Бэнтри ханым

Скачать


Әңгіме ашылмай қалған қылмыстар мен жазасын алмаған қылмыскерлердің төңірегінде болатын. Кезегімен сөз алып, әркім өз пікірін айтып жатты: полковник Бэнтри мен оның толықша келген жайдары мінезді әйелі де, Джейн Хелиер де, дәрігер Ллойд та, тіпті қартаң тартқан Мисс Марпл да. Аузын бағып үндемей қалған бір-ақ адам. Ол сан адамның пікірін тыңдап әбден машықтанған, Скотленд-ярдтың бұрынғы комиссары Сэр Генри Клитеринг еді. Үндемей мұртын шиырып сипап қойып, іштей бір нәрсеге мәз болған адам сияқты күлімсіреп отырған.

— Сэр Генри, — деді Бэнтри ханым шыдамы таусылып, — егер сіз бірдеме демесеңіз, тура айқай саламын. Тиісті жазасын алмаған қылмыстар көп бола ма, жоқ әлде болмай ма?

— Сіз газетке беретін мақаланың тақырыбын ойлап отырсыз, Бэнтри ханым. Тағы да Скотленд-ярд кінәлі деп, ары қарай ашылмай қалған құпиялардың тізімін тізбексіз ғой.

— Ондайлардың, саны меніңше, көп бола қоймас?— деді дәрігер Ллойд.

— Иә, солай. Ашылған жүздеген қылмыстар мен жазасын алған қылмыскерлер туралы көп жазыла да, айтыла да бермейді. Бірақ біздің талқылап отырғанымыз ол емес, солай ғой? Сіз ашылмай қалған қылмыстар мен шешілмей қалған құпиялар жөнінде сөз қозғағанда, бір-біріне қатысы жоқ екі мәселені айтып отырсыз. Бірінші топқа Скотленд-ярд мүлде естімеген, болғанын жан адам білмейтін қылмыстар жатады.

— Бірақ ондайлардың жалпы саны көп бола қоймас? — деді Бэнтри ханым.

— Көп бола қоймас дейсіз бе?

— Сэр Генри! Сонда сіз көп дегелі отырсыз ба?

— Маған салсаңыз,— деді Мисс Марпл ойға кетіп,— ондайлардың саны жетерлік дер едім.

Көркін әлі жоғалтпаған, ескі дәстүрді ұстанған қарттау әйел айтайын дегенін өте байсалды үнмен жеткізді.

— Қымбатты Мисс Марпл,— деді полковник Бэнтри.

— Әрине,— деді Мисс Марпл,— ақымақ адамдар баршылық. Ондайлар не істесе де білініп қалады. Керісінше, ақылды адамдар да жеткілікті. Егер олар адамгершіліктен кетіп, ойына келгенін істесе не болар еді. Ондайды ойласаң төбе шашың тік тұрады.

— Дұрыс айтасыз,— деді Сэр Генри,— ақылдылар баршылық. Бірақ көп жағдайда қылмыстың беті тәжрибесіздіктен кеткен болар-болмас қатеден ашылады. Ондайда өзіңнен өзің: Егер әлгі қате болмағанда қылмыстың беті ашылар ма еді? — деген сұрақ қоясың.

— Әйткенмен бұл көңіл аударатын нәрсе, Клитеринг,— деді полковник Бэнтри.— Айтатыны жоқ, өте ойланатын нәрсе.

— Солай ма?

— Солай ма дегеніңізге жол болсын? Әрине, бұл өте маңызды мәселе.

— Сіз қылмыс жазасын алмай жүре береді дейсіз, солай деуге бола ма? Заң тарапынан жазасын алмай жүре беруі мүмкін, бірақ заңның сыртында біреуге істеген жамандық тыныш жатпайды. Әр қылмыс ерте ме, кеш пе өз жазасын алады деу тым қарапайымдылық болар, бірақ меніңше, ар жазасы бар жазадан ауыр.

— Мүмкін, мүмкін,— деді полковник Бэнтри.— Бірақ бұдан мәселенің маңыздылығы... иә... маңыздылығы өзгермейді...

Ол не дерін білмей бөгеліп қалды.

Сэр Генри Клитеринг жымиып: Жүз адамның тоқсан тоғызы, сөз жоқ, сіз секілді ойлайды,— деді ол.

— Бірақ, білсеңіз, шындығында, маңызды нәрсе кінә емес, адалдық дер едім. Бұны елдің бәрі бірдей түсіне бермейді.

— Түсінбедім,— деді Джейн Хелиер.

