Оманың жазу-сызуды үйренуі-ақ мұң екен, тіпті қолды-аяққа тұрмады. Үй қабырғасында көмірмен шимайланбаған бір жер қалмады: "Су ағады". "Жапырақ қыбырлайды".
Осы үйдегі келін төсегінің басынан "Хоридаштың сыры" дегенді тауып алды ол бірде. Кітаптың парағы сайын қарындашпен: "Қара су, қызыл гүл" деп жаза берді.
Жаңа күнтізбедегі бар жұлдызды да шимайлап тастады. Әкесінің кіріс, шығысты тіркейтін кітапшасына да белгілер салып қойды: "Жазып-сызып, оқи білген адам күймемен жүреді".
Белгілі бір кезге дейін оның бұл өнеріне ешкім көлденең тұрмап еді, бірақ бір ретте үлкен қолайсыздық болып қалды.
Қыздың үлкен ағасы Гобиндолал көзге қораш, тым күйкі жігіт болса да, газетке жазып тұратын өнері болушы еді. Онымен бір сөйлескеннен кейін-ақ осы бір ойшыл адам-ау өзі деген күдік ешкімнің басына да келмейтін. Сөйтсе де ол газетке ат салысып жүрді, әрі оның пікірі бенгал оқушыларының көбінің пікірімен тоқайласа кететін еді.
Бір ретте еуропалық ғалымдардың анатомия жөніндегі еңбектерінде ірі-ірі қателер кетіпті дегенді ести сала Гобиндолал шабытпен отырып тамаша мақала жазды. Логиканы да қажетсінбеді, әйтеуір жаңағы еуропалық білімпаздарды сойды да салды. Бір күні оңашада Ома сол мақаланың үстінен сиямен: "Гопал жақсы бала ғой, бергеніңді жей береді", − дегенді жазып қойды.
Әрине Гопал деп Гобиндолалдың оқушыларын айтып отыр деп мен оншама сене де алмаймын, сөйтсе де аға ашуында шек болмай кетті. Ең әуелі ол Оманы жақсылап тұрып жазалады, содан, қымбат болмаса да аса бір мехнатпен жинаған кішкене бір қарындаш қалдығын, ұшы майырылған сия-сия қаламұшын тартып алды. Жәбірленген бала не үшін осыншама жазаланғанын да түсінбеді, бөлменің бір бұрышына барып егіліп жылай берді.
Өшін алып рақаттанған Гобиндолал тартып алған нәрселерін біраздан кейін қайтып берді. Оның үстіне аздап өзінің артығырақ кеткеніне өкінгендей болды да, баланы жұбатпақ болып тамаша бір дәптер сыйлады.
Ома онда жетіде болатын. Содан бері бұл дәптерді күндіз болса, кеудесіне, түн болса, жастығының астына тығып сақтап жүрді.
Кішкене қыздың кішкене бұрымы өрілді, қаумалаған қызметші әйелдер оны мектепке апарды, ол сонда да дәптерін тастамады. Құрбыларының бірі оның жазып-сыза білетінін қызғаныш етсе, екіншісі таңырқаумен болды, тіпті жек көрушілер де табылды.
Ома мектепке барған жылы өз дәптеріне ойланып тұрып: "Құс біткен сайрайды, таң атты", − деп әдемілеп жазды.
Жатар бөлменің еденінде отырып дәптерін жауып қоятын да жазғанын қатты дауыспен мақамдап оқитын. Осы жолмен көркем шығармалардың не бір үлгілері жиналған еді.
Екінші жылы бұл дәптерде кез келген тақырыпқа жазылған басы-аяғы жоқ қысқа болса да, мәнді шығармалар пайда бола бастады. Солардың кейбірін мысалға келтіруге де болады.
Сөйтіп жолбарыс пен көкқұтан жайындағы әңгімеден кейін бір сөйлем пайда болды. "Котхамалада" не болмаса қазіргі бенгал әдебиетінде кездеспейтін сөйлем:
"Мен Жошыны тым жақсы көремін".
Мені бір сүйіспеншілік хикаясын айтады екен деп ойламай-ақ қойыңыз. Жошы − он бір-он екі жастағы бір бала емес. Ол − байырғы қызметші әйел Толық аты − Жошода.
Десек те, осы бір жалғыз сөйлемді негізге алып, науша қыздың Жошыға деген көзқарасын дұрыс екен деуге де болмайды. Егерде бұл жайында ағын ақ, қарасын қара деп жазғысы келген біреу болса, жаңағы дәптердің содан кейінгі бір парағынан әлгібір келтірген мысалға мүлде қайшы келетін пікірді де тапқан болар еді.
Жалғыз бұл ғана емес! Оманың жазғандарынан аяқ басқан сайын қайшылыққа кездесесің. Бір жерде былай деп жазылған: "Мен Хошимен сөзге келістім де біржола араздасып кеттім". (Хори-хоронмен емес, өзінің сабақтас құрбысы Хоридашимен). Осыдан кейінгі бір беттерді оқысаң бұл дүниеде Хоридан абзал құрбының жоқ екені де ап-айқын бола қалады.
