Менің сабақтарыма аса үлкен өзгеріс алып келген модуль Оқу үшін және оқыту үшін бағалау

Скачать

Мектептегі тәжірибеден кейінгі мұғалім мен оқушы өзгерісі жөнінде

Ұстаз білім есігін ашады, бірақ сен сол есікке өздігіңнен кір деген батыс даналығы менің мектептегі тәжірибемнің мазмұнын түбегейлі ашып,терең түсінік береді деуге болады. Өйткені, менің көздеген мақсатым – мен берген білімді оқушы өз ынтасымен қабылдап, өзінің өмір жолында тиімді пайдаланып, елге еңбегі сіңген тұлға ретінде қалыптасуы. Осы мақсатта Кембридж тәсілімен оқыту бағдарламасы негізінде өз мектебімде 9-сыныппен жұмыстанып, 4 тізбектелген зерттеу сабағын өткіздім.
Табысты оқу мен оқытудың мәні оқыту үдерісінде оқушылар өздерін еркін және қауіпсіз сезінуіне жағдай жасауға негізделеді.(тапсырмалар, 11бет) Мұғалім ең алдымен баланың дамуын, сыни ойлауын қадағалауы тиіс екені бәрімізге мәлім. Міне, осы тұрғыдан алсақ, бағдарламада көрсетілген 7 модульді сабақта тиімді пайдалансақ, берілген білім нәтижелі болатындығына көз жеткізуге болады.
Алғашқы күннен бастап, оқушылар менімен бірлесе жұмыс жасап, сабақтың өтілу формасы мен жоспарын құруға ат салысты. Жұмыс барысында байқағаным бұрынғы дәстүрлі әдіспен өтілетін сабақтарда оқушылардың бойындағы сабақты білмей қалу, түсінбей қалу деген үрей бәсеңдеп, керісінше бойларында белсенділік пен сенімділік қалыптасып, олардың әрқайсысының пікірі құнды екендігін түсінді. Тәрбиелік жағынан алып қарасақ, оқушылардың бойында жанашырлық қалыптасып, сыныпта ұйымшылдық артты.
Топтық жұмыстар барысында оқушылар берілген проблемаларды анықтап, шешуде бір-бірін қолдап, бір-бірінен үйрене білді. Ынтымақстасқан жұмыстардың нәтижесінде оқушылар өздеріне, басқаларға және әлемге зейінмен қарайды. Сыныптағы шектеліп қалған оқушылардың үні естілді.
Мысалы, алғашқы сабағымда оқушылар экологиялық проблемаларды түсініп, оларды шешу жолдарын бірігіп талқылап, қоршаған ортаны қоқыстан арылту жолдарын қарастыруы керек болатын. Осы орайда мен сабағымды бейнероликпен бастадым. Роликте бізді қоршаған ортаның ластануы, оның себептері мен зардаптары көрсетілген. Бұндағы мақсатым осы бейнеролик арқылы оқушылардың бойында қоршаған ортаға деген жанашырлық сезім қалыптастыру, тазалыққа тәрбиелеу. Оқушылар осы роликке қатысты өздерінің ойларын білдіріп, табиғаттың ластануы адамзаттың өміріне қауіп төндіретінін түсінгендерін білдірді. Осы сабақта берілген граматикалық тақырып – жедел осы шақты оқушылардың естеріне түсіру мақсатында оларды топтарға бөліп, І-топ - жалпы ережесі, ІІ-топ – құрылымы, ІІІ-топ – мысалдар келтіру тапсырмаларын бөліп бердім. Ал бұрын соңды грамматикалық тақырыптарды міндетті түрде өзім түсіндіретінмін және тақырыпты пысықтау үшін түрлі жаттығулар орындайтынбыз. Оқушыларға қиын соғар-ау деп біраз толғандым, ал оқушылар болса, еш қиналмай, өз беттерімен ізденіп, оқулықтан, желіден тапқан мәліметтерін менімен бөлісіп, қазақ тілінде болса да тақырыпты түсіндіруге тырысты. Бұл жерде өз ойыма түйгенім, білім алушыға берілген тапсырма қаншалықты ауыр болса, соншалықты деңгейде ізденімпаздығы мен жауапкершілігі артады. Оқушылардың қызығушылығын ояту мақсатында және сыныпта татулық қалыптастыру мақсатында сергіту сәттерін әр сабағымда дерлік өткіздім. Олар интерактивті тақтадан көрсетілген әуенді жаттығуларды қайталады. Алғашында менде жоғарғы сынып оқушылары бұндай сергітулерді жасамайды деген қорқыныш болған. Кейін олардың жаттығуларды қызыға орындағанын көріп, қуандым. Бұл да менің сабағыма енген бір жаңалық болды, өйткені бұрын соңды тек ашық сабақтарда ғана сергітулер өткізетінмін, ал әдеттегі сабақтарда уақыт таппай қаламын.
