Жаз күнінде мысық пен қоян кез келіп, екеуі сөйлеседі. Қоян айтады: Екеуіміз ажыраспайтын дос болалық, – депті. Сонда мысық айтады: Олай болса, жақсы болды. Менің балаларымды сенің балаларыңның үстіне алып барайық, – дейді. Екеуі балаларын жөнелтіп, бірге жатып жүреді. Мысық балаларына күнде кекілік, қырғауыл тістеп әкеліп береді. Қоян шөп-шар беріп, күн көріп жүріпті. Бір күні мысық бір құсты аңдаусызда қармап алып, тірідей ұясына алып келеді. Құсты ұшып кетпес үшін қанат, құйрығын қырқып, балаларына береді. Балалары ары-бері жорғалатып ойнап, жемейді. Оны қоян көріп айтады: Мысықжан, мынау жуас айуан екен, балалардың ішіне қосып қоя тұрып, менің балаларымның көзі ашылғанда, осындай қылып ойнатайық, – депті. Мысық досының тілін қимай, мақұл деп қосып қойыпты. Ертесіне екеуі далаға кетіпті. Құс екеуінің балаларын бәрін тойғанша жеп, қалғанын өлтіріп, кете беріпті. Мақал: Бөрі баласы – ит болмас.