Жүргізуші мұғалім:
- Бүгін бізде көпшілікке танымал, елге елеулі жан Бейсенбай Жұманың кластасы Аюбай ата қонақта отыр. Аюбай ата, сізді Бейсенбай Жұманың кластасы дейді ғой, сол сөз рас па?
- Бейсенбайдың кластасы екендігім рас, - деді Аюбай ата. - Бейсенбайдың өзі бізден бес жастай кішілігі бар бала еді. Өзінің зеректігімен, алғырлығымен бізді қуып жетіп алған ғой. Өзі бір кіп-кішкентай, көзі жылт-жылт еткен сүйкімді балатұғын. Бейсенбай менің артымдағы партада отырды, мен Бейсенбайдың алдыңғы жағындағы партада отырдым. Менің сабақ үстіндегі ермегім сол - мұғалімнің көзін ала беріп, Бейсенбайды танаудан шертемін ғой келіп. Артыма қараймын да, Бейсенбайды танаудан шертіп кеп қаламын. Күн ұзақ сабақ үстіндегі ермегім сол еді.
Мұғалімдер біріне-бірі қарасты.
- Рақмет! - деді жүргізуші мұғалім. - Рақмет, ата, әңгімеңізге! Бүгін бізде қонақта болған...
- Тұра тұр, шырағым, әңгімемді әлі айтып болған жоқпын, - деді Аюбай ата. -
Содан үзіліске шығамыз. Ол кезде мектепте пеш жағылады. Бір пешіміз бар еді, су отын сала ма, бықсып жанбай жататын. Содан үзілістегі қылатыным сол - Бейсенбайды әлгі пештің қуысына тақап алып, мытимын ғой келіп. Мытимын Бейсенбайды...
- Сізде бір жөні түзу әңгіме жоқ па?! - деді мектептің директоры осы кезде. - Былай балаларға тәрбие боларлық, үлгі болатын әңгімеңіз жоқ па?
- Рақмет! - деді тағы да жүргізуші мұғалім. - Рақмет, ата, әңгімеңізге! Балалар, қол соғайық. Бүгін бізде қонақта болған...
- Тұра тұр, шырағым, әңгімемді әлі аяқтап болған жоқпын, - деді Аюбай ата. -Ақыры кездесуге шақырған екенсіңдер... Содан үйге қайтамыз. Бейсенбайдың үйі өзі біздің үймен көрші, үй арасында үй жоқ еді. Бейсенбайды жолда желкеден түйіп кеп қаламын. Түйемін келіп Бейсенбайды...
- Ол баланы неменеге ұра бересіз? - деді осы кезде география пәнінің мұғалимасы шыдай алмай кетіп. - Ол бала сізге не жазды соншалықты?
- Ішім басымнан асып зерігіп бара жатырмын ғой, - деді Аюбай ата. - Менікі тек ермек.
- Өй, сіз де бір!
- Содан үйге барсам, шешем бір қазан қылып кеспе көже дайындап қояды. Соған қарнымды тыңқитып тойғызып аламын да, тағы да Бейсенбайдың үйіне барамын ғой...
- Рақмет, ата! - деп шар ете түсті осы кезде жүргізуші мұғалім. - Рақмет әңгімеңізге!
- Тұра тұр, шырағым, әңгімемді әлі аяқтап болған жоқпын, - деді Аюбай ата. -
Содан Бейсенбайға: "Бері кел!" - деймін. Бейсенбай жаныма келеді. "Бар да үйіңнен барып, кәмпит пен ақша алып кел", - деймін.
- Сіз одан да неге Бейсенбай Жұманың математиканы қалай оқығандығы жайлы айтпайсыз? - деді математика пәнінің мұғалимасы кейістік танытып. - Әлгінде ғана өзіңіз Бейсенбай Жұма бізден бес жас кіші еді, өзінің зеректігімен, алғырлығымен бізді қуып жетіп алып еді дедіңіз. Енді Бейсенбайдың математиканы қалай оқығандығы жайлы балаларға үлгі етіп айтып берсеңізші.
- Ой, білмеймін ол жағын, - деді Аюбай ата. - Менің өзім де мектепте бір жұлымыр болған баламын ғой. Мұғалімдерді зар илетіп жүруші едім. Сол кезде мектебімізде бір қаладан келіп ән-күйден сабақ беріп жүрген мұғалім болды. Өзі үнемі кештер өткізетін. Сол мұғалім айтты бір күні: "Балалар сендер енді мектепті бітіргелі жатырсыңдар. Кейін естеріңе алып жүретін әдемі бір кеш өткізейік", - деді. Бейсенбайды ұратыным сол кеште. Бұл жолы оңдырмай соққанмын ғой Бейсенбайды. Бала деген есінен танып қалған. Аяқ астынан ауданға апаратын көлік табылмай, ат-арбамен алып кетті. Доғдырлар миы шайқалған деп диагноз қойыпты.
- Рақмет, ата! - деп жүргізуші мұғалім осы кезде безілдеп кетті. - Рақмет әңгімеңізге! Қол соғайық, балалар. Аюбай атаны қошеметпен шығарып салайық.
- Мынаны кім шақырып жүр мектепке? - Директор жан-жағындағы мұғалімдеріне қарады.
- Гүлсім мен Нағиманың шақырып жүргені, - деді мұғалімдер екі қызға қарап.
- Қайдан білейік?.. - деді екі мұғалима қыз. - Бейсенбай Жұманың кластасы дегесін...
- Адам деген айтатын сөзінің ретін білмегені қиын екен ғой, - деді директор.
- Қарағым, Мәжит! - деді осы кезде қартаң мұғалима директорға. - Өзі де мектепте бір жұлымыр болып едім деп мойындап отыр ғой. Осындай балалар қазіргі мектепте де бар. Ертең олар да айтатын сөзінің ретін білмейтін болып өседі. Мектепті іргетас деп бекер айтпаймыз ғой. Алдымен тәрбие деп шырылдайтындығымыз сондықтан.
- Ойбай, ана кісі тағы да келе жатыр! - деп, осы кезде химия пәнінің мұғалимасы шар ете қалды. - Мектепті жабайық! Жан-жаққа тарайық!
- Жо-жоқ! - деді тарих пәнінің мұғалимасы. - Қалпағы қалып қойған екен. Қалпағын алып беріңдер Аюбай атаның.
Мұғалімдер бір сәт үнсіз қалды. Сонан соң барып бүгінгі халдері естеріне түскендей, жамырай күлісіп жіберді.