Оқушылардың сыни ойлауын дамыту мақсатында түрлі әдіс-тәсілдерді сабақтарымда пайдалануға тырыстым. Бірінші бетпе-бет кезеңінде көптеген жаңа тәсілдерді үйрендік, солардың барлығын оқушыларға жеткізуге тырыстым. Топтастыру, ЖигСо, Инсерт тәсілдерін бұрын соңды сабақтарымда падаланып жүрдім. Ал постер әзірлеп, оны қорғау сияқты тапсырмалар менің сабақтарымды одан әрі жандандырды деп ойлаймын. Оқушыларға жеке жұмыстанғаннан көрі топта жұмыс жасаған әлдеқайда көбірек септігін тигізетіні белгілі. Топпен бірлесе талқылап, білмегенін сұрап, білгенін өзгелермен бөліскендері менің де жұмысымды жеңілдетті деуге болады.
Оқу мен оқытуда АКТ-н пайдалану модулі бойынша сабақтарыма ешқандай өзгеріс енбеді демекпін. Өйткені мен өз сабақтарымда бұрын соңды да жаңа технологияларды жиі қолданатынмын. Өзге тіл болғандықтан әр сабақтарымда үнтаспалармен жұмыс жүреді, электронды оқулықтардың да маңызы зор және сол елдің әдебиетін,мәдениетін оқушыға жеткізу үшін интернеттен алынған материалдарды да пайдаланатынмын. Ал тәжірибе кезінде оқушылардың құзырына тағы бір заманауи құрал ұсынылды. Ол – ұялы телефон. Телефондарға орнатылған грамматикалық анықтамалар, аудармашы-сөздіктер оқушыларға көп көмектерін тигізді. Оған қоса желіден қажетті мәліметтерді де телефон арқылы жинақтады.
Оқу мен оқытудағы жаңа тәсілдер: диалогтық оқыту оқушылардың Мұғалім – оқушы қарым-қатынасынан Оқушы-оқушы қадамына өтуіне себепші болды. Оқушыларды көбірек сөйлету мақсатында жуан сұрақтар қоюға тырыстым. Оқушылар ағылшын тұрмақ қазақ тілінде де пікір айтуға сараң. Сондықтан әлі де болса жұмыстануым қажет және оқушылардың сөздік қорларын молайту мақсатында түрлі әдіс-тәсілдерді сабақтарымда жүйелі түрде пайдалануым қажет.
Тәжірибе барысында барлық 7 модульді әр сабағыма кіріктіруге тырыстым. Оқушылардың жас және жеке ерекшеліктерін үнемі бақылап, саралаумен болдым. Алғашқы бетпе-бет кезеңінде инклюзивті оқыту терминімен аса аталып өтілген соң, зерттеу барысында сыныптағы барлық оқушыларды қамтуға тырыстым. Бес саусақтың бірдей болмайтынындай бір сыныптағы оқушылар да әр түрлі келеді. Мысалы Қасанхағалидың бойында туа біткен кемістігі бар. Құрдастарының дұрыс көзқарасына қарамастаан, ол өзінің сол күйінен қысылып, үнемі достарынан тысқарыланатын. Ал тәжірибе кезінде онынң көңіл-күйі жоғары болды. Бір сабағымда бір оқушы ортаға шығып, іс-қимылмен көңіл күйін сездіріп, ал қалған оқушылар оның көңілін ағылшын тілінде баяндап беруі тиіс болатын. Осы тапсырмаға өздігінен сұранып шығып, әр түрлі бейнелерді сомдаған кезде мен өте қатты қуандым. Сол күні бір оқушым сенім жәшігіне Kasangali forever деген пікір қалдырыпты, Жарадың, Қасанғали дегені болса керек.
Жоғарыда айтып өткенімдей, бір сыныпта деңгейлері әр түрлі балалар білім алады. Бірінің қабылдауы жылдам, тез ойланып, тез жауап қатса, екіншісі бірден түсіне алмай, тапсырманы қайталауды өтінеді. Осы тұста сабаққа көп кедергілер келеді. Озат оқушылармен бөлек жұмыстануға тура келеді. Бұрын деңгейлік тапсырмалар беріп, үйге қосымша тапсырмалар беретінмін. Кейде басқа оқулықтардан жаттығулар ұсынамын. Талантты-дарынды балаларды оқыту модулі бойынша сабақтарыма айтарлықтай өзгерістер енген жоқ. Тек қаана ЖАДА-нда оқыта отырып, үздік оқушыны көпірше ретінде пайдалану сабағыма біраз өзгерістер енгізді. Дей тұрғанымен, өзге оқушыларды оқытумен айналысып, өздерінің сабақтары төмендеп кетпейді ме деген сұрақ мазалайды.