— Мен түсінемін,— деді Мисс Марпл.— Мәселен, Трент ханым сумкасынан жарты крона1 ақшасын жоқтаған кезде, елден ерекше қиналған, күндізгі үй қызметінде жүрген Артур дейтін жалшы әйел болатын. Шынында да Тренттер сол әйелден көрген еді, бірақ мейірімді адамдар болғандықтан олар жалшының көп балалы әйел екенін және күйеуінің ішімдікке салынып кеткенін ескеріп, әрине, онша қатты кете қоймады. Бірақ жалшы әйелге олар енді бұрынғыдай емес басқаша қарады. Былай-былай шыққанда оған үйді сеніп қалдырмайтын болды. Әйелге бұл өте ауыр тиді. Басқалар да оған теріс қарап кетті. Кенеттен ұрлық жасаған үйге келіп оқытатын мұғалім екені белгілі болды. Трент ханым оны ашық тұрған есіктің саңлауының айнаға түскен бейнесін байқап қалыпты. Таза кездейсоқтық. Жоқ мен мұны құдіреттің күші дер едім. Әлгі Сэр Генридің айтып отырғаны да осы, мен білсем. Жұрттың көпшілігінің назары мұндайда ақшаны ұрлаған адамда болады. Ал жаңағы оқиғада ұры үш ұйықтаса түске кірмейтін басқа жан болып шықты. Кәдімгі детектив оқиға сияқты. Ал шын ұрлық дап келгенде, көңілді бейкүнә әйел Артурға бөлу қажет еді. Сіздің ойыңыздан шықтым ғой деймін, Сэр Генри, солай ма?

— Иә, Мисс Марпл, дәл төбесінен түстіңіз. Сіз айтқан оқиғадағы үй сыпырушы әйел бақытты адам екен. Оның ары таза екені дәлелденіпті. Бірақ кейбіреулер мұндай жаланы өмір бойы арқалап кетеді.

— Сіз белгілі бір болған оқиғаны айтып отырсыз ба, Сэр Генри?—деді Бэнтри ханым көреген адам секілденіп.

— Иә, Бэнтри ханым, өмірде болған жәйтті айтып отырмын. Өте қызық нәрсе. Біздің ойымызша, бұл оқиғада қылмыс жасалып, кісі өлімі болады, бірақ оны дәлелдеудің ешбір мүмкіндігі табылмайды.

— У берген шығар, білінбейтін,— деді Джейн.

Дәрігер Ллойд мазасыздана қозғалақтап кетті, ал Сэр Генри басын шайқады.

— Жоқ, қымбатты леди. Бұл Оңтүстік Америка үнділерінің улы жебесі емес! Солай болғанын қалар едім. Бірақ біздің жәйт ондай қызық емес. Қылмыскерді табудың ешбір реті келмеді. Бір қарт джентельмен төменде баспалдақта құлап қалады да, мойны үзіліп мерт болады. Күнделікті болып жататын өкінішті кездейсоқтықтың бірі.

— Ал шындығында не болған?

— Кім біледі? Сэр Генри иығын көтеріп: Арт жақтан біреу итеріп жіберді ме? Әлде біреу баспалдаққа жіңішке жіп керіп қойып, кейін алып тастады ма? Ол жағын біз ешқашан біле алмаймыз.

— Бірақ сіз мұны, кездейсоқтық деп ойламайсыз ғой? Оған қандай дәлеліңіз бар?—деді дәрігер.

— Бұл өзі ұзақ оқиға, бірақ... біздің күмәніміз жоқ. Жаңа айтқандай айыпты адамды тауып, қылмысын мойындатудың реті келмеді. Өйткені айғақ әлсіз еді. Айтайын деп отырған әңгіменің екінші жағы бар. Бұл қылмысты осыған қатысы бар төрт адамның төртеуі де жасауы мүмкін еді. Біреуі айыпты болса, басқа үшеуінің ары таза. Ал әзірше, шындықтың беті ашылмай, әлгі үш адам да күдіктен арыла алмайды.

— Меніңше,— деді Бэнтри ханым,— бізге сол ұзақ әңгімеңізді айтып берсеңіз дұрыс болар еді.

— Онша созбай-ақ айтуыма да болады,— деді Сэр Генри.— Бәрін болмаса да бас жағын ықшамдайын. Бұл Каморра, иә болмаса ел арасында Каморра жайлы айтылып жүрген қауесетпен қабысатын немістердің Қара қол деген құпия ұйымымен байланысты жәйт. Шантаж бен террордың құпия жоспары бар мұнда. Бұл ұйым бірінші дүниежүзілік соғыс бітісімен аяқ астынан пайда болды да, тамырын кең жайып кетті. Мұның құрбандығына айналғандарға сан жетпейді. Үкімет бұған қарсы жарытып ешнәрсе істей алмады. Себебі әлгі жасырын ұйымның мүшелері құпияларын қызғыштай қорғайтын. Олардың құпия сырын ашу мүлде мүмкін емес.

— Англияда бұл туралы ешкім ешнәрсе білмейтін, ал Германияда ұйым өте қатты тамырланып алған болатын. Ақыры әлгі ұйым бір адамның еңбегінің арқасында әшкере болып, ыдырап кетті. Енбек сіңірген доктор Розен, кезінде аса маңызды барлау жұмыстарына қатысқан адам. Ол әлгі құпия ұйымға мүше болып, ішіне еніп алып, жаңа ғана айтқанымдай, оның тамырына балта шапты.

Бірақ ол өзінің кім екенін сездіріп алады, сондықтан Германиядан біраз уақытқа кетуге тура келген. Бұл дұрыс шешім болатын. Ол енді Англияға келді. Берлин полициясынан біз ол туралы хабар алғанбыз, маған өзі келіп ауызба-ауыз сөйлескен еді. Келешекте өзін қандай сыбаға күтіп тұрғанын ол өте жақсы түсінетін. Сөйте тұра, мойымай, тағдырдың жазғанын көріп алармын деп жүре беретін.

