Ертеде бір асқан мерген болыпты. Атқан оғынан жүгірген аң, ұшқан құс құтылмайды екен. Аңшы үстіне өзі атқан аңдардың терісін жамылып жүріпті. Сондықтан өзінің түр-түсі де алыстан қарағанда аң сияқты боп көрінеді екен.
Бір күні мерген биік тауды сағалап келе жатса, иір мүйізі шаңырақтай иіліп, қожыр-қожыр жартастың үстінде тұрған құлжаға көзі түседі. Басқа арқарлар арғы беттегі шалғында жайылып жүреді. Мерген құлжаны атпақ болып, бір жалпақ тастың үстіне шығып, садағын кезей бергенде, өзін бір алып құс аспанға көтеріп ала жөнеледі. Мерген не де болса қапы қалмайын деп, алысып бағады. Бірақ қанша бұлқынса да онысынан ешбір пайда болмайды. Құрсаудай бүрген шымыр шеңгел қаңбақтай домалатып, қалықтап кете барады.
Бір кезде мерген есін жинап, көзін ашса, аумағы алты қанат үйдің орнындай үңгірде жатқанын байқайды. Жартастағы үңгірдің іші толған әр түрлі аңның жемтігі екен. Қабанның, түлкінің, ақ бөкеннің, тағы басқа аңдардың өлексесі бар. Бір шетте жас қызылды шоқып, жұлып жеп отырған бүркітке көзі түседі. Үлкендігі қоңыр қаздай, жүні жып-жылтыр. Қыстан күйлі шыққан құс екен-ау деп ойлайды мерген.
Ұяда бүркіттің ақ үрпек, қанаты қатаймаған екі балапаны бар екен. Олар да енесі үзіп берген етті талғамай жұтады. Балапанын жемдеп болған соң, қыран керегедей қанатын кергілей қағып, аспанға самғайды.
Мерген орнынан тұрып, бұл арадан қалай құтылудың амалын ойлап, шарасын қарастырады. Төмен көз жіберсе, адамның ойы жетсе де бойы жетпейтін шыңырау құз екен. Бүркіт ұясын адам аяғы баспайтын шың жартасқа салыпты.
Ойпырым-ай, мына құзға құлаған жанның сау-тамтығы қалмайтын шығар, – деп, өзінен-өзі үрейленеді. Тұла бойы шымырлап, жүрегі зуылдайды. Құздың табанында жыландай ирелеңдеген көк қасқа өзен буырқана ағып жатады. Таудың аспанмен айқасқан ақ бас шыңын аймалаған ақша бұлттан басқа ештеңе көзге түспейді.
Лаж жоқ, мерген үңгірдегі бүркіт балапанымен бірге жата береді. Қыранның шеңгеліне бүріп алып келген аңдардың етімен қоректеніп, өзегін жалғайды.
Күндер өте береді. Бір күні ұйқтап жатқан мерген балапандардың шарылдаған даусынан шошып оянады. Атып тұрып қараса, желке жүні күдірейіп, арқа жүні тікірейген, аузынан жалыны лапылдаған, ұзындығы екі құлаштай бір айдаһар желдей жүйіткіп, тура ұшып келеді екен. Мерген жалма-жан қорамсаққа қол салады да айдаһарды көздеп, садақты шірене тартып қалады. Желдей жүйіткіген жебесі зымырап барып, нысанаға дәл тиеді. Екінші атқан оғы да көздеген жеріне қадалады. Денесінен қан саулап, әлі қашқан айдаһар ұршықтай дөңгеленген күйі бүркіт ұясының жиегіне иек арта келіп жығылады. Бұл жыл сайын осы бүркіттің балапаны жетілген кезде әдейі келіп, жұтып үйренген айдаһар екен.
Мерген енді айдаһардың жота терісін сыдырып алады да қайыс жасап, арқан еседі. Біраз уақыттан кейін бүркіттің балапандары да есейіп, ұшатын мезгілі тақайды. Мерген айдаһар терісінен ескен арқанды екі балапанның жіліншігіне байлап қояды. Екі мұзбалақ балапан жетіліп, қанаттарын қаққылап, ұшуға талпынған кезде мерген: Ердің ісі тәуекел! – деп, балапандарды құздан ұшыруға қамданады. Өзі арқанды беліне байлап, екі құстың сирағынан ұстайды да құздан төмен секіреді. Қос балапан қанаттарын жайып, қалықтай жөнеледі. Сонда да жас қырандар адамның салмағын игере алмай, ауырлап бірте-бірте төмендей береді. Бір уақытта мергеннің табаны жерге тиеді.
Мерген жерге түскен соң, шалғынға аунап, гүлдерді иіскеп, мауқын басады да маңдайын самалға тосып, біраз демалады. Содан кейін аулына қарай бет түзейді.
Екі иығына екі құсты қондырып алған. Аулына келген соң қараса, ауыл адамдары абыр-сабыр болып жүр екен. Сөйтсе, ауылдастары мерген қаза болды деп, өзіне ас беріп жатқанның үстінен шығыпты. Сол арада мергеннің аман-есен келгенін көрген жұрт астың артын тойға айналдырып жіберіпті.
Төзімді, табанды адам ажалды да жеңеді, – депті мерген сонда.