Жақсының көзі

Скачать


Асанбек ауырып әл үстінде жатыр дегенді есіттім. Ойыма әр нәрсе түсіп, оның үйіне мұңая келдім.

...Бес-алты бала ортаға алып тигені мені, тимегені жерді ұрып жатқанда атқа мініп бір жақтан келе қалған кісінің қойыңдар, тез! деген әмірлі дауысы сабап жауып тұрған бұршақ бұлтын қуып әкеткен желдей үстімдегі тарс-тұрс жұдырықты сейілтіп сала берді. Жұдырығын маған ең соңынан тағы бір сілтеп қалған қара шұбар баланы атынан түскен кісі жауырынынан ұстап жұлқа тартып итеріп жіберді. Бетіне қарасам ат жақты, аққұба кісі екен.

— Ақымақ! Сенің надан әкеңді байлардың жаласынан ажыратып соттатпай қалған осы Балбақтың әкесі еді ғой.

Бағанадан бері өз әлімше тырысып, бой бермей, алтауына болмай тұрған менің мына сөз жүйемді босатып жіберді. Жылап қоя бердім. Жетімдердің көпшілігі-ақ шынығып, мықты болып өседі, бірақ мен әлжуаздау едім. Өздерінің мені жүндей түтетініне көздері жеткен алтауы асықпай қолға алған жағдайы бар еді, енді бәрі де үндемейді. Кейбіреуінің ашуы шықпай аузы бұртиып, кейбіреуі төсегіне отырып қойған баладай тыштиып қызарып, енді бірінің түйілген кішкентай жұдырығы әлі де жазылмай тұр. Кісі менің қасыма келіп, арқама қағып жұбатты.

— Қоя ғой, шырағым, әлі-ақ адам болып кетесің— деді ол. Ал балаларға қарап ақыл айта, жекіңкірей сөйледі.

— Осы тұрған бәріңнің әкелеріңе де оның әкесінің шарапаты тиген. Көр көкірек байқұстардың сауатын ашқан. Талайының сөзін сөйлеп, ақысын алып берген. Ал сендер әкелерің барсын оны ұрып жатырсыңдар.— Кісі бұдан арғы сөзге бара алмады, тамағына әлде не тұрып қалғандай булығып, қабағын шытынып теріс айналып, атын жетектеп жүре берді. Менде үн жоқ. Балалардың бәрі де аңқиып қалыпты. Сонша ашумен келіп, кісінің қабаржып қалғаны менен басқаларды тегіс таңдандырғандай еді. Ал мен болсам анық білген ештемем жоқ, тек шамалап қана жорамалдаймын. Бәріміз де алды-алдымызға тарап кеттік.

Жетім бала кекшіл дегендей мен әлі де жаңағылардың қорлығын ұмыта алмай, өксігімді баса алмай келемін. Олардың маған жасаған жәбірі тек менің әкемнің жоқтығынан болып отырғандай көремін, әкесі жоқ жетімді бәріміз илеп алайық дейтін сияқты. Ал мұңымды шағып оларды сабаттырып алатын менде аға да жоқ. Бірге туған апам өзіммен бірге жылайды, бар бітірері сол.

Өз әлімше үйіме тұлан тұтып жеттім. Нақ есіктің алдына жете бергенімде артымнан тасыр естілді. Соңғы жұдырық салған қара шұбар бала. Бірме бірге келгенге енді тайынбайтынымды білген ол состиып барып, жаныма ақырын келді. Ол шолақ мұрнын екі-үш рет тартып-тартып алды. Сонан соң төмен қарап тұрып сөйледі.

— Балбақ, сені көкем үйге келсін дейді. Мен енді сенімен ешқашан да төбелеспеймін.— Ә, солай ма екен? дегендей мен кеудемді көтеріп алдым, Рай бермедім, Қысқа қайырдым.

— Бармаймын!

Басында алты қанат үйге лайықталған уығы ұзын болғандықтан жоғары жағы оқшырайта кигізген бөрікше көрінетін кішкене төрт қанат керегелі үйіміздің көгінен шешем бәрін естіп отыр екен. Іштегі қапамды ешкіммен бөлісе алмай, төрдің алдындағы әлдеқалай төселіп қалған, әкем барда маған арналып жасалған қара тоқымның үстіне етпеттен сұлай кеттім. Шешем түк сезбеген сияқты.