— Мені өлтіреді Сэр Генри, оған титтей де күмәнім жоқ,— дейтін ол.

Бойы биік, ақылды, зор дауысты, ептеп қырылдап сөйлейтін. Мұнысы оның басқа ұлттың адамы екенін білдіріп қоятын. Бұл баяғыда үкімі шыққан нәрсе. Болғаны болар, мен оған дайынмын. Бұл іске о баста кіріскенде-ақ басымды өлімге тіккен болатынмын. Қолымнан келгенді аяғаным жоқ. Құпия ұйымның құзғындары басын енді еш уақытта да біріктіре алмайды. Бірақ мүшелерінің біразы әлі еркіндікте жүр. Бір ғана кек алады. Ол — менің өмірім. Бұл — уақыттың шаруасы. Менің тілейтінім сол уақыт ұзағырақ болса екен. Өзіңіз білесіз, мен бір өте қызық материал жинап бастырып жүрмін. Бұл — өмірлік ісімнің қорытындысы. Мүмкін болса, сол еңбегімді бітірсем бе деймін.

— Ол сондай қарапайым, бірақ өзіне тән парасатпен сөйлеуші еді. Онысы маған ұнайтын. Қолдан келген шараның бәрін де жасайтынымызды айтсам, менің сөзімді ысырып: Әйтеуір бір күні, ерте ме кеш пе, олар мені өлтіреді,— дейтін ол,— сол күн жетсе қамықпа. Қолдан келгеннің бәрін де жасайтыныңа күмәнім жоқ.

Сосын ол ойындағы жоспарын айтты. Тым қарапайым екен. Селолық жерден бір коттедж тауып алып, сонда тыныш өмір сүріп, жұмысын жалғастырғысы келетінін білдірді. Сайып келгенде, ол Соморсет2 жақтағы Кингз Гнэтон дейтін селоны таңдады. Ол теміржолдан жеті миль қашықтықта орналасқан, цивилизациядан аулақ село болатын. Әдемі коттедж сатып алып, оны біраз өзгертіп, жөндетті де көңілі орнына түсіп, жайғасып алды. Үйінде өзінен басқа жиен қызы — Грета, секретары, өзіне қырық жылдай сенімді қызмет еткен үй шаруасындағы неміс әйелі, сырттағы жұмыстар мен бағбандық шаруаны атқаратын Қингз Гнэтон — селосының бір тұрғыны тұратын.

— Күдікті төртеу,— деді дәрігер Ллойд жайлап.

— Дәл айтасыз. Күдікті төртеу. Басқа айтатын көп ешнәрсе де жоқ. Кингз Гнэтондағы бейбіт өмірдің бес айға дейін шырқы бұзылған жоқ болатын. Енді міне, бәрі аяқ астынан бүлінді. Бір күні ертеңгісін доктор Розен баспалдақпен төмен түсіп келе жатып, құлап қалады. Оның өліп қалғаны жарты сағаттан кейін белгілі болады. Өкінішті жағдай болған кезде, Гертруд ас үйде отырып, есік жабық болғандықтан ештеңе естімеген. Өзінің айтуы осылай. Грета бикеш бақтың ішінде, кейбір гүл тұқымдарын қайта отырғызып жүріпті. Бағбан Доббздың айтуына қарағанда, ол қыш құмыраларда өсетін гүлдер тұратын кішкентай сарайда ертеңгі тамағын ішіп отырыпты. Секретары сыртта серуендеп жүріпті. Қылмысқа қатысы жоқтығын дәлелдейтін айғақ біреуінде де жоқ. Бір де бірі екіншісінің айтқанын растай алмайды. Бірақ бір мәселе айдан анық: қылмысты сырттан келген біреудің істеуі мүмкін емес, себебі бейтаныс адам Кингз Гнэтон секілді кішкентай селода бірден көзге түскен болар еді. Алдыңғы есік те, артқы есік те кілттеулі екен, өйткені әркімнің өз кілті бар-тын. Байқап отырған боларсыздар, күдік сол төрт адаммен ғана шектеледі. Солай бола тұра, әр қайсысының да ары таза секілді. Грета болса, доктордың інісінің қызы. Гертрудқа келсек, ол — қырық жыл бойы өзіне адал қызмет етіп келе жатқан адам. Доббз — өмір бойы Кингз Гнэтон селосынан қарыс адым шығып көрмеген адам. Ал секретарь, Чарлз Темплтон...

— Иә,— деді полковник Бэнтри,— ол ше? Меніңше, сол күдікті секілді. Сіз ол туралы не білесіз?

-— Ол менің білетіндігімнің арқасында ғана соттан аман қалған болатын кезінде,— деді Сэр Генри жабырқап.— Чарлз Темплтон, білсеңіз, өз адамдарымның бірі болатын.

— Не дейді!—деп полковник Бэнтри таңғалып қалды.

