Барша ұлтты бауырына басқан бауырмал Қазақ халық біреуді артық, біреуді кем деп көрмеген. Татулық пен достықта тұруды ежелден серік еткен. Қазақстан - өз ұлты, халқы, діні, тілі, мәдениеті, тарихы, салт-дәстүрі бар құдіретті ел. Қазаққа тән ата-бабаларымыздан қалған ар-намыс, жігер-қайрат, қайтпас қанат мұра ретінде келешек ұрпаққа дейін жеткен. Тарихқа үңіле отырып: Кеше кім едік, бүгін кімбіз, ертең кім боламыз? - деп ойлансақ бұл - туған елінің, халқының өткені мен келешегіне көз жіберген әрбір азаматтың жүрек түкпіріндегі сөзі. Қазақ елі тәуелсіз болса деген арман ұшқын шашса, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Қазақ елінің соңғы он тоғыз жыл тұтқасын ұстап, туын көтерген тұрлаулы да тұғырлы тұлғасы – тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен әлем мойындаған, жаһанға аты жеткен мемлекетке айналды. Ұлы даланың тағдыр-тарихын барлық дем тынысымен түсініп, елінің ендігі тарихын сол ұлылар рухында одан әрі жаңғырта, жасарта алып кететін ер, көзсіз батыр, тап-таза ар - намыстан жаралған қайтпас-қайсар қайраткер, елін басқарып, қос батырдың ісін істей алатындай ерекше тұлғаны тап басып таңдап, тағдырын қолына бергенінде жаза басып жаңылған жоқ еді.
Ширатып жанды шынайы шешен лебізің,
Қазақ жігітін қарашы, шіркін! дегіздің.
Ұлы халқыңды төрткөл дүниеге танытып,
Келесіз қалап жаңа қоғамның негізін
- деп жерлесіміз А.Көпжасарова жырлағандай, Нұрсұлтан Әбішұлы - жер бетіне сөзін өткізіп, отырған бүгінгі заманның көрнекті саясаткері, Қазақстанның тәуелсіз мемлекетін құрудың басында тұрған, осы жолдағы не қилы тар жол, тайғақ кешуді халқымен бірге өтіп, қиыншылықтарын бөліскен, бүгінде әлем мойындап отырған жаңа мемлекетті қалыптастырған, оған жаңа Астана жасап, жаңа қала тұрғызған, қазіргі елді индустрияландырудың жаңа жобасын өмірге келтіріп, болашаққа бағыттап бара жатқан ұлы тұлға, төрт құбыланы түгендеп, кемел ойлы, кемеңгер ата-бабаларымыздың жолымен жүрген, қасиет дарыған қайраткер.
Қазағым сіздей ұлмен бақ тапқасын, Ақының неге сөзін сақтап қалсын, - деп ақындар жырына арқау болған, қазір әлем мемлекеттері тарихын зерттеушілердің назарын өзіне аударып, өткен жылғы шілде айында ағылшын жазушысы және публицисі, саяси биограф Дж.Айткен мырзаның Назарбаев және Қазақстанның қалыптасып дамуы атты кітабын жазып, Лондонда оның тұсаукесерін өткізгені Елбасымыздың, шын мәнінде, біртуар азамат, елін ұлы көшке сүйреген көшбасшы екіндігінің айқын дәлелі.
Тарихтың тағдыр-талайы шешуші сәтінде мемлекет басына келіп, шексіз ұлтжандылықпен рух биіктігін көрсетіп, елін өрлеу мен гүлдену жолына түсіріп, іркілмей бастап келе жатқан ізгі жан туралы жылы лебіздерді көптеп келтіруге болады. Соның бірі Ресейдің байтақ бір өлкесін билеп, халқының құрметіне бөленіп отырған қандасымыз Аман Төлеевтің айтқаны да айрықша көңіл бөлерлік. Ол: Нұрсұлтан Назарбаев өте көреген, әріден ойлайтын саясаткер. Ол жігерлі әрі айбарлы адам. Мен оның көрегендігін ұнатамын. Ол шебер шахматшы секілді, бәрін де алдын ала есептеп, нағыз жүрістерді таңдай алады, - деп әділ бағасын берген.
Президент боламын деген кісі ақылы мен қайратын, жігерін, ірі саясаткер талантымен, ел басқару ісіндегі мол тәжірибесімен ұштастыра отырып, елдің бірлігі, халықтың тыныштығы, мемлекеттің тәуелсіздігі мен қадір-қасиетінің артуы үшін еңбек етуі шарт. Нұрсұлтан Назарбаев бұл шарттардан мүдірмей өтті, ол елдің, мемлекеттің ақыл-ойын байытуға, абыройын асыруға, ар - ожданын ардақтауға қызмет етті және қызмет етіп келеді. Мәселен, Қазақстан Республикасы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сара басшылығымен демократиялық құндылықтарды құрметтеу, ашық қоғам құру, адам құқын қорғау мен сөз бостандығын өркениет өрісіне сай қамтамасыз ету салаларында ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға жетті. Еліміздің экономикасын көтеріп, халқымыздың әл-ауқатын арттыру, саяси реформалар жүргізіп, басқарудың тиімді тетіктерін қалыптастыру бағыттарында да қомақты шаруалар атқарылды.
