Қазақ іс қағаздары тілінің тарихы

Скачать

Қазақ іс қағаздар тілінің тарихы түпкі тарих тереңінен орын алмаса да, біраз ғасырлық тарихы бар екендігі белгілі. Зерттеушілеріміздің пікірлеріне қарағанда, қазақ іс қағаздар тілінің тарихы ХVІІІ ғасырдан бастау алады. Аталмыш ғасырдың да қазіргі кездегідей өзіндік іс қағаз түрлері мен құжаттары болды. Мәселен, ХVІІІ ғасырда қолданылған қазақ ресми іс қағаздар түріне, қазақ хандарының, сұлтандарының, батырлары мен старшиналарының орыс патшалығына және орыс әкімшілік орындарына жазған хаттарын айтсақ болады. Бұл қағаздардың қазіргі таңда маңызы өте зор болмақ. Бұл ресми қағаздар арқылы, біз сол кезеңдегі қазақ даласының саяси-әлеуметтік, экономикалық жағын бейнелеумен қатар ХVІІІ ғасырдың жартысы мен ХІХ ғасырдың 1- жартысында қазақ ресми іс қағаздарының тілінің қандай түрде болғаны жөнінде мәлімет аламыз.
Бұл кезеңдегі ресми іс қағаздарында түрлі дәрежедегі лауазымды адамдарды, әкімдерді дәріптейтін тұрақты эпитеттердің қолданылуы шарт еді. Мәселен, хизатлу (құрметті), мархабатлу (қайырымды). Жоғары мәртебелі т.б.
Бұл кезеңдегі ресми іс қағаздар тілінде лексикалық ерекшеліктерде кездесіп қалады. Мәелен, ол кездегі қазақ ресми іс қағаздары тілінде араб-парсы элементтері жиі кездеседі.
Қазақ ресми іс қағаздар тілінің тарихы тек қана ХVІІІ ғасырмен байланысты ғана шектелмейді. ХІХ ғасырда қазақ ресми іс қағаздар тіліне елеулі ерекшеліктер алып келген болатын. ХІХ ғасырда болған елеулі оқиға - Исатай мен Махамбет бастаған шаруалар көтерілісі де қазақ іс қағаздар тарихында елеулі өзгешеліктер алып келді. Бұл көтерілістің тек көркемдік әдебиет пен тарихта ғана емес, іс қағаздар тарихында да өз ісін қалдырғандығын Махамбет Өтемісұлының Ладыщинскийге жазған хатынан, Жәңгір ханның Исатай Тайманұлына жазған хатынан т.б. материалдардан көре аламыз.
Ал, ХІХ ғасырдың 2-жартысынан бастап қазақ әдеби тілі дамуының жаңа дәуірі басталды.
Иә, жасыратыны жоқ қазақ іс қағаздар тілінің тарихы тек қазіргі кезде ғана қолға алынып отырған жоқ. Жоғарыда аталған кезеңдерден соң, аумалы-төкпелі 1921 жылы қазақ тілінде іс жүргізу міндеттеліп, небір пәрменді шаралар белгіленіп, бұл салада әжептеуір ілгері шаруалар тындырылып келіп, ақыры аяқсыз қалғандығы жөнінде зерттеушілеріміз атап өтеді. Сөз жоқ, бұған да себептер болған. Жаппай елдегі ашаршылық, тәркілеу, қуғын - сүргін, қала берді Ұлы Отан соғысы, бертінде тың игеру жылдары бұған әсер етпей қалған жоқ.
Бертінде, дәлірек айтқанда, 1957 жылы Республика Министрлер Кеңесі қазақ тілінде іс жүргізу жөнінде тағы да шешім қабылдаған екен.
Бұл істе әуелде қызу қолға алынады да, кейіннен бәсең тартып, жетпісінші, сексенінші жылдары мүлде саябырсып кетеді.
Алайда, бүгінгі күні бұл іс қайта жанданып, бұрынғыдан да кең көлемде, кең құлашпен жүріп жатқаны айқын аңғарылады.
Енді, осы салада жарық көрген еңбектер тарихына тоқтала кетсек. Бастапқыда, дәлірек айтсақ, 1936 жылы жазылған Ағыбаев деген автордың іс жүргізуге арналған сөздігі жарық көрген кейіннен, елуінші жылдардың соңынан ала, жетпісінші жылдардың басына дейін 12 кітап болып, кәдімгідей нөмірленіп, салалық, терминологиялық сөздіктер жарық көреді. 1961 жылы Ғ. Мұсабаев пен Б.Сүлейменованың «Орысша – қазақша терминологиялық сөздігі» кітабы жарыққа шығады.
Мұндай, іс-шаралар, яғни кітап бастыру жұмысы мұнымен тоқтап қалған жоқ. Бертінде, жетпісінші жылдары 10 томдық академиялық сөздіктер жарыққа шыққан.
Қазіргі таңдағы іс қағаздарымен шұғылданып жүрген зерттеушілерімізді де қол қусырып қарап отыр деуге болмайды. Іс қағаздар жөніндегі сөздік – анықтамалықтар, жоғары оқу орындарына арналған оқу құралдары т.б. туындылар қазіргі таңдағы, осы салада еңбек етіп жүрген М.Қасымбеков, Қ.Әлімқұлов, К.Юсупов, Ә.Сапарбекова, А.Жапбаров, Г.Ө.Танабаева, Т.Қ. Сариева т.б. зерттеушілерді атап өтуге болады. Әрине, қазіргі таңда да тыңнан із салып, тікелей орыс тілінен аудармалар жасап жүрген зерттейшілеріміз әлі күнге ізденіп бағуда.
«Мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу» пәні, мақсаты мен міндеттері.
Іс қағаздары қоғам өмірінде үлкен роль атқарады. Іс қағаздардың саяси, тарихи, құқықтық, экономикалық маңызы зор. Мемлекет, Республика, қала, аудан, кәсіпорын, ұйым, мекеме тарихын жазғанда іс қағаздары ақпараттың табылмас қайнар көзі бола алады. Құжаттар фактілерді, оқиғаларды, қоғам өмірінің құбылыстарын дәлелдейтін айғақ қызметінде атқарады. Осындай пайдалы жұмысты танытып беруде «Мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу» пәнінің атқаратын рөлі маңызды болмақ. Бұл пән жоғары оқу орындарында оқытылады.
Пәннің атқаратын негізгі міндеттері төмендегідей болмақ:
1. Іс қағаздарын қазақша жүргізудің мемлекеттік құндылығын, әлеуметтік маңыздылығын, оның қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің алғы шарттарының бірі екендігін ұғындыру.
2. Іс қағаздарын жүргізудің дербес ғылым екендігін таныту.
3. Іс қағаздарын жүргізудің тарих, саясаттану, архив ісі, тіл білімі, педагогика сияқты ғылым салаларымен байланысын көрсету.
4. Мемлекеттік тіліміздің арқа сүйер болашақ мамандық иелерін іс қағаздарын толтырудың мемлекеттік стандарттары мен толтыру әдістері, жазылу стилі, қызметі, мақсаты сияқты білім көздерімен қаруландырып, қазақ тілінің дамуындағы рөлінің күшеюіне олардың септігін тигізуін қамтамасыз ету.
5. Іс қағаздарының түрлері. Оларға қойылатын талаптар, олардың безендірілуі, лексикасы сияқты ерекшеліктерімен таныстыру.


Скачать


zharar.kz