Кітап - адамның жан - дүниесінің асыл қазынасы, рухани байлықтың өлшемі, адам интеллектісінің көрінісі

Скачать


(Колледж мұғалімінің өтінішіне байланысты жазылған).

Кітап – адамның жан-дүниесінің асыл