Әділетсіздіктің әлегінен жат жерге қуылдым, ұзақ жылдар бойы шет жерде жүргендіктен - жат туыспын

Скачать

Қасқағым ғұмыры қалғандардың енді бұл жалғаннан жоғалтары жоқ.

Филлип Кино. Атис

Отаным мен туған-туыстарым туралы айтарым аз. Әділетсіздіктің әлегінен жат жерге қуылдым, ұзақ жылдар бойы шет жерде жүргендіктен — жат туыспын. Еншіме тиген мол мұра сол кездегімен салыстырғанда әжептәуір білім алуыма мүмкіндік берді, ал бойыма туа біткен алғыр зеректік жас шағымда талмай тырбанып жиған мағлұматымды жүйелеуге жағдай жасады. Мен бәрінен де немістің философ-моралистерінің шығармаларын оқуды жақсы көруші едім, әрине, онда мені қисынсыз қызыл сөз емес, логикалық ойлауға дағдыланған адамға олардың құрылысындағы жасандылықты оп-оңай шығаруға болатындығы шектен тыс ынтық ететін еді. Мені әдетте тақуалықтан таймайды деп айыптап, қиялымның қарымы үшін қылмыскердей кінәлайтын, мені жұрт қашан да Перронның ізбасары санайтын. Тұрпайы философияға тым әуестігім шынында мені де біздің ғасырымыздағы мейлінше кең таралған қателіктің құрбаны етті ме деп қорқамын — мен бұл жерде барлық құбылыстарды, тіпті оған қатысы шамалы құбылыстардың өзін сол ғылым принципімен түсіндіруді айтып отырмын. Жалпы айтқанда, мен сияқты адамдарды ырымшылдықтың алдамшы сәулесі еліктіріп, шындықтың шегінен шығады дегенге сенудің өзі қиын. Мен өз әңгімемді осындай шағын алғысөзден бастауды орынды көрдім, өйткені мен баяндағалы отырған бұл әдеттен тыс оқиғалар қисынсыз қиялдың нәтижесі емес, қайта қиялды құр жаңғырық пен жансыз әріптердің құбылысы деп біліп, оны мүлдем жоққа шығаратын адамның ақыл-ойының шынайы тәжірибесі болып табылады.

Талай жыл шетелдерде саяхатта болған менің енді бір жаққа сапар шегуге зауқым соқпайтын-ды, әйтсе де түлен түрткендей, тағы да шыдамым таусылып, 18... жылы Зонд аралдарынан архипелагінің жағалауына сапарға шыққан кеменің жолаушысы ретінде, мен Батавия портынан халқы көп қазыналы Ява аралына аттандым. 400 тоннадай сыйымдылығы Бомбейде малабалардың тик ағашынан жасалып, мыспен қапталған біздің тамаша желкенді кемемізге Лаккад аралдарынан мақта мен май, сондай-ақ копра, пальма, қант, буйволдың сүтінен жасалып, қорытылған май, кокос жаңғағы мен бірнеше жәшік апиын тиелген болатын. Жүк қалай болса солай тиеле салғандықтан кеме онды-солды теңселе беруші еді.

Біз порттан шыққанда болмашы ғана жел соғып тұрған, ұзақ күндер бойы Яваның шығыс жағалауын бойлап жүзіп отырдық. Біз беттеген аралдардан шыққан бірді-екілі шағын кемелер қарсы ұшырасқаны болмаса, жүзу сапары бір сарынды өтіп жатты.