— Иә солай. Сол төңіректе бір адамның жүргенін мақұл көрдім, бір жағынан селода артық әңгіме шығып кетпеу жағын да ойластырдым. Розенге шынында да секретарь керек болғандықтан Темплтонды орналастыра қойып едім. Ол — нағыз джентельмен, немісше судай, сосын өте қабілетті жігіт.

— Ал енді кімнен күдіктенесіз сонда?— деді Бэнтри ханым таңданған үнмен.— Олардың барлығы да... иә, түк түсінсем бұйырмасын.

— Иә, әзірге осылай болып тұр. Бірақ бұл мәселеге басқа жағынан да келуге болады. Мәселен, Грэта бикеш, Розеннің жиені, өте сүйкімді қыз. Бірақ соғыс не көрсетпеді. Ағасын қарындасына, әкесін баласына жау етіп жіберді ғой. Ал ең әдемі, ең мейірімді деген жас қыздардың өзі не бір сұмдықтарды істеді емес пе? Бұл айтылғанның Гертрудқа да қатысы бар. Кім біледі оның басынан не өткенін? Қожайынымен бет жыртысқан кездері де болған шығар. Реніші жыл өткен сайын ұлғаюы да мүмкін, сонша жыл қызмет істегенде тапқаным осы ма? деуі де ғажап емес. Ондай шаруадағы егде әйелдердің мінезі кейде өте шатақ болады. Ал Доббз ше? Семьяға туыстығы жоқ деп, оны бұл істен аулақ тұр деуге бола ма? Ақша не істетпейді? Мүмкін байқатпай келіп оны біреу сатып алған да шығар.

— Бір нәрсе анық сияқты: сырттан не хат, не бір бұйрық келген болуы керек. Әйтпесе, бақандай бес ай бойы ешнәрсе болған жоқ қой. Демек, құпия ұйымның агенттері қарап жатпаған болды. Розеннің сатқын екеніне әлі көздері анық жетпей, істі тексеріп алғанша кідірте тұрған болар. Сосын егжей-тегжейіне анықтап көздерін әбден жеткізген кезде сол үйде жүрген жансыздарына хат жолдап Өлтір! деп бұйрық берген болуы керек.

Неткен сұмдық! — деді Джейн Хелиер қалшылдап.

— Бірақ хат қалай жетуі мүмкін? Жұмбақтың шешуі сонда болар деп, осыны анықтауға тырыстым. Әлгі төртеудің біреуіне келіп, біреу жолын тауып бірдеме деп кетуі мүмкін ғой. Мұндайды көп созбайды. Бұйрық жетсе болды, ол бірден орындалатын. Қара қолдың заңы солай-тын.

— Мен іске кірістім. Бірақ бұл сіздерге тым ұсақ дүние болып көрінуі де мүмкін. Коттеджге сол күні кім келіп кетті? Солардың бір де бірін қалдырмай тексеріп шықтым. Міне тізімі.

Ол қалтасынан конвертті шығарып, ішінен бір қағазды суырып алды.

— Қойдың мойын омыртқасын алып қасапшы келіпті. Тергеп ештеңе таба алмадым. Бакалея дүкеншісінің көмекшісі бір қапшық жүгері ұнын, екі фунт3 қант, бір фунт май және бір фунт кофе алып кеп тастапты. Ол да таза болып шықты. Хат тасушы келіп Розен бикешке екі каталог, жергілікті жерден Гертрудка бір хат, доктор Розенге біреуінде шетелдік маркасы бар үш хат, Темплтон мырзаға шеттің маркасы бар екі хат тастап кетіпті.

Сэр Генри сөзін доғарып, конверттен және бір қағаз шығарды.

— Қарап шығуларыңызға болады, қаласаңыздар. Мен бұл документтерді іске қатысты адамдардан және керексіз қағаздарды тастайтын себеттерден жинап алдым. Көзге көрінбейтін сия, тағы басқасын анықтау үшін, мамандарға беріп тексертіп алғанымды айтып жатудың қажеті де бола қоймас. Ол жағына алаң болмай-ақ қойыңыздар.

Көруге ұмтылып, отырған жұрт Сэр Генриді айнала қоршап алды. Каталогтардың бірін гүл өсіретін питомниктің иесі жіберіпті де, екіншісі — Лондондағы бағалы аң терілермен айналысатын мекемеден келіпті. Доктор Розеннің атына жіберген екі счеттің бірі баққа отырғызатын тұқымдардікі екен де, екіншісі жазу-сызуға арналған бұйымдар шығаратын фирмадан келіпті. Розенге жазылған хаттың мазмұны мынау:

Құрметті Розен, қазір ғана доктор Гельмут Спаттан келіп отырмын. Алдыңғы күні Эдгар Джексонды көрдім. Амос Перри екеуі Шаньтаудан4 оралыпты. Дәл шындықты айтсам олардың саяхатына қызығатын түк те жоқ. Тезірек хат жаз. Бұрын айтқанымдай ана бір адамнан сақ бол. Кімді айтып отырғанымды өзің білесің, бірақ маған сенбей жүрсің ғой.

Сәлеммен Георгина.

