Әкім Ысқақ - Бірінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. Тұңғыш қазақ тілінде жазылған Халықтың көші-қоны туралы заңының авторы,Қазақстанның 1997 жылының Жыл адамы, ақын, сазгер
Әкім Әбдіхайымұлы Ысқақ 1960 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданы Бөржар ауылында туған. 1977 жылы өзі туып өскен жердегі Абай атындағы қазақ орта мектебін тәмамдаған.
Екі мамандықтың иесі: Шымкент педагогтық институтын бітірген, физика және еңбек пәнінің мұғалімі, Алматы мемлекеттік университетін бітірген, заңгер. 2008 жылы Германияның Шпайер қаласында Әкімшілік ғылымдар жөніндегі Неміс университетінде мемлекеттік қызметкерлердің курсында оқып, білім алған.
1980 жылдан өзі оқыған Абай атындағы орта мектеп мұғалімі, 1990 жылғы сәуірден Бөген аудандық партия комитетінің идеология бөлімінің нұсқаушысы. 1990 жылдың шілде айынан республикалық Лениншіл жас газетінің Қызылорда, Шымкент, Жамбыл облыстары бойынша меншікті тілшісі, әрі 1991 жылдың желтоқсан айынан халық депутаттары Шымкент облыстық кеңесінің Баспасөз хатшысы. 1992 жылдың наурыз айынан Ордабасы ауданы білім бөлімінің меңгерушісі. 1995 жылы желтоқсанда баламалы негізде №60 Ордабасы сайлау округінен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. 1999 жылдан Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, ҚР Парламенттінің жауапты қызметкері.
Мәжіліс депутаты кезінде ерекше белсенділігімен, шынайы ұлтжандылығымен, қазақ тілінің жанашырлығымен қоғам, мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілген ол елдің нағыз халық қалаулысына айналды. Қазақстан парламентаризмінде тұңғыш қазақ тілінде, әрі Үкіметке баламалы негізде Халықтың көші-қоны туралы заңын жазған депутат ретінде аты тарихта қалды. Жылға жуық қызу, текетірес талқылауда, Парламент қабырғасындағы 42 отырыста Ә.Ысқақ өз заң жобасын қайраткерлікпен қорғап, дәлелдей білді. Нәтижесінде арада 11 ай өткен уақытта, астана Ақмолаға көшкенде яғни 1997 жылдың 13 желтоқсанында Елбасы бұл заң жобасына қол қойды. Белгілі қаламгерлер Қ.Мұхамеджанов, Ә.Нұрпейісов, М.Қозыбаевтардың сөзімен айтсақ Оның Қажыгелдин үкіметіменен, Коржова министрлігімен бір жыл бойы ашық айтысқа түсе отырып, Халықтың көші-қоны туралы заңының балама жобасын дүниеге әкелуі тіл жеткісіз ерлік еді.Ол сонысымен де Қазақстанда жеке заң дайындаған депутат,Қазақстанда қазақ тілінде заң дайындаған депутат,Қазақстанда Үкімет заңын күшінен қалдырған депутат ретінде тұңғыш тұлға болып қалды.Кәсіпқой парламентшілер ішінде ол өзінің халықшылдығымен, ержүректігімен,ең бастысы қазағына тән қарапайым қамқоршылдығымен шын мәніндегі халық қалаулысы екендігін дәлелдеген адам.
Осы заңның негізінде елімізде Көші-қон және демография жөніндегі агенттік, облыстарда көші-қон басқармалары құрылды. Осы заңның арқасында алыс және жақын шетелдерден 300 мыңға жуық отбасы көшіп келіп, 1 миллионнан аса қандастарымыз атамекенге оралды. Санкт-Петербургте Парламентаралық Ассамблеяда Қазақстанның Халықтың көші-қоны туралы бұл заңын жоғары бағалап, тіпті модульдық заң ретінде ұсынғаны да көзі қарақты адамға мәлім. Әсіресе Ә.Ысқақ Қытайдан, Монғолиядан, Өзбекстаннан оралған жүздеген оралмандардың азаматтық алуына, пәтер алуына, білім алуына, жұмысқа орналасуына және т.б. жұмыстарына тікелей қамқор болды. 1999 жылы Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдап, арнайы ұшақ бөлгізіп Ауғанстандағы, Пәкстандағы шиеленісті жерде бастарына қауіп төнген, аш-жалаңаш қалған 700 қазақтың аман-есен Қазақстанға оралуына жәрдемдесті.
Заң шығару мәселесіне орай Ә.Ысқақ Англия, Америка, Түркия мемлекеттерінде болды. АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Элизабет Джоунстың арнайы шақырумен барып, Америкадағы қазақтың жетім балаларының іздеушісі болып, олардың сан қырлы тағдырын өз көзімен көріп қайтқан тұңғыш депутат. Әрі бұл жөнінде, әсіресе Арман, Джо есімді деген қазақ балалары туралы жүрек толқытатын эсселер жазды.
1997 жылы Стамбулда өткен дүниежүзі қазақтарының құрылтайына қатысып, отанын аңсап жүрген қандастарымыздың алдында сөз сөйледі. 1997 жылдың қорытындысында БАҚ бағалауы бойынша еліміздің ең үздік парламентшісі болып танылып, Жыл адамы атанды.
Ә.Ысқақ ақын, жазушы, журналист, сазгер, сатирик ретінде республика жұртшылығына аты мәлім, қаламы қарымды қаламгер де. Ол Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Балаларға арналған Котлет атты тұңғыш сықағы 1977 жылы Қазақстан пионері газетінде басылған. Әдебиет сүйер қауымға публицистикалық және көркем шығармалары арқылы жақсы таныс. Ол 1989 жылы Самарқандта өткен Орта Азия және Қазақстан жастары өнер және поэзия фестивалінің лауреаты, республикалық Жігер фестивалінің дипломанты (1985 ж. Бір физиктің махаббаты атты өлеңін теледидар арқылы оқып, әдеби ортаның жоғары бағасына ие болып, ақын Ә.Тәжібаевтың батасын алды.), Оңтүстік Қазақстан облыстық С. Ерубаев атындағы жастар сыйлығының лауреаты (1993 ж.).
Лениншіл жаста жарияланған Ерте есейген қыз, Темір табыт, Генерал Сабыр Рақымов, Асқаровтың кадры, Атамекен, елім бармысың? атты өткір материалдары үшін Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты атанды. (1992ж.)
Тілшілік қызметте арнайы журналистік зерттеу жүргізіп, құжаттары өзбек болып жазылып, өзге ұлтқа телініп кеткен Ұлы Отан соғысы кезінде қаҺармандықпен қаза болған батыр қазақ, Орталық Азиядан шыққан тұңғыш генерал Сабыр Рақымов туралы батылдықпен Лениншіл жас газетінің бірнеше санында сериялы очерктері жариялады. Нәтижесінде батырдың туған жері Көкібелдегі мектепке, ондағы Коммунизм кеңшарына есімі берілді. Ол Жақтым мен өмірімді жалын қылып, Жайқалтпай жалғыз шыбық қалай кетем?, Өмірді сүйген ақын атты жалынды мақалаларымен өмірден ерте кетіп, ескерусіз қалған ақын Қосжан Мүсіреповтың, Дүйсенхан Нақымовтың, сондай-ақ айтыскер ақын Көпбай Омаровтың және т.б.тұлғалардың есімін ардақтауға аянбай атсалысты. Кенестер Одағы кезінде автор Темір табыт мақаласында орыс тілін білмейтін аға шопан Перне Тілемісовтің отбасындағы жағдайды ел мұңы деп қабылдады. Үш ұлының екеуі: Сатылхан мен Қадірхан Кеңес армиясы қатарына алынып, әскердегі келеңсіздіктің арқасында, құпия жағдайда өлім құшып, бірінен соң бірі елге темір табыт болып оралғанын, ал кенжесі Әділді армиядан қашты деп соттатып жібергенін ашына жазады. Әкім Ысқақтың бұл мақаласын тілші толғанысымен былай аяқтайды: ... Мен – қазақпын. Қанымның бір түйіршігі – бауырларыма, інілеріме қабырғам қайыспаса, олардың жай-күйін ойламасам, толғанбасам, бүйткен қазақтығым құрысын! Әскерге елдің қорғаны болсын деп кеткен інілерім туған жерге табыт болып оралса, жәбір көріп қорланса, жарақаттанып, денсаулығы жарамсыз болып жатса, ата-ананың күткен үміті күлге айналса бұлай демегенде не дейсің?! Онсыз да мына күрделі өмірдің мәнінен, мағынасынан жұрдай болмай ма? Менің көз алдымнан Сатылхан мен Қадірханның қажетті құжаттарын ала алмай, Әділі енді аман келе ме, жоқ па, оны мерзімінен бұрын босата ма, босатпай ма деп күн сайын біресе аудандық комиссариатқа, біресе атқару комитетіне, енді бірде аудан прокурорына жаутаңдай қарап, бүгежектеп жүрген Перне қарияның бейнесі кетпей қойды. Алыс ауылдағы малдың соңында жүрген, орысша жөнді білмейтін бұл кісіге кім қол ұшын бермек? Осы мақалаға орай жүздеген хаттар келіп, балалары әскерде жүрген аналар редакцияға қарай ағылды. Олардың өтінішімен мақала орыс тіліне аударылды. Қазақ теледидарының әскери-патриоттық бағдарламасы (жүргізуші Қынабай Аралбаев) үн қосып, бірнеше материалдар дайындады. Сол кездегі Қазақ ССР Әскери Комиссариатының басшысы Леонид Бакаев сонау Қазығұрттағы Тілемісовтердің отбасына арнайы барып, кешірім сұрады. Кезекті пленарлық мәжілісінде Жоғары Кеңес депутаттары осы мақаланы әңгіме өзегіне айналдырып, Көкшетауда түрмеде жатқан Әділдің бостандыққа шығуына мұрындық болды.
Кеңес дәуірінде жазыла бермейтін қылмыс әлеміне қадам басқан мектеп оқушысы туралы Ерте есейген қыз, Жамалдың тағдыры не болды? атты мақалалары да оқырмандар қауымын селт еткізіп, қоғамда қызу пікірталас туғызды. Жасы он алтыға толмай жатып теріс жолға түскен, өмірден түңілген жас қыз Жамалдың тағдырына алаңдаған тілші толғанысы көпшіліктің үніне ұласып, жат әдеттен арылған жасөспірім өмірге қайта оралды. Атамекен, елім бармысың? атты журналистік зерттеуінде алғаш рет сонау Қарақалпақстаннан өз отанына, Жамбыл облысына көшіп келген қандастарымызды шеттетіп, немқұрайлы қарап, намысына тигені, ал Өзбекстаннан қашып келген түрік-месхетин босқындарына бар жағдайды жасағаны жөнінде салыстыра, ашына жазып, жүректегі жанайқайды республикалық газетіміз арқылы жеткізе білді.
Асқаровтың кадры атты бір беттік материалда республикалық басылымда алғаш рет қайраткер Асанбай Асқаровтың әйгілі желтоқсан оқиғасынан кейін жазықсыз жапа шегіп, түрмеде жатқанын жария ете білді, оның кадры атанған, бұрынғы Шымкент облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, іскер басшы, жалынды жас Нұрдәулет Сәрсеновтің негізсіз қудалауға ұшырағаны жөнінде дәйекті деректермен оқырмандарға ой салып, көпшіліктің ішінде жүрген жәйтті осылай ашық үлкен мінберден айтып салды. Бұл жүректерде қатқан мұздың еруіне себепші болды. Өткір ой, батыл сынның нәтижесінде сергелдеңге түскен Н.Сәрсенов ақталды, қайтадан қызметке кірісіп, Парламент Мәжілісінің бірнеше шақырылымының депутаты атанды..
Балалар ақыны ретінде де өз оқырмандарымен – мектеп оқушыларымен жиі қауышады. Күн ұлымын, Біздің Бапақ атты өлеңдер жинақтарына қатысты кейбір мектептер мен бала-бақшаларда іс-шаралар өткізіліп тұрады
Философиялық тәлім-тәрбиеге негізделген Жүректегі жазулар, Адам іздеп жүрмін атты эссе кітаптары жасөспірімдер мен жастардың сүйікті кітабына айналып, бірқатар университеттер мен мектептерде пән есебінде оқытылуда. Бұл кітаптар жөнінде кезінде Алатау ұлттық арнасы (ақын Зайда Елғондинова ) арнайы телехабар түсірді.
Сонымен бірге Әкім Ысқақ жандүниесіндегі нәзік иірімді әсем әуенмен әуелеткен сазгер екенін өнер сүйер қауым жақсы біледі. Ол өзіндік өрнегі бөлек жетпістен астам әннің авторы. Әндері теледидар мен радиода жиі орындалып жүр. 2001 жылы Тәуелсіздіктің 10 жылдығына орай Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім миністірлігі ұйымдастырған мемлекеттік рәміздерді насихаттауға арналған республикалық байқауда Көк тудың желбірегені атты әні лауреат атанды.Өзіндік тарихы бар бұл ән Елбасы қатысқан салтанатты кештерде, патриоттар форумында, әскери марштарда орындалып келеді. Соңғы вальс әні 2009 жылдың ең үздік әні деп танылды.Ал Көңіл қымбат әні жұртшылықтың жүрегімен тыңдайтын сүйікті әніне айналды. Бұдан бөлек Құйшы жаңбыр, Әнші қыз, Іздеймін сені, Бақыт жолы, Ұмыт, Елге сәлем, Сағындым апа, Жан әке,Жан аға Бөржарым, Қыз ұзату,Қазақ тілі, Жан ана және т.б әндері көпшілік қауымның көңілінен шығуда. 7 әніне клип түсірілген. Сазгердің Көңіл қымбат (2008ж), Досыма (2009ж) атты ән альбомдары және Астанада өткен шығармашылық кешіне арналған Жүректегі жазулар атты жеке DVD дискісі жарық көрді.
Әкім Әбдіхайымұлы өз туған жері Ордабасы ауданы негізсіз таратылып кетіп бара жатқан жерінен депутаттық өкілеттігін пайдаланып ауданды, Ордабасы атауын сақтап қалған азамат. Сол себепті де кезектен тыс 1998 жылы 12 тамызда Ордабасы мәслихатының ХХІ сессиясының шешімімен сіңірген еңбегіне лайық Ордабасы ауданының құрметті азаматы деген атағын берді. Ол Ерен еңбегі үшін,Астанаға 10 жыл, Сауап Қазақстан Республикасы Парламентіне 10 жыл, Астана медальдарымен, Тіл жанашыры-2009 құрмет белгісімен және Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысымен, Парламент Сенатының Құрмет Грамотасымен, Мәжіліс Төрағасының Алғыс Хатымен марапатталған.Сондай-ақ Монғолияның Шыңғысхан медалінің иесі.Ал 2010 жылы тәрбиелк мәні зор Жүректегі жазулар, Адам іздеп жүрмін атты эссе кітаптары үшін Білім министрлігінің Ы.Алтынсарин медалімен, отансүйгіштік тақырыбына жазған мақалалар сериясы және Тұңғыш генерал атты кітабы үшін Б.Момышұлы медалімен марапатталды. Ел құрметіне бөленген азамат Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Білім беру ісінің үздігі.
Ол сондай-ақ Қазакстан комсомолы ХVII съезінің делегаты, Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің бюро мүшесі болып сайланды.
2011 жылғы Президент сайлауында Ә.Ысқақ үміткер Н.Назарбаевтың сенімді өкілі болды.
Ол өзі білім алған Абай атындағы орта мектепке қамқорлық жасап, оқушыларға жыл сайын өз атындағы степендия беріп келеді. Біреуінің құны 7 мың АҚШ долларын құрайтын қәзіргі заман талабына сай итерактивті екі тақтаны Абай және өз атасы Сұлтан Ысқақов атындағы мектептерге сыйға тартты. Бөржардағы бір сынып Ә.Ысқақ есімімен аталады.
ШЫҒАРМАЛАРЫ: Қарлығаш (өлеңдер), жас ақындар жинағы, Жалын 1987 ж., Желтоқсан құрбандарын жоқтау (ұжымдық жинақ) Жалын 1992 ж., Бір физиктің махаббаты (сықақ өлеңдер) Жібек жолы 1993 ж., Айтшы өмір! (өлеңдер жинағы) 1994 ж., Үш жүздің басын қосқан Ордабасым (тарихи танымдық кітап) Жібек жолы 1994 ж., Абзалдық әліппесі (күнделік-эссе)1996ж.,Көш-керуен,Атамекен армысың, елім-жұртым бармысың?, Отаным – Қазақстан! үшеуі де Қазақстан Республикасы Парламентінің баспаханасынан 1997 жылы шықты. Гүл қауызындағы тамшы (өлеңдер жинағы), Нұрлы әлем 1998 ж., Адам іздеп жүрмін, (күнделік-эссе) Нұрлы әлем 1999 ж., Бақыт жолы (әндер жинағы) 2001 ж., Жүректегі жазулар (күнделік-эссе) Күн ұлымын (өлеңдер) Сенім баспасы 2002 ж., Жан жаңбыры (өлеңдер жинағы) Астана, Елорда, баспасы,2003 жыл,Бек атты эссе кітабы,2004 ж. Біздің Бапақ(сатиралық өлеңдер ). Ғасыр баспасы, 2005 жыл. Жүрек дәптері, Өмір, сені сүйемін! (шығар.жинағының 2 томдығы) Астанаполиграфия баспасы 2010 жыл, Тұңғыш генерал журналистік зерттеу кітабы, Астанаполиграфия баспасы 2010 жыл
2011 жылы Махаббат хаттары, Әке аманаты, Ақсауытты Ақтамберді атты кітаптары жарық көрді.
Ә.Ысқақ шығармашылығы туралы Алдаберді .Мақашев Әкім Ысқаққа хат, Лира Қоныс Ізгілікті іздеу теориясы атты зерттеу кітаптарын жазды. Ақын Алмас Ахметбекұлының құрастыруымен Алғыс арқалаған азамат атты библиографиялық көрсеткіш дүниеге келді.
Орыс тілінде Записки сердца, Мелодий дождя атты кітаптары жарыққа шыққан. Шығармалары орыс, өзбек, түрікмен, қырғыз тілдеріне аударылған.