Әулиенің өлер шағында қалдырған аманаты бойынша жасырылған қолжазба кейінгі ұрпаққа өлшеусіз рухани қазына болып табылмақ

Скачать

Шведтың ұлы режиссеры Ингмар Бергман әйгілі Үнсіздік деп аталатын фильмінде адам ары мен нәпсісі ортасындағы күресті қарама-қарсы типтегі екі кейіпкер арқылы көрсеткен болатын. Ең қызығы осы фильмді көрген кез-келген есті көреремен экраннан екіге жарылған өз кейіпін көре алатыны хақ. Өйткені пенденің ішкі қайшылықтарымен күресі ол бітпейтін және ең үлкен күрес. Алайда біздің айтпағымыз Бергманның кейіпкерлері спетті бүгінгі ұлттық болмысымыздың қарама-қарсылығын дәл көрсете алған кинотуынды туралы еді. Дәлірек айтсақ, Бегарыс Елубаевтың Оазис фильмі жәйлі болмақ.

2 ақпан күні Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында қазақтың белгілі жазушысы Сымағұл Елубаевтың сценариі бойынша түсірілген Оазис көркем фильмінің арнайы көрсетілімі өтті. Кинокартина осыдан бір күн бұрын ғана қазақстанның барлық кинотеатрларынан прокатқа шыға бастаған болатын. Көрсетілімдік кешке Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Бибігүл Нүсіпжанова және Асаналі Әшімов, Есмұхан Обаев, Сымағұл Елубаев сынды өнер ұжымының ақсақалдары арнайы келіп қатысты. Режиссер Б.Елубаев бастаған Фильмнің түсірілімдік тобының өкілдері де көрсетілімде болып, көрермен сұрақтарына жауап берді.

Фильм түнгі оттары жайнаған үлкен қаланың көрінісінен бастау алады. Жалпы пландар ауыса келіп орындықта еңсесі түсіп, ой қажытқан жалғыз кейіпкерге келіп тоқтайды. Ол руслан еді. Жоқ, оның ойланып отыруына ізіне түскен полиция қызметкерлері мүмкіндік берген жоқ. Руслан ұзақ қашты. Кенет әлде қайдан алдынан кездесе кеткен пойыз вагонына жармасқан күйі қаладан шығып, таң ата құмды даладан түсіп қалады. Драматургиядағы бір шеберлік осы тұста көріне бастайды. Қыстырма баяндау тәсілі арқылы берілген кадрлар Русланның балалар үйінен басталатын, өткен өмірін көрерменге жеткізе бастайды. Иә, жалғыздыққа, тығырыққа, қылмысқа толы өмір. Аласапыран ойлардың жетегіндегі торыққан жанға иен құмның ортасынан кенет әдемі оазис пайда болады. Адасқан жанның алдынан кездескен көл мен ағаш алдын-ала оқиғаның мүлде басқаша дамитынын аңғартқысы келген режиссер мақсатын білдірсе керек. Құм тығырық пен адасу болса, оазис үміт пен болашақ. Демек енді Русланның тағдырына байланысты сценарий басқаша өрбуі мүмкін деген сенім ұшқыны пайда бола бастайды. Әрине, бұндай сәтті көркемдік шешім кез-келген шығармаға тән емес.

Алайда, Русланның тұла бойы толған кек еді. Ол ішінде оянып кеткен қиратушы күшке ерік берген жан. Ол қазақ. Алайда тілін ұмытқан. Ол өзінің рухани тамырынан айырылған жан. Оны қалыптастырған басқа емес, дәл бүгінгі біздің қоғам еді. Оның бойындағы қатігездікті оятқан да осы қала еді. Руслан өзі паналап келген жалғыз ағаштың басында әулие жерленгеніне де аса көңіл бөле қойған жоқ. Ол кезекті бір ашумен адамдар киелі санаған манағы ағашты оп-оңай өртей салды. Себебі Руслан үшін кие, рух, әулие ұғымдарының мәні жоқ.