Бір күні кешке жақын юттегі кермеге сүйеніп тұр едім, кенет солтүстік-батыстан көтерілген шағын бұлтты көзім шалды. Мені оның түсі таң қалдырады, сондай-ақ Батавиядан шыққалы бері ондайды алғаш көруіміз болатын. Сонау көз ұшындағы батысқа барып жеткенше мен одан көз алмадым, ол кенет қияндағы теңіз жағалауы сияқтанып, көкжиекте жіңішке ғана бұлыңғыр тұрманға айналып, шығысқа да, батысқа да таралып кетті. Содан кейін көп ұзамай өңірдің күрең қызыл түсі мен теңіздің ғажап бейнесі менің назарымды аударды. Теңіз көз алдымда құбылып, әдеттегіден суы әлдеқайда тұнық болып көрінді. Судың түбі жылтырап жатса да, мен лот салып көріп едім, тереңдігі тура он бес фотом екен. Ауа адам айтқысыз ыстық, бейне бір қызарған темірге тиген судан көтерілген будақ-будақ буға бөгіп тұрғандай. Ымырт үйіріле бергенде, болмашы самал да үзілді, айнала құлаққа ұрған танадай мүлгіп, тына қалды. Югте жанған балауыз шамның жалынын шалқытар үп еткен леп білінбейді, ал менің сұқ саусағым мен бес бармағымның арасына қысып ұстаған бір тал шашты тербетер сыбыс жоқ. Алайда, капитан ешқандай қауіпті қатер жоқ екенін хабарлады, өйткені атыс біздің кемені жағаға ықтырып әкеліпті, сондықтан ол желкенді жинап, зәкірді түсіруге әмір етті. Вахтаға ешкім тұрмады, көпшілігі малаядан шыққан (матростар) теңізшілер палубаға сұлай-сұлай кетті. Шындықты айтсам бір сұмдықты сезгендей мен төмен түстім. Расында айналадағының бәрі тайфунның таяп қалғаның аңғартатын сияқты. Мен өзім күдігімді капитанға айттым, ол менің сөзіме құлақ аспай, тіпті маған жауап та бермей өз жөніне кетіп отырды. Алайда, үрей ұйқы бермеді, мен түн ортасына таяу тағы да палубаға шықтым. Траптың жоғарғы сатысына аяғыңды баса бергенде, жылдам айналған желдиірменнің пәрегінен күшті гүрілдеп шошып кеттім. Бірақ оның қай жақтан шыққаның аңғарғанымша болған жоқ, кеме бүкіл тұлғасымен қалтырап қоя бергенін сездім. Арада бір сәт өтпей-ақ көпіршік атып шапшыған топан су көміп, бізді жалп еткізді де дөңбекшіген толқын бар пәрменімен палубаны басынан аяғына дейін шайып өтті. Оның үстіндегінің түгін қалдырмай теңізге алып кетті

Әйтсе де сол бір дүлей дауыл біздің кемені апаттан аман сақтап қалды. Жел мачталарды күйретіп, теңізге ағызып жіберді, соның нәтижесінде кеме қайта көтеріліп, шегін тарта соққан желдің әлегінен біршама теңселіп тұрды, бірақ ақыры қайтадан бәз-баяғы қалпына келді.