Сөйтіп тағы да бір жыл өтті, қыз тоғызға толды. Бір күні осы үйде керней тартылды: Оманы ұзататын мезгіл келді.
Күйеу баланың есімі Перимохон еді. Ол Гобиндолалдың әдебиет шаруашылығындағы орынбасары болып табылатын. Әрі жас, әрі әр нәрседен хабардар болса да жаңашыл ойларға жаны қас еді. Сол себепті ауыл адамдары Перимохонды мадақтап жүретін. Гобиндолал оған еліктеп те бақты, бірақ бұл майданда пәлендей ештеңеде тындыра да алмады.
Тоғыз жасар Ома үстіне бенарес сариін киіп, кішкене жүзіне перде салып жылай-жылай аттанып кете барды.
− Қарғам, қайын енеңді тыңдап жүр,− деді анасы оған. − Үй шаруашылығынан жеркенбе, істей бер, бірақ ең бастысы − ана жазу-сызу, оқу дегеніңді тастайтын бол!
Гобиндолал да:
− Байқа, қабырғаларды шимайлаймын деп жүрме. Перимохонның қағаздарына да жазбайтын бол, − деп қосарланды.
Осы сөзді естіген қыз қыстығып қалды. Ол мына барып түсетін үйінде қателесетін болса оны ешкім де кешірмейтінін түсінді. Әрі бұл үйде нені теріс, нені күнә деп санайды, нені ағаттық деп түсінеді, оны білгенше де талай заман өтер-ақ.
Сол күні ұзақты күн керней тартылды, бірақ үстіне Бенарес сариін киіп, бетіне перде салып, асыл әшекейлерін тағынып үлде мен бүлдеге оранып отырған осы бір кішкене қыздың тулай соққан жүрегінде не барын түсіне білген бір адам болды ма екен жер бетінде сірә, бұған менің күмәнім бар.
Қызметші әйел Жошы Омамен бірге кетті. Барып түскен үйде біраз күн қызбен бірге болсын деген ұйғарынды болған.
Қайырымды Жошы көп ойлана келіп ақыры баяғы дәптерді ала кетіп еді. Бүл дәптер − әке үйінің бір жар-қасы, туған үйде өткерген қызығы мол азғана күннің қуанышты ескерткіші, ата-ана еркелеткен балалық шақтың қысқа ғана тарихы сияқты еді. Бұл дәптер тұрмысқа осыншама ерте шыққан Оманың күнәдан пәк сәбилік ерке шағын, еркін шағын еске салатын сондай қымбат қазына еді.
Жат жұртта өткізген алғашқы кезде Ома ештеңе де жазбады − оған мүмкіндігі болмады.
Арада біраз уақыт өткен соң Жошы ауылға аттанды.
Сол күні Ома жатар бөлменің есігін ішінен жауып оңашаланып алды да, қалбырда жатқан дәптерін шығарды, көзінен жас сорғалай отырып: "Жошы үйге қайтты, мен де апамды сағындым, үйге қайтам",− деп жазды...
Енді оның "Чарпуатқа" мен "Бодходойядағы" қызғылықты жайларды көшіріп алуға уақыты да болмай қалды. Құлқы да соқпады ма деп ойлаймын мен. Сол себепті көшірме шығармалар азая берді де, наушаның өз жазулары жиілей түсті. Жоғарыда келтірген сөйлемнен кейін тағы мынандай сөз бар еді:
"Егерде дадам келіп мені алып кететін болса, енді қайтып оның қағазын шимайламайтын боламын".
Оманың әкесі қызым анда-санда қонақтап келіп, жатып-кетіп тұрсын деген екен, оған Гобиндолал мен Перимохон қарсы болды деген сөз бар.
− Ома күйеуін сыйлап үйренсін, егерде оны барған жерінен жиі алдырып, ата-ана мейірімін есіне сала беретін болса, ол оның өзіне зиян,− деді Гобиндолал. Ол тіпті бұл жөнінде әзіл-қулығын араластыра отырып ақыл айтып тамаша мақала да жазды, мұның даналықпен жазылған мақала екеніне Гобиндолалды жақтаушы оқушылардың шүбәсі де болмады.
Ол жөнінде жұрттан естіп білген Ома дәптеріне былай деп жазды: "Дада, аяғыңа жығылайын, үйге алып кетші, бұдан былай айтқаныңды екі етпейтін болайын".
Бір күні Ома есікті жауып алып, дәптеріне ойына келген әлде бірдемелерді жазып отырды. Оның қайын бикесі Тилокомонджори сыпсың сөзге үйір болатын. "Байқау керек, осы боудиди есікті неге жауып ала береді? Не істеп отырады екен?" − деп ойлады ол Содан кейін есіктен сығалады да әлде бірдемені жазып отырған Оманы көріп қайран болды. Бұл үйдегі зенанға бұрын Сарасвати тәңірім дәл осылай елеусіз, байқатпай келіп кірген емес-ті.