Мәннің болуы – кез-келген саналы тіршілік иесін өмірге құштар ететін фактор. Мәннің жоғалуы өмірді тығырыққа тірейді. Міне Руслан үшін мән жоғалды. Ол үшін мір сүрудің мағынасы жойылды. Фильмнің келесі кадрларында Руслан өзі өртеген ағашқа асылып өлмекші болады да, іске кіріседі. Дәл осы сәттің үстінен Мәмбет түседі. Қарапайым, иманды жан. Бейне сонау жаһилдік дәуірдегі араб қоғамына құтқарушы исламды алып келген Мұхаммед секілді Русланды құтқаруға тағдыр Мәмбетті жібергендей еді. Фильм авторлары кейіпкер атының Мәмбет болуына да айырықша көңіл бөлгені байқалады. Бұл сөздің этимологиясы да Мұхаммед атауынан бастау алады. Қош, Руслан өлімнен арашаланды. Алайда мұнымен бәрі бірден өзгере қойған жоқ. Русланды құтқарған Мәмбет әрі қарай әулие ағаш түбінен баба өсиеті бойынша көмілген киелі қолжазбаны іздеуге кіріседі. Әулиенің өлер шағында қалдырған аманаты бойынша жасырылған қолжазба кейінгі ұрпаққа өлшеусіз рухани қазына болып табылмақ. Алайда қазу барысында күтпеген жерден жұдырықтай алтын табылады да Руслан оны көріп тіпті мүлде басқа адамға айналады. Бүгінгінің заттанған адамы үшін керегі де сол еді. Іле-шала қолжазба да табыла кетті. Олар іздегенін тапқандай болғанымен Русланнан қайта тыныштық қашады. Ол қайтсем Мәмбетті өлтіріп алтынды жеке иемденем деген арам ойдың арбауына шырмалды да қалды. Мәмбет алтынға аса қызыға қоймады, ол үшін басты қазына қолжазбаға қолының жеткені болатын.

Егер де осы екі кейіпкердің арасындағы жағыдайды үлкен масштапқа көтерсек, бүгінгі біз өмір сүріп жатқан қоғамның нақты көрінісі шыға келеді. Жылдам дамып бара жатқан тұтынушылдық қоғам рухани құндылықтарды ығыстырып бара жатыр. Бұл бейне фильмдегі Русланның өзін құтқарған Мәмбетті құртып жібергісі келетіні сынды шындық. Айтпақшы кейіпкерлердің костюмдерінің де түсі ақ пен қарадан тұрады. Ақ пен қара күресі өмір заңы. Режиссерлық шешімнің тағы бір ұтымды қыры оазистегі екеудің ісін ағаш басында отырған кәрі қарғаның бастан-аяқ бақылап отыруы еді. Тәңірдің елшісі саналатын данышпан құс біздің өмірімізді сырттан бақылап отырған бабалар рухы спетті елестейді. Руслан Мәмбетті өлтіруге бірнеше рет нақты оқталғанымен, Әнес әулиенің рухы бұл жамандықтың жолын кесіп отырды. Экрандық шығарманың финалы көрерменге тағылым беретін дүиемен аяқтайды. Руслан Мәмбеттің ізгі ниеті алдында ақыры тазару жолына түседі. Ақиқаттың символы саналатын құлшылық үйіне қарай беттеген екеу арқылы режиссер кинокартинаның өзекті ойын сәтті жеткізе алды. Олардың қолдарында енді кейінгі ұрпаққа жол керек рухани мұра да, тіршілікке керек байлық та бар. Аққа құдай жақ дейді. Ізгілік қра ниетті жеңді. Енді өмір нұрланбақ...

Фильм біздің бүгінгі өміріміздің шындығын шебер драматургиялық желі мен нәзік режиссуралық шешімдерге құра алғандығымен бағаланса керек. Әрине, бүгінгі күн туралы дәл айта алу немесе бүгінге баға бере алу ол өткенге билік айтудан әлдеқайда күрделі шаруа. Фильмнің өн-бойында деталдар сәтті сөйлей алды, кешегі қасіретті жылдардың бір парасы жүректі бір сыздатып өтетін тұстары да кездесіп жатты. Қорыта айтсақ, бізге тән салт пен дәстүр, сана мен сенім экрандық шығармада үйлесімді көрініс тапты. Рухани тамырыңнан алыс кетпей, өзіңді тани біл дейді фильм авторлары. Ендеше біз де Оазис фильміне сол бабалар көміп кеткен киелі қолжазбаның бір парағы деп сенейік.

Әлімақын Жанболат,
Т. Жүргенов атындағы Қазақ
Ұлттық өнер академиясының оқытушысы

Facebook


Скачать


zharar.kz