Менің ажалдан қалай аман қалғанымды айтып түсіндіру мүмкін емес. Толқын соғып, есеңгіреп қалған мен бірте-бірте есімді жиып, өзімнің румпель мен фальшпорттың арасына қысылып қалғанымды білдім. Әзер дегенде орнымнан тұрып, айналама алаңдай қарап алдым да, алғашқыда бізді қойтастарға әкеп соққан екен деп ойладым. Өйткені көкке шапшығанда биік қамалдай буырқанып көбік мұндай ғаламат толқын болады деген ой барып тұрған асау қиялды адамның да басына келмейтін шығар. Кенет форттан шығар алдында ғана кемеге келіп мінген қарт шведтің жан ұшырған ащы даусын естідім. Мен де бар даусыммен бақырып жауап бердім. Ол теңселе басып кеменің арт жағындағы маған келіп жетті. Көп кешікпей кемеде екеуміз ғана тірі қалғанымыз анықталды. Біз, швед екеумізден басқа, палубадағылардың бәрін теңізге лақтырып жіберіпті, капитан мен көмекшісіне келер болсақ, шамасы олар ұйықтап жатқанда қаза тапса керек. Өйткені каютасы суға толып кетіпті. Еш жақтан күтер көмексіз, оның бер жағында ә дегенде сұрапыл соққыдан үрейіміз ұшып, әр сәт сайын апатқа бақұл болып отырған біз екеуміздің кемені қауіптен құтқару қолымыздан келмейтін еді. Дауыл ішін тартып соққан бойда-ақ біздің зәкірдің арқаны шыжын жіптей быт-шыт болды. Әйтсе де соның арқасында ғана кеме аунап түспей аман қалды. Жел айдап, біз жосылтып жүзіп келеміз. Оқта-текте толқын палубаны түгел шайын кетеді Құйрық жақтың шпантауттері жусап тұр, кеме мейлінше қатты зақымданған, әйтсе абырой болғанда әйтеуір, помпалар әлі дұрыс жұмыс істейтін, салдауыр орнынан қозғалмаған болып шықты. Дауыл тынып келеді, енді біз желдің күшінен қауіптенуді қойып, қайта ол қойған кезде ізінше айналаға орнайтын меңіреу тыныштықтан үрейіміз ұша бастады. Өйткені ол біздің қаңғыған кемемізді қалай да апатқа ұшырататыны созса Алайда осы негізді қауіптің өзін ештеңемен дәлелдеуге болмайтын тәрізді. Тайфунның алғашқы дүлей құдіретінен әлдеқайда кем болса да, мен өмірімде көрген дауылдардың бәрінен де үрейлі дүлей боран айдаған біздің қираған кемеміз бес тәулік бойы ғаламат шапшаңдықпен жүйткіді де отырды. Сол кездегі бірден-бір қорегіміз асқан азаппен бақтан аршып алған болмашы ғана пальма қанты болды. Алғашқы төрт күн бойы біз бастапқы бағыттан сәл ғана ауытқып, оңтүстік — оңтүстік шығысқа қарай ықсақ керек, шамасы. Жаңа Голландияның жағалауына жақындап қалған болармыз. Жел бағытын солтүстікке қарай бір румб ауыстырса да бесінші күні суық жан төзгісіз болып қатайып кетті. Сарғайып, бұлыңғыр күн шықты; көкжиектен арқан бойы көтерілді, бірақ айналаға шұғыласы түспеді. Аспан ашық, әйтсе де жел қатайып, ішін тартып, өршелене соқты. Біздің байқауымызша түс шамасында да күннің түсі өзгергеніне тағы да назарымыз ауды. Одан жарық емес, бұлыңғыр алакүңгірт, алакөлеңке бірдеңе түсіп тұрды. Оның барлық сәулесін поляр жұтып қойғандай тіпті судың бетінде жарқ етпейді. Тулаған теңізге сүңгімес бұрын бір құдіретті күш ойып алап тастағандай күн табағының ортасындағы сәуле кенет сөне қалды да, мұхит тұңғиығына оның күміс сақинадай құр құрсауы ғана барып батты.

