Әбдірахман мен Сыдық бір одақ

Скачать


Жасырынбақ ойнауды Әбдірахман шығарды. Тұрбек оны дереу қостады. Сыдық та қарсы болған жоқ.

Бірақ екі-екіден одақтасу үшін және бір адам керек.

Шақырып алатын ешкім көрінбес пе екен деп, үш бала қақпадан шығып, төңірекке көз салып тұр. Іштеріндегі ересегі Әбдірахман, бесінші класта оқиды. Дене тұрпаты ұзынтұралау, мінезі адуындау ақ сұр бала.

Тұрбек пен Сыдық екеуі төртіншіде оқиды. Біреу өзі тиіспесе, бұлар ешкімге шатақ іздеп ұрынбайтын басалқалы балалар.

Кешенің арғы бетіндегі өз қораларының үстінде рогаткамен сотқар Алмабек торғай атқылап тұр. Аңдығаны теректердің сонау ұшқары басы. Бірлі-жарым қонған торғай болса, атып тигізе алмай тұр. Басқа теректердің басында қаптап ұшып жүрген торғайлардың әлгі араға жоламауына қарағанда, Алмабек оларды әбден запы етіп, үркітіп бітсе керек.

— Алмабекті шақырсақ қайтеді? — деді Әбдірахман.

— Ой, құрысын. Ол шатақ шығарады, — деп Тұрбек пен Сыдық қабатынан без ете қалды.

Алмабек осы кезде бұларды керіп, айқай салды:

— Ей, неге топталып тұрсыңдар! Тараңдар! Атам!

Алмабектің сырын білетін балалар қақпаны тасалап, жасырына берді. Алмабек айтқанын істеді. Атып еді, тас ызыңдаған бойымен кеп қақпаға тиді.

Үйден Тұрбектің бірінші класта оқитын қарындасы Назым шықты. Екі иығында желбірі бар, жеңсіз көк шұбар көйлек киген, топ-толық қара домалақ қыз. Кезі шешесіне тартып шегірлеу.

— Біреуімізге Назым одақ болсын, — деді Сыдық.

Әбдірахман тыжырынып:

— Мұны қойшы, — деді.

Әңгіме өзі жайында екенін Назым біле қойды да, балалардың қасына келіп:

— Не? Не айтып тұрсыңдар? — деп сұрады.

— Бізбен жасырынбақ ойнайсың ба? — деді ағасы.

— Ойнаймын.

Осы кезде Алмабек атқан бір тас қақпаға және келіп, сақ етіп тиді. Артынша оның:

— Бәлем, шығарсыңдар әлі! — деген айқайы қоса естілді.

Назым балаларды таспен атқылап тұрған Алмабек екенін көрді.

— Назымды одақ етіп алып ойнайық, — деді Тұрбек те. Әбдірахманның сол әлгі менсінбеген кейпі...

— Бұл одақ болып жарытпас.

Назым ашуланып қалды:

— Мен бе? Мен жасырынбақ ойнауды білмеймін бе?!

— Қыздардың қалай жасырынатынын білеміз. Біреуі ауыз үйге шыға турады да, екіншісі төр үйдегі төсектің астына кіріп: Көкек! Мені ізде, деп дауыстайды. Не болмаса басын бұр кеп алады да, сирағы сорайып көрініп жатады.

Әбдірахман бұл сезді Назымды қатырдым деп, мысқылды күлкімен айтты.

— Ойнап көрейік! — деді Назым отты көзі жәбірлене жалпылдап.

Ақыры булар жасырынбақ ойнауға келісті. Әбдірахман мен Сыдық бір одақ; Тұрбек пен Назым бір одақ болды.

Жасырынатын жердің көлемі осы үйдің қора - қопсы, ауласының іші болсын, одан сыртқа шығып жасырынса есептелмесін деп келісілді.

Жеребе салысқанда, жасырыну кезек әуелі Әбдірахмандарға тиді.

Тұрбек пен Назым олар жасырынып болғанша үйге кіріп тұрды.

Міне, енді іздеуге шығып келеді.

— Сен бақтың ішін қара. Мен қораның ішін қарайын, — деді Назым.

Қораның сыртқы жақ босағасында төңкерулі тақтай науа жатыр. Назым оның қасымен өтіп бара жатып, әлгіге сезіктене қарады. Шетінен ұстап, әрең дегенде көтеріп, аударып тастап еді, астында бүк түсіп жатқан Әбдірахманды көрді.

— А - а! Қайдан біліп қойдың? — деп, үсті - басы шаң - шаң боп Әбдірахман түрегелді.

— Білмегенде. Бұл науа бағана төңкеріліп жатпай, шалқасынан жатқан, — деді Назым.

— Ой пәлесін - ай мына қыздың!

Бақшадағы картоптың бітік сабағының арасына кіріп кеткен Сыдықты да Тұрбек оп-оңай тауып, желкелеп алып келді.

Әбдірахман алақанына құлшына түкіріп:

— Бәлем, енді сендер жасырынып көріңдер, — дейді.

...Олар бірқауым іздеп, Тұрбекті қораның ішінен ақырдағы бір құшақ көк шөптің астынан тауып алды. Ал Назым болса, зым-зия. Әбдірахман мен Тұрбек оны іздеп, қарамаған жер қоймады. Таба алмады. Үйге кіріп, кереуеттердің астына дейін қарады. Жоқ.

— Мен білсем, сол қыз жасырынған жоқ. Бізді босқа әурелеп, бір жаққа кетіп қалды, — дейді дымы құрыған Әбдірахман.

— Жоқ, кеткен жоқ. Жасырынып жатыр. Табыңдар! — дейді Тұрбек.

Әбдірахман мен Сыдық және іздей бастады. Үйдің үстіне шығып шатырдың ішін, одан соң қорадағы картоп салатын ұраға дейін түсіп қарады. Бірақ еш жерден Назым табылмады. Бір жерде шыбын болып жабысып тұрмаса, енді тіпті оны іздейтін жер қалмады.

Әбдірахман терлеп те кетті.

— Шықсын енді, таба алмадық — деді Тұрбек.

— Назым, шық!

— Ур – р – а - а! — деп, Назым қақпа түбіндегі иттің үйшігінен сумаң етіп шыға келді. Әбдірахман мен Сыдық төбелерінен жай түскендей сілейіп қалыпты.

— Ой, қу - ай! Бұл қу осындай! — деп Сыдық таңырқап жатыр.

— Жаңа мен бұл үйшікке үңіліп қарап едім ғой? Ит жатқан секілді еді ғой?! — дейді Әбдірахман.

— О, су жүрек. Ит емей-ақ мен, үңіле бергеніңде ыр – р - р деп едім, періп ұрып жөнелдің ғой!

Назым мәз болып, сылқ-сылқ күледі.

— Мен енді ойнамаймын. Жетеді, — деп Әбдірахман сөлпиіп жөнеле берді. Ызаланып бара жатқаны кейпінен белгілі еді.

Ол қақпадан шыға берген кезде:

— Байқа, Алмабек аңдып тұрмасын! — деді Назым. Әбдірахман селт етіп те үлгірмеді, бармақтай бір тас құлағының дәл тұсынан зулап өтіп, қақпаға сақ етіп тиді.

Алмабек рогаткасына тағы да тас салып жатқанын көріп, Әбдірахман тез шегініп кетті.


Скачать


zharar.kz