Біз ол кезде аудан орталығында тұратынбыз. Әлжуаз науқасшаң шешем екеуміз ғанамыз. Әкем енбек армиясында да, Хасен ағайым майданда.
Күз кезі. Аз күнде оқу басталады. Аман болсам, биыл жетінші оқимын.
Бітпейтін ұзақ соғыс халықтың титығына мықтап жеткен. Ел жесе асқа, кисе киімге жарымай, шықпа жаным шықпа деп, әрең жан бағып отырған қиын кез.
Бір күні біздің үйге осы аудандағы Октябрь колхозының шофері, шешеммен ағайындас Әкімжан дейтін адам келіп қонды. Қасында екі-үш жолдасы, бір жарым тонналық газиктің кузовына басып алған он бес шақты қойлары бар.
Әкімжан Алматыға барады екен. Колхозға оны-мұны бұл арада табылмайтын заттар әкелмек. Қой колхоздың және жеке меншіктің базарға сатуға алып бара жатқан қойлары.
Қазір ел ішінде машина аз. Алматыға әдейілеп барып қайту кімге де болса оңайға түспейді.
Шай үстінде шешем Әкімжанға:
— Сен мына Шәкіржанды ала кетсең қалай болады? Барып, қала көріп келсін. Қойшыларға қосып қойған бірді-екілі қой бар еді. Соның бірін ала барып сатып, үстіне киім алып келсін. Аз күнде оқуы басталады, не сырт киім, не аяқ киімі жөнді емес, — деді.
— Барсын. Тек машинаға ақша төлесе болғаны, — деп Әкімжан күлді.
Сонымен Алматыға жүрмекші болдым.
* * *
Маслопромның атшысынан әрең дегенде бір арық торы ат сұрап мініп, кештетіп, ар жақта Жағаталдың бойын күздеп отырған Ақан қойшының үйіне жетіп келдім. Біздің аманат етіп қосып қойған бір-екі қойымыз осында болатын. Соны бірін ала сап, қайта қайтпақпын.
Ақан өзіміздің жамағайын, біздің үймен көңілдес қайрымды адам. Құлағы сараң есітеді. Мені көрген жерден бар дауысымен самбырлап (ол, сірә, жұрттың бәрі сараң естиді деп ойлайтын болу керек):
— Әй, қара тәмпіш, неменеге келдің? Шешең тірі ме? — деді.
— Тірі. Қой алғалы келдім, — дедім мен.
— Шешең тірі болса, ол қойды неғыласың?
— Алматыға апарып, сатып, үстіме киім алып кием.
Мынау не сандырақтап тұр дегендей Ақан бітиген қызғылт көздерімен тесіліп қарап қапты. Әңгіменің егжей-тегжейін естіп, бірақ иланды.
— Қалаға барсаң, маған бір мүштек әкеп берші. Кейде темекі тартуға казитім болмай қалады. Мүштек жақсы екен.
— Мақұл, әкең берейін, — дедім.
Бұл кезде көз байланын та кеткен.
Аттан түстім, шай іштім. Енді тезірек кетсем деймін. Жол тоғайдың ішімен өтеді, түнде жүруге бір түрлі қорқынышты.
— Неге асықтың? Отыр. Жап-жақын жер, барасың, — дейді Ақан. Мені тезірек жөнелтейін демейді.
Сөйтсем, Ақаңның уақытты соза түсуінде, өзінше мән бар екен.
Әбден ел аяғы тыншыған шамада Ақан тақиясын бір ырғап басып қойды да, орнынан тұрды. Мен де тұрып, Ақанға ілесіп сыртқа шықтым. Ай жарық. Есіктің дәл алдында тоқтықтан ыңыранып қойып, жусап жатқан кілең ақ қойлар. қан қойларды онша үркітпей, жайлап аралап, іздеп жүр. Нені іздеп жүргенін бір өзі ғана біледі. Мен қарап тұрмын.
Дүрлігіп қаша жөнелген екі-үш қойдың біреуін Ақан бас салды. Тышқанға ұмтылған мысықша тез атылып, сирағынан шап періп ұстап алды. Мен қасына келдім. Құйрығы қазақылау нән ақ қой екен.
— Шешеңе айтып бар. Пул болатын қой бердім, — деді Ақан.
— Рақмет, ата.
— Сені ертерек жібермегенім бұл қойды керсе, басшылар таниды. Сосын колхоздың семіз қойын беріпті деген сөз болады, ұқтың ба?
— Ұқтым.
— Ұқсаң мін атыңа.
Міндім. Бұдан бұрын талай рет қой өңгерген тәжірибем бар, ерді қойға босатып, өзім жайдақ сауырда шоқиып отырмын. Ақан қойдың алдыңғы екі аяғын тік созып көтеріп маған ұстатып қойды. Қой емес, тана дерсін шіркінді. Артқы екі аяғы жерде тұрып, алдыңғы екі аяғы ердің үстіне еркін жетеді.