Менің сабақтарыма аса үлкен өзгеріс алып келген модуль Оқу үшін және оқыту үшін бағалау. Біздер, мұғалімдер дәстүрлі сабақтардағы бағалау стандартына сай 3 баллдық жүйемен оқушыны бағалауға әбден үйреніп қалыппыз. Бірі сабақтағы алған бағасына риза болар, екінші бірінің көңілі толмай қалған тұстары да кезігіп жатады. Бірақ біз үшін осындай әдіспен бағалай міндет секілді. Журнал толуы тиіс, баға қойылуы тиіс. Жасыратыны жоқ, осы күнге дейін баға – оқушыны бағалау үшін қажет деп түсіндім. Ал өзімді бағалау, мен берген білімді бағалау, сабақтарымның нәтижесін бағалау арқылы көру менің ойыма да кіріп-шықпады. Оқушылардың формативті түрде өз-өздерін топтық, жұптық бағалауы, сабақты бағалауы, сабақ соңындағы кері байланыс менің оқуды бағалауыма үлкен жеңілдік берді. Бұрын соңды бір сабақта 5-6 оқушы ғана бағаланса, енді 60-70% пайызы бағалануға мүмкіндік бар. Әр оқушының қаншалықты деңгейде сабақты меңгергенін бағалау экранынан көремін, рефлексия нәтижесінде сабақтарымды өзгертуге, жүйелеуге тырысамын. Балалар да бағалауға аса мән беріп, әділ түрде жұмыс жасауға тырысты. Бұрын соңды мұғалімнің қойған бағасына риза болатын оқушылар, енді менімен бірлесе шешім шығарып, өздерінің пікірлерін білдіре алды.
Ендігі кезекте мен өзім бақылауға алып, зерттеген оқушыларымның өзгерісі жөнінде айта кеткім келеді. Жұмысты бастамас бұрын 9-сыныптың жетекшісімен кеңесіп, әр баланың мінез-құлқын, әлеуметтік жағдайын білуге тырыстым және сыныппен етене жақындасу үшін сауалнама мен дейгейлік тест жұмыстарын алдым. Соның нәтижесінде Бекатасов Мадиярды С деңгейлі, Әділханова Мархаббатты В деңгейлі және Зайдулла Айнаны А деңгейлі оқушы ретінде зерттеуге алып, бақылауға тырыстым. Мадияр үйіндегі жалғыз бала, анасымен бірге тұрады. Мінезі тұйық болса да, достарымен жақсы қарым-қатынаста. Сурет салуға және домбырада ойнауға икемі бар. Ал менің пәнім бойынша білімі үштік бағаға сай келеді. Сөздік қоры төмен, үй тапсырмаларын мүлдем орындамайды және сабаққа да қатысуға құштарлығы жоқ болатын. Тәжірибе барысында бұл оқушы кереметтей өзгерді деп айта алмаймын, бірақ пәнге деген қызығушылығының артқанын байқадым. Топтық таныстырылымдар, тірек-сызбалар дайындау сияқты тапсырмалар берілсе, қарындашты үнемі өз қолына алады. Білмегенін қасындағы оқушылардан сұрап алады. Бірде тіпті өзі сұранып, топтық жұмысты қорғауға тақтаға шықты. Және тағы бір байқағаным, оның есте сақтау қабілеті өте жақсы екен, Memory game ойынында ең көп сөз Мадиярдың есінде қалыпты. Бұдан қандай қорытынды шығар еді..? – білемін деген балаға уақытында көңіл бөлмей, қызықтыра алмай, білім бере алмаған мен кінәлі емеспін бе? Мүмкін сыныптағы 17 балаға бөлінген 45 минуттың жетіспеуі шығар немесе аптасына 2 сағаттың аздық ететіні де үлкен себеп болар.
Ал Мархаббатқа келер болсақ, мінезі тентектеу, бірбеткей, көбіне бұзақы қылықтарымен көзге түседі. Дегенмен, менің сабақтарыма жақсы араласып отырады, қатемен болса да, ағылшынша сөйлеуге тырысады. Болашақта аудармашы болғысы келетінін де жасырмады. Тек үй жұмыстарын көбіне орындамай келеді және әр түрлі себептер айтып, сабаққа қатыспауға тырысады. Тәжірибе кезінде Мархаббаттың бойынан топбасшылыққа ұмтылу және бәсекелестік қабілетті байқадым. Шағармашылық жұмыстарда үнемі өз идеяларын жандандырып отырды. Топ басшысы қызметін жақсы атқарып, топтағы басқа оқушыларды ұйымдастыра білді және әділ бағалай білді. Тіпті өзінің жан құрбысына төмен баға қойып, маған ренжіме, бірақ сен бүгін сабаққа тіпті араласпадың дегені бар. Осының бәрін бақылай отырып, мен бұл оқушыға алдағы уақытта жауапты міндеттер жүктеп, үнемі ортада болуын қадағалауым керек екенін түсіндім. Өйткені The Psychology of Optimal Experience еңбегінде Чиксентмихай дәлелдегендей талап төмен болса, дарынды оқушыларда зерігу пайда болады. Соның салдарынан сабаққа қызығушылығы төмендейді.