— Темплтон мырзаның почтасы мына бір өздеріңіз көріп отырған тігіншіден келген счет пен Германияда тұратын бір досынан келген хат екен,— деп Сэр Генри сөзін одан әрі жалғастырды.— Өкінішке орай, әлгі хатты ол серуенге шыққан кезде жыртып тастапты. Ал енді мынау — Гертруд алған хат.

Қымбатты Шварц ханым, біз сені жұма күні кешке болатын жиналысқа келеді ғой деген үміттеміз. Священник те солай ойлайды. Ел түгел шақырылып отыр. Сүр еттің рецепті өте жақсы екен, ол үшін үлкен рахмет. Хат қолына тисе, жұма күні көрісерміз.

Сәлеммен Эмм Грин.

Дәрігер Ллойд бұған жымиды. Бэнтри ханым да қоса күлді.

— Меніңше, соңғы хатты істен алып тастаса да болады,— деді дәрігер Ллойд.

— Менің де ойым сол,— деді Сэр Генри,— бірақ шіркеуде Грин ханым мен жиналыстың болған-болмағанын тексертіп алдым. Сақтықта қорлық жоқ деген.

— Бұл біздің Мисс Марплдың аузынан түспейтін мәтелі ғой,— деді дәрігер Ллойд жымиып.— Ойға шомып кетіпсіз ғой, Мисс Марпл. Не ойлап отырсыз?

Мисс Марпл селк ете қалды.

— Ақымақ басым,— деді ол.— Ана доктор Розенге келген хаттағы шындық деген сөздің неге бас әріппен жазылғанына миым жетпей дал болып отырғаным.

Бэнтри ханым іліп алып, Солай де. Охо!,— деді.

— Иә, шырақ,— деді Мисс Марпл.— Мен сені байқады ғой деп отырсам!

— Хатта ап-анық ескерту бар,— деді полковник Бэнтри.— Менің ойыма бірінші сап ете түскені сол болды. Иә, анық ескертіп отыр, бірақ кімге нені ескертіп отыр?

— Жаңағы хатқа байланысты тағы бір түсініксіз жәй,— деді Сэр Генри,— Темплтонның айтысына қарағанда, доктор Розен ертеңгі ас кезінде хатты ашып оқиды да, оны жазған ер адамның кім екенін біле алмай Темплтонның алдына тастай салған.

— Бірақ хатты жіберген ер адам емес қой,— деді Джейн Хелиер. Хатқа Георгиня деп қол ұойыпты ғой.

— Кім екенін айту қиын,— деді дәрігер Ллойд.— Георгий болуы да мүмкін, бірақ әрине Георгиняға көбірек ұқсайды. Бірақ мені қатты ойландыратын нәрсе хат ер адамның қолымен жазылған.

— Жоқ,— мұнда бір гәп бар,— деді полковник Бэнтри.— Ештеңе білмегенсіп хатты столға тастай салғаны несі. Біреудің бет-әлпетінен әлденені аңғарғысы келді ме? Сонда кімді бақыламақшы болды, қызды ма, жоқ әлде жігітті ме?

— Жоқ әлде аспазшы әйелді ме?— деп, Бэнтри ханым өз ойын қыстырды.— Сол кезде ол тамақ тасып жүрген болар. Бірақ менің көре алмай тұрған нәрсем... өзі бір түрлі...

Ол қабағын түйіп хатқа үңілді. Мисс Марпл оған таяп келіп, саусағымен хатты шұқып, екеуі өзара бірдемелерді айтып жатты.

— Бірақ әлгі секретарь екінші хатты неге жыртып тастайды?—деді Джейн Хелиер кенеттен.— Білмеймін, мұнда да бір сыр бар секілді. Оның Германиядан хат алатын қандай қисыны бар? Тіпті ол күдіктен аулақ деп сіз айтқанның өзінде де...

.— Бірақ Сэр Генри олай деген жоқ,— деді Мисс Марпл сөзді іліп алып. Ол Бэнтри ханыммен сыбырласқанын доғара қойып, басын көтерді де: Төртеуі де күдікті деген болатын. Ендеше, Темплтон мырзаны да қосып отыр. Қалай, менікі дұрыс па, Сэр Генри? — деді.

— Иә, Мисс Марпл. Басқа түссе баспақшыл боласың дегендей, өмір үйреткен бір сабақ сол — өз басым еш уақытта да бәленше күдіктен таза дегенге сене алмаймын. Мен сіздерге жаңа ғана ана үш адамның кінәлі болуы мүмкін екенін дәлелдеп бердім. Чарлз Темплтон тарапында кезінде ондай ештеңе айта алмадым. Бірақ жаңағы принципті бетке ұстап, ақыры оған да жеттім. Сосын мен мынаны мойындауға мәжбүр болдым: қандай болмасын армияның, флоттың, полицияның ішінде белгілі бір мөлшерде сатқындары болады. Қаншалықты мойындағымыз келмесе де, бұл солай. Сондықтан мен мына іске Чарлз Темплтонның қандай қатысы бар екенін де әділетті түрде тексеріп шықтым.

Жаңа Мисс Хелиер қойған сұрақты мен де көп қойдым. Елден ерекше ол неге алған хатын бірден суырып бермейді? Хатқа неміс маркасы жапсырылған ғой. Оның Германиядан хат алатын қандай реті бар?

