Түлкі сонда қасқырдың соңынан қарап тұрып

Скачать


Бір күні тіміскеленіп жүрген түлкінің тұсынан өтіп бара жатқан  қасқыр:
– Оу, туысқан, аман-есен жүрсің бе? – деп, әрі қарай кете барыпты.
Түлкі сонда қасқырдың соңынан қарап тұрып: Бұның маған қалайша іш-бауыры елжірей қалды?... Ал мен болсам оның жай-жапсарын сұраған да жоқпын. Қой, ұят болар. Одан кешірім сұрайын да достасып алайын. Қауқарлы аусар ғой, сенікі жөн, қайтпас қайсарсың деп жүріп, тапқан аң, жемтігін бөлісіп жейін, – деп ойлайды.
Сонан соң тұра жүгіреді де қасқырдың соңынан қуып жетіп:
– Қасеке, сен ренжіме маған, бір ойға шомып кетіп, сені байқамаппын. Әрі таман барған соң, менімен амандасқан кім болды екен деп, артыма бұрылсам, өзіңді көрдім. Маған өкпелеме, алдыңа келіп тұрмын ғой, кешір, – деп жалпалақтапты.
– Оу, түлкішек, сен соншама кішіпейіл ме едің? – депті қасқыр жадырап. – Неге өкпелейін, олай ойлама.
– Қасеке, ендеше, бұдан былай жігі айырылмайтын дос болайықшы, – деп өтініпті түлкі.
– Е, қаласаң, достасайық, – депті қасқыр көңілденіп.
Сөйтіп, қасқыр мен түлкі төс қағысып достасыпты да жұптарын жазбай жүретін болыпты. Қасқыр азық тауып келсе, екеуі бөлісіп жейді. Ал түлкі аңға шықса, түк таппай бос қайтады екен. Бара-бара бұған қасқыр іштей қынжыла бастайды.
Жаз шыға түлкі үш күшік тауыпты. Енді қасқырдың жеміне түлкінің күшіктері де ортақтасады. Сондықтан бұған қасқырдың күйініп жүргенін түлкі де сезеді.
Бір күні жем іздеуге шығып бара жатқан, түлкі күшіктеріне:
– Мен өзек жалғайтын бірдеңе тауып келейін, сендер мен жоқта қасқыр келе қалса, есікті ашпаңдар! – деп ескертіп кетеді.
– Ашпайық, ашпаймыз! – дейді күшіктері.
Түлкі кеткен соң, біраз уақыттан кейін қасқыр келеді де есікті қағады:
– Ашыңдар есікті, – деп дауыстайды. Түлкінің күшіктері:
– Үйде апам жоқ! – деп, ашпай қояды. Қасқыр біраздан кейін қайта айналып келіп, тағы да есікті қағады. Сонда да түлкінің күшіктері есікті ашпайды. Қасқыр ашуға булығып:
– Ашыңдар есікті! – деп ақырады. Сонда да түлкінің күшіктері көнбейді. Әбден зығыры қайнаған қасқыр табалдырықтың астын тырмалап қазып, ішке кіріп келеді де түлкінің екі күшігін ұстап алып, жеп кетеді. Ал, бір күшігі іннің түбінде, қасқырдың тұмсығы батпайтын бір қуысқа тығылып, аман қалады.
Әлден уақытта түлкі келіп:
– Зорға таптым-ау, ас болар бірдеңені. Әй, күшіктерім, қайдасыңдар? – деп дауыстайды. Әкелген жемтігін жайып қояды. Жалғыз қалған күшігі қуыстан шығып:
– Екі серігімді қасқыр жеп кетті. Мен түпкірдегі қуысқа тығылып, аман қалдым, – дейді боздап.
– Екеуін де жеп кетті, – дейді күшігі қайталап.
Сонда түлкі:
– Ой, сорлы басым-ай, қайран боздақтарым-ай! – деп, боздапты, дауыстап зар еңірепті. Біраз жылап, өксігін басқаннан кейін: – Есікті неге аштыңдар? – деп, жалғыз күшігіне ақырады.