Бойы шағын болғанмен Ақанда күш мығым. Дәу қойдың бөксе тұсынан қапсыра құшақтап алды да, ердің үстіне қарай күшеніп бірақ атты. Ақ қой тәйпақ бас солдат ердің дәл жотасына бауырымен топ ете қалды. Бұларын не дегендей тыпырламақ болып еді, Ақан оның тыпырлауға шамасын келтірмеді.
Мүжиген арық торы ат нән қойды тәлтіректеп зорға көтергендей болды.
Жол-жөнекей қой тыпырлап мазаламас үшін Ақан оның алдыңғы екі аяғын бір қосып, артқы екі аяғын бір қосып байлады. Байланған аяқтарды үзеңгі бауды шиыршықтап орап, темір үзеңгілерді менің қысқа бұтыма шақ етіп, аяғыма нығыздап кигізіп берді.
— Болды. Жолмен ақырын аяңда да, жүре бер.
Үйден сәл ұзаған соң қарауытып тарам-тарам болып жатқан соқпақ жолға түстім. Осы жол мені ешқайда бас бұрғызбастан тура ауылға алып барады. Қазір келе жатқаным тоғайдың шеті әлі. Кей жер жазаң кей жер төмпешіктер. Аттың басын еркіне қойып беріп, ақырын аяңмен келе жатырмын.
Бұдан қатты жүруге тор атта шама да жоқ.
Ақ қой тыпырламақ болса, еңсеммен жаншып, басып алам. Қой емес, сиыр өңгеріп келе жатқандаймын.
Қарауытқан қалың тоғай әлі алдымда. Жол тоғай ішінде бірнеше жерде қара суды кесіп етеді. Кей судың тереңдігі аттың бауырынан келеді.
Ақанның үйі біртін-біртін алыстап қала берді. Енді иттің үргені де естілмейді. Айнала құлаққа ұрған танадай тым-тырыс.
Міне тоғай басталды. Қалбиған шоқ - шоқ талдың қара түнек түбінде мені күтіп жатқан пәле бар тәрізді. Өте - мөте ұрымтал тұстардан тезірек өтіп кетуге тырысып, тор атты үстін - үстін тебінем.
Арам қатқырдың малы, бір кезде тұмсығынан жер тіреп, сүрініп келіп кетсін. Бір қалыпты бәсең жүріске бойым үйреніп, қамсыз келе жатқам. Алдымдағы қой салқ етіп, ауып, түссін де қалсын. Мәссаған керек болса!
Қой арыстай болып сұлап жатыр жерде. Тұрамын дегенмен тура алмайды — аяқтары байлаулы. Мен аттың үстіндемін, не істерімді білмеймін. Қойды қайтадан қалай өңгермекпін? Жалғыз өзім оны мың жылда да ердің үстіне көтеріп сала алмайтыным белгілі.
Түстім жерге. Осынын бәрі менің кесірімнен болды-ау деп, күйзелетін торы ат емес, жайылып өліп барады. Қазір енді кеш, ел жатып та қалған болар. Жуық маңда көмекке шақыруға жан жоқ.
Иттің ғана малы! деп, ызаланып, торы атты тұмсыққа қойып келіп қалайын. Бәтшағардың тұмсығы мұндай қатты болар ма! Қолым тасқа тигендей боп ауырып қалды.
Ақанға қайта баруға ол да алыс.
Қыл шылбырды шешіп алдым да, бір ұшын серейіп жатқан қойдың артқы буулы аяғынан байладым. Сосын өзім атқа мініп, шылбырдың екінші ұшын тақымыма басып, қойды жермен ағаш сүйрегендей сүйредім дырылдатып. Жер тегіс емес, ойлы - қырлы. Тірідей жан қинау керген ақ қой мөһ, мөһ деп, маңырап қояды. Өзі ауыр - ақ, торы ат мықшиып әрең сүйреп келеді.
Жерге түсіп қойды не болды екен деп, қарай бастадым. Сөйтсем, астыңғы жақтағы жерге сүйретілген қапталы жүнін алған терідей тақырайып шыға келген, ып-ыстық. Енді аз сүйресем, теріден тері қалмайтын. Қой, бұным болмайды екен. Тағы да басым қатып, ойланып тұрмын — не істеймін? Қазір түп ішінде бұл жолмен ешкім жүре қоймайды, құдай маған ешкімді де көмекке айдап келмейді.
Қиналғанда басқа қалайда, бір ақыл келеді: торы атты жықпақ болдым. Жығылып жатқан аттың үстіне қойды салып, сосын тұрғызбақпын.
Басқа ақыл таба алмадым.