Мен кеш батып, қас қарайғанша тұрмай жатып алдым. Бір қызығы шешем де тұр демеді. Есік алдындағы жерошақ басында батқан күннің қызылына қарап телміріп отыр. Үн жоқ. Кейде байлауға келсе де, күрмеуге келмейтін қысқа жіптің азабы, жесіршілік-жетімшіліктің кеселі ойландырғанда шешем осылай ұзақ уақыт үнсіз қалатын. Ондай кезде біз апам екеуміз де үн-түнсіз шешеміздің ойынан шығуды ойлап, зыр қағатынбыз. Шешемнің отырысын көргенде жүрегім зырқ ете түсті. Орнымнан тұрып кеттім.

Нақ менің басымды көтеруімді күтіп тұрғандай-ақ төрт-бес кісі үйге сау ете түсті. Олар шешем үйге кірмегендіктен өз беттерінше баса көктеп келе алмады. Тек шешем үйге кіріңдер деген соң ғана киізбен қапталған шилі есікті көтеріп бас сұға бастады. Кейбіреулерін танып отырмын. Олар ортадағы қалаулы тұрған жылқы тезегінен маздап жанған отты айнала отырысты. Ешқайсысы жуғарақпанда тіс жара қоймады. Бірі біріне көзінің астымен ғана қарасып қояды. Төрге таман, бірақ отқа ол да итініп отырған мұртты кісі жерге қараған күйі сөз бастады:

— Жеңеше, осы отырған бәріміз де балаларымыздың сазасын беріп келдік. Жиып алып Асанбек бізді қатты сөкті. Өлмегеніміз қара жер болды. Өтіп кетіңіз, жеңеше! Бұдан былай мұндай нәрсе болмас.

Көп сөйлей бермейтін шешем осы жерде бір шешіліп, мына алдына келгендерді сөзбен түйреп тастайды ғой деп ойлап едім, жоқ, бұрынғысынша саран сөйледі, қатты шешілмеді. Бір-екі сөзбен ғана тынды:

— Бала мен иттің арасына түсіп бола ма? Тек бір ғана нәрсені айтайын деп едім. Менің балам өзінше ешкімге тиіспейді. Ол оның әдетінде жоқ.

...Келгендер кетіп қалды. Бұдан кейін маған ауылдағы балалардың ешқайсысы тиіспейтін болды, қайта бәрі мені алдына сала жүретінді шығарды. Бірақ менің сарылып, салынып ойнамағаныма олар ренжіп қалып жүрді.

Ренжісе қайтем. Мен ойнамайын деймін бе? Ол кездегі — отызыншы жылдардағы колхоздардың жайы белгілі. Шешемнің тапқаны мол киіп-ішуге жетпейді. Сондықтан жылына зорға бір жаңаланатын ботинканың жұлығын ақ жоңқаламау мені ойынға жібермей, кежегемнен кейін тартып тұрады. Сонан соң ойынға барарда, немесе ойнап жүргенде менің балам өзінше тиіспейді деген сөз ойымнан бір шықпайды. Әр жерде-ақ тістеніп қала беремін.

Сол бір төбелестен кейін Асанбекті жиі көріп тұратын болдым. Ол біздің ауылға бригадир болып келген екен. Көктем кезіндегі бір жиналыста мұғалімнің менің атыма айтқан жылы сөзін естіген ол мені тағы бір көтеріп тастады:

— Айналайын, жақсының көзі ғой ол. Әлі ол бәрінді басып озады, адам болады.

Адамның көңілі мақтау сүйе ме, әлде айналайынды аз еститін, туған-туысқаны аз маған осы бір жылы сөз қанат бітіре ме, мен кәдімгідей көтеріліп қаламын. Жақсы оқуға тырыстым, ол жақсы деген сайын жақсы болмаққа ұмтылдым. Бос уақыттарымның бәрінде оның табелін жазып беретін болдым. Ол көптің көзінше:

— Менің хатшым ғой, бұл. Адам болады,—деп қояды.

Өстіп жүргенде ауылдағы бастауыш мектеп те бітті.

Мен көрші селодағы — аудан орталығындағы мектепке оқуға кеттім. Біреудің үйінде жатып оқимын. Ол үйдің іші тұрмыс жағынан күйлі болатын. Бірақ қанша күйлі болғанмен менің тамақ ішуім киын еді. Егер дастарқандары жиналмай тұрғанда келсем аузыма бірдеме тиіп қалады да, әйтпесе бұралып аш жүремін. Ешкім маған арнап тамақ бермейді. Әйтеуір күніне үш ішілетін тамақтың бірінің үстінен түссем, маған бұдан артық бақыт жоқ сияқты. Тіпті кейде тамақ емес, құлағыңның тыныш болғанын ғана қалап отыратын кез де болады. Егер көлік табылып ауылға барып қалсам, қайтарда осы үйге бетімнен басып зорға келемін.