Айна атты үздік оқушым әр мұғалімнің арманындағы құзыретті оқушы кейпін ашатындай. Жан-жақты, ізденімпаз, тиянақты және берілген тапсырманы үлкен жауапкершілікпен орындайды. Айнаның бойында соншалықты үлкен өзгеріс байқалмаса да, оған сабақтың осындай формада өткені өте ұнайтынын сездім. Әр тапсырмаға қызыға қарады және бестік бағаға оқитын өзге оқушылармен бәсекелесе бастады. Сыныптағы атмосфера оны үнемі қуантатындай көрінді маған.
Кембридж тәсілімен оқыту бағдарламасыында Өз бетінше жұмыс істеу және даму ниетін Шанк пен Циммерман метатанудың негізгі аспектісі ретінде таниды. Оқу үдерісінің табысты болуы ынталандыру, әлеуметтік және эмоционалдық әрекеттер күрделі метакогнитивті білімге байланыстылығы айтылған. Осы түсінікті негізге ала отырып, оқушылардың білім алуына мотивация тудырып, мадақтап отыруды да ұмытпадым.
Мұғалімнің жақсы мінез құлқы оқушыға дариды және әсер етеді. Мұғалім оны оқыту үрдісінде, қолданған әдіс тәсілдерінің барысында және іс әрекетінің нәтижесінде байқатуы мүмкін. Оқу барысында оқушы оны бойына сіңіреді. Егер оқушыда жақсы мінез - құлық болса, ол онда өзінің оқудағы жетістігін тұрақты ұстап тұра алады және өзін - өзі жетілдіреді. Яғни, нәтижелі оқу жақсы мінез - құлыққа тікелей байланысты.
Білім – адам сапаларының өзгеруін басқаратын үрдіс болғандықтан, ол педагогикалық мамандықтың кәсіби біліктілік қабілеттерін дамытуға бағытталады. Сондықтан оқушыны өмір сүру барысында өзгеруге әлеуеті жететін ашық жүйе деп қарастырғанымыз жөн. Ол белгілі бір саладағы маман болғандықтан, адамды — маман тұрғысынан қарау біліктілік ұғымына шығарады. Біліктілік – бұл білімді меңгерудегі, тәжірбиедегі білімділікті, құндылықты бейнелейтін жалпы қабілеттілік.      Бүгінгі күн  мұғалімнің біліктілігін арттыруды жалпықоғамдық мәселе ретінде қарастыру қажеттігі туған кезең. Себебі білімді тереңдету, молайту, жетілдіру, арттыру жеке басы үшін ғана емес, қазіргі қоғамға қажет әрекет деп қабылдауымыз керек. Бұл мұғалімнің өз қызметінде табысқа жетуін  ғана көздемейді, оның аясын одан әлдеқайда кеңірек қарастырған жөн. Кембридж тәсілімен оқыту бағдарламасын Қазақстан мұғалімдерінің біліктілік арттыру курсы ретінде ғана қрастырып қоймай, сонымен қатар білім берудегі үлкен көмек, үлкен өзгеріс деп түсінгеніміз жөн.
Білім – қоғамды әлеуметтік-мәдени, ғылыми үрдіспен қамтамасыз ететін жоғары құндылық. Болашақтың бүгінгіден нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын күш тек білімде ғана. Қай елдін болсын өсіп-өркендеуі, ғаламдық дүниеде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүиесінің деңгейіне, даму бағытына байланысты. 

Еліміздің білім беру жүйесін 2015 жылға дамыту тұжырымдамасында: Жылдам өзгеріп отыратын заманда алынған білімнің, кәсіби дағдылардың негізінде еркін бағдарлай білетін, өзін - өзі іске асыруға, өзін - өзі дамытуға және өз бетінше дұрыс, адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру деп нақты көрсетілген. Осы мақсаттың жүзеге асырыла бастауының бірден бір себебі - осы сындарлы оқыту теориясы деуге болады. Сындарлы оқытуды жүзеге асыруда бағдарламада қамтылған жеті модульді сабақтарда ықпалдастырудың маңызы өте зор. Сондықтан алдағы еңбек жолымда сабақтарымды осы бағдарламаға сәйкес жүйелеп, әр білім алушының болашағы жарқын болуы үшін аянып қалмайтыныма сенімдімін.


Скачать


zharar.kz