Алтыншы таңның атып, күннің батуын біз бекер күттік — мен үшін ол күн туған жоқ та, ал қарт швед үшін енді мәңгі тумайды да. Сол кезден бастап бізді айнала қараңғылық қоршап алды да, тіпті кемеден жиырма қадам жердегіні көріп болмайды. Біздің тропикте бойымыз үйреніп кеткен, тіпті теңіз бетіндегі фосфордың жарығына қарамастан төңіректі мәңгілік түн түнегі тұмшалай түсті. Дауыл әдеттегіше әлі де үдере соғып тұрса да, бұрынғыдай біздің ізімізден қалмай қуалап отырған буырқанған адуын толқынды үйірімдердің көрінбейтінін аңғара бастадық. Қайда қарасаң да үрейің ұшады, көзге түртсе көрінгісіз қараңғылық пен үңірейген қара үңгір. Үмітсіздік үрейі бірте-бірте қарт шведтің жан дүниесін билеп алды, менің де іштей зәре құтым қалмады. Біз кемені бақылауды да қойдық, одан келер еш пайда жоқ деп білдік, бір-бірімізді сынған бизань-мачтаның тұқылына мықтап тұрып байлап тастадық та, ұшы-қиыры жоқ мұхитқа мұңая қарадық. Бізде уақытты есептейтін ешқандай құрал да, қай жерде тұрғанымызды анықтайтын мүмкіндік те жоқ. Рас, бұрын теңізде жүргендердің бәрінен де әрі оңтүстікке қарай ойысып кеткенімізді біз жақсы білдік. Сондықтан да бұл кендікте әдетте жиі ұшырасатын мұзға әлі кездеспегенімізге айырықша қайран қалдық. Әйтсе де әрбір сәт біздің ақырғы мезетіміз болуы ықтимал еді. Өйткені тулаған алып толқын кемені қас-қағымда аударып тастауы мүмкін. Олардың биіктігі адамның қиялына сыймайды, осы уақытқа дейін тулаған топан судың астына қалай кетіп қалмағанымызға қайраным бар. Жолдасым жүгіміздің жеңілдігін айтып, біздің кеменің мықтылығын еске салды, әйтсе де мен бұдан үміттенудің бекершілік екенін сезініп, өлімге еріксіз мойын ұсына бастадым, өмірімізді әрі асқанда бір сағаттан артық ұзарға алатын бұл жалғанда басқа құдірет жоқ деп білдім, өйткені әр миль сайын меңіреу мұхит айдыны ұлғайып, ғаламат алып қара толқындар үрейлі бола бастады. Кейде дауылпаз шарықтаған биікке шарпығанда өкпе-бауырың аузыңа тығылады, кейде ауасы қолқаны қабатын қапырық және теңіз құбыжықтарының тыныштығын бұзар сыбыс естілмейтін су түбінің нағыз тамұтына сүңгігенде басың айналып, көзің қарауытады.

Түнде менің жолдасымның жан ұшырған ащы дауысы шыққан кезде біз сондай бір түпсіз тұңғиыққа кетіп бара жатқан болатынбыз. Қараңызшы, қараңызшы! — деп айта алады ол менің құлағыма.— О құдіретті құдайым-ай, қараңызшы! Сол кезде мен өзіміз шыңырау түбіне кеткен сулы құздың қабырғасын күңгірттеу қошқыл қызыл сәуле жарқыратып жібергенін байқадым. Оның жыпылықтаған сәулесі біздің кемеге түсіп тұрды. Басымды көтеріп жоғары қарағанда көрген ғаламатымнан үрейім ұшып, тынысым бітіп қалды. Сонау шырқау биікте біздің төбемізден, жарқабақ толқынның дәл жиегінде су сыйымдылығы кемінде төрт мың тонна келетін алып кеме төніп тұр екен. Өз биіктігінен жүз есе артық келетін толқынның орта тұсында тұрса да, оның нақты көлемі қалай десе де дүние жүзіндегі линейлік кемелердің немесе Ост-Үндістан компаниясындағы қайықтардың бәрінен артық болатын. Оның күңгірт тартқан қап-қара алып тұлғасы әдеттегі кемелердей оюлап әшекейленбеген. Жабдықтарға ілініп, тербеліп тұрған самсаған жауынгерлік шамдардың сәулесі ашық порттарға бір қатар тізілген мыс зеңбірекше үрейімізді алып, бізді қайран қалдырған әл бермес адуын теңіздің айрықша тулағаның елең қылмай кеменің құдіретті дүлей дауылға қарсы желкенін жимай жүзіп келе жатқаны болды. Алғашқыда біз оны көргенде зәреңді ұшыратын сонау арт жағында қалып бара жатқан қара үңгірден көтеріле бастаған тұмсығын ғана көрдік. Адам айтып болмас үрей туғызып, өзінің тәкаппарлығын көрсеткісі келгендей ол толқын жалында қалшиып бір сәт тұрды да, содан соң әлде неден шошығандай селк етіп, шайқалып кетті де — төмен, тұңғиыққа құлдырай жөнелді.