Нақ сондай бір кезде Асанбек кез бола кетті. Тамақтың үстіне түсе алмай жүргеніме екі күн болған. Көзім қарауытып, әр нәрсеге сүрініп бара жатыр едім, Балбақ деген дауыс саңқ етті. Қарасам Асанбек. Ол менің тамақ ішпегенімді білгендей қалтасынан үш сом суырып берді.

— Мә, конфет алып же, әлі-ақ адам болып кетесің,— деп бұрынғы сөзін қайталады.

Алғаш мен не істерімді білмей аңқайып тұрып қалыппын. Бір күн тамақ ішпегеннен қырық күн ақыл сұрама деп халқымыз қалай дәл айтқан. Кеңірейіп қалсам керек. Асанбек мені ұялтпайын деді ме, әлде асығыс жұмысы бар ма, атын тебініп жүріп кетті. Нақ сол бір сәтте маған одан мәртебесі жоғары адам жоқтай көрінді. Ол маған көкқасқа аттың үстінде таудай, әлде тау сияқты алып кетіп бара жатқанға ұқсады. Нақ сол бір шақта мен тағы бір ұлы нәрсені аңғардым. Дереу қалтама қолымды салып үш сомдық көк шолақ қағазды алып шықтым. Маңдайшасында нан деген жазуы бар көк дүкеннін алдында тұрғанымды нақ сол жерде аңғардым.

— Жүз грамм,— деп сатушыға ақшаны ұсына бердім. Ол түк те ойланбастан тоғыз тиынға жүз грамм қоңыр нан өлшеп берді де, басқа ақшамды қайтарды. Бір тілім нанды аузыма бір-ақ тықтым. Нанның дәмін де, бағасын да өмірімде тұңғыш рет нақ сол жерде білген сияқтымын. Ол аузымда әлі тұр. Нандай дәмді, тәтті нәрсе дүниеде жоқ екен! Нан!

Нанды қарпып жіберіп жұтып болғанымда ойыма әлде не түсіп, қара бақайыма дейін терлеп сала бердім. Асанбек менің атымды айтқан кезде мен нан дүкеніне телміріп, тамсанып тұрған жоқ па екенмін деген ой ішімді тіліп өтті. Солай болғанына ешбір күмәнім болмаса да, өзімді олай болған жоқ деп иландырдым. Бірақ олай болмау қайда! Осындай ойда Асанбек те бір ай бойы санама ұялап алды. Тіпті оны ойламау мүмкін де емес еді. Өйткені күнде түсте сабаққа бара жатқанда тоғыз тиынға жүз грамнан сатып аламын да, оны қарпи тұрып Асанбекті есіме аламын және ол мені көргенде қандай жағдайда тұрғаным да ойыма орала кетеді. Қарадай тұрып жер боламын. Бірақ амал нешік әлі-ақ адам болып кетесің жақсыдан қалған көз ғой деген оның сөзі құлағымнан кетпейді, жаздыкүнгі жақсы леп самалдай желпіп тұрады.

Қалтасынан бөліп бергені болмаса да, жан жадыратар жақсы сөзін айтып ол жоғары оқуда жүргенімде де келіп кетті. Нақ бәз-баяғы сөздерін айтты.

— Жақсының көзі!

— Әкең өлсе өлсін, әкеңді көрген өлмесін! деген осы екен.

Енді міне, сол Асанбек әл үстінде жатқанда көңілін сұрай бардым. Ол менің келуімді күтіп жатқандай басын көтеріп алды. Құр терісі қалыпты. Ақтық демін тартқан кеудесі кеуіп басылады.

— Келдің бе,—деді ол, демігіп.— Қалай-ақ келмес деп едім. Апаңа сәлем айт! Жа...— Оның көзі жұмылып кетті... Асанбектің берген наны мен жарым ырыс жақсы сөзі, жоғарыдағы қылығы есіме түсіп, ішім бұлан-талан болды. Жақсының көзі осы Асанбек екенін осы жерде ғана аңғардым. Мен есіктен шыға беріп оның баласын мені демегеніндей демей алармын ба деп баяғы бес-алты бала ұрғандағыдай өксіп-өксіп жібердім,

1966


Скачать


zharar.kz