Қазір жақсы - жақсы киім бер

Скачать

Ерте заманда Қоңыр деген мерген болыпты. Ол Қоңырдың өнері көзіне көрінген аң болсын, құс болсын атып жығып, ешбір аңдарды қоймайтын болса керек. Бұл Қоңырдың атқан аңының ішінде  неше түрлі  обалы тиетін зиянсыз хайуандардың қарғысы тиіп, қараптан-қарап жүріп өзін-өзі не екенін білмей ақылынан адасып, қайда болса сонда жүріп кетсе керек. Бұл Қоңыр мерген иен далаға шығып, қамыстан күрке тігіп, басына пана қылып, не керегін істеп, жан сақтарын білмей, күркенің есігіне кақпан құрып, тышқан ұстап жейтін болса керек.
Бір күні Қоңыр ерте тұрып қақпанын қараса, бір түлкі түсіп қалыпты. Сол кезде Қоңыр мына сөзді айтады:
— Жә, түлкім, сен қайдан келдің, сені сояйын да теріңді алып, етінді жеймін, –деп. Түкең жаман сасып:
— Ағатай, мені қоя бер, мен сізге бір жақсылық қылармын, мені қоя беріңіз, –десе, Қоңыр қоя беріпті. Түлкі қош деп жүріп кетсе керек. Түлкі босай салып, Қанжар деген ханға барып:
— Мені сізге Қоңыр деген мерген жіберді. Бұл бай баласы атағы жер жарған, мал басы жер үстіне сыймай жатыр, сізден сұрағаны бар. Сонда Қанжар хан айтады:
— Қоңыр не сұрады?
Түлкі айтады:
—Қоңырға қызыңды бер. Қоңыр сізге дүние малын береді. Және ертең Қоңыр күйеуіңіз келеді. Сіздер күтіп тұрыңыздар! – деп түлкі жүріп кетеді.
Неше күн жол жүріп Қоңырға келіп:
— Қазір жүріңіз, сізді Қанжар хан қонаққа шақырды. Жүріңіз, – деп ертіп алып жөнеледі. Бір ай жол жүріп ханның қаласының қасында үлкен дария бар екен, бер жағына Қоңырды тастап ханға барып:
— Сіздің күйеуіңізді жау тонап кетті. Ар жақта қалсіз болып сізге алып келе жатқан алтын-күмісін, өзінің киген киімін түк қоймай алып кетті. Өзі жалаңаш отыр. Қазір жақсы-жақсы киім бер. Жаман киім болса арланып кимейді, – деп жақсы киім алып Түкең жөнеледі. Ар жақтағы Қоңырға барды:
— Жә, Қоңыр, қазір жылдам бол, ханға қонаққа барамыз, – депті түлкі. Қоңыр қорқып жүрмей қойыпты. Сонан мерген жүрмеген соң түлкі жортып ханға келеді. Мерген мекеніне кетеді. Хан айтады: 
— Күйеу қайда?  Түлкі айтады:
— Күйеуіңіз өзінің қаласына кетті. Сізге аса қатты өкпесі бар.  Хан айтады:
Не өкпесі бар?  Түлкі айтады:
— Өкпесі мынау, сіз Қоңырдың алдынан әскермен барабан тартып шыққан жоқсыз, өкпесі сол, – деп жүріп кетеді.
Келе жатса, бұл түлкіге екінші түлкі кез болып:
— Қайдан келесіз, қарныңыз тоқ екен. Менің қарным ашып жүр, – депті. Түлкі айтты: Олай болса көп болып жиылыңдар, мен сіздерді Қанжар ханға ертіп барып тамақ алып беремін, – деп. Бұл сөзге момын байғүс сеніп, тау-тасты жортып жүріп бір жүзі жиылып алғашқы түлкіге еріп ханның қаласына келіпті. Өзі алдымен ханға келіп, мына сөзді айтады:
— Сізге күйеуіңіз жүз түлкі сыйға жіберді, – деп бәрін қамап беріп өзі жүріп кетеді. Келе жатса, бір тоғайда бір аю кез болыпты:
— Е, Түке, қайдан келесіз, өзіңіз семізсіз ғой, мен арықтап тамақ таба алмай, қарным аш жүрмін, – деп. Түлкі айтады:
— Маған көбірек болып жиылып еріп жүріңіздер. Қанжар ханға барып тоямыз, – деп, ертіп ала жөнеледі. Ханға келіп:
