Құрманғазы Сағырбайұлы 1806 жылы дүниеге келіп, 1879 жылы өмірден озды. Қазақ халқы өткерген сұрапыл тарих беттері мен өзінің жеке қасіреті, өмір туралы ойлары мен қазақ даласының, ұлттық мейрамдардың жарқын көріністері оның күйлерінде көрініс тапты.
Құрманғазының көрнекті шығармаларының бірі – Кішкентай күйі. Ұлы күйшінің шәкірттері мен ізбасарларының ойынша, бұл күй Исатай Тайманұлының көтерілісіне арналған.
Құрманғазы қандай тақырыпта күй жазса да, онда адам сезімінің барлық түрі – махаббат та, мейірімділік те, жақсылық та, рақымдылық та болды. Оның өзіне тән орындаушылық стилі болатын, өзінің ұлттық домбыра мектебі де болды.
Құрманғазының өмірі көптеген оқиғаларға толы болды. И. Тайманұлы мен М. Өтемісұлының жетекшілігімен басталған Бөкей ордасы қазақтарының ұлттық көтерілісін (1836-1837 жж.) көрді. Сол уақытта Махамбеттің отты жырлары мен Құрманғазының бүлікші күйлері қазақ даласына тарап, халық жүрегінен үміт отын оятты. Бүлікші күйлері мен билікке бағынбаушылығынан Құрманғазы қудалауда болып, қамауға да алынды, сондықтан ол көп уақыт бойы туған жерінен алыста болуға мәжбүр болды.
Құрманғазы орыс мәдениетінің өкілдері – филологтармен, тарихшылармен, этнографтармен таныс болған, олар қазақ музыкасы, музыканттар мен ұлттық аспаптар жайлы материал жинаған. Ләушкен күйін Құрманғазы орыс досы ақын Н. Савичевке арнаған, ол Құрманғазыға өмірінің қиын сәттерінде қол ұшын созған. Оның достық сезімі сонымен қатар, Машина, Перовский марш және т.б. күйлерде көрініс тапқан.
Сарыарқа күйі Құрманғазы шығармашылығының биік шыңы, қазақтың дәстүрлі музыкасының шыңында тұрған шығармалардың бірі болып табылады. Ұлттық өнерімізді әлемге танытқан бұл күй ұлы күйшінің туған жеріне, қазақтың кең даласына деген махаббатынан туған туынды, халықтың, даланың өзі сияқты кең, өзі сияқты шексіздігін танытатын дауысы. Қуғын-сүргінге ұшырап жүрген шағында жазылған Құрманғазының Сарыарқасы бүкіл қазақ халқының еркіндікке, азаттыққа деген құлшынысының көрінісіндей.
Құрманғазының ұлттық домбыра мектебінің дәстүрін сақтаушылар –халық композиторының бай мұрасын біздің уақытқа дейін жеткізген күйші ұрпақ.
И вернусь я в отчий дом,
Поклонюсь я роду
И скажу: готов служить
Моему народу! Құрманғазы
Қазақ халқы – ән мен күйге бай халық. Орыс этнографы және саяхатшы Потанин айтқандай, қазақта қанша түс болса, сонша ән мен күй бар.
Қазан төңкерісіне дейін біздің халқымыз еркіндік, бақыт, бейбіт әрі жасампаз еңбек жайлы армандады. Халық ол арманды ән түрінде көрсетті. Ол жарқын болашақ үшін, бақытты өмір үшін күресті жырлаған, музыкалық шығармаларды дүниеге әкелген ұлдары мен қыздарын әрдайым мақтан тұтты.
Қазақ елі өз жерінің қазына-байлығымен ғана емес, әлемді аузына қаратқан атақты талант иелерімен де белгілі. XIX ғасырдың қазақтың күй өнерінде бірінші және аса құрметті орын қазақтың ұлы күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлына тиесілі. Елді өзінің өзгеше өнерімен оятқан жасампаз күйші Құрманғазы Сағырбайұлы болды. Құрманғазы Қазақстанның музыка мәдениетінде айрықша орын алады. Ол қазақтың аспапты музыка өнерінің классигі.
Туып-өскен жері Бөкей хандығы, қазіргі Орал облысының Жаңақала ауданына қарасты Жиделі деген жер. Құрманғазының өмір сүрген уақыты жайлы мәселе әлі күнге дейін шешілмегендігін айта кеткен жөн. Дина Нұрпейісова мен Құрманғазының басқа да шәкірттері мен ізбасарларының айтуы бойынша, ол 1818-1889 жылдар аралығында өмір сүрген, сонда құлпытастағы жазу (1806-1879) нақтылығы күмән тудырады.
Музыкалық қабілетті Құрманғазы анасы Алқадан алған, оның тұқымында дарынды ақындар, өлеңшілер мен күйшілер болған. Бүкіл Бөкей ордасына танымал халық музыканты Ұзақтың ауылға келуі Құрманғазының болашақ тағдырына әсер еткен, балалық шағының жарқын сәті болды, ол Ұзақты өзінің ұстазы деп есептейтін.