Республикамыз қазірге дейін бірқатар халықаралық ауқымды шараларға бастамашы болып үлгерді. Әлемдік, өңірлік деңгейдегі құрылымдарды өмірге әкелудің көш басында жүрді. Ел ішіндегі этносаралық татулық пен дінаралық келісім үдерістері өзгелерге үлгі етерліктей дәрежеге көтерілді. Дүниежүзілік, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы күш - жігеріміз де халықаралық қоғамдастық тарапынан оң бағаланып келеді. Жер шарының көптеген мемлекеттерімен тек достық, ынтымақтастық тұрғысында қарым-қатынас орнаттық.
Кеңес өкіметінің құлаған сарайын күреп тастап, ата-бабамыздың ақбоз үйін тіге қою Оңай болған жоқ. Елбасы егемендігіміздің алғашқы күнінен бастап, жатса-тұрса ойлайтыны да, айтатыны да көп ұлтты еліміздің тыныштығы мен бірлігін сақтап қалу болды.
Халықты аштыққа, жалаңаштыққа ұрындырмай, қиын өткелден алып шығуының бірден-бір жолы - шет елдердің қаржысын Қазақстанның экономикасын өркендетуге жұмсау, өзіміздің теңгемізді тұрақтандыру, дамыған елдермен байланыс жасап, жер бетінде Қазақстан атты мемлекеттің барын таныту болды. өтпелі кезең қиыншылықты болғанмен, мемлекеттің алдындағы өзекті мәселелерде Елбасы бірден-бір баянды бағыт ұстанды. Мемлекеттің қоғамдық-саяси ахуалының тұрақтылығын қалыптастыруды бұрын-соңды болмаған жетістікке жетті. Жаңа басқару жүйесі, оның басқарушы, бақылаушы және атқарушы органдары мен институттары құрылды. Қазақ елінің территориялық тұтастығының, біртұтас мемлекеттігінің заңды негізі қаланды.
Ел егемендігін алысымен, БҰҰ-ға мүше етіп енгізді. Қазақстан осы күннен бастап және жер жүзіндегі жүзден астам ел таныған Егемен ел болды.
Президентіміздің ел тәуелсіздігінен кейін ең бір батыл, шешімі - астананы Ақмолаға көшіруі. Қайда жүрсе де, кіндік кесіп, кір жуған туған жерін ойлаған азамат оның ертеңгі өмірін де қамдап ойлайды. Астананы Алатаудың бауырынан Арқаға ауыстыру оңайға түскен жоқ. Арқа төсіне қоныс аударған Елордаға бақ пен дәулет тілеген Елбасы: Бұл болашағымызға керек, қызығын келер ұрпақтар көреді,- деген болатын. өзіңмен қазағымның бағы ашылды, Туғызған ел едік қой сан асылды.
Ақмоланы Астанаға аустырып,
Аты қандай бүгінгі жарасымды!,
– деген ақын жырларында Елбасы шешімінің дұрыстығы паш етілді. Сондықтан, егемен Қазақстан азаматтары үшін Астана - еліміздің өміріндегі жаңа дәуір белгісі.
Есілге қонған аққудай жарқ етіп, аз уақытта қанат жайған асқақ қала:
Ежелгі арман өтелген,
Нығайды Қазақ елдігі.
Ақталды шаңырақ көтерген,
Елбасының ерлігі,
- деп Кәкімбек Салықов жырлағандай, ақындарға шабыт сыйлады. Астана қазаққа тек қана әлеуметтік, экономикалық һәм саяси маңызы бар қала ғана емес, ол тәуелсіздіктің рухани тұғыры ретінде әр қазақтың жүрегінде елге, жерге, Отанымызға деген шынайы сүйіспеншілігі болып қалады. өткені Астанамыз аз ғана уақыт ішінде Қазақстанның ірі қоғамдық саяси, ғылыми, мәдени
және іскер орталғына айналып отыр. Тәуелсіз еліміздің саяси тарихы көбіне жас Астанамен байланысты. Астана Еуропа мен Азия арасындағы байланыс көпірдің қалану мәртебесіне ие болып отыр.
