Бірнеше жылдар өткеннен кейін хан бір байдың қырық қызы бар деп естиді

Скачать


Баяғыда Әуезхан деген хан болыпты. Ханның қырық баласы бар екен. Осы балаларыма бір жерден қалың берсем екен, – деп ойлайды екен. Бірнеше жылдар өткеннен кейін хан бір байдың қырық қызы бар деп естиді. Соған қалыңмалына сөйлесіп, құда түсіп келуге кісі жіберіпті.
         Ол  байға барып:
— Бізді хан жіберді. Балаларына сіздің қыздарыңызды айттырғысы келеді, – дейді.
         Бай:
— Қыздарыма қалыңмалға мал алмаймын, менің үйімнен өздерінің үйіне дейін тұп-тура жол болсын, жолдың екі жағында бау-бақша, оның түбінен су шығып, бұлбұлдар сайрап тұратын болсын және осы айтқандарымды бір жылда бітірсін, – депті.
Бұл сөзін кісілері ханға айтып келіпті. Хан мұны мақұл көріп, қырық баласын шақырып алып, ең кенжесін алып қалып, отыз тоғыз баласын бірнеше нөкерімен әлгі жұмысты бітіріп келуге жіберіпті. Балалары бірнеше ай жүріп, бітіре алмай келеді. Онан кейін үйде қалған кенже баласы:
— Әке, мені жібер, мен бітіріп келейін! – дейді.
         Әкесі:
— Қой, балам! Отыз тоғыз ағаң бітіре алмағанда, сен қайдан бітірейін деп едің? – дейді.
— Жоқ, барамын, – деген соң, әкесі баласын жібереді. Баласы үйінен жолдас ертпестен, бір ұзын жолмен келе жатса, бір аппақ киімді ақсақалды адамға ұшырайды да оған сәлем береді. Шал сәлемін алады. Шал:
— Қарағым, қайда барасың? – деп сұраса, бала баяғы тілектерінің бәрін шалға баян етеді. Шал:
— Балам, мен тілегіңді берейін, көзіңді жұм! – дейді. Бала көзін жұмады. Бір уақытта:
— Көзіңді аш! – дейді шал. Көзін ашын жіберсе, баяғы тілегінің бәрі қабыл болып қалыпты. Шал:
— Балам! Үйіңе барған соң, қайныңа барма, ағаларың барсын. Ағаларың барып, бірнеше ай жатып қайтар. Қайтарында қатты боран болады, сонда жолда бір әдемі аппақ там тұрады, ол тамға ағаларың бармасын, – депті де ғайып болып, ұшып кетіпті. Бала үйіне келіпті. Ағалары: Не қылдың? – дейді.
— Бітірдім, – деп жауап береді. Онан кейін хан кіші баласын алып қалып, отыз тоғыз баласын қайнына жіберіпті. Кенже баласы ағаларына бағанағы шалдың айтқанын айтып жіберіпті. Ағалары қайнына барады. Барғаннан кейін бірнеше ай жатып, қалыңдықтарын алып, керней-сырнайларын тартып, келе жатса, баяғы ғажап шалдың айтқанындай, үлкен боран болады, жолда айналасында ағаштар жайнап тұрған аппақ там. Баяғы: кірме! деген сөз естерінде. Алдыңғылары кірместен көшті бастап жүре береді. Артта келе жатқан адамдары білместен, шауып барып, аттарын байлап, кіріп кете береді. Алдыңғылары оларды көріп, шауып келіп тағы кіреді. Кіріп қараса, бір айдаһар ысқырып:
— Бәріңді жұтайын ба? Жоқ, болмаса, үйлеріңдегі кіші інілеріңді әкеліп бересіңдер ме? – дейді.
— Ойбай, әкеліп берейік! – деп уәде беріп, жүріп кетеді. Бұлар жүре тұрсын. Үйде қалған інісі ұйықтап жатып, түс көреді. Түсінде баяғы ағаларының әкеліп береміз деп уәде қылғанын сезеді. Тұра келіп, жаман киім киіп алып, үйден шығып, қолына таяқ алып келе жатса, баяғы ағалары кетіп бара жатыр екен. Олардың бұл баламен ісі болмайды. Бұл бала айдаһарға өзі келеді. Келсе:
— Балам, жақсы келдің, арқама мін! – дейді. Бала айдаһардың арқасына мінеді. Мінген соң:
— Көзіңді жұм! – дейді айдаһар.
Бала көзін жұмады, жердің бір шетіне қарай бірнеше уақыт ұшады.
