Қанжығалы қарт Бөгембай деп атап кеткен

Скачать

Бөгембай Ақшаұлы, Қанжығалы Бөгембай, кейбір әдебиеттерде Бөгенбай (1680, Қаратау бөктеріндегі Бөген өзені бойы — 1775, кейбір деректерде 1776, 1778, Ақмола облысы Ерейментау ауданы Қоржынкөл к. маңы) — қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресі тарихында ерекше рөл атқарған батыр, қолбасшы.18 ғасырдағы қазақ батырларының жасы үлкен ақсақалы, сондықтан оны халық аңыздарында ардақтап "Қанжығалы қарт Бөгембай” деп атап кеткен. Қарабалта түбінде қырғыздармен болған шайқаста Бөгембай батыр 77 жаста болған деседі. Арғынның қанжығалы руынан. Батырлар әулетінен шыққан. Атасы Әлдеуін батыр Есім хан әскерінің қолбасшысы, әкесі Ақша батыр Тәуке ханның 80 мың қолын басқарған сардар болған.
Бөгембай 1708 жылы (кейбір деректерде 1709 жылы) Әз Тәукенің бұйрығымен 30 мың жасақты бастап, қазақ елінің берекесін ала бастаған казак-орыстарды түре қуып, Еділден әрі асырып тастағаны туралы деректер бар. Осы ұрыста Бөгембай алғаш рет ерлігімен көзге түсті. Бөгембай жоңғарларға қарсы 100-ден астам шайқасқа қатысқан. "Қазақтың қамал-қорғаны” (Бұқар жырау) баїадүр Бөгембай қазақ халқының Абылай хан бастаған ұзақ жылдарғы ұлт бірлігі үшін күресінің ұйытқысы болды.
1710 жылы Қарақұмда өткен үш жүз қазақтарының құрылтайында бүкілқазақтық жасақ құрып, жоңғар шапқыншылығына тойтарыс беру жоспары талқыланды, бұл жиында көшіп кетіп жан сақтауды ұсынғандар да болды, бірақ "сол кезде ерлігімен әйгілі болған рубасы Бөгембай мұндай әрекеттердің бәрін тыйды”. Осы құрылтайда Бөгембай батыр үш жүздің бас сардары болып сайланды.
1726 жылы Бөгембай бастаған қазақ қолы Бұланты өзені бойында қалмақтарға қарсы күйрете соққы берді.
1727 жылы көктемде Қожаберген басқарған қазақ-татар жасағымен тізе қосып, Бөгембай бастаған қазақ-ноғай-қарақалпақтың біріккен әскері Нияз, Аюлы тауларының етегінде жоңғарлармен болған шайқаста жеңіске жетті. "Аңырақай шайқасында” Орта жүз қолын басқарған Бөгембай батыр Қаракерей Қабанбай, Шақшақ Жәнібек, керей Жәнібек, т.б-мен тізе қоса отырып, қазақ елінің тұтастығын сақтап қалуда ерекше ерлік көрсетті. Бөгембай Жайық, Ойыл, Жем өзендері бойы мен Ерейментау, Қарқаралы, Аягөз, Түркістан, Шу бойы, Жетісу өңірі, Қырғыз жерлеріндегі, т.б. шайқастарда қол бастаған.
1756 — 58 жылы бірінші рет Шығыс Түркістанға келген қытай әскерімен болған әйгілі Талқы соғысында қытай әскеріне қатты соққы беріп, оларды Үрімжіден асыра қуды. Бөгембай жасы ұлғайған шағында ауырып қайтыс болған. Мәйітін Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауи мешітіне жерлеу үшін батырдың денесін таза арулап, былғарыға орап, қыс бойы сөреге қойып сақтаған.
1776 жылы көктемде баласы Тұраналы мен қанжығалы Айтбай Аткелтірұлы бастаған елдің игі жақсылары батырдың сүйегін нарға теңдеп, Түркістанға жеткізіп, Қожа Ахмет Иасауи мешітіне жерлеген. Бөгембай батырдың денесі сөреге қойылған жер бүгінге дейін Ереймен өңірінде "Бөгембай сөресі” деп аталады. Бөгембай батырдың ерлігін Қожаберген жырау "Елім-ай” атты тарихи дастанында жырлап, "Ер Бөгембай” аталатын қисса арнаған. Бұқар, Үмбетей, керей Жанкісі, Сегіз сері Шақшақұлы Бөгембай туралы дастандар шығарған. Бөгембай батырдың баласы Тұраналы, немересі Бапан би, оның баласы Сәбден (Саққұлақ би) де өз заманында атақты адамдар болған. 1991 жылы Астана — Павлодар, Ерейментау — Павлодар тоғысқан жол торабында Бөгембай батырға арнап ескерткіш орнатылды.


Скачать


zharar.kz