– Қасқыр екі рет келді. Біз ашпай қойдық. Содан соң ол табалдырықтың астын қазып кірді, оған біз не істей аламыз? Қолына ілінгенді бас салды – деп, күшігі анығын айтады. – Олай болса, енді сен сақ бол, – дейді де тауып келген етін қазанға салып күшігін жұмсайды.
– Мен қамыр илейін, сен барып қасқырды шақырып келе ғой.
Күшігі қасқырға барады.
– Қасеке, сізді апам ас ішсін деп шақырып жатыр, - дейді.
Қасқырдың барғысы келмей қипақтайды:
– Жұмысым көп еді, бара алмаймын.
– Жүріңіз, апам бір қазан ет асып қойды, сізді тосып отыр, - деп, түлкінің күшігі де кетпей тұрып алады.
Еттің атын естіген соң қасқыр:
– Қоймадың ғой,   жүр ендеше, – деп, түлкінің күшігінің соңынан ілеседі.
Қасқыр келгенше, түлкі төрінің төбесінен ор қазады да ішін қып-қызыл шоққа толтырып, үстін киізбен жауып тастайды. Өзі қонақ күткен боп отыра береді. Қасқыр есіктен кірген кезде:
– Қане, қасеке, төрге шығып отыр жайғасып. Мен дастарқан жаяйын, – деп, күшіктерін іздеген-іздемегенін сездірмепті. – Біраз ет тауып келіп ем, қазанға салып қойдым. Мен келсем, мына балам жалғыз отыр екен. Әлгі екеуін ойнап кетті дейді. Қайда барар дейсің, келер. Біз тамақ іше берейік.
Түлкі сыпылдап сөйлеп, аузын жаппайды.
Күшіктерінің қайда кеткенін әлі білмейді екен ғой. Мына баласы қорыққанынан айтпаған шығар, – деп ойлаған қасқыр алшаңдай басып, төрге қарай беттейді. Төрге шығып, отыра бергенде, орға құлап түседі. Лаулап  тұрған шоқ өртей бастайды.
– Екі боздағымды сен жеп қойдың, – дейді түлкі төбесінен төніп, – енді жалғызымды жұтпақсың ғой, арам!
– Ендігәрі тиіспеймін, көкетай! Дос едік қой, – деп жалбарынады қасқыр.
– Шығарып алшы мына тозақтан.
– Өртен, өртен, – деп қарқ-қарқ күліпті түлкі. Қасқыр шоққа күйіп, сирағының тарамысы тырысып, тобан аяқ болып қалған соң, түлкі шығарып алады.
– Енді қайтіп жан бағамын! – деп боздапты қасқыр.
– Қанша қастық істесең де досым болған соң, жаным ашып, шығарып алып отырмын, – депті түлкі аяғансып. – Енді емін де айтайын. Анау таудың бөктерінде ошаған өседі. Соған барып аунасаң, құлан таза жазылып кетесің.
Қасқыр сүмең қағып, тауға келеді де ошағанға аунай бастайды. Сөйтсе, тікен өне бойына инедей қадалып, одан бетер жанын көзіне көрсетеді. Зықысы шыққан қасқыр түлкіге қайта келіп, мұңын шағады жалбарынып:
– Түке, көмектес! Енді қайттім, өне бойым қан-жоса болды.
Қасқырдың зарын тыңдап тұрған түлкі:
– Ол ем болмаса, анау тұзды көлге барып түс, сол жараңды ширатады, – деп кеңес береді.
Жанын қоярға жер таппаған қасқыр көлге қарай жүгіреді. Жетіп келіп, тұзды көлге түскен екен, өне бойы одан бетер дуылдап, ақыры азаппен өліпті.
Сөйтіп, түлкі қасқырдан кегін алыпты.


Скачать


zharar.kz