Он сегіз жасында Құрманғазы, әкесі Сағырбайдың қарсылығына қарамастан, профессионал болу туралы шешім қабылдап, туған ауылынан кетеді де, саяхатшы музыкант өмірін бастайды. Кең даланы шарлап, көптеген адамдармен кездесіп, бұрынғы заманғы күйлер мен қазіргі заманғы халық музыканттарының пъесаларын орындап, асқан орындаушылық шеберлігін көрсете отырып, Құрманғазының қадірі артады, халық арасында танымалдылыққа ие болады. Басқа музыканттармен танысу жас домбырашының репертуарын кеңейтеді. Музыкалық есте сақтау қабілеті жақсы болғандықтан, ол танымал халық күйшілерінің шығармашылық мұрасын игеріп, аспаптық пьесалар жазу өнеріндегі күшін сынай бастайды.
Құрманғазының ғұмыр кешкен уақыты, әсіресе оң-солын танып, өмір-тіршілікке белсене араласа бастаған кезі мейлінше күрделі еді. Бұл кезең патшалық Ресей жүргізген отаршыл саясаттың ең бір қарқын алған, әбден құныққан, шектен шыға басынған кезі болатын.
Алғашқы туындылардың дәстүрлі әрі қарапайым болғанына қарамастан, почерк ерекшелігімен, табиғилығымен және еркін интонациялық-тақырыптық дамумен, кейде формалық кемелімен көзге түсті. Композиторға әйгілілік пен танымалдылық әкелген күйлер жас суреткер кемелін көрсетеді, олар: ақжелең жанрында жазылған Бас Ақжелең, Ұзақ Ақжелең және Құрманғазының шедеврлерінің біріне айналған Балбырауын күйі. Балбырауын күйінің мазмұны бойынша ешқандай тарихи оқиғамен не сюжетпен байланысы жоқ, яғни онда мәндес бағдарлама жоқ.
Құрманғазының есеюі, оның дүниетанымының, азаматтық позицияларының қалыптасуы қазақ даласында әлеуметтік қарсылықтар орын ала бастағанда болды. Бұл халықты үмітсіздікке, өз адами құқығын қорғауға итермеледі. XIX ғасырдың 30-жылдарының ортасында Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық көтерілісі басталды. Құрманғазының асқақ рухы бір ғана музыка саласына сиятын құбылыс емес. Мұндай тегеурінді дарынның болмысы біртұтас ұлттың рухани болмысына айғақ бола алады. Ұлт тағдырындағы тарихи ұлы өзгерістердің барша қуаныш-қайғысы қашанда біртуар перзенттерінің тағдыр-талайымен шендесіп жатады. Бұл, орайда, Құрманғазы өзінің қайталанбас өнерімен ғана емес, өмірімен де туған халқының бүкіл қасиетіне, сол бір алмағайып аласапыран кезеңнің хал күйіне ең жарқын айғақ бола білді.
Құрманғазының күйлері қазақ елі өмірінің әлеуметтік жыр-сыры, азаткерлік рух ұраншысы іспетті. Ұлттық тарихымыздың әуен тілінде жазылған ұлы эпопеясы деуге болатындай. Күйші шығармашылығындағы өзекті мәселелер - халықтың азаттығы мен жеке тұлға бостандығы. Өз туындыларында ХІХ ғасырдың 30-жылдары Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске ерекше назар аударған. Құрманғазы бұл көтеріліске өзінің алғашқы туындыларының бірі "Кішкентай" күйін арнаған. Бұл күйді өзі ғұмыр кешкен заманның тарихи-әлеуметтік болмысына берілген күйші философтың бағасы деп білуге болады.
Кішкентай күйі жеке дауыста баяу басталып, келе-келе күрделеніп, шарықтау шегіне жетеді. Құрманғазы күйлеріне тән толқу, драматургия көріністері анық көрінеді.
Адай күйінде ол халықтың азаттықты көксеген арманын, әділетсіздікке қарсылықты, қоғамдық мүдделердің өзара қақтығысын білдіреді. Құрманғазы туындыларында қоғам мен адамның арақатынасындағы айрықша әлеуметтік-психологиялық жағдайлар бейнеленеді.
Күйшінің бүкіл ғұмыры әділетсіздік пен зорлыққа қарсы күрес жолында өтеді. Ол қанаушы топтың небір зұлымдық істеріне жүрегін жарып шыққан күйлерімен қасқая қарсы тұрады. Өз көзімен көріп, өз басынан өткізген мұң-зарын күйлерімен бейнелеу арқылы ол қарапайым халықтың қайғы-қасіретін қос ішекте шебер шерте білді. Оның тартысқа толы тағдыры ел аузында аңызға айналды. Билік басындағылар тарапынан қудалауға түсті. 1857 жылы Құрманғазы Орда түрмесіне қамалып, одан қашып шыққан.
