МӘШҺҮР ЖҮСІП КӨПЕЙҰЛЫ

Скачать

МӘШҺҮР ЖҮСІП КӨПЕЙҰЛЫ

(1858, қазіргі Павлодар обл. Баянауыл ауд. - 1931, сонда) — ақын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы. "Бес жаста "бісмілла" деп жаздым хатты. Бұл тағдыр жастай маған тиді қатты"' деп М. Ж. К-ның өзі айтқандай, бес жа-сынан бастап-ақ молдадан хат таныған ол 1870 ж. Хамеретдин хазіреттің медресесінде, одан кейін Бұхарадағы діни жоғары оқу орнында оқыды. Өнер-білімге, әдебиетке құмар болып, "Ер Тарғын", "Қозы Көрпеш — Баян сұлу" сияқты халық жырлары мен Шығыстың қисса-дастандарын жатқа айтқан. Сол себепті де Мәшһүр Жүсіп атанды. "Мәшһүр" арабша белгілі деген мағынаны білдіреді. Медреседе оқып жүрген кезінде ол балалардың алды болып, ол бес жасынан өлең жаза бастаған. 1875 жылдан біраз уақыт оқытушы болды. "Дала уәлаяты" газетіне хат-хабар, мақала жіберіп тұрды. 1887- 90 ж. Самарқанд, Ташкент, Түркістан, Бұхара, т.б. қалаларды аралап, араб, парсы тілдерін үйреніп, Шығыстың классик әдебиетімен жете танысқан. Осы жылдары түркітанушы ғалым, академик В.В. Радловпен танысып, ауыз әдебиеті үлгілерін жинау ісімен айналысты, жар-жар, аужар, бата, ұлағатты сөздер, ертегі, аңыздар, діни қиссаларды жинап, жариялады. Сонымен бірге "Гүлшат — Шеризат", "Ғибратнама", "Шайтанның саудасы" сияқты Шығыс дастандары үлгісін және бірнеше тарихи жырларды жинап, хаттаған. "Көроғлы", "Ер Көкше", "Сайын батыр" жыр-дастандары мен Бұқар жырау, Шортанбай, Орынбай, Шөже, Жанақ, Сақау секілді акын-жыраулардың әдеби асыл мұраларын хатқа түсірген. Ақынның 1907 ж. Қазан қаласында Құсайыновтар баспасынан үш бірдей кітабы шықты. "Хал-ахуал", "Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз'', "Сарыарқаның кімдікі екендігі" атты шығармаларында қазақ халқын өнер-білімге баулу, елде мектеп, медреселер ашу, жер тағдыры, т.б. өзекті мәселелерді көтереді. М Ж. К-ның тандамалы екі томдығы (1990), "Қазақ шежіресі" атты еңбегі (1993) жарық көрді. Павлодар қаласында ақын атында мешіт, Баянауылда МәшҺүр Жүсіп мұражайы бар.


Скачать


zharar.kz