Мұны көріп сіңлілері Конокомонджори мен Ононкомонджори да жүгіріп келіп сығалай бастады.
Кенет есік сыртынан сықылықтап күлген үш қыздың өзіне таныс даусы шықты. Бір сұмдықтың боларын Ома бірден түсінді де, дәптерін қойнына тықты, әрі қорқады, әрі ұялады, төсегіне барып бүк түсіп жата қалды.
Бұл жайды естіген Перимохон шынымен қатты ойланды. Әйел оқымысты боламын деп білімге ұмтылса, бақытсыздықтың көкесі сол емес пе! Содан кейін повестер, оның артынан романдар келіп туады. Ал сонда үй шаруашылығымен кім айналысатын болады?
Көп ойланып, көп толғанып ол сабақ боларлық бір тоқтамға келді. Қасиетті неке әйел қуаты мен еркек қуатының қосылуынан барып туады. Ал білім-ғылым дегенің әйелдік қуатты әлсірететін болады, сөйтіп әйел жынысында еркек қуаты басым болып шыға келеді. Содан кейін екі еркек қуатының қақтығысы келіп пайда болады да некелік одақты талқандайды, жаңа бір қуатты келіп туғызады. Осының нәтижесінде әйел жесір қалатын болады:
Бұған дейін осындай тамаша қисынды ешкім де айтып көрмеген еді!
Кешке Перимохон Омаға барды, жақсылап тұрып жазасын берді.
− Енді сенің шамла киюің ғана қалды! Ал содан кейін менің қатыным құлағына қарындаш қыстырып алады да, кеңсеге тартатын болады! − деп кекетті.
Ома оның не айтып отырғанын жақсылап түсіне алмады. Ол Перимохон жазған мақалаларды оқып көрмегенді, сол себепті ажуа-мысқылды оншалық сезіне де бермейтін. Дегенмен қатты жәбірленіп, жыламсырай берді.
Осы әңгімеден кейін ол ұзақ уақыт ештеңе жазбай кетті.
Алайда күз күнінің таңғы бір шағында бір қайыршы әйел терезе алдына келіп Агамона әнін шырқады. Терезе жақтауына сүйенген Ома үнсіз тыңдады. Ол оңаша еді, қоңыржай күз күні нұр төгеді, Ома өзінің балалық шағын еске алды. Оның үстіне Агамона әні айтылған соң ол енді шыдай алмады.
Ома ән шырқауды білмейтін-ді, алайда жазып-сызып, оқи білген соң естіген әндерін жазып алуды дағдыға айналдырған болатын. Сонда ән білмегені де онша кемдік болып саналмайтын
Терезе алдындағы қайыршы әнін соза берді.
"Құлыным менің қайдағы?
Деп анасы зарлады.
− Келе ғой күнім, келе ғой,
Ақ сүтімді еме ғой".
— Дегенде, қолын созады
Анасына баласы.
Қашан мені, анашым,
Қайтарып үйге аласың.
Оманың қам көңілі босап, көзіне жас келді. Ол әншіні ұрланып қана шақырып алды да, есікті жапты, содан соң әріптерді маржандай тізілте отырып өлеңді көшіріп алды.
Алайда үш қайын сіңлі бұл ұрлығын да көріп қалған еді, санын шапалақтап қуана айқайлады.
− Боу-диди, сенің не істеп жатқаныңды біз мұнда көріп тұрмыз.
Ома есікті ашты да жүгіре шықты, жалына бастады.
− Күңің болайын, ешкімге тістеріңнен шығара көрмеңдер енді, мен қайтып енді қолыма қарындаш алмаймын!
Осы сәтте Тилокомонджоридің дәптерге аңсары ауып тұранын байқады ол Дәптерді Ома кеудесіне басып алды да жүгіріп кетті.
Қайын сіңлілері күш жұмсамақ та болды, бірақ одан да түк шықпады. Ақыры өздерінің ақылды ағасын көмекке шақырды.
Перимохон келді, төсекке сыздана отырды...
− Әкел дәптеріңді,− деп түйілді күйеуі. Жарлығының орындалмай жатқанын көріп даусын зорайта түсті.
− Бер дедім ғой.
Ома дәптерді кеудесіне басып күйеуіне жалына қарады. Перимохон тартып алмақ ниетпен орнынан тұрды, Ома дәптерді жерге тастай берді, өзі де бетін қолымен басқан күйі еденге құлап түсті.
Перимохон еңкейіп дәптерді көтерді де дауыстап оқи бастады. Ома еденге жабысып алды. Ал үш қыз сықылықтап күле берді.
Содан қайтып Ома ол дәптерді көрген емес.
Перимохонның өзінде де шенеу, мысқылға толы дәптері болатын. Бірақ амал не, оны тартып алып, құртып жіберетін ешкім болмады.
Аударған С. Шаймерденов