Осы бір сәтте неге екенін қайдам, жан-дүнием тыншыға қалды. Кеменің құйрық жағына зорға дегенде жетіп, абыржып-аптықпай, алмай қоймас ажалды күттім. Біздің кеме табиғаттың дүлей күшіне енді қарсы тұра алмайды. Өйткені қаптағайлап ұмтылған ғаламат толқынға тұмсығы батып кетті. Сондықтан да жоғарыдан құлаған судың салмағы кеме корпусының әлгінде ғана толқынның астына кеткен тұсына тұра келді де, соның салдарынан мені бар пәрменімен бейтаныс кеменің вантына лақтырып жіберді.

Мен келіп түскен кезде әлгі кеме әлдеқалай жалт бұрылды, шамасы сол бір абыр-сабыр сәтте командадағылардың ешқайсысы мені байқамай қалса керек. Ешкімнің көзіне түспей қақпағы сәл ашық тұрған грот-люкті оп-оңай тауып алдым да, көп ұзамай трюмге барып тығыла қалдым.

Неге олай жасағанымды, шынымды айтсам, өзім де білмеймін. Мүмкін менің қалайда тығылуға ұмтылуыма сол кеменің матростарын көргенде бойымды билеген қорқыныш себеп болған шығар. Бір қарағанда-ақ сырт бейнесі зәре-құтымды алған жандарға өз тағдырымды сеніп тапсыруға менің батылым бармады. Сондықтан қажет бола қалса абажадай шпангоуттардың арасына жасырынып жан сауғалау үшін мен уақытша қойылған аралық қабырғалардың бір жағын ығыстырып, трюмнен өзіме жасырын жай жасап алуды жөн көрдім.

Жатақ жасап үлгерген кезде трюмнен шыққан адам аяғының тықыры мені тығылуға мәжбүр етті. Мен жасырынған жердің қасынан аяғын абайлап қана ақырып басып бір адам өтті. Жүзін көре алмадым. Әйтсе де оның жасы егде таратқан, қайраты қайтқан жан болар деген өзімше қорытынды жасауға толық мүмкіндігім болды. Жылдар жүгінен тізесі бүгіліп, сол ауыртпалықтан бүкіл денесі қалт-құлт етеді. Маған бейтаныс тілде бірдеңелерді ыңырсып қана күбірлеп, қайдағы бір адам көрмеген құралдар мен шіріп кеткен теңіз қарғалары үйіліп жатқан бұрыштан бірдеңелерді түртінектеп іздеп жүр. Оның барлық іс-әрекеті, мінезі шатақ, алжыған діндар қарт пен құдіретті құдай тәкаппарлығының қосындысы сияқты. Ақыры ол палубаға қайтып оралды, одан кейін мен оны көргенім жоқ...

Жанымды бұрын білмейтін, түсініп болмайтын бір жаңа сезім биледі. Өйткені оны өткеннің тәжірибесі де түсіндіре алмайды, тіпті болашақтың өзі оның кілтін менің қолыма бере алмас деп қорқамын. Мен сияқты адамға оның өзі тым ауыр ғой. Ешқашан,— мен мұны жақсы білемін — мұны ешқашан жақсы түсіндіре алмаймын. Алайда менің түсініктемемнің жалпылама боларына таңданудың қажеті шамалы, өйткені оның өзі мүлдем белгісіз, зерттелмеген құбылысқа арналған ғой. Менің рухым белгілі бір жаңа біліммен байып, қайдағы бір субстанцияны игереді.

Осы бір сұмдық кеменің палубасына аяқ басқаныма да біраз уақыт өтті. Енді менің тағдырымның шашыраған сәулесі бір орталыққа шоғырлана бастаған сияқты. Адам біліп болмайтын жандар! Мәнін мен білмейтін қайдағы бір қалың ойға берілген олар мені көзіне ілмей жанымнан жылыстап өтіп жағады. Олардан жасырынудың өзі барып тұрған есуастық. Өйткені олар қарағысы да, көргісі де келмейді. Жаңа ғана мен бірінші көмекшінің көз алдынан өттім; соның алдында ғана капитанның каютасына барып, мына жазып отырған, бұған дейін жазып келген жазу құралдарын алып кеттім. Ауық-ауық осылай жаза бермекпін. Рас, оларды адамдардың қолына табыс етудің маған сәті түспес те, әйтсе де солай жасауға тырысып көремін. Ақырғы сәтте қолжазбаны шөлмекке саламын да теңізге тастаймын.

