Бірер күннен кейін Қазақстан - телеарнасына облыстық, аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі сөз алып

Скачать

Арызқойлардың соңғы буыны домалақ арыз жазушылар аузы енді аққа тиіп, қаламдары қатая бастаған тұста домалақ арыз қаралмасын - деген пәрмен шығып, қиянға бет алған тұста қылтасынан қиып түскендей еді. Домалақ арызшылардың иіндеріне су кетіп, еңселері езілген тұста маскүнемдер мен алькоголиктерге қарсы күрес өріс алған.

Жұмыс уақытын жұмысқа пайдаланбай, көше кезіп, дүкен аралап кететіндердің Сыра бөшкелерінің маңайына гүлге қонған арадай гуілдесіп, дүрілдесіп жатқандарды қатаң тәртіпке шақырған. Мұның пышағы сол тұста май үстінде еді. Талайды тағынан төңкеріп, қара нансыз қалдырған. Бұдан жұрт жазғыш (арызқой) деп сескенетін.

Бармағы балға малынған жемқор басшы, парақорлар қауіптенгені, тіпті қорыққаны жөн - ақ болсын деп ойлайтын. Ондайда бұл жалпы ішіп - жеуде, ұрлық - қарлықта, пара - сара алуға мүмкіндігі жоқ сорлылардың өзінен айбынғанын көргенде, апам тойға барса, мен де барамынның кері ғой - деп ойлап миығынан күлетін.

Сөйтіп жүргенде күні кеше келместің кемесіне мініп, ал қайыр хош деуге де жарамай, ізім қайым жоқ болған кеңсе үкіметі өзімен қатар қаз тұрып қолға қағаз - қарындаш алдырып, талайды есінен тандырып, талайды күйдіріп жандырған арызқой, пәлеқұмарларды да құрдымға тартып кеткендей еді.

У, жеген қасқырдай болып арызқой атаулы қанша күйініп күңкілдесе де, арызды қарап тексермек түгіл құлақ түретін тірі жан қалмаған. Сөйтіп жүргенде өлмегенге өлі балық - деген дейін Сенім телефоны пайда болды. Опырай, ә? Орнында бар оңалар - деген, зайыры, осы ма екен?

Әйтпесе ел орнында, жер орнында теспей соратын сүлік тектес жең ұшынан жалғасқан жебір жемқорлар, арандай аузын ашып отырған парақорлар да айдың арғы бетіне өтіп кеткеннен аман. Олар да осында баяғы қиял - ғажайып ертегілеріндегі әбжылан, айдаһар, көлтаусарлар сияқты көздеріне көрініп, тырнақтарына ілінгендерді ішіп - жеп жалмап жұтып жатыр. Олардың Кеңестік кезеңдегі әріптестерінің әрекеті жас баланың аяқ асты жылап уанғанындай - ақ болар.

Ойбай, бетім - ау! Совхоздың бірер малын өз пайдасына жаратқанды да, 30 - мың, 50 - мың рубльді қаға берісте қалтасына сала қойғандарды да, оны да қойшы, оқу орындарында бейшара студенттерден бес - он рубль пара алғандардың да үстінен арыз түсіріп, індеріне су құймадық па?

Ал қазір... ол осы тұста өзін - өзі ұстай алмай кемсеңдеп жылап жіберген. Жүздеген миллиондарды шып-шырғасын шығармай, қалтасына, қапшығына салмай, шет елдерге аударып жіберіп, артынан өздері аттанатын обырларға: Әй, мұның қалай? – деп жақ ашпайтын, оның есесіне айтқандардың аузын қарып, көргендердің көзін шығаруға бейіл жандар көп сияқты көрінетін. Енді міне Сенім телефоны сайлау заңын бұзушыларды әшекерелеуге арналған екен.

Бұл да бір былықтың былқылдап, шылықтың шылқылдап, жең ұшынан жалғасу сынды жалмауыздың жалпаңдап, пара - сараның қалтадан құйылып тұрған жері ғой. Біз де... ол ұзақ ойланды. Ақыр соныңда, сайтандай ой есіне түсе кеткені.

Кеңес үкіметінің тірі кезінде мұның бір домалақ арызының құрбаны болып кеткені бар еді. Сол есінде екен. Таяуда осы қалада тойда кездескенде: – Оу, сіз де осында екенсіз ғой! Ауылда домалақ арыз жазатын да ешкім қалмады ғой енді, – деп жүзіне мысқылдай қараған. Сұрастыра келсе, бұл ит осындағы мекемелердің бірінде бастық, сонымен қатар учаскелік сайлау комиссиясы төрағаларының бірі екен.

Сол сәт ол бұған Сенім телефонына айтатын арызының бас кейіпкерлігіне сұранып тұрғандай көрінген. Бұдан артық кейіпкерді жер - көкті шарласа да, таппайсың деп ойлаған ол дереу газетте көрсетілген сенім телефонының нөмірін тере бастады. Ол басқаратын сайлау учаскесінде бірнеше сайлаушының сайлаушылар тізіміне ілікпей қалғанын айтқан. Содан соң сайлаушылардың тізіміне ілігіп кеткен марқұмдардың атын тізбелеген. Осыны айтқан: Сайлаушы Жәкенов қудалауға ұшырады, учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Сайран Сарымсақұлы Сарбасов қайда қарап отыр екен? – деген сауал тастаған.

Бірер күннен кейін Қазақстан - телеарнасына облыстық, аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі сөз алып: Қаратомар қаласында ондай сайлау учаскесі атымен жоқ, ал марқұм болды деген сайлаушы міне, енді соған сөз берейік.

–Тірі адамды марқұм болды деу барып тұрған ұятсыздық дей келіп, қоңырау иесінің, яғни мұның тәлімі мен тәрбиесінен түк тастамады. Опыр - ау, сонда Сенім телефоны - дегені... Мен сорлы өлгенім тіріліп, өшкенім жанғаңдай қуанып жүрсем... Жүрегі сыздап, Сенген қойым сен болсаң... дей беріп, өкініштен өкіріп жылап қоя берген. Оны уатар жан жоқ еді.

Сүлеймен Баязитов


Скачать


zharar.kz