Қожеке Назарұлы (1828, қазіргі Алматы облысы Райымбек ауданы, Қарқара аулында дүниеге келіп, 1881, ҚХР, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы, Қызылкүрке қаласы) — күйші -сазгер. Арқа, Атырау, Жетісу күй өнері мектептерінің үлгісін жарасымды үйлестіріп, өрнегі өзгеше шығармалар тудырған. Оның туындыларында төкпе, терме, шертпе күйлердің белгілері араласып, айрықша мәнермен тартылады.
Ерекше күш-қайратты танытатын жігерлі күйлер жүрек қылын шертетін нәзік те сырлы сазға ұласып отырады.
Қожеке Назарұлының күйлері уақыт тынысын, зұлымдық пен адалдық, қатыгездік пен адамгершілік сияқты өзара кереғар қасиеттердің ара жігін тап басып, айқын аңғартады.
1860ж Ресей отаршылдары Жетісудың Сарыжаз, Текес, Қарқара сияқты жайлауларын зорлықпен тартып алғанын көрген Қожеке Назарұлының қазақ би-болыстарының отаршылдық озбырлығына деген көнбіс, тоқмейіл, жігерсіздігін әшкерлеп Шалқайма күйін шығарған. Осы шығармасы үшін патша әкімдерінен теперіш көрген күйші 1869 жылдың шамасында өзіне қарасты 25 үймен Шығыс Түркістанға көшіп кеткен. Бірақ мұнда да ол жергілікті билеушілер тарапынан қуғынға ұшырап, түрмеге жабылады да, азаппен өлтіріледі.
Зерттеуші Мұхамед Ханафиннің мағлұматтарына қарағанда Қожеке Назарұлының жүзден астам күйі бар.
Қожеке Назарұлының алуан тақырыпта қамтитын бұл туындыларында негізінен екі топқа бөлуге болады.
Біріншісі- күйшінің өз қмірінің әр кезеңін қамтитын шығармалары.
Екіншісі- көне Үйсін заманынан сыр шертетін Қамбар ханнан бастап, қазақ халқының тарихи-әлеуметтік өмірінен, тұрмыс салтынан елес беретін күйлері.
Бұлардың еншісіне көне әдеби мұралармен сарындас Жиренше, Жиреншеге Қарашаштың қазасын естірту, Жиреншенің Қарашашты жоқтауы сияқты топтамалары мен Көроғлы сұлтан, Біржан Сара, Стамбұл, Мұңлық күйлерін жатқызуға болады.
Ал қолға алынар алдында Рабат төренің естіртуі, Таскөмір шоғына қарылу, Қинау, Түрмедегі қинау туындыларында өз басынан кешкен ауыр халдерінен хабар береді.
Қожеке Назарұлының жоғарыда аталған шығармалары мен қатар Нұрғазарын бұлбұл, Кері толғау, Аққу, Күй шақыртқы, Ағарсынның ақ толқыны, Арман, Байекеңнің естіртуі, Балаларыма Балам -ау, Бозжігіт, Бөлтірік, Біржан сал, Кертолғау, Күй бастар, Қос келіншек, Сайрам көл т. б. күйлері бар.
1984 жылы Үрімші қаласындағы Шыңжаң жастар баспасынан Қожеке Назарұлының Күй толқыны кітабы басылып шықты.
Кітапқа тоқсаннан астам күй енген.
Бұл күнде Қожеке Назарұлының жүзге тарта күйлері жеткен. Оның күйлерін күні бүгінде Жетісу, Алтай, Ертіс, Тарбағатай, Бұратала, Іле өңірінде тартылады.
Санат: KZ портал Қазақша Рефераттар жинағы