Менің ойымды өрбітуге көмектескен жаңа бір жағдай болды. Мұндай жағдайды кездейсоқ сәтті оқиға деп санауға болмай ма? Мен палубаға шығып, ешкімнің көзіне шалынбай қайықтың табанында үйіліп жатқан ескі желкендер мен арқандардың үстіне жата кеттім. Тағдырымның тұрлаусыздығы туралы ойлап жатып, мен қиайыға арналған кистіні қолыма алып, жанымдағы кеспектің үстіне мұқият қаттап жиылған лисельдің шетіне сүйкей бастадым. Қазір сол лисель көтерілді, менің ойланбай сүйкей салғанымнан Жаңалық деген сөз құралыпты.

Соңғы кезде бұл кеменің құрылысы жөнінде көп нәрсе байқадым, қаруының көптігіне қарамастан менің ойымша, мұның өзі әскери кеме бола алмайтын сияқты. Оның архитектурасы, құрал-саймандары, жалпы бүкіл жабдықтары ондай болжауды теріске шығарады. Оның не бола алмайтыны маған айдан анық, ал оның не болуы тиіс екендігін мен айта алмаспын деген қаупім бар. Неге екенін қайдам, әйтеуір оның әдеттен тыс құрсаулары мен өзіндік рангоуын көлемінің үлкендігі мен желкенінің көптігін, тұмсығының мейлінше қарапайымдығы мен құйрық жағының ескі үлгіде жасалуын мұқият зерттеген кезде менің ойыма кейде қайдағы бір таныс бейне түседі де, сол естелік елесімен бірге көз алдымнан ескі замандағы шетелдік деректер мен ежелгі ғасырлар көштей тізбектеліп өтеді...

Мен кеменің тимберстерін мұқият зерттедім. Ол маған беймәлім материалдардан жасалған екен. Бұл ағаштың айрықша қасиеті бар, менің ойынша. Сондықтан да ол бастапқы көзделген мақсатына мүлдем жарамайды. Мен бұл арада тіпті шұрқ тесік етіп әбден құрт жеп қойған (осы тұстағы теңіздерде жүзгендігінің табиғи нәтижесі) және әрқашан тозған кезде болатын шіріктігін былай қойғанда, оның, әдеттен тыс кеуектігін айтып отырмын. Әйтсе де менің бұл айтқандарым оғаштау да болар, бірақ егер испан еменін әлдебір әдеттен тыс әдіспен, июге болатын болса, онда испан еменінің барлық қасиеттері осы ағаштың бойынан табылған да болар еді.

Соңғы сөздерді оқығанда менің ойыма көпті көрген көнекөз бір голландық қарт теңізшінің айтып берген мәтелі оралады. Кейде қайсыбіреулер оның айтқанының шындығына күмән келтіре қалса ол: Бұл жалғанда тірі теңізшінің тәні сияқты тіпті кеме де өсетін теңіз бары, қандай рас болса, бұл да сондай ақиқат деуші еді.

Осыдан бір сағат бұрын өзімді өзі қайрағандай болып, бір топ теңізшілердің қасына бардым. Мен орталарына кірсем де олар маған назар аудармады, мені елең қылмайтын тәрізді. Мен трюмде алғаш көрген теңізшім сияқты бәрі де қаусаған қарттар. Әлсіздіктен тірсектері қалтырап, кәріліктен белдері бүгіліп кеткен, шандыр боп қатып қалған терілері судыр-судыр етеді, қарлыққан дауыстары булығып, үзіліп-үзіліп зорға шығады, кәрі көздерінің жанары солып, суала бастаған, ал әппақ қудай шаштарын дауыл жұлмалайды. Айналасында, палубада конструкциясы ескірген, әдеттен тыс математикалық құрал-саймандар үйіліп жатыр.