Бүгінде әр қазақтың жүрегінде отансүйгіштік деген ұлы сезім ұлғая түсті, көңілге қонып, тамыры терең Бәйтеректей шартарапқа құлаш жайды. Қазақ халқының санасына Астана бірлігіміз бен тіршілігіміздің айшықты белгісі - символы болып қалыптасты. Астана - тәуелсіздік тақ-тұғыры, Бар Қазақ арман жолын басқарады - десек, шын мәнінде, Астана ұлтымыздың, мемлекетіміздің мызғымас тақ-тұғырына айналды.
Әр мемлекеттің астанасы - оны биіктерге бастайтын баспалдағы, беделі мен берекесінің діңгегі. Астана әр қазақтың жүрек түкпірінен орын алатын киелі мекен.
Ғасырға бергісіз 12 жыл ішінде Астана талай іс-шаралардың ордасына айналып, әлем назарын өзіне аударды. Астанада өткізілген форумдар әлемдік саяси тұрақтылықты, ұлтаралық келісімді сақтауға бағытталса, тарыдай шашылған қазақтар да бас қалада бас қосып елінің дамуын көзімен көріп, жүректерінде қуаныш ұялатуда.
Астананың символы – Бәйтерек монументін бүгінде көптеген мемлекеттердің азаматтары біледі. Президенттің айтуынша, бұл құрылыстың мәні үш негізгі философиялық құрылымды білдіреді: жер, өмір және аспан.
Бұхар жырау Сарыарқаның киесі болар,
Нұрсұлтан ХХІ ғасырдағы киесі болар.
Шындықты бүркелмей айту
Ақынға тиесі болар,
- деп ақындар жырлағандай бүгін тарихымыздағы, тағдырымыздағы сабақтастықты көреміз.
Иә, ел басқарудағы Абылай мен ел басы арасындағы кемеңгерлік, қайраткерлік бір-бірімен сабақтасып жатыр. Тұс-тұстан ашкөзденіп анталап тұрған алпауыт көршілерді Абылай хан сұңғыла саясаткерлігімен қазақтың табалдырығынан аттатпағаны бүгінгі Елбасымыздың дипломатиялық қайраткерлігіне ұштасып астасып жатқан жоқ па? Тарихи тәлімнен сабақ ала білген Елбасының даналығында да өткенмен сабақтастық тұнып тұр. Сондағы жылдан соң қолымыз жеткен азаттықты, тәуелсіздікті аласала, Сарыарқа төрінен ұлттығымызға ұлы шаңырақ көтеру – тұңғыш Президентіміздің кемеңгерлігі, көрегендігі.
Міне, осының барлығы айтуға ғана оңай, атқарылуы нар түйенің жүгіндей ауыр жұмыстар екенін айтпаса да түсінікті. Дегенмен, осы бастамалар мен істердің бәрінде де Қазақстан Республикасы абырой биігінен көріне білді. Үлгі етіп ұсынған жаңашыл идеяларымыз бен іс - қимылдарымыздың халықаралық қоғамдастық тарапынан танылып, оң
бағаланғанының жарқын бір көрінісі – туған Отанымыз табалдырықтан енді ғана аттаған 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше 56 елдің қолдауымен аталған беделі биік халықаралық құрылымға бірауыздан төраға болып сайланды. Отанымыздың ЕҚЫҰ-ға бұрынғы Кеңес Одағы республикаларының Орта Азия мемлекеттерінің және біртұтас мұсылман әлеміндегі елдердің арасынан топ жарып, алғаш
төрағалық етуі де мақтануға тұрарлық жайт.
Нұр жауар хақтан рахман иманды ерге дегендей, еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері Президентіміз өзінің туған елін сара жолмен абыройлы бастап келеді. Бұл жолда Елбасы қаншалықты абыройлы болса, халқы да оны құрметтеп, сыйлаумен келе жатқаны баршаға аян. Жеке өз басым Нұрсұлтан Әбішұлының қазақты, Қазақ елін жер планетасының бергі бетінен арғы бетіне дейін түгелге жуық таныстырып үлгергеніне қатты ризашылық білдіремін. Біздің Президентімізді дүние жүзі таниды және оны өз бауырындай, досындай, ақылшысындай, тіпті өздерінің басшысындай көретінін мақтан тұтамын.
Атан тартқан ауыр жүк мойныңызға артылды,
Түсінген жан едіңіз дәстүрім мен салтымды.
Бір Алла өзі жар болсын
Бастай бер, баста, халқыңды!,
- деп ақындар жырына арқау еткен Елбасы өмірі мен қызметі елі мен жері, оның болашақ дамуына арналған. Бұл жолда қойдай қоңыр халқыңды от пен суға түсірмей алға
бастай бер, Елбасы, Астанаңның діңгегі мықты, мәртебесі биік болғай!
Источник: http:wwwshygarma504-prezident_1.html