Сартай батыр, Сартай Байжанұлы (шамамен 1711 — 1785) — батыр. Кіші жүз Әлімнің Шектісінің ішіндегі Жақайым атасынан шыққан.Сартайдың есімі көптеген әдеби мұраларды кездеседі.
А. И. Левшиннің "Описание киргиз-кайсацких орд и степей”
А. И. Тевкелевтің "Күнделіктерінде”
М. П. Вяткиннің "Сырым батыр”.
Тевкелев өзінің күнделігінде 1732 жылы 6 наурыз күні Сартай батырмен әңгімелескенін жазады. Генерал-губернатор О. А. Игельстромның 1785 жылы Кіші жүзді басқару жөніндегі реформасы бойынша Сартай батыр, Қара Көбек би мен Мұратбек би үшеуі Әлімұлын басқарған.
Сартай батырдың ерлігі мен елшілік қызметі туралы Нұрмағамбет Қосжанұлының "Мың бала” немесе "Сартай батыр” деп аталатын дастанында айтылады. Осы дастаны үшін Қосжанұлы 1937 жылы саяси қуғын-сүргін құрбаны болып, шығармаға тыйым салынды. Жырда мың баланың жасағын басқарған 15 жасар Сартайдың Әбілхайыр хан басқарған сарбаздар құрамында болғаны айтылады. Сартайдың Шұбартеңіз, Қалмаққырылған және Аңырақай шайқастарына қатысқандығы туралы тарихи деректер бар.
Ел ішіндегі аңыз әңгімелерге қарағанда Сартай тек батыр ғана емес, би де болған. Оның Әбілхайыр ханның Кіші жүзді Ресейге қосу сәтіндегі талас-тартыста хан саясатын қолдағанын Тевкелев, Мейер жазбаларынан білеміз.
Батырдың өз өсиеті бойынша денесі Қазалы қаласының оңтүстігіндегі Қызылдың құмындағы Қосым қожа қорымына жерленген.[1]2011 жылы Қазақстанда Сартай батыр туралы тарихи деректер негізінде Жаужүрек Мың бала көркем фильмі түсірілген.