Тәуке хан, әз-Тәуке Мұхаммед Баһадүр (т. ж. б. -1718) Қазақ хандығының билеушісі, Жәңгір ханның баласы. Ол билік еткен кезең Қазақ хандығының алтын ғасыры саналады. Орыстың белгілі тарихшысы А. Левшин Тәуке ханды көне Спартаның ақылгөй заңгері Ликургпен теңеген. Тәуке хан дала ақсүйектерінің өкілі билердің көмегіне сүйене отырып, ортақ билікке жікшілдік пиғылда болған төрелерге қарсы күрес жүргізді. Мемлекеттік мәселелерді шешетін хан кеңесін құрды.
Оған барлық қазақ руларының билері мен әскербасыларын тартты. Кеңесті Түркістан қаласы жанындағы Битөбеде, Сайрам қаласы маңындағы Мәртөбеде және Күлтөбеде өткізіп тұрды. Ұлы жүзді Төле биге, Орта жүзді Қазыбек биге, Кіші жүзді Әйтеке биге, қарақалпақтарды Сасық биге, қырғыздарды Қоқым биге басқару тұтқасын берді. Бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарын және Қасым ханның қасқа жолы мен Есім ханның ескі жолын одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасады.
Даулы істерді шешуде билер сотының беделін арттырды. Тәуке хан заңының құрамына Жеті жарғы, билер сотының тәжірибесі, би-батырлардың ынтымағын арттыруға және көршілес елдермен дипломатиялық, сауда-саттық қатынасты нығайтуға бағытталған жазба құжаттары кірді. Заңдағы қылмыстық және неке нормалары шариғат негізінде түзілді. Рулар арасындағы маңызды дау-шаралар үш жүзге танымал билердің қатысуымен шешілді. Билер тобы хандықты басқаруға, заң шығаруға және соттық қызметке араласты. Барлық ру, тайпалардың ұрандары мен мал-мүлікке арналған таңбалары белгіленді.
Тәуке хан Түркістан қаласын Қазақ хандығының астанасы етті. Кейбір деректерге қарағанда қазіргі Астана қаласынан 10 шақырым жердегі Күйгенжарда да хан ордасы қоныстанған. Тәукенің Түркістанды тастап, Сарыарқаға қоныс аударуына жоңғарлардың үздіксіз шабуылы себеп болса керек. Бір жағынан қол астындағы қазақ руларының билерімен ел тағдыры жер тағдырын ойлап, кеңесуге мейлінше қолайлы жер еді. Ол Сырдария бойындағы 32 қаланы өзіне қаратып, Бұқар хандығымен сауданы дамытуға күш салды. 1687 жылы Бұқар ханы Субханқұлымен Ташкент қаласына байланысты келіссөз жүргізіп, оны қазақтар иелігіне қалдырды. Орыс-қазақ қарым-қатынасының бейбіт түрде жүруіне мүдделік танытып, 1686–1693 жылдары аралығында Сібірге бес елшілік жіберді. Оның 1694 жылы қазан айында жазылған хаты сақталған.
Тәуке хан Ресей еліне арнаған хатында достық қарым-қатынасты сақтай отырып, бейбіт көрші болуға шақырды. Тәуке хан тұсында қазақ-ойрат қарым-қатынасы шиеленісе түсті. Севан Рабтан маңызды сауда жолдары өтетін және ірі сауда орталықтары орналасқан Оңтүстік Қазақстан аумағын басып алуды көздеді. Тәуке хан Сығанақ, Түркістан, Отырар, Сайрам және Созақ қалаларын жоңғарлармен күресте стратегиялық тірек бекетіне айналдырды. Тәуке хан көрші жатқан мемлекеттермен өз заманына сай тиімді мәмілегерлік қарым-қатынас орнатты. Қазақ хандығы Тәуке хан тұсында басқару жүйесінде хандық билікке негізделген, саяси жағынан орталықтанған мемлекет болды.
Санат: KZ портал Қазақша Рефераттар жинағы