Оның Ертең кетем, Түрмеден қашқан сияқты күйлері замана басқа салған зобалаңның бір - бір бекеті сияқты. Ол қатал тағдырдың кез келген талқысына өнерімен жауап беріп, өнерімен белгі қалдырып отырған.
Кісен ашқан – еркіндікке ұмтылған тұтқынның жан айқайы. Ал күйші Қайран шешем, Аман бол, шешем, аман бол, Бұқтым-бұқтым күйлерінде өзінің ішкі толғанысын күй арқылы шебер береді.
Құрманғазының шығармашылық өмірін шұқшия зерттеп, оның күйлерін оркестрге түсіріп, орындатып, күйші туралы мақалалар жазып, кітап шығарған, елге насихаттаған адамның бірі – ғалым, композитор, музыка зерттеушісі – дирижер Ахмет Қуанұлы Жұбанов еді. Ол 1935 жылдан бастап Құрманғазының туып-өскен, жүрген жерлерінде болып, күйшіні көрген, бірге болған, күйлерін үйреніп басқаға үйреткен адамдармен сөйлесіп, көптеген деректер жинаған. Жұбановтанушы ғалым Б.Ғизатовтың айтуынша, Ахаң (А.Жұбанов) 1951 жылдан бастап Құрманғазыға байланысты мұрағат деректерін жинай бастаған. Қазақстан, Мәскеу, Ленинград мұрағаттарынан іздеп тапқан Құрманғазыға байланысты деректерді баспасөз бетіне жариялаған. Көптеген ауызша деректердің өзі аса құнды дүниелер. Өйткені, ол деректерді Ахаңа берген Ерғали Есжанов, Дина Нүрпейісова, Охаб Қабиғожин, Сейітқали Меңдешев, Смағұл Көмекбаев, Лұқпан Мұхатов, Махамбет және Науша Бөкейхановтар, Ғадулиан Матов, Меңдіғали Сүлейменов, Жүсіп Тәкенов, Жаулыбай Қосанов, т.б. өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін өмірден өтіп кеткен-ді. Осылардың барлығымен А. Жұбанов ауызба-ауыз сөйлескен адам. А. Жұбанов тек композитор, музыка зерттеуші ғана емес, ол жақсы домбырашы, күйлердің жақсы орындаушысы да болатын. Ол естіген күйлерін нотаға тез түсіретін. Олардың тарихын да жазып алып отырған. Сол себепті күйлердің шығу тарихын да көп білген. А. Жұбанов 1936 жылы Қазақтың халық композиторы Құрманғазы деген кітапша шығарды. Кітапшада күйшінің өмір сүрген дәуірі, сол кездегі Бөкей хандығының саяси экономикалық жағдайы, Құрманғазы күйлерінің мазмұны, кезеңдері, тарихы, күйшінің шәкірттері, мұрагерлері туралы мәліметтер және күйлерге теориялық талдаулар да берілген. 1960 жылы автор бұл кітапшасын толықтырып қайта бастырды. Ал 1975 жылы қазақтың аспапты музыкасы туралы Ғасырлар пернесі жинағына Құрманғазы туралы материалдар да енді. А. Жұбанов Құрманғазының тырнақалды туындыларының бірі Кішкентай күйінің 19 ғасырдың отызыншы жылдарының аяқ кезінде болған ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Исатай Таймановқа арналғандығын айтыпты. Көтерілісті көзімен көрген Құрманғазы сол кезде 15 жаста ғана екен.
ХІХ ғасырдың 50 - жылдарында Құрманғазыға ат ұрладың деген жалған айып тағылып, түрмеге қамалады. Түрмеде жатқанда шешесін сағынып, оның көңіл - күйін ойлап, анасына Аман бол, шешем, Қайран шешем күйлерін арнайды. Құрманғазы бұл жерден қашып шығады. Осы кезеңде оның мұңды лирикаға толы Кісен ашқан, Түрмеден қашқан тағы да басқа күйлері туады [1, 106-б.].
А. Жұбанов өз еңбектерінде Құрманғазы күйлерінің тақырыбы, формалары қазақтың бұрынғы күйлерінің формаларына келе бермейтінін дәлелдеп, тек өзіндік ерекшелігі мол туындылар екенін айтқан. Сондықтан Құрманғазы күйлерінің басқа күйлерден биік тұратынын пайымдай келе аталмыш күйлерді екшеп, талдайды [1, 124-б.].
Құрманғазы Сағырбайұлы бірнеше мәрте түрмеге де қамалған, алайда халықтың азаттығы жолындағы күрескер сазгердің рухы ешқашан түспеген. Ол Орал, Орынборда, Үркіт түрмелерінде де отырған. Қуғын-сүргін мен сергелдеңге түскен күйші халықтың тәуелсіздік пен бостандық туралы терең ой-толғамын бейнелеген. "Алатау" және "Сарыарқа" күйлерін дүниеге келтірген.