         Айдаһар:
— Көзіңді аш! Көзіңе не көрінеді? – дейді.
Бала:
— Анау жерде бір ұзын ағаш тұр, ол ағаштың басында бір қыз отыр, – дейді.
         Айдаһар:
— Ендеше, түс! – дейді. Бала түседі.
Айдаһар:
— Сол қызды әкеліп берсең, мен сені жұтпаймын, болмаса жұтамын, – дейді.
         Бала:
— Болады, – деп, жүріп келе жатса, бір түлкінің патшасының аяғы сынып жатыр екен. Бала:
— Мен аяғыңа ем қылайын ба? – дейді.
Түлкі:
— Ем қыл, – дейді. Бала сынығын орнына салып, байлап, сипап жіберген екен, түлкінің аяғы жазылып кетіпті.
         Түлкі:
— Мына жүнімді ал. Мен қай жерде керек болсам, жүнімнің бір талын тұтатып жіберсең, дайын боламын, – депті. Онан шығып келе жатса, бір-құмырсқаның патшасы жаралы болып жатыр екен. Бала:
— Мен жараңа ем қылайын ба? – дейді. Құмырсқа:
— Болады, ем қыл, – дейді.
Бала: Сүф, – деп жіберген екен, жазылып кетіпті. О да бір тас беріпті.
— Қай жерде керек қылсаң, мына тасты отқа сал, сонда мен дайын боламын, – депті.
Онан соң бала қызға келіпті. Қыздың қасында қырық дәу ұйықтап жатыр екен. Қыз:
— Қай жақтан келе жатқан (қыздың қасындағы қырық дәу бір ұйықтаса қырық күн ұйықтайды екен), қандай адамсың? Бұрын бұл жерге адам келіп көрген жоқ еді, – дейді.
         Бала:
— Мен ханның баласы едім. Әкеміз түсінде сізді көріп, ғашық болып: Іздеп тауып кел! – деп, мені жіберіп еді. Мен бірнеше жыл кезіп жүріп, сізге кездесіп отырмын, – дейді.
         Қыз ойланып отырып:
— Мен саған ерейін, бірақ екі мақсатым бар, соны бітірсең барамын, болмаса бармаймын, – дейді.
Бала:
— Мақсатынды айт, бітірейін, – дейді. Қыз:
— Мына екі түлкімді кешке дейін жаяу қуып ұстап бер және мына бір қап бидайды құмға сеуіп жіберемін, бір дәнін кем қылмастан теріп бересің, – дейді.
         Бала:
— Болады! – депті.
Қыз екі түлкіні жіберіпті, бидайды құмға шашыпты. Баяғы түлкі патшасының жүнін тұтатып жіберген екен, түлкінің патшасы дайын болыпты. Бала:
— Анау екі түлкіні ұстап бер! – депті. Ол ұстап беріпті. Сосын баяғы құмырсқаның патшасының берген тасын отқа салған екен, ол даяр болыпты.          Бала:
— Мына бидайдың бір дәнін кем қылмастан жинатып бер! – дейді. Ол құмырсқаларын жинап алып, бидайдың бір дәнін қалдырмай жинатып, балаға әкеліп беріпті. Бала әкеліп қызға береді. Қыз:
— Жарайсың! Енді сенімен жүрейін, – депті. Бала қызды ертіп әкеле жатыр. Бірнеше күн өткеннен кейін бала қызға:
— Мен сені алдап ертіп келе жатырмын, – дейді, баяғы істерін бастан-аяқ баян етеді. Қыз:
— Мен де біліп келе жатырмын, бірақ оған бір амал қылайық, – дейді. Бала:
— Оған не амал бар? – дейді. Қыз:
— Сен оған менен бұрын бір күн озып кет, сонан соң үйіне бар, барған соң айдаһар: Қызды әкелдің бе? – дер. Сонда сен: Қыз түстік жерде келе жатыр, – дерсің. Сол уақытта айдаһар далаға шығып, ысқырады, сол кезде сен сандығындағы екі кептердің басын жұлып алсаң, айдаһар өліп қалады, – дейді.
         Бала айдаһарға келеді, келген соң айдаһар:
— Әкелдің бе қызды? – дейді. Бала:
— Қызың түстік жерде келе жатыр, – депті. Айдаһар далаға шығып ысқырған кезде, бала барып кептерлердің басын жұлып тастап, далаға шыға келсе, айдаһар өліп жатыр екен.
Бала сұлу қызды алып, мұратына жетіпті.


Скачать


zharar.kz