Середей атты жығу ол - дағы оңай шаруа емес. Әлдекімдерден көргенім бойынша аттың алдынғы екі аяғын қыл шылбырдың бір ұшымен тар етіп тұсадым. Бұдан соң шылбырдың екінші ұшын артқы аяқтың шашасына іліп алып, үш аяқты бірге қосып буатын адамша шіреп кеп тарттым. Абиыр болғанда, ат әлсіз. Әуелі тәлтіректеп, сүріншектеп барды да, гүрс етіп құлады. Тек, масқара болғанда, қойға жақын, қасына құламай алыстау құлады.
Қой бір жақта, ат бір жақта. Мен әрең жыққан ат қайтадан тұрып кетпесін деп, оның басын басып отырмын. Қойға қол созып жете алмаймын. Қап, қырсыққанда қымыран іриді деген осы - ay. Қойды енді қалай алып келем? Мен тұрып, бір адым аттасам, ат та қарғып тұрады.
Ал атты қойға қарай сүйрейін десем, күшім жетпейді.
Мен енді қулыққа кеттім. Атты алдамасам болатын емес. Үстімдегі фуфайкамды шешіп алдым да, аттың көзін жауып қойдым. Өзім енді аттың басын баспай, бірақ сақ отырмын. Ат турайын десе, әй, мен мұндамын дегендей басын тырп еткізбей, баса қалам.
Тұрам деп әрекет жасауы үмітсіздік екеніне атты әбден үйреттім.
Дыбысымды білдірмей, еппен тұрып, қойға қарай кетіп барам. Екі көзім атта. Ол ештеңе де сезбейді, жатыр серейіп. Қойды аяғынан тез сүйреп алып келдім. Ат алданғанын енді ғана сезгендей селк етіп, басын көтеріп алмақ болды. Бірақ кеш қалған еді...
Сұлап жатқан аттың үстіне қойды көлденеңінен төңкитіп салып қойдым. Сосын торы аттың аяғындағы тұсауды шешіп алдым. Енді тұрғызуым керек. Ат сүрініп - қабынып тұрған кезде қой ауып түсіп қалмауын және ойластырдым.
— Шу!
Масқара болғанда, танадай қойды көтеріп торы ат тура алатын емес. Бір-екі рет ұмтылды да, кайта жатты. Қамшымен осып-осып жібердім. Ышқына ұмтылып, әрең дегенде тұрды. Менің жанталасып сүйемелдеуімнің аркасында, құдай оңдап, қой аумай ердің үстіне дәл тоқтады.
Ой, қуанғаным - ай!
Енді атқа өзімнің мінуім мұң болды.
Әлгі маңнан биіктеу төмпек тауып, атты соған жақын тартып, мысықша жабысып жатып зорға міндім. Сәл ғана ебедейсіздік жасасам, толқып әрең тұрған қойды аударып алам.
Міне енді дағдылы аяңмен тағы да келе жатырмын. Бұрынғыдай бейқам болмай, алдымдағы қойды еңсеммен жаншып басып алғам. Аузы күйген үріп ішеді. Өзім бірге құлап түспейінше қойдан айрылатын емеспін.
Бүгінгі көрген әуре - азабым, бүгінгі шаршағаным есімнен өмірі кетпес, сірә. Түн ортасы ауып кеткен шамада, есен-сау, үйге келдім.
Ел тегіс ұйқыда. Біздің үйдегі қонақтар да пырылдап, ұйқының рақатына батып жатыр... Тек шешем ояу. Менің дыбысымды естіп сыртқа атып шықты.
— Шәкіржан, келдің бе, шыбыным? Неғып кешіктің?
— Ақан оңбаған танадай дәу қой беріп... — деп, мен болған уақиғаны баяндап бердім.
Сіріңке шағып қарасақ, қойдың бір қапталы тап-тақыр кызылшақа, теріден шып-шып етіп қан шыға бастаған. Шешем басын шайқап күледі:
— Әй баламысың деген...
Көп сау қойдың ішінде менің қойым бір бүйрегі тап - тақыр қызылшақа болып, ол да Алматыға келді. Өзге қойдан аркасы бір сүйем озып, мал базарында тұрды. Бірақ басқа қой түгел етіп болғанша ол өткен жоқ. Қызығып алмақ болып келгендер қапталын көреді де, селк ете қалады:
— Бұған не болған?
Не болғанын мен айта-айта жалықтым. Жұрт бір түрлі сені үсіздікпен тыңдайды.
Қолында таяғы бар ақсақ казак менің қойымды көп айналдырды. Бірақ бағасын апа қойлардан да кемітіп береді. Және біреу келсе қойдың жаралы бүйірін таяғымен шұқып көрсетіп жамандай бастайды.
Өзге ешкім алмаған соң Әкімжан ақ қойды, ақыры, соған сатты. Қайра қой өз бағасына сатылмай, жылап кетті.