ауылы екен. Елемес үлкен ағасының үйіне барады. Ол жерден нан пісіріп отырған өзінің әйелін кездестіреді. Екеуі көрісіп болған соң, ішке кіреді. Үйдің төр жағында ағасы ұйықтап жатыр екен. Ашуын тоқтата алмаған ол ағасын қылқындырып өлтіріп қоя жаздайды. Артынан кірген әйелі оны әрең дегенде тоқтатады. Інісінің тірі екенін көрген және оның ашуынан қорыққан үлкен ағасы Елеместен бас ұрып кешірім сұрайды. Ашуы бәсеңдеген Елемес:
— Өмір сені еш өзгертпепті. Аққа Құдай жақ демекші, мен досымның арқасында қайта тірілдім. Бірақ сенен өшімді алғым келмейді. Жаман бол, жақсы бол, ағамсың. Тірі жүр, бірақ менің маңайыма жолаушы болма, – дейді де әйелін ертіп үйден шығып кетеді.
Енді Елемес әйелін сырт жерде қалдырып, өзі кіші ағасының үйіне барады. Ағасы сыртта құлпытас жасап отыр екен. Ол інісін танымайды. Елемес те танымаған кісі болып сәлем береді.
— Үйге кір, – деп, ағасы сый-құрмет көрсетеді. Әңгімелесе отырып, ол Елемеске бар сырын айтады.
— Біз ағайынды үш жігіт болатынбыз. Кіші ініміздің аты Елемес еді. Күншіл ағам оны өлтірейік те байлығын бөліп алайық деп қоймады. Бірде аңнан оралып келе жатқан кезімізде Елеместі өлтіріп, жапан далада тастап кеттік. Інімді ағамның тіліне еріп көмбей кетіп едім. Енді сол жасаған опасыздығыма өкініп жүрмін. Тым болмаса, оның сүйегін тауып жерлейін деп, қазір басына қоятын құлпытас жасап жатырмын, – дейді.
Елемес кіші ағасының әңгімесін тыңдап болған соң, өзін таныстырады. Басынан өткізген жайды баяндап береді. Ағасы інісінен кешірім сұрайды. Осылай, ағайынды екеуі татуласып, жылап көріседі.
Олар баяғы әкелерінің шаңырағын қайта көтеріп, балалы-шағалы болады. Жалғыз қалған үлкен ағалары қартайған кезінде қателігін түсініп, бауырларына келіп қосылады.