Әлгінде мен лисельді көтергенін айтқан болатынмын. Сол кезден бастап кеме онан сайын өзінің брамрейлерінің нокилерін адам баласының ақылы жетпейтін түпсіз тұңғиық суға сүңгіте отырып, барлық желкенін жайған бойда өзі бет алған оңтүстікке қарай бакштагінің бар пәрменімен жүзіп келеді. Аяғымды басын тіке тұра алмаған соң мен жаңа ғана палубадан кеттім, ал команда болса оны онша-мұнша елемейтін сияқты. Біздің кеменің алып корпусын тулаған дүлей теңіздің мәңгі-бақи жұтып қоймағаны — барып тұрған ғажаптың ғажабы. Шамасы, түпсіз тұңғиыққа құлдырап құлап кетпесек те, осылай қияметтің қыл көпірінде мәңгі қылтылдап жүру пешенемізге жазылған болса керек. Мен өмірімде көрген-білгендердің бәрінен мың-мың мәрте артып кететін қиялдан тыс ғаламат толқындардың жағасынан біз шағаладай шапшаң төмен қарай самғай жөнелеміз, сол кезде толқынның түбінен андыздаған перілердей алып толқындардың ақшулан бастары біздің үстімізге төне түседі, әйтсе де перілердің қорқытса да құртып жіберуге хақысы жоқ. Біздің әрқашан апаттан аман қалуымыздың бір ғана нақты себебі бар ғой деп білемін. Шамасы, кеме әлдебір қатты ағыстың немесе тереңнен қайнап шыққан ағынның ырқында болса керек.

Мен капитанмен, тіпті оның өз кабинетінде бетпе-бет келіп қалдым. Әйтсе де, күткенімдей, мені мүлдем елең қылған жоқ. Сырт қараған адам оның бет пішінінен жұмыр басты пендеге тән емес ештеңені де байқамаған болар еді, әйтсе де мен оған бір жағынан, таңырқай, екінші жағынан, үрейлене қарадым. Бойы мен шамалас, былайша айтқанда, бес фут, сегіз дюймдей, тұлғасы мықты да сымбатты. Алайда, суық жүзіндегі жансыз құбылыс, кәудіреген кәріліктің куәсіндей болған керемет тұнжыраған тұңғиық та түнерген кейпі адамның тұла бойын тітіркендіріп жібереді. Әжім атаулыдан ада деуге болатын жүзінен әйтсе де оның қисапсыз көп жылдарды бастан кешіргені айқын аңғарылып тұр. Оның қудай ақ шашы — өткеннің куәсіндей, ал суалған көкшіл көздер — болашақтың сәуегейі іспетті. Каютаның еденінде мыс доғасы бар ғажап фолиантар, көгеріп кеткен тылы ми құралдар мен әлдеқашан ұмыт болған ескі теңіз қарғалары қоқырсып, шашылып жатыр. Басын қолымен сүйеп, мен шамасы капитандық потенті болар деп санаған, әйтеуір монархтың қолы қойылған бір қағазға әлдеқалай абыржығандай шұқшия қарайды. Мен трюмде алғаш көрген теңізші тәрізді ол да бейтаныс елдің тілінде ызалы үнмен әлде бірдеңелерді күбірледі — қасында тұрсам да оның барлыққан үні маған бір шақырым жерден шыққандай болып естілді.

* * *

Кеме де, ондағылардың бәрі де Ескілік рухындай. Теңізшілер бейне бір жүздеген жылдар бұрын жерленгендегілердің аруағындай ерсілі-қарсылы теңселіп жүр. Көздері әлдеқалай абыржығандай ұшқын ағады, жауынгерлік шамдар айбаттана жалт-жұлт еткен кезде олардың қолы әлдеқалай жолымды бөгеген кезде мен өмір бойы ежелгі дәуір заттарымен сауда жасап жүрсем де қираған Баальбек, Тадмор мен Персеполь колонналарының көлеңкесінде ұзақ күн кешкендіктен өз жан дүниемнің күйреген қоқысқа айналғанына қарамастан менің бойымды бұған дейін белгісіз беймаза сезім билейді.