— Мына қанша аюды сізге Қоңыр күйеуіңіз сыйға беріп жіберді, – деп қамап беріпті. Сонда хан ойласа керек, күйеуім бай екен деп. Түлкі: Сіз дайын болып тұрыңыздар, мен күйеуіңізді ертіп келемін, – деп жүріп кетіп, Қоңырға келіп: Қане, енді жүрейік. Сізді хан күтіп отыр, – деп ертіп ала жөнеледі. Қоныр еріп жүргенде еш нәрсе білмейді. Қоңырды судың бер жағына қойып, ханға барады. Түлкі ойбай салады. Хан айтады:
—     Не болды? Түлкі айтады:
—     Не болғаны құрсын, Қоңырды жау талап кетті. Сізге келмесек жау бізді қайдан тонасын, – деп аса кейіп жылай береді. Хан өзіне қараған әскерін жиып, барабан тартып, арғымақтарын жегіп ар жаққа таман жөнеледі.
Түлкі бұрын жөнеліп, Қоңырға барып, ханның берген киімін киіндіріп, арбаға түсіріп алып, жөнеледі. Күйеуді оңаша үйге апарып қондырып, кешке ханның қызын күйеуіне алып келеді. Қалындық қасына отырса, Қоңыр қарамайды. Қоңыр менсінбей отырған жоқ, өзі шошып отыр. Қоңыр жоламайды, түлкі келеді:
— Жә, мерген, не отырыс, өзіңіз неге келдіңіз, білесіз бе? Қоңыр айтады:
— Мен қайдан білейін, өзім қайда келгенімді білмей шошып отырмын. Түлкі айтады:
—Сіз қорықпаңыз, – деп өзінің істеген ісінің бәрін айтады. Қоныр:
— Не айтасың, мен сенбеймін. Түлкі айтыпты:
— Сіз анық дос болсаңыз маған сеніңіз.
Қоңыр сенді. Қызбен жанасып қутындай бастады. Қанжар хан неше күн той қылды, неше ай қонақ болды. Бір күні түлкі ханға келеді:
— Біз енді қайтамыз. Сіздер өзіңізге қараған халқыңызды жиып біздің қалаға қонақ болыңыздар. Және Қоңырдан қалың мал алыңыздар, – деп ертіп жүрді. Қара жолға түскен соң сіздер осы жолмен жүріңіздер, мен алдымен бара берейін деп, жүріп кетеді. Келе жатса қалың жылқы, қой, түйе малға кез болады. Түлкі: Бұл кімнің қойы? – дейді. Қойшы:
— Мінез кемпірдің қойы. Түлкі:
— Сен үйдеп айтпа. Осы жолмен қалың жау келеді. Мінез кемпірдің малы десеңіз, түк қоймай талап алып кетеді. Қойшы асып-сасып:
— Енді не айтамын?  Түлкі:
— Қоңыр мергеннің малы! – де. Қойшы:
— Жарайды, сөйтіп айтсам тимей ме?
— Тимейді.
Түлкі жолмен жүре береді. Хандар келеді.
— Қойшы, қой кімнің қойы?  Қойшы айтады:
— Қоңыр мергеннің малы!
— Қап, апырмай, мен баймын деп жүрсем менің күйеуім менен де бай екен, – деп ойлайды хан.
Қоңыр күйеуде сөз жоқ. Түлкі айтқан жолда жүргенде адаммен сөйлеспей жүре бер деп. Малдан әрмен кетті. Түлкі басқа жолмен кетті. Мінез кемпірдің қаласына келеді. Кемпір: Неғып жүрсің? – деді.  Түлкі:
— Мен қашып келдім. Кемпір:
— Неге, неге? Түлкі:
— Осы жолмен қалың жау келеді! Кемпір:
— Қайда барады? Түлкі:
— Тура сізге келеді. Тездеп қаша көріңіз, мен сізге хабарға келдім. Кемпір:
— Қане, мен қайда барамын? Түлкі:
— Қане, жүре қойыңыз, мен сізге орын табамын. Екеуі жөнеледі. Бір қазған жерге келді. Түлкі айтады:
— Қане, шеше, сіз беліңізге арқан байлап мына қазған жерге түсіңіз. Келе жатқан жау қаладан өтіп кеткен соң, мен сізді қайтадан тартып алармын, – деп. Мінез кемпірді қазған орға түсірді. Түлкі арқанды қоя береді. Кемпір ойбай салып жылап жатыр. Түлкі қайтып келді. Қалаға хан да келді. Құдасын қонақ қылып күтеді. Хан:
— Бұл кімнің қаласы? – дейді. Түлкі:
— Сіздің күйеуіңіздің қаласы! Хан:
— Жарайды, Көңілім жаңа ғана толды ғой, – деп жымың-жымың етіп отыр. Ұлы қалада неше ай тұрды. Кемпір орда қалды. Қоңыр малға ие болып қалада қалды. Хан қаласына қайтты. Бұл ақылды түлкі тапты.
Сөйтіп Қоңыр мұратына жетті.


Скачать


zharar.kz