Алатау күйі - әрі ұлы, әрі асқақ асқар таудың көркемдік бейнесі суреткер санасында мәңгілік пен өмірдің мәні туралы, адам тағдырының құбылмалығы - өрлеуі мен құлдырауы туралы толғаныстар тудырған.
Құрманғазының Сарыарқасы тек күй деген форманың шеңберінде қалып қоятын шығарма емес. Мұнда күй тепсе темір үзетін қуаты, атшабыс, алай-түлей соғыс, бостандыққа ұмтылған аттанысы сияқты көріністер мол. Сарыарқа күйі ұшқыр ой мен асқан шеберліктің шыңы болса, Көбік шашқан - ұстамдылық пен іштей налу, күйіну мен қайғырудың аса бір қаралы әрі сазды үлгісі.
Сарыарқа - Құрманғазының күйі, қазақтың дәстүрлі музыкасының шыңында тұрған шығармалардың бірі. Ұлттық өнерімізді әлемге танытқан бұл күй ұлы күйшінің туған жеріне, қазақтың кең даласына деген махаббатынан туған туынды. Қуғын-сүргінге ұшырап жүрген шағында жазылған Құрманғазының Сарыарқасы бүкіл қазақ халқының еркіндікке, азаттыққа деген құлшынысының көрінісіндей. халықтың, даланың өзі сияқты кең, өзі сияқты шексіздігін танытатын дауысы.
Жанұясы мен жақындарынан ұзақ уақыт ажырап қалғаннан кейін, бөтен елде өткізген жылдардан кейін, уақыт елдегі жағдайды және биліктің бұрынғы тұтқынға деген көзқарасын өзгертті деген үмітпен Құрманғазы туған жеріне оралады. Алайда 1864 жылдың 1 наурызында оны қайтадан тұтқынға алып, түрмеге қамайды, ал 1866 жылдың 23 мамырынан бастап Орал қалалық абақтысына қамалады. Кейін жаңа сот жарғысына сәйкес, әрі қарай түрмелік қамауға алынған жоқ, сондықтан босатылды.
Екінші рет тұтқында отыру, Орал түрмесіне көшу және бостандықты асыға күту сияқты күйші өмірінің сәттері Пәбескі, Арба соққан, Бозшолақ және т.б. күйлерде көрініс тапты.
Орал түрмесінде болғанда, Құрманғазы Лавочкиндеген орыс жұмыскерімен танысады да, оған орыс музыкасының ырғағына сай келетін күй арнайды. Лаушкен күйінен кейін күйші өз шығармаларында өзі үшін жаңа орыс музыкасының элементтерін бірнеше рет қолданды (Перовский марш). Құрманғазының Машина күйін қала өмірінің суретін беретін урбанистік шығарма деп атауға болады. Машина күйі Құрманғазының зерек алғырлығын, дарындылығын ашатын күйлердің бірі. Алғаш рет қазақтың кең даласынан Омбыға келіп, тар көшелердегі ығы - жығы адамдарды, көліктердің қозғалысын, жалпы үлкен қаланың өмірін көрген сазгер, алған әсерін өз шығармасында бейнеледі. А.Қ. Жұбановтың айтуы бойынша күй композициясы, ырғағы және орындалу сипаты Құрманғазының бұл туындыны орыс музыкасының әсерімен жазғандығын көрсетеді [2, 262-б.].
Қазақ тарихында, мәдениетінде Құрманғазы бабамыздың алатын орнын, өнегесін білмейтін адам жоқтың қасы. Өйткені күй өнері тек қана біздің қазағымызға, ұлтымызға тән өнер. Ал Құрманғазы сан ғасырда біртуар құбылыс. Ол - құдірет. 1868 жылы Уральские войсковые ведомости газетінде оның очерк шығады, онда журналист-жазушы Н.Ф. Савичев былай дейді: Алғашында мен таң қаларлық күйде болдым, ал кейін тамсандым... Құрманғазы екі ішекті күйлеп, ойнай бастады. Домбырадан мөлдір, таза музыка төгілді, әуен сипаты қазақша болса да, оның берілуінен бұл туындыны үлгілі музыка шығармаларының қатарына қоюға болады, өйткені Сағырбаевтың күй тартысы сол дарын мен шабыттан шығады... Сағырбаев сирек кездесетін музыкалық жан, ол Еуропалық білім алған болса, музыка дүниесінде ең үлкен жұлдыз болған болар еді [3, 185-б.].
Құрманғазы сахараның даңғыл көкірек дәулескер күйшісі Соқыр Есжанның алдын көріп, Дәулеткерей сияқты жайсаң күйшімен сырлас болып, Шеркеш, Байжұма, Баламайсаң сияқты күйшілердің өнерінен өнеге алған. Құрманғазының әйгілі күйші Дәулеткерей Шығайұлымен (1820 – 1887 гг.) кездесуі оның шығармашылық биографиясындағы елеулі оқиға болды.
