ДИСПЕПСИЯЛАР
Балаларда ас қорыту бұзылыстары жиі диспепсия (грек. dispepsia қорытылмау) түрінде кездеседі.
Диспепсия — тамақтанудың бұзылуынан немесе микробтардың әсерлерінен туындайтын тез дамитын ас қорыту бұзылысы. Диспепсия қарапайым, уытты және ішектен тыс (парентериалдық) себептерден дамитын болып бөлінеді. Бұл кезде құсу және іш өту (грек. diarrheo — диаррея), зат алмасудың бұзылыстарымен сипатталатын көптеген көріністер пайда болады.
Қарапайым диспепсия балалардың қоректенуі бұзылғанда (артық тамақ бергенде, қосымша тамақтың дұрыс берілмегенінде, жасанды тамақтандыруға ауыстырғанда) пайда болады.
Уытты диспепсия бактериялардың әсерлерінен туындайды немесе қарапайым диспепсияның асқынуынан болуы мүмкін.
Ішектен тыс (парентералдық) себептерден пайда болатын диспепсия дене қызуы көтерілуіне әкелетін жұқпалы аурулар кездерінде дамиды. Бұл кезде диспепсиялық құбылыстар аш ішектердің бүрлерінің құрылымы өзгерулерінен пайда болады.
Қатты іш өтулерден организмнің сусыздануы, айналымдағы қанның қоюлануы және азайуы, циркуляциялық гипоксия дамуы, зат алмасуларының бұзылыстары, метаболизмдік ацидоз дамуы болады. Осыдан организмде уытты өнімдер жиналып қалады, олар уытсызданбайды. Бұл өнімдер орталық нерв жүйесіне уытты әсер етіп, мидың қызметтерін бұзады.
Уытты диспепсиялар өте ауыр түрде өтеді. Диспепсияларды емдеу әдістерінің негізінде организмге көп сұйық енгізіп, организмнің уыттануынан сақтандыру қажет. Диспепсияны туындататын негізгі дертті емдеу қажет.