Сондықтан да мен оған әлгі сұрақты қойдым. Ол бөгелместен жауап қайтарды. Шешесінің сіңлісінің күйеуі неміс екен. Хат оған нағашы қарындасынан келіпті. Сонымен мен бұрын өзім білмейтін бір нәрсені, яғни әлгі Чарлз Темплтонның Германиядағы адамдармен байланысты екенін аштым. Бұл оны күдіктілердің қатарына қосуға бірден-бір себеп болды. Ол менің адамым, өзім жақсы көретін әрі сенетін жігітім, бірақ әділеттік пен шындыққа жүгінсек, күдіктілердің тобында бірінші болып тұрғанын мойындамасқа болмайды.

Көзім анық жетпейді! Білмеймін... Мүмкін еш уақытта да біле алмаспын. Мәселе кісі өлтірген адамды жазалауда емес. Мәселе мен үшін мүлде басқада. Ол жүз есе маңыздырақ. Бүл күдікке бола адал адамның арын аяққа таптау ғой. Ал әлгі күдікпен есептеспейін десең тағы да болмайды.

Мисс Марпл жөтеліп, сыпайы ғана: Егер мен сізді дұрыс түсінсем, Сэр Генри, әсіресе Темплтон мырза ғой мазаңызды алып тұрған?,— деді.

— Иә, бір есептен солай десе де болады. Теория жүзінде төртеуі де күдікті, ал іс жүзінде олай емес. Мәселен, Доббзды алайық. Одан да күдіктенемін, бірақ мәнсабына бұдан келіп кететін түк те жоқ. Өйткені, селодағы жұрттың бәрі де доктор Розенді абайсызда құлап өлді деп жүр. Ал Гертрудтка күдік көбірек. Өйткені Розен бикештің оған деген көзқарасы өзгеруі мүмкін ғой. Бірақ бұдан Гертрудка келіп-кетер пәлендей ештеңе жоқ сияқты.

Ал енді Грета Розенге келетін болсақ, иә, бұл жерде мәселе қиындау. Грета өте сұлу қыз, ал Чарлз Темплтон болса әдемі жігіт. Олар бес ай бойы бір үйде тұрғандықтан, назарларын аударатындай бөтен ешкімді көре алмады. Екеуі бір-бірін сүйіп қалған болатын.

— Сөйтіп жүргенде жаңағы сұмдық сап ете түсті. Осыдан үш ай бұрын, мен қайтып оралғаннан соң бір-екі күннен кейін, маған Грета Розен келіп кетті. Ол коттеджді сатып, нағашысының шаруаларын реттеп, Германияға қайтып бара жатыр екен. Менің қызметтен қол үзіп кеткенімді біле тұра, ол қыз мені өзінің жеке басына қатысты мәселеге бола іздеп келіпті. Алғашқыда біраз кібіртіктеп отырды да, сосын ішіндегісінің бәрін ақтарды. Әлгі неміс маркасы жапсырылған, ана Темплтон жыртып тастайтын хат бар емес пе, соны қайта-қайта айтып, мазасы кетті. Жігіттің айтқаны рас па екен? Әрине, рас болуы керек деген сияқты күдік қинайтын сияқты. Қыз жігіттің сөзіне сенді, бірақ, көзі әбден жетсе ғой! Күмәнсіз болса ғой!

— Байқайсыз ба? Tуpa менің айтқаным секілді. Қанша сенейін десе де, ана жасырын күдік көңіліне ұялап, көкейінен кетпейді. Мен де оған ашығын айтып, көз жеткізу керектігін ескерттім. Чарлз екеуіңнің бір-біріңді ұнататындарың рас па деп сұрадым.

— Солай,— деді ол.— Біз сондай бақытты едік. Әр күніміз рахатқа толы еді. Біз мұны жақсы сезіндік. Асыққан жоқпыз, уақыт жетерлік болатын. Бір күні сүйетінін айтар, мен де оған айтармын деп жүргем. Ех, несін айтасыз! Түсініп тұрсыз ғой! Ал қазір бәрі де өзгерді. Біздің арамыз суи бастады, бір-бірімізден қымсынатын болдық. Кездесе қалсақ не айтарымызды білмейміз. Байқауымша, ол да менің күйімде жүрген сияқты... Іштей: Шіркін, көзім анық жетсе! деп жүрген жай бар. Сондықтан да, сізден өтінемін, Сэр Генри, Нағашыңды Чарлз Темплтон өлтірген жоқ, осыған кәміл сен! — деңізші маған. Мен сізден жалынып сұраймын, солай деңізші!

— Мен оған олай дей алмадым. Олардың арасы ендігі жерде ажырап кетеді. Көкейлерінен ана күдік өле-өлгенше кетпейді.

Сэр Генри шалқайып орындығының арқасына сүйенді. Өңі сұрғылт тартып шаршаған сыңай танытады. Ол тұнжырап, басын бір-екі рет шайқап-шайқап жіберді.

