Ертеде Алдаберген деген шал болыпты. Шал баласыз болып, әулиеден әулие қоймай қыдырып, етегін шеңгел сыдырып, өлдім-талдым дегенде бір перзент көрген екен. Баланың атын Ғайыпберген қойыпты. Ғайыпберген он екі жасқа келгенде әке шешесі өліп, жетім қалыпты.
Ғайыпберген жастай Алдоңғар деген байдың малын бағып, күн көреді. Азып-тозып, басы таз болып, жүдеп-жадап кетеді.
Ғайыпберген жиырма бес жасқа келгенде, бай ойланып, жасынан еңбегі сіңіп еді деп, балаға бір жетім қызды алып береді. Қойдың шетіне қос тігіп, оларды бөлек шығарады. Ғайыпбергеннің қосағы өте сұлу болған екен.
Залым бай өзі алып берсе де баладан қызғанып, арамзалық жасайды. Осыны ойлаған бай үй-мүлкін жинап, малын айдап, бір түнде көшеді де кетеді.
Ғайыпберген әйелімен жұртта қалады. Азанда тұрса бай да, мал да жоқ.
Енді не қыларын білмей, бұл байға не жақпасымыз болды екен деп, – әйелі мен екеуі жылап отырғанда Алдоңғар бай тоғыз серкені айдап, сәске түсте жетіп келеді.
— Ал, Ғайыпберген, мынау тоғыз серке сенің тамағың, күнде сойып, бір жіліктен асып жейсің, осы серкенің жілігі таусылған күні мен тоғыз ауыз жұмбақ айтамын, соны шешіп берсең, кенже қызымды және малымның үштен бірін отаулап саған беремін. Шеше алмасаң, әйеліңді мен аламын, – дейді.
Мұны естіген ерлі-зайыптылар көздері шарасынан шыққандай болады. Ғайыпберген неде болса амал жоқ, көнбейтұғын заман жоқ деп, тоғыз серкені алып қала береді. Серкені сойып күнде бір жіліктен асып жеп, ауқат қылып, жата береді. Серкенің жілігі азайған сайын әйелімен қоштасып, сен маған жоқ, мен саған жоқ деп жылайды. Жұмбак шешер әлім жоқ, баймен тіресер сәнім жоқ деп зарлағанда көз жасы көл болады. Соңғы серкенің соңғы жілігін асып, жылап жатқанда, сырттан айқайлаған дауыс естіледі. Жүгіріп далаға шықса, қолында асасы бар бір шал келіп тұр екен.
— Балам, құдайы қонақпын, рұқсат болса, үйіңе түнет! – дейді.
— А, құдай, бізге де қонақ келеді екен, – деп қуанып, асыға басып, қосына келіп, төрге төсеніш салды. Шалды үйге кіргізіп, әйелімен екеуі қызмет етіп, бар тамағын алдына қойды. Тамағын жеп болған соң қонаққа жатын орнын нұсқайды. Өздерінің төсегі жапсарда болады.
Қонақ: Мен мұнда жатпаймын, үшеуіміздің төсегімізді бір саласың. Мен шетте, сен іргеде, келін ортада жатады, – дейді.
Бала оған қуанып: — Мақұл, – дейді. Жатқаннан кейін, оттың қызылы сөнбей-ақ дүбірлеп бай да келіп қалады. Баланың жүрегі тас төбесіне шығады.
Баланың тұсына келіп, бай жұмбағын айта бастайды.
— Бір ай, – дейді.
Бала не дерін білмей аңырап тұрғанда, қонақ бір аударылып, ыңырсып дөңбекшіп жатып:
— Бір жаратқан құдай-ай! – дейді.
Бай:
— Екі ай, – дейді.
Қонақ:
— Еріне қосқан жұп-ай! – дейді.
Бай:
— Үш ай, – дейді.
Қонақ:
— Шідерлеп мінген ат кетер ме-ай! – дейді.
Бай:
— Төрт ай, – дейді.
Қонақ:
— Төрт қырлап соққан найза тастан қайтарма-ай? – дейді.
Бай:
— Бес ай, – дейді.
Қонақ:
— Бес уақ намаз-ай! – дейді.
Бай:
— Алты ай, – дейді.
Қонақ:
— Алты қарыс қар жауса да, атандыға жұт болар ма-ай? – дейді.
Бай:
— Жеті ай, – дейді.
Қонақ:
— Жеті жұлдыз жерге түспей, жаз болар ма-ай? – дейді.
Бай:
— Сегіз ай, – дейді.
Қонақ:
— Сергелдең болған бай-ай! – дейді.
Бай:
— Тоғыз ай, – дейді.
Қонақ:
— Тоғыз серкенің жілігін күнде біреуден асып жеп, қыстан шыққан пақыр-ай! Кешегі уәдеңмен малыңның үштен бірі және кенже қызыңды отаулап бізге ұзатасың ба, бай-ай! – дейді. Бай атының басын бұрып, аулына қарай шаба жөнеледі.
Қойшы:
— А, құдай, пәле-жалаңнан сақтай гөр, – деп ұшып тұрса, қасында жатқан қонағы орнында жоқ, неше күн жылап еңірегенде, көз жасын көріп, көмекке келген Қыдыр екен.
Бай уәдесін бұза алмай Ғайыпбергенді аулына көшіріп алып, кенже қызы мен малының үштен бірін бөліп, отаулап берген екен.
Байдан қадір, басынан бақ, қолынан күші кетіп, баланың мерейі үстем болыпты. Мәртебесі зор, адамгершілігі мол дәрежеге жетіпті.
Байдың балалары малын бағып, Ғайыпбергеннің қолына қарап қалыпты.