Ауызша жеткен мәліметтерге сүйенсек, Құрманғазы 70-жылдардың соңында Каспий жағалауына көшіп барады, сонда өмірінің соңғы жылдарын өткізеді. Құрманғазы өмірінің соңғы кездерінде Көбік шашқан, Демалыс, Итог атты күйлерін шығарады.
Жайық өзенінің сол жақ бетінде өскен ақын Қашаған осы бір кезде Орда жаққа барып, Қиғаш, Бозаң бойларын аралап, Сахмаға барып күйшіге кездеседі. Қашаған Атырауды жағалай шығып, көп халықты қырып кеткен апатты образға алып, еңбекші халықтың ауыр халін суреттеген Көбік шашқан поэмасын айтып береді. Бұл жағдай күйшіні қозғап, екеуінің достығынан тағы бір күй шығады. Күйдің атын Көбік шашқан қояды.
Топырақ бұйырған орыны – Астрахань (Ресей) облысының бұрынғы Шайтани батага, қазіргі Құрманғазы төбе деп аталатын жер.
Құрманғазының қартайған щағында айналасында шәкірт-домбырашылар көп болды, ол ізбасарларына ғасырдан ғасырға жеткен дәстүрді, күйлердің асыл қазынасын және домбыра өнерінің, күй өнерінің қыр-сырын аманат етіп тапсырды. Осылайша Құрманғазы мектебі пайда болды, оның алдыңғы қатарлы өкілдері Дина Нұрпейісова, Мәмен, Көкбала, Ерғали Есжанов, ал кейінгі ұрпақтан халық музыканттары Уақап Қабиғожин, Қали Жантілеуов, Гильман Хайрушев, Ұлықпан Мұхитов, Мұрат Өскенбаев және т.б. талантты домбырашылар болды.
Құрманғазының қазақ музыкасына қосқан үлесін, келесі музыкант-домбырашылар ұрпағына тигізген әсерін асыра бағаласақ та артық болмайды. Оның музыкалық мұрасы – ұлы ақын Абайдың өлеңдеріндей, қазақ халқының ұлттық мәдениетінің ажырамас бөлшегі.
Біздің замандастарымыз қазақ музыкасының майталманы, композитор Құрманғазының үлкен шығармашылық мұрасын сақтап қалу үшін көп игі істер жасады.
Орыс музыка ғылымының әйгілі өкілдерінің бірі – Александр Викторович Затаевичтің бастамасымен Қазақстанда 1930 жылдан қазақтың ұлттық музыка мәдениетінің байлығын жинау жұмыстары басталды. Құрманғазы күйлерінің алғашқы жазбасын 1931 жылы А.В. Затаевич 500 казахских песен и кюев жинағында жариялады. Ол композитордың Серпер, Кісен ашқан, Ақсақ киік және тағы басқа күйлерін жазып алды.
Бүгінгі күні Затаевичтің жинағындағы Құрманғазы жайлы мәліметтер мен оның шығармаларының жазбалары оның шәкірттерінің бізге жеткен естеліктерімен және композитордың домбырашы ізбасарлары арқылы толықтырылды.
Құрманғазы мұрасын бізге жеткізушілер көп-ақ. Солардың ішінде алдымен ауызға алатыны Дина күйші. Құрманғазы шәкірттері ішінде Динадан кейінгі ірі тұлға, сөз жоқ, Ерғали Есжанов. Құрманғазы мұрасын біздің заманымызға жеткізушілердің ішінде күйшінің алдын көрген Меңдіғали мен оның ұлы Қисмет және шәкірті Ғатау Ібішев, кешегі Меңетай күйші, оның шәкірті Ишанғали Жанқанов, Мәмек, Көкбала сынды мирасқорларын жинайды.
Құрманғазы есімінің танымал болғаны соншалық, оны Астраханьнан Түркістанға дейінгі аймақта біледі. Ол жерлерде домбыраға қатысы жоқ адамдар жиі кездессе де, олар Құрманғазы өмірі жайлы не оның қандайда бір күйінің тарихы туралы айтып бере алады.
Құрманғазы өмірін, өнерін зерттеп, оның ұрпақтары мен шәкірттерінің өмірін, өнер жолын халыққа таныстырып, насихаттаған материалдар баспасөз беттерінде көптеп жарық көруде. Күйші баба жөніндегі мәліметтерді, оның туындыларын насихаттауда мәдениет ошақтары көптеген шараларды жүзеге асырып келеді. Атап айтсақ, ауданымыздың барлық кітапханаларында Шежіресі халқымның Құрманғазы, Сыры бар небір тылсым күйлерінде, Күймен ашқан кең дүниенің есігін т.б. тақырыптармен ашық тақырыптық сөрелер жасақталып, Өнегелі бабаң бар өсер ұрпақ, Құрманғазы өмірі – шежіре, Ұлы күйшінің ұланғайыр мұрасы т.б. тақырыптарда әдебиеттерге шолу, Күй құдіреті әдеби сазды кеш, Күй әлемінің жұлдызы, Пернедегі аңыз әдеби-сазды қонақжай, Дала дауылпазы-Құрманғазы атты ғажайып шеңбер, И. Кенжәлиевтің Қос ішек кітабы бойынша конференция, Үзілмеген күй ғұмыр атты портреттік кеш т.б. шаралар өткізілді.
