Николаевск темір жол вокзалында екі дос кездесе кетті: бірі жуан, бірі жіңішке. Жуан жаңа ғана вокзалдан тамақтанып шыққан еді, сондықтан оның май тиген еріндері піскен шиедей жылтырап тұрған. Одан херес пен флердоранж иісі шығады. Жіңішке жаңа ғана вагоннан шыққандықтан үстіне шамадандар, түйіншектер, қатырма қағаздар арқалап алған еді. Одан ветчина мен кофе тұнбасының иісі шығады. Жіңішкенің сыртынан ашаң жүзді әйелі мен ұзын бойлы, көзі сығырайған гимназист баласы қарап тұр. Жуан жіңішкені көріп:
— Порфирий! Сенбісің? Жарқыным-ау! Көріспегелі қанша заман! — деп дауыстап жіберді.
— Құдай-ау! — деп таңырқады жіңішке. — Миша! Бала жастан бірге өскен досым! Өзің қайдан жүрсің?
Достар үш қайтара сүйісіп алды да, жасқа толы көздерін бірінен-бірі алмай қарап қалды. Екеуі де естері кетіп елжіресті.
Сүйісіп болғаннан кейін жіңішке сөз бастады:
— Айналайын-ай! Тіпті, ойда жоқ едің! Міне, тосын сый! Ал, кәне, өзің жақсылап бері қарашы! Бұрын қандай сұлу болса, әлі сондай! Ежелгі мінезі, сәл кербездігі! Ой, құдайым-ай! Ал, өзің қалай? Байыдың ба? Үйлендің бе? Көріп тұрсың, мен үйленгем... Мынау менің әйелім Луиза, шыққан тегі Ванценбах... Лютеранка... Ал мынау менің балам Нафанаил, үшінші класс оқушысы, Нафаня, бұл менің бала шақтағы досым! Гимназияда бірге оқығанбыз.
Нафанаил сәл ойланып тұрып басынан бөркін алды.
— Гимназияда бірге оқығанбыз! — деп жіңішке сөзін жалғастырды, — Есіңде ме, сені не деп мазақтайтын еді! Қазынаның кітабын папиросқа күйдіріп алғаның үшін сені Герострарт деп мазақтаушы еді ғой, ал мені шағым айтуды жақсы көргенім үшін Эфиальт деп мазақтаушы еді. Хо-хо... Бала едік! Нафаня, қорықпа! Жақын тұр жанына... Ал мынау менің әйелім, шыққан тегі Ванценбах... Лютеранка.
Нафаня сәл ойланып тұрып, әкесінің артына жасырынды.
Жуан өзінің досына масаттанған пішінмен қарап:
— Ал, досым, қалың қалай? Бір жерде қызмет етесің бе? Қандай дәрежеге жеттің? — деп сұрады.
— Қызмет етем, сүйіктім! Коллеждік асессор болып істегеніме екі жыл болып қалды. Станиславым да бар. Жалақы мардымсыз... оны қойшы, тәйірі! Әйелім музыкадан сабақ береді, өзім табыс үшін ағаштан портсигар жасаймын. Тамаша портсигарлар! Әрқайсысын бір сомнан сатам. Егер кімде-кім он портсигар, онан да коп алатын болса, оған білесін ғой, бағасын кемітіп берем. Қалт-құлт етіп күн көріп жүрміз. Департаменттің өзінде істеген едім, қазір мұнда осы мекеменің саласына бастық болып ауыстырылдым... Осында қызмет істейтін болам. Ал өзің қалай? Әлдеқашан-ақ статский болып алған шығарсың? А?
— Жоқ, сүйіктім, онан жоғарылата түс. Мен қазір құпия кеңесші дәрежесіне жеттім... Екі жұлдызым бар, — деді жуан. Жіңішке кенет бозарып кетіп, сілейіп қалды, аздан соң бетінде күлкі ізі ойнап, екі езуі жымиып сала берді: оның жүзінен, көзінен ұшқын төгіліп тұрған тәрізді болды. Өзі кіржиіп, бүкірейіп, құнысып кетті... Оның шамадандары, түйіншектері мен картондары кіржиіп, тыржиып кетті... Әйелінің ұзын иегі онан бетер сорая түсті; Нафанаил мундирінің түймесін түгел салып, қаздиып тұра қалды...
— Мен, жоғары мәртебелім... Жақсы болғаны-ай! Былайынша айтқанда, балалық шақтағы досым десем болады ғой, міне, енді аяқ астынан ұлы дәрежеге ие боп шыққан! Хи-хи.
— Қой, болды, болды! — деп жуан қабағын шытты. — Бұлайша сөйлеудің қажеті не? Сен екеуміз бала жастан бірге өскен доспыз ғой — біздің арамызда шенге табынудың не керегі бар!
— О, не дегеніңіз... Оныңыз қалай... — деп қиқылдады жіңішке, одан бетер құныстана түсіп. — Жоғары мәртебелім, сіздің рахымды назарыңыз... бейнебір тірлік нәрі ғой... Міне, мынау, жоғары мәртебелім, менің балам Нафанаил, әйелім Луиза, былайша айтқанда Лютеранка.
Жуан оған бірдеңе деп қарсылық айтпақшы болып еді, жіңішкенің жүзінен соншалық бір инабат көрсетіп елжірей құрметтегендіктің белгісі шыға келгенін көріп, құпия кеңесшінің жүрегі айныды. Сондықтан ол жіңішкеге сырт берді де, қоштасуға қолын созды.
Жіңішке оның үш саусағын қысып, бүкіл кеудесімен иіле "хи-хи-хи" деп қиқылдаған қытай тәрізді күлді. Әйелі жымиды. Нафанаил аяғын тарп еткізіп қаздиып тұра қалғанда, фуражкасын түсіріп алды. Үшеуі де сүйсінген сезіммен абыржып қалысты.
Аударған Б.Кенжебаев