* * *

Айналама қараймын да өзімнің бұрынғы қауіптенуімнен қатты ұяламын. Егер мен әлі күнге дейін қыр ізімізден қалмай қойған дүлей дауылдан қалшылдаған болсам, онда бейнелеуге дүлей мен тайфун деген сөздер күйкі, түкке тұрғысыз болып көрінетін мұхит пен желдің айқасы менің үрейімді қалай ұшырмайды? Кеменің төңірегі көзге түртсе көргісіз қараңғы түнек пен есепсіз дөңбекши тулаған толқын, бірақ біздің екі жақ қапталымызда шамамен алғанда бір лигадай қашықтықта әлемді жаратушының қамалындай әр тұста қарауытқан мұз шоқылардың биік шыңдары тұнжыраған бұлыңғыр аспанмен тілдесіп жатқандай.

* * *

Егер арындап ақ мұз құрсанған шатқалды қақ жарып, оңтүстікке қарай жөңкіп жатқан үрейлі де асау ағынды солай деп атауға болатын болса, онда мен ойлағандай кеме күшті ағысқа кезіккені.

Менің бойымды билеген үрейлі сезімді, әрине, толық айтып жеткізу мүмкін бола қоймас; бірақ осы ғаламат өлкенің құпиясын білсем деген игі ниет менің бойымды кернеген үрейден де күшті, тіпті оның мені қайғылы қадам жасауға көндіруге де құдіреті жететін тәрізді. Біздің таңғажайып жаңалық ашуға, бір құпияның сырын білуге жақын екенімізде күмән жоқ. Бірақ оларды ешкімге жеткізе алмаймыз, өйткені ол үшін біз өмірімізді құрбан ететін боламыз. Мүмкін бұл ағын бізді тура оңтүстік полюске алып баратын болар. Бір қарағанда қисынсыз болып көрінгенмен көп жәйт осы болжаудың дұрыстығына куәлік ететінін мойындау керек.

* * *

Теңізшілер беймазаланып, әлдеқалай абыржығандай палубада ерсілі-қарсылы сенделіп жүр, әйтсе де олардың жүзінен шарасыздықтан туған енжарлықтан гөрі үміт ұшқыны айқын аңғарылады.

Алайда жел бұрынғысынша арқа тұсымыздан соғып тұр, ал желкен мейлінше көп қойылғандықтан да кеме ауық-ауық аспанға шапшып кетеді! Неткен шексіз ғаламат десеңізші! — кенет біздің оң және сол жақ қанатымыздағы мұздар ыдырап, біз қырқасы сонау қияға кетіп жатқан аумағы атшаптырым амфитеатрдың жиегін жағалай шеңбер жасап, бас айналар шапшаңдықпен шыр көбелек айнала бастадық. Алайда алда күтіп тұрған тағдыр жөнінде ойланып жатуға менің уақытым шамалы! Шеңбер шапшаң тарыла түсуде.— Біз зулаған бойда үңірейген иірімнің аузына қойып кеттік, астаң-кестеңі шығып, үрейді ала гүрілдеп, гуілдеп, ұлып сапырылысқан мұхит пен дауылдың құшағындағы біздің кемеміз қалш-қалш етіп,— о, құдайым-ау десеңізші,— тұңғиыққа сүңгіп жоқ болды!

Ескертпе: Шөлмектен шыққан қолжазба алғаш рет 1831 жылы жарияланған болатын, мұхит Полярлық шығанаққа (солтүстік) қарай жөңкіген, және сол тұста жердің қыртысына сіңіп кеткен төрт атыс ретінде, ал полюстің өзі зәулім биікке көтерілген таулы шың болып бейнеленген Меркатордың қарғасымен бұдан көп жыл кейін барып таныстым.


Скачать


zharar.kz