Жолда оған қасқыр кездесіп

Скачать

Есек жүк тасудан қашып, әбден жалығады. Бір күні ол өзімен жолдас болып жүрген түйеге келіп:
– Әй, түйе, мен жүк тасудан әбден жалықтым, жон терімнің тамтығы қалмады! Жүр, екеуіміз бірлесіп, қожамыздан қашайық та ойымызға келгенін істеп, өз еркімізбен өмір сүрейік, – депті. Түйе үндеңкіремей, ойланыңқырап барып жауап қайырыпты:
– Шынында да, қожамыздың жаман екені рас, көп жұмсайды, күтіміміз жаман-ақ. Мен қашуға қуанар едім, ал, қалай қашасың? Есектің жауабы дайын еді. Ол: Мен ойлап қойғанмын, қам жеме. Ертең қожамыз бізге тұз артып қалаға барады. Бастапқыда біз айдағанына көніп тыныш жүреміз, ал тауға шыққан соң, титықтап болдырған болып, жығыламыз да тұрмаймыз. Қожамыз бізді қарғап-сілеп, таяқтың астына алады. Біз сонда да тұрмаймыз. Ол әбден шаршап, басқа көлік әкелгелі үйіне қайтады. Біздер емін-еркін оңаша қаламыз, тек қана аяғың шыдаса болғаны, қайда қашсаң да, еркің өзіңде, – дейді.
Түйе көңілденіп қоя беріпті:
– Сенің мұның табылған ақыл, данышпандық деп осыны айт! Тап солай істейміз, – дейді ол. Олар ертеңгі таңды күтеді. Қожайыны ерте тұрып, есек пен түйеге қаптаулы тұз артып, қалаға жөнеледі.
Көліктер жарым жолға дейін бұрынғысынша жүріп барады. Түйе ең алды, оның артында есек, ең соңында қолында таяғы бар қожайын келе жатады. Түйе мен есек тауға шығысымен, әбден болдырған болып жығылады да тұрмастан жатып алады.
Қожайын оларды:
– Өй, оңбаған жалқаулар, жатып ішер, арам тамақтар! Таяқ жеп сілейместен бұрын тез тұрыңдар! – деп, сөгіп балағаттайды.
Олар қожайынның сөзін құлағына да ілмей, түк естімеген болып жата береді. Қожайыны ызаға булығып, көліктерді таяқтың астына алады. Түйені ол отыз тоғыз рет таяқтайды, бірақ ол былқ етер емес, қырқыншы таяқты сілтегенде, түйе ойбайын салып ұшып тұра келеді.
– Солай ма! Саған әлдеқашан осы керек еді, – дейді де қожайыны есекті таяқтауға кіріседі. Ол есекке қырық таяқ соқты, ол қыңқ етпестен жата береді, тағы оған елу таяқ соқты, есек былқ етер емес, алпыс таяқ соқты, есек қозғалар емес, жатқан күйінше жата берді.
Қожасы жағдайдың нашарға айналғанын байқады. Есектің көп ұзамай-ақ өлетін түрі бар. Бұл бір тап бола кеткен қаза ғой, амал қанша?! Ол есектің жүгін түйеге артады да жолға шығады. Өз жүгіне есектің жүгі қосыла артылған түйе аяғын әрең басып, есекті қарғап келе жатыр: Қарғыс атқыр есек, сенің тіліңді аламын деп, қаншама таяқ жедім, оның үстіне екі есе жүк көтеріп келемін!. Есек сол жатқанынан, қожайыны түйені жетектеп қырдан асқанша жатты да олардың қарасы үзілген соң, ол тұра салып, бет алды қаша жөнелді. Есек сол қашқаннан үш күн қашады, үш таудан және үш алқаптан асады, ақырында, Тентек өзенінің жағасындағы кең алқапқа жетеді. Есекке тоғай алаңы ұнайды да сол жерге мекендеп қалады. Ол тоғай көптен бері бір күшті жолбарыстың меншігінде екен. Бір күні жолбарыс өзінің меншікті жерін аралап көруге шығады. Ол ертемен шығып, түс кезінде есектің үстінен шығады. Есек құйрығын шыпшаңдата түсіп, тоғайда емін-еркін жайылып жүр екен. Бұл мен көрмеген, неткен аң болды екен? – деп, ойлайды жолбарыс. Есек жолбарысты көріп, есінен тана қорқады. Менің ажалым жеткен екен! – деп ойлайды ол. Қарсыласпай босқа өлгенше, бұл қорқынышты жыртқышқа өзімнің ерлігімді көрсетіп, өлгенім артық, – деген ұйғарындыға келеді.
Ол құйрығын шаншылта көтеріп алады да құлағын қағып қойып, бар даусымен ақырып қоя береді.
Жолбарыс қорыққанынан көзінің оты бұлдырап, кейін қарай бар дәрменімен жортып, артына бұрылып қарауға да мұршасы келмейді. Жолда оған қасқыр кездесіп: Мұнша кімнен қорықтыңыз, әміршім? – депті.
– Мен бір аңнан қорқып келемін, ондай қорқынышты аң дүниеде жоқ шығар, оған құлақ орнына қанат біткен, бас дегенің бақырқазандай, ақырған үнінен жер сілкініп, көк жарылғандай, – дейді.
– Сабыр етіңіз, сабыр етіңіз, – дейді қасқыр. Сіздің кездескеніңіз есек болмасын? Ұсқыны соның өзі ғой. Жарайды, ертең оны екеулеп арқан құрып ұстармыз. Қасқыр келесі күні арқан тауып алады да оның бір ұшын жолбарыстың мойнына, екінші ұшын өзінің мойнына байлап, екеуі алаңға қарай жөнеледі. Қасқыр алда жүріп келеді, ал жолбарыс оған тығыла түсіп, артта келеді. Есек бұларды алыстан көріп, аузын кере ашып, бұрынғысынан да қатты ақыра бастайды.
Жолбарыс қасқырға айқайлап:
– Е, жарқыным, сен мені мына сұмырайға жем қылғалы әкеле жатқаның белгілі болды! – деп, ол бір жаққа қарай пәрменімен жұлқына жөнелгенде, қасқырдың басы жұлынып кетіпті. Жолбарыс демі құрып үйіне жеткенше жүгіреді. Сол кезде оған сауысқан ұшып келіпті. Ол шықылықтап, секелектеп алыпты да жолбарыстан болған уақиғаны, жай-күйін түгел сұрап біліпті. Содан соң:
– Сәл сабыр ете тұрыңыз, мен ұшып алаңға барайын, қандай жыртқыш екен, не істеп жүр екен, біліп алайын. Барлап алып, бәрін сізге баяндайын, – дейді. Сауысқан тоғай алаңына ұшып кетеді.
Есек ұшып келе жатқан сауысқанды алыстан көреді де аяқтарын серейтіп, өлген болып жата қалады.
Сауысқан сол жерде өз көзіне өзі сенбейді. Сұлап жатқан қорқынышты жыртқыштың тап өзі.
Ол тіп-тіке есектің үстіне шүйіліп түседі де алды-артына жорғалап жүріп, жолбарысқа керемет жыртқышты өзім өлтірдім деп айтудың сылтауын іздей бастайды. Осы жерде жатқан бидайдың бір түйір дәнін көріп, оны шұқығалы тұмсығын соза бергенде, өз сорына қарай, сүрініп кетіп, басы есектің тірсегіне ілініп қалады. Өліп жатқан есек тіріле кетіп, сауысқанды тірсегімен қысып тұрып, құйрығымен сабалай береді. Сабай береді кеп, сабай береді. Сабап-сабап түте-түтесін шығарады, жүні бұрқырап алаңды басып кетеді. Дәрмені кеткен сауысқанды теуіп жібергенде, анадай жерге барып, ұшып түседі. Сауысқан жоғарыдан төмен қарап, өз ісіне өзі өкіне, шықылықтаған бойымен аһлап-уһлеп, бір жанбастай ұшып, кері қайтыпты. Ол ұшқан бойымен жолбарысқа алыстан айқайлап: – Жаның барда бұл тоғайдан жоғал! Қарғыс атқан аң, мені өмірлік жарымжан етіп жіберді. Абайла, менің күнім саған да туып жүрмесін! – деді.
Мұны естіп жолбарыстың зәресі қалмады. Ол көр-жерін жинап, арқалап, алды-артына қарамастан, алыс бір елге қарай тартып отырыпты. Ал батыл есек кең алаңда әлі өмір сүріп жатыр.


Скачать


zharar.kz