— Бұған енді қолдан келер дауа жоқ, тек... Ол орындығына қайта жайғасып отырды. Өніне беймәлім күлкі үйіріліп: Мисс Марпл бізге көмекке келмес пе екен? Мен білсем, ана хат — сіз илейтін терінің пұшпағы. Әлгі шіркеуде болатын жиналыс жөнінде жазылған хатты айтамын. Шешуі оп-оңай бір нәрсені, иә біреуді еске түсірмей ме? Бақытты болғысы келетін бишара екі жасқа қол ұшын бергіңіз келмей ме?

Қалжыңдап отырғанмен оның сөзінде шындық бар еді. Осы бір нәзік, ескі дәстүрді ұстанып, әлі күнге дейін тұрмыс құрмаған әйелдің ойлау қабілетін ол өте жоғары бағалайтын. Сэр Генри Мисс Марплға үміт арта қарап қалды. Мисс Марпл жөтеліп, көйлегінің шашағын сипап Шынында да бұл маған аздап Энни Поултниді еске салып отыр,— деді мойындап.— Әрине, ол хат Бэнтри ханымға да, маған да түсінікті. Шіркеуден келген хат емес, ана екінші хатты айтып отырмын. Сэр Генри, сіз соншама жыл бойы Лондонда тұрып, бақпен айланыспағандығыңыздан бір нәрсені байқай қоймаған сияқтысыз.

— А?— деді Сэр Генри.— Нені байқауым керек еді?

Бэнтри ханым қолын созып, бір каталогты суырып алды да, ашып жіберіп дауыстап оқи бастады. Доктор Гельмут Спат. Таза лилия, өте тамаша, ерекше ұзын, әрі қатты сабақты гүл. Қиылуы оңай, бақты әшекейлеуге таптырмайтын өсімдік. Эдгар Джексон. Формасы әдемі келген хризантема іспеттес ашық қызыл күрең гүл. Амос Перри. Ашық қызыл, аса сәнді гүл. Шаньтау. Тамаша қызғылт сары, бақтың сәнін келтіретін, ұзақ гүлдейтін өсімдік.

Шындық...

— Есіңізде болар, әлгі хаттағы бас әріппен жазылған сөз,— деп Мисс Марпл күбір ете қалды.

Шындық. Ақшыл күлгін түсті формасы өте әдемі, шоқты гүл. Бэнтри ханым бар пәрменімен: Георгин!,— деп каталогты тастай салды.

— Олардың басқы әріптерін қосып оқитын болсаңыз өлім деген сөз шығады,— деді Мисс Марпл.

— Бірақ ол хат доктор Розенің өзіне арналған хат еді ғой,— деді Сэр Генри пікір таластырып.

— Ең қызығы да сонда жатыр,— деді Мисс Марпл.— Ол бар, сосын әлгі ескертуі бар. Іші бейтаныс есімдерге толы әрі өзі танымайтын біреуден келген хатты ол не істейді?

Әрине, секретарының алдына тастай салады.

— Сонымен түптеп келгенде...

— Жоқ , жоқ!— деді Мисс Марпл.— Секретарь емес. Ол емес екені айдан анық. Егер ол болатын болса, жаңағы хатты әуелден-ақ көрсетпей тығып тастаған болар еді. Неміс маркасы жапсырылған, өзіне келген хатты да жыртып тастамас еді. Ол адал адам.

— Онда кім...

— Е... бұл арасы енді айқын сияқты. Анық болғанда қандай десеңізші. Ертеңгі ас кезінде стол басында және бір адам болды ғой. Ол қыз әрине, жаңағыдай жағдайда қолын созып, әлгі хатты алып оқиды. Міне осылай. Сол күнгі почтамен ол да бақ өсіруге арналған бір каталог алғаны есіңізде болар...

— Грета Розен,— деді Сэр Генри жайлап қана.— Онда оның маған келуі...

— Еркектер мұндай нәрселерге ешқашан мән бермейді,— деді Мисс Марпл.— Сосын олар мына біз сияқты қарт әйелдердің мысық сияқты көрмейтіні жоқ деп ойлайды. Бірақ байқадыңыз ғой. Өкінішке орай, әркім өз жынысын көбірек біледі. Осыдан кейін сөз жоқ олардың арасында жік пайда болды. Жігіт аяқ астынан жиреніп шыға келді. Еріксіз сезіктеніп қалып, онысын жасыра алмады. Ал енді қыздың сізге келуі, мен білсем, нағыз арамдық . Оның жағдайы қауіпсіз болатын. Солай бола тұра жолынан бұрылып келіп, сіздің күдігіңізді біржолата бишара Темплтонға аудармақ болған. Қыз келіп кеткенге дейін сіз Темплтон туралы екі ойлы едіңіз.

— Меніңше, қыздың айтқанында тұрған ештеңе жоқ...— деп Сэр Генри сөз бастап келе жатыр еді, Мисс Марпл оны тежеп: Джентельмендер, мұндай нәрселерді байқамайды,— деді байсалды үнмен.

— Ал әлгі қыз..,— деп Сэр Генри үндемей қалды.— Ол қыз тапа талтүсте аспай-саспай кісі өлтіріп, аспап-саспай жайбарақат кете барған болды ғой онда!

— Жо, жоқ. Сэр Генри,— деді Мисс Марпл.— Ол жанасын алмай кете алмайды. Оған сіз де, мен де сенбейміз. Әлгінде ғана айтқаныңыз есіңізде ме? Жоқ, Грета Розен жазасын алмай қоймайды. Мәселен, оның бірге жүргендері оңған адамдар емес. Олар — шантаж жасайтын, кісі өлтіретін топтың адамдары. Қызға олар опа қылмайды, бір күні көресің түбіне жетеді. Өзіңіз айтпақшы, қылмыскерді айта бермей, ары таза, адал адамдардың да жағдайын ойлайық. Темплтон мырза, мен білсем, ана Германиядағы өзіне хат жазған нағашы қызға үйленеді. Оның хатын жыртып тастауы, иә, бұл да күдік туғызады. Бірақ бұл күдік бағанадан бері біз айтып отырған күдіктен мүлде бөлек. Хатты Грета керіп қалады немесе оқып қояды деп қорықса ше? Иә, бұл жерде де махаббат бар сияқты. Ал енді Доббзға келсек, иә, сіз айтпақшы, оған келіп кететін ешнәрсе жоқ. Ол бір тамағынан басқаны ойламайтын адам сияқты ғой. Енді қалғаны ана бишара Гертруд кемпір. Оны ойласам, ойыма Знни Поултни түседі. Байғұс Энни Поултни. Елу жыл адал қызмет істеп келгенде, оған Мисс Лэмнің мұрасы жайлы документтерін ұрлап, құртып жіберді деген өсек тағылды. Оны ешкім де дәлелдей алған жоқ, бірақ бишараның түбіне сол жетті. Кейінірек ол қайтыс болған соң, жаңағы қағаздар шай салып қоятын жасырын тартпадан табылыпты. Сөйтсе, сақтық үшін қағаздарды жаңағы тартпаға Мисс Лэм кемпірдің өзі салып қойып, ұмытып кетсе керек. Бірақ бишара Энни үшін бұл тым кеш еді.

Байғұс неміс кемпір де әлгінің аяғын құша ма деп, жаныма қатты батып отыр. Қартайғанда адамның көңілі қалғыш келеді ғой. Темплтон мырзадан гөрі сол кемпірге жаным көбірек ашиды. Өйткені Темплтон әрі жас, әрі әдемі. Қыздарға да ұнайтын көрінеді. Сіз Гертрудқа ары таза екені анықталғаны жөнінде хат жазып жіберерсіз, Сэр Генри, солай ғой? Ерекше сыйлаған қарт қожайыны қайтыс болып, өзіне түскен күдіктен сары уайымға салынып жүрген шығар... Ту! Ойыма түссе, шыдай алмаймын!

— Мен хат жазамын, Мисс Марпл,— деді Сэр Генри. Ол Мисс Марплға таңдана қарады.— Сізді мен еш уақытта да түсіне алмаспын, сірә. Сіздің дүниетанымыңыз әрқашан мен ойлағаннан бөлек болады да тұрады.

— Менің дүниетанымым өте тар ма деп қорқамын,— деді Мисс Марпл кішіпейілділік көрсетіп.— Осы уақытқа дейін Санкт Мэри Миидтен басқа ештеме көрмеппін.

— Соның өзінде де сіз халықаралық құпияның сырын ашып отырсыз ғой,— деді Сэр Генри — оны сіз аштыңыз. Оған көзім жетіп отыр.

Мисс Марпл қызарып кетті де, қалпына қайта келді.

— Мен өз заманыма лайықты жақсы білім алдым ғой деп ойлаймын. Сіңлім екеуміздің неміс мұғаліміміз болды. Өзі бір сондай сезімтал жан болатын. Ол бізге бүгінде ұмыт болған тамаша гүлдердің сырын үйретіп еді. Сары қызғалдақ, мәселен, үмітсіз махаббат дегенді, ал қытай астрасы қызғаныштан қолыңда өлем дегенді білдіреді. Әлгі хаттың соңындағы қол Георгия еді ғой. Ұмытпасам оның немісшесі dahlia болуы керек, ал сол сөз бәрінін де сырын ашып тұр. Dahlia деген сөздің қандай мағына беретінін ұмытып қалып, есіме түсіре алмай тұрғанымды қарашы. Бұрынғыдай емес ұмытшақ боп барамын.

— Қалай дегенде де оның мағынасы өлім емес.

— Жоқ, әрине. Сұмдық емес пе? Дүниеде неше түрлі масқара бар ғой.

— Баршылық,— деді Бэнтри ханым күрсініп,— кейбіреудің гүлдері; енді біреулердің достары болғаны қандай бақыт десеңізші.

— Өздеріңіз байқап отырсыздар, нүктені Мисс Марпл қойды,— деді дәрігер Ллойд.

— Бір кісі күн сайын театрға маған арнап қан қызыл орхидея гүлдерін жіберіп тұрды,— деді Джейн армандап.

Сэр Генри жөтелді де, басын бұрып әкетті.

Мисс Марпл күтпеген жерден дауыстап: Есіме енді түсті. dahlia деген сатқындық, өтірік деген мағына береді,— деді.

— Бәрекелді,— деді Сэр Генри,— өте тамаша.

Сосын ол күрсініп салды.


Скачать


zharar.kz