Әйгілі домбырашы Құрманғазының шығармашылығын насихаттау мақсатында, 1933 жылы Алматыда қазақ халқының тарихында тұңғыш рет кішігірім домбырашылар оркестрі құрылды. Оркестр құрамында музыка-драма техникумының бірнеше студенті және халық музыкасының шеберлері Ұлықпан Мұхитов, Қали Жантілеуов, Уақап Қабиғожин, Науша Бөкейханов, Габдильман Матовтар болды. Оркестрдің дирижері мен көркемдік жетекшісі ретінде Ахмет Жұбанов тағайындалды.
Оркестр репертуарында Серпер, Адай, Көбік шашқан, Ақбай, Сарыарқа деген күйлер болды. Құрманғазы туындыларынан басқа Дәулеткерейдің Қос алқа, Қыз Ақжелен күйлері, Толқын, Қызыл бидай халық әндері оркестр репертуарын толықтырды.
Алғашқы жылдары оркестр Қазақстан облыстарына концерттік бағдарламалармен шығып жүрді, Кейін Шымкенттегі қорғасын зауытына да, Ащысай кеншілеріне де, Гурьев мұнайшыларына да, Каспиий балықшыларына да барды.
Кейінгі жылдары оркестр Мәскеу қаласындағы қазақ өнері мен әдебиетінің екі онкүндігінде өнер көрсетті. 1936 жылдың мамыр айында КСР Одағының Үлкен театрында өткен қорытынды концертте Ахмет Жұбановтың жетекшілігімен Құрманғазының Сарыарқа, Адай, Серпер, Балбырауын күйлерін орындады. Мәскеуліктер ұлы композитор шығармаларын үлкен ынтамен әрі қызығушылықпен тыңдады.
Құрманғазының асқақ рухы бір ғана музыка саласына сиятын құбылыс емес. Мұндай тегеурінді дарынның болмысы біртұтас ұлттың рухани болмысына айғақ бола алады. Ұлт тағдырындағы тарихи ұлы өзгерістердің барша қуаныш-қайғысы қашанда біртуар перзенттерінің тағдыр-талайымен шендесіп жатады. Бұл, орайда, Құрманғазы өзінің қайталанбас өнерімен ғана емес, өмірімен де туған халқының бүкіл қасиетіне, сол бір алмағайып аласапыран кезеңнің хал күйіне ең жарқын айғақ бола білді. Ол өзінің қанатты күйлерімен поэзиядағы Махамбет сияқты, ғылымдағы Шоқан сияқты, майдан даласындағы Кенесары сияқты, өршіл рухына қылау түсірмей, замана тауқыметін қайыспай арқалап ғұмыр кешті. Міне, Құрманғазының дәл осындай образы бірнеше жыл өткен соң Абай атындағы академиялық опера және балет театрының сахнасында Құрманғазы операсында сомдалады. Бұл идея Ахмет Жұбановтың ойынан шығады. Ахмет Жұбанов Құрманғазы жайлы алғашқы либреттоны Мұхтар Омарханұлы Әуезов жазады деп ойлағанымен, бұл арман жүзеге аспайды.
Ұлы композитор – күйші образы барлық жанрында шарықтау шегіне жеткен Қазақстанның бейнелеу өнерінде де қалды. Құрманғазы бейнесі мен тақырыбын ашуда көптеген қазақстандық суретшілер еңбек етті. Олардың алғашқысы Әубәкір Ысмайылов болды. Ысмайыловтың таланты көп қырлы, ол көркем сурет, акварель, графика жанрында жұмыс істейтін суретші. Қазақстанның өнер тарихына Ысмайылов тұңғыш режиссер, театр актері, балетмейстер және биші, музыка және би өнерінің фольклорын жинаушы, тіпті киноактер ретінде енді.
Қазақтан Құрманғазы есімін жоғары бағалайды. Көптеген көшелер, консерваториялар оның атымен аталған. Қазақ мемлекеттік академиялық оркестріне, Алматы мемлекеттік консерваториясына, балаларға арналған музыкалық мектептерге, жас орындаушылар конкурстарына оның аты берілген. Қазақстанның мәдени орталығы болып саналатын Алматы қаласында ұлы композитор есімі әртүрлі тәсілдермен мәңгі есте сақталған. 2012 жылдың 18 сәуірінде Алматыдағы Құрманғазы ескерткішінің салтанатты ашылуы өтті. Сонымен бірге Алматыда Құрманғазы атындағы көше бар. Атырау қаласында күйшіге арналған ескерткіш 2000 жылдың 4 шілдесінде ашылды. 2008 жылдың желтоқсан айында Астраханьда Құрманғазыға қола атты ескерткіш қойылды.
