ТАЛШЫҚТЫЛАР КЛАСЫ
БОДО – БІРЖАСУШАЛЫ, ТАЛШЫҚТЫ ЖӘНДІК
Бодо – талшықты ағзалар типінің өкілі. Бұл – талшықтарының жәрдемімен қозғалатын біржасушалы жәндік. Талшықты жәндіктердің бірнеше отрядтары бар
Сендер біржасушалы өсімдік – хламидомонаданы оқып-таныстың дар. Оның құрылысын еске түсіріп көріңдерші: ол – бодо пішінді, екі талшықты, бір жасушалы балдыр. Хламидомонада өсімдікше қоректенеді, денесінде фотосинтез жүретін органоиды – жасыл түсті хроматофоры бар. Сондықтан оның түсі жасыл. Ал бодо даяр ағзалық заттарды – бактерияларды, ұсақ ағзаларды қорегіне жаратады. Бодо көмірқышқыл газ, су және минералды тұздарды синтездей алмайды. Сондықтан онда хлоропластар болмайды. Сөйтіп бұлар тірі табиғаттың екі түрлі дүниесіне жатады. Хламидомонада – өсімдіктер дүниесінің, бодо – жануарлар дүниесінің өкілі
Бодоның мекен ету ортасы, құрылысы, қозғалуы және тіршілік әрекеті. Өте ластанған суда өзге ұсақ ағзалармен бірге, тұрқы 10–20 мкм, қарапайым жәндік – бодо да тіршілік етеді. Өте ұсақ болғандықтан, бодоны микроскоп арқылы көре аламыз. Бодоның ішкі құрылысын электронды микроскоп пен зерттейді. Оның денесін плазмалы жарғақша қаптайды. Жарғақша цитоплазманы қаптайтын икемді пелликуламен астарланады. Сондықтан бодо пішінін әр түрлі қалыпқа өзгерте алады. Дене пішінінің өзгеруіне жарғақша мен пелликуладағы тілкемшелер, талшықтар және цитоплазмадағы жиырылғыш талшықтар әсер етеді. Бодоның ядросы бар. Ядро цитоплазмадан қабықшасы арқылы бөлініп тұрады. Бодо денесінің құрылымын, өзге де түрлі жағдаяттарды ядро реттейді. Бодо цитоплазмасында денені қуатпен қамтамасыз ететін органоид – митохондрия бар. Митохондрия атауын 1897 ж неміс ғалымы Карл Бендос ұсынған.
Бодо денесінің алдыңғы жағынан бірі ұзын, бірі қысқа екі талшық көрінеді). Алға созылған талшық тез ширатылып бұралған кезде бодоның денесі өз осінен айналады. Сөйтіп талшықтар суға бұрғыша бұралып, бодоны алға тартады. Бодо талшық қимылының жәрдемімен жайлап қозғалады. Артқа қараған талшық бодоның алға қозғалуына бұлқын (руль) тәрізді бағыт береді. Талшықтар қозғалысының әсерінен судағы ұсақ ағзалар бодоның аузына қарай ағылады. Бодоның аузы талшықтар түбінде орналасады. Ауыздың төңірегінде ас қорытатын вакуоль түзіледі. Вакуольге түскен қорек асқорыту сөлінің әсерінен қорытылып, цитоплазмаға өтеді. Қорек цитоплазмада зат алмасу кезінде бодо денесін құрастыруға жұмсалады. Қорытылмай қалған қажетсіз заттар бодоның аузы арқылы сыртқа шығарылады. Қажетсіз заттардың бөлінуіне дененің алдыңғы жағындағы жиырылғыш вакуоль қатысады.
Бодо суда еріген оттегімен тыныс алады. Оттегінің денеге таралуы бодоның бүкіл денесі арқылы осмостық жолмен реттеледі. Бодо денесіндегі цитоплазма оттегінің әсеріне күрделі заттарды қарапайым заттарға ыдыратады. Соның нәтижесінде бодоның тіршілік әрекетіне қажетті энергия түзіледі.
Бодо денесінің алдыңғы жағында бір ядро болады. Қолайлы жағдай болғанда ядро бөліне бастайды. Бұл – жыныссыз көбеюдің бастамасы. Жасуша ядросында тұқым қуалау қасиетін анықтайтын хромосомалар (грекше хромо – түс + сома – дене) болады. Хромосома терминін 1888 ж неміс ғалымы Вильгельм Вальдейер ұсынды. Бодо жыныссыз жолмен көбейген кезде ядродағы хромосомалар саны екі еселенеді. Сөйтіп бөлінген әрбір ядрода хромосоманың бастапқы саны сақталады. Бодо жасушасы ұзынынан бойлай екіге бөлінеді. Бөліну барысында ядро және жасушадағы барлық тірі заттар жаңадан түзілетін жасушаларға тең бөлініп таралады. Бұл үрдіс күрделі бөліну – митоз (грекше митос – жіп) деп аталады. Сөйтіп күрделі бөліну – жасушалар мен біржасушалылардың маңызды қасиеті. Күрделі бөлінуде аналық жасуша мен біржасушалы ағзаның хромосома заттары пайда болатын екі жасушаларға бірдей бөлініп таралады.
ЖАСЫЛ ЭВГЛЕНА - ТАЛШЫҚТЫЛАР КЛАСЫНЫҢ ӨКІЛІ
Ботаниктер балдырлар бөліміне, ал зоологтар қарапайым жәндіктерге жатқызатын, өсімдік пен жануарлардың туыстығына айқын дәлел бола алатын біржасушалы жәндік - жасыл эвглена. Бұлардың 900-ге тарта түрі белгілі, бұрынғы КСРО-да 430 түрі мекендейді. Кейбір түрлері осмостық қысым және фототәсілмен қоректенетіндіктен, жасыл эвглена қарапайымдар класына жатады.
Жасыл эвгленаның тіршілігі, сыртқы құрылысы және қозғалуы. Дене тұрқы 4-500 микро миллмметрден аспайтын жасыл эвгленаны органикалық заттары мол тұщы суқоймалардан, жағаға жақын су түбінен жиі кездестіруге болады. Эвгленаның пішіні сүйір жапыраққа ұқсас, денесінің алдыңғы жағы доғалдау, артқы жағы сүйірлеу келеді. Амеба тәрізді эвгленаның денесінде де нақтылы қабыршақ болмайды, дегенмен цитоплазмасы дене пішінін сақтайтын тығыздау келген сыртқы қабатпен қапталады. Сондықтан эвгленаның дене пішіні өзгермейді. Біржасушалы эвглена денесінің алдыңғы жағынан ойыс байқалады. Бұл – эвгленаның жұтқыншағы. Жұтқыншақта жіп тәрізді талшық орналасады. Талшық – цитоплазманың созындысы, эвгленаның қозғалу мүшесі. Эвгленаның алдыңғы жағындағы талшық ширатылып, тарқалғанда және толқындана иілген кезде жәндік доғал жағымен алға қарай жылжиды.
Қоректенуі. Микроскоппен қарағанда эвгленаның жасушасынан көптеген жасыл тақташаларды – хлоропластарды көруге болады. Бұл 20 шақты тақташаларда хлорофилл болғандықтан, эвглена өсімдіктер тәрізді жарықта денесіне органикалық заттарды фотосинтез тәсілімен жинақтайды. Цитоплазмаға жинақталған кенеулі заттарды эвглена ашыққан кезде қорегіне пайдаланады. Бұл – эвгленаның жасыл өсімдіктер тәрізді қоректенуі. Ал денесінде жасыл тақташалар болмаған кезде (әсіресе қараңғы кезде) эвгленалар жануарлар тәрізді қоректенеді, яғңи органикалық заттарды денесіне сіңіреді. Бұл кезде эвгленаға судағы шіріген органикалық заттардың ерітіндісі қорек болады. Денесінде болатын жасыл тақташалар эвгленаны жасыл етіп көрсетеді, сондықтан жәндік жасыл эвглена деп аталады.
Жасыл эвглена судағы шіріген органикалық заттардың ерітіндісімен қоректенетіндіктен, су тазартқыш жәндік болып табылады.
Тыныс алуы және зәр шығаруы. Жасыл эвглена амеба тәрізді тыныс алып, зәр шығарады. Зиянды заттар ерітіндісі дененің алдыңғы жағындағы жиырылғыш вакуольге жиналып, кейін сыртқа шығарылады.
Жарықты сезуі. Жасыл эвглена жарық әсерін сезе алады. Оның жарық сезу қызметін атқаратын қызыл көзшесі дененің алдыңғы жағында, жиырылғыш вакуольдің қасында, талшықтың түбін ала жатады. Жасыл эвгленалар әрқашан жарығы мол жаққа көбірек жиналады.
Көбеюі. Жасыл эвглена жыныссыз жолмен, бөліну арқылы көбейеді. Ең алдымен денесінің артқы жағына қарай орналасқан ядросы бунақталып, болашақтағы жас эвгленаның алдыңғы бөлігінде жаңадан талшық пайда болады.. Бұдан соң эвгленада екі жұтқыншақ түзіліп, жиырылғыш вакуольдің екі ажырағаны және ядро пайда болғаны байқалады. Эвглена басқы бөлігінен дененің соңғы жағына қарай біртіндеп екіге ажырап, денені ұзынынан бойлай екіге бөлінеді. Көбею кезінде эвгленаның денесіндегі жасыл тақташалар да екі еселенеді. Сөйтіп, алғашқы бір эвгленадан жаңа екі жас эвгленалар айда болады.
Циста түзуі. Басқа қарапайым жәндіктер тәрізді, эвглена да температура кенет өзгергенде, ылғал жетіспей қалған кезде, жалпы қолайсыз жағдайларда тыныштық сатысына көшіп, денесінің алдыңғы жағындағы талшығын түсіреді де, тығыз қорғаныш қабықшаға оралып, домаланады. Сөйтіп, эвглена қолайсыз жағдайды осы күйінде циста ішінде өткізеді. Қолайлы жағдай болған кезде эвгленалар қайтадан тіршілігін бастап, цистадан шығады.