Музыка ерте замандардан бері қазақ халқымен бірге. Халықтың ерен еңбегі, тұрмыс-тіршілігі, оның көп ғасырлық тарихы музыкада көрініс тапты.
Қазақ музыкасы бай, жарқын әрі ерекше. Ол Батысқа да, Шығысқа да түсінікті.
Әйгілі француз жазушы және музыкатанушысы Ромен Роллан қазақ музыкасының жинағымен танысып, оны құрастырушы Александр Затаевичке былай деп жазған: Сіздердің байтақ далаларыңызға әсемдік беретін әуенге таң қалдым. Мен олардың маған таныс болып көрінгендігімен таң қалдыс. Мен бұл әуендердің біздің Еуропалық музыка фольклорына жақындығын сеземін... [4, 129-б.].
Құрманғазының күйлері қазақ халқы шығармашылығында аса маңызды тарихи орын алады. Ол өз туындылары арқылы халқымыздың мәдени дамуына қомақты үлес қосты.
Тағдырдың ең бір қиын бұралаңдарында халқының бойына қуат берген, жігерін жанумен болған Құрманғазы күйлері келер ғасырлардағы толқын-толқын талай ұрпаққа ата–бабаларының мұңы мен шерін, арманы мен рухын ұмыттырмай, үнемі құлағына құюмен болары анық. Жер бетінде Қазақ елі тұрғанда, осынау мәңгілік сарын да ешуақытта үзілмейді.
Ұлт тағдырындағы тарихи ұлы өзгерістердің барша қуаныш-қайғысы қашанда біртуар перзенттерінің тағдыр-талайымен шендесіп жатады. Бұл, орайда, Құрманғазы өзінің қайталанбас өнерімен ғана емес, өмірімен де туған халқының бүкіл қасиетіне, сол бір алмағайып аласапыран кезеңнің хал күйіне ең жарқын айғақ бола білді. Ол өзінің қанатты күйлерімен поэзиядағы Махамбет сияқты, ғылымдағы Шоқан сияқты, майдан даласындағы Кенесары сияқты, өршіл рухына қылау түсірмей, замана тауқыметін қайыспай арқалап ғұмыр кешті.
-------------------------------------------------------------------------------------------------------------------
Құрманғазы Сағырбайұлы (1818-1889) – Орал облысындағы Жаңғалы ауданының қазіргі Жиделі ауылында дүниеге келген. Күйші, композитор, домбырашы, күй жанрындағы қазақ инструментальды музыкасының классигі.
Құрманғазы күйлері халықтың көңілкүйі мен сол кезеңдегі қазақ қоғамының өмір шындығынан туды. Көреген Құрманғазы қазақ халқының әлеуметтік-психологиялық, сондай-ақ, қоғамдық-саяси өмірінің көлеңкелі жақтарын айыра білді. Күйші шығармашылығының өзекті тақырыбы – халық бостандығы мен жеке тұлғалардың бостандығы еді. Оның туындыларында ХІХ ғасырдың отызыншы жылдарындағы Исатай Тайманов бастаған ұлт-азаттық көтеріліске ерекше мән беріледі.
Құрманғазы осы көтеріліске алғашқы шығармасының бірі – Кішкентай күйін арнады. Келесі күйлері – Ақбай, Ақсақ киік, Түрмеден қашқан, Адай күйлерінде өзі арман еткен халық бостандығы, әділетсіздікке деген ашу-ызасы, қоғамдық мүдделер қақтығысы көрініс табады. Құрманғазы туындыларында адам мен қоғам арасындағы қарым-қатынастың ерекше әлеуметтік-психологиялық сәті айқын беріледі. Аман бол, шешем, аман бол, Қайран шешем, Ертең кетем, Бұқтым-бұқтым сияқты күйлерінде адам даусы мен табиғат ырғағы үйлесе үндеседі. Қуғын-сүргінге, қорлыққа ұшыраған күйшінің халықтың тәуелсіздігі мен бостандығы туралы толғанысынан Сарыарқа мен Алатау куйлері туады.
1880 жылы Құрманғазы Астрахандағы Сақма жеріне көшіп келеді. Көпті көрген, халыққа аса қадірлі ақсақал Құрманғазы айналасына Дина Нұрпейісова, Е. Есжанов, М.Сүлейменов сияқты талантты күйші шәкірттерін жинады. Құрманғазы шығармашылығының халқымыздың мәдениеті мен өнерінің дамуында тарихи маңызы зор. Композитор шығармаларын зерттеу, оның мәдени, ғылыми, саяси мәнін зерделеу – болашақ ұрпақты тәрбиелеуде баға жетпейтін мұра.
-------------------------------------------------------------------------------------------------------------------
Күй атасы, сазгер, асқан дүлдүл домбырашы, қазақтың аспаптық музыкасының (күйдің) классигі XIX ғасырдың 23 жылдары (1823 ж) қазіргі Атырау облысы, Құрманғазы ауданындағы Жиделі деген жерде дүниеге келген. Әкесі Сағырбай кіші жүздегі Қызылқұрт руынан шыққан.
Құрманғазы жастайынан домбырашылығымен көзге түседі. Оның күйшілік өнердегі алғашқы ұстазы, бүкіл Қазақстанға танымал болған Ұзақ күйші болды.
Сол кездегі дәстүрге орай Құрманғазы ұстазымен бірге ел аралап, домбырашылық өнер сайысына түсіп, жұртшылық назарына ілігеді. Жас домбырашы Бөкей Ордасының атақты күйшілері Байжұма, Баламайсаң, Байбақты, Соқыр Есжан, Шеркештің күйлерін үйреніп, шеберлігін шыңдай түседі. Олардан тәлім алып өскен Құрманғазы қазақ халқының ұлы сазгері атанды.
Құрманғазының күйлері қазақ елі өмірінің әлеуметтік жыр-сыры, азаткерлік рух ұраншысы іспетті. Күйші шығармашылығындағы өзекті мәселелер - халықтың азаттығы мен жеке тұлға бостандығы. Өз туындыларында ХІХ ғасырдың 30-жылдары Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске ерекше назар аударған. Құрманғазы бұл көтеріліске өзінің алғашқы туындыларының бірі "Кішкентай" күйін арнаған. Одан кейінгі "Ақбай", "Ақсақ киік", "Түрмеден қашқан", "Адай" күйлерінде ол халықтың азаттықты көксеген арманын, әділетсіздікке қарсылықты, қоғамдық мүдделердің өзара қақтығысын білдіреді. Құрманғазы туындыларында қоғам мен адамның арақатынасындағы айрықша әлеуметтік-психологиялық жағдайлар бейнеленеді. Оның "Аман бол, шешем, аман бол", "Қайран шешем", "Ертең кетем", "Бұқтым-бұқтым" деген күйлерінде адам даусының ырғағы айқын берілген.
Құрманғазының ойнақы, мерекелік көңіл күйді білдіретін би ырғағымен жазылған күйлері ("Балбырауын", "Әсем") де бар.
Ел билеуші үстем тап өкілдерінің ұры, қарақшы деген жаласымен сан рет ұсталып, Орал, Орынбор түрмелеріне қамалған Құрманғазы кейбір ауызша деректерге қарағанда, Иркутск түрмесіне де түскен. Қуғын-сүргін мен сергелдеңге түскен күйші халықтың тәуелсіздік пен бостандық туралы терең ой-толғамын бейнелеген "Алатау" және "Сарыарқа" күйлерін дүниеге келтірген.
"Байжұма", "Бозқоңыр" туындылары да Құрманғазының асқан өнерпаз күйші екенін білдіреді. Құрманғазы өз күйлері арқылы орындаушылық өнердің ерекше дарыны мен бірегей әуен тілін паш етті. "Итог" атты күйінде күйші ауыр да азапты өмір жолының қорытындысын айқын бейнелейді.
Кұрманғазы өз дәуірінің бірқатар озық адамдарымен де таныс болған. 1860 жылдары Дәулеткереймен кездесіп, бірімен-бірі күйлер алмасып, жиі-жиі домбыра тартысына түседі.
Талай қуғын-сүргінді басынан өткерген Құрманғазы 1880 жылдардың аяғында Астрахан маңындағы Сахма елдімекеніне біржола қоныстанып, өзінің төңірегіне Дина Нұрпейісова, Ерғали Есжанов, Мәмен Сүлейменов сияқты шәкірттерін жинады. Сол дәуірде әйгілі болған Көкбала, Менетай, Менқара, Сүгірәлі, Торғайбай, Шора сынды домбыра тарту шеберлері Құрманғазыны ұстаз тұтқан. Кейіннен атақты күйші 1896 жылы Алтынжарда Сахма селосында дүниеден озды.
Құрманғазы күйлері Қазақстан сазгерлерінің шығармашылығынан кең орын алды. Республика сазгерлері күйшінің күйлерін, үлкенді-кішілі шығармаларында пайдаланды. Би де қойылды, спектакльдер де, кинофильмдер де, хор музыкасы болып та пайдаланды.
Ә. Тәжібаев хорға арналған "Көбік шашқан", "Қайран шешем" күйлеріне сөз жазса, композиторлар Е. Брусиловский, А. Зильбер, Ғ. Жұбанова, Л. Хамиди, М. Қойшыбаевтар өздерінің симфониялары мен операларында күйшінің шығармаларын кеңінен пайдаланды.
Көптеген оқу орындарының, музыкалық ұжымдардың, аудандардың, көшелердің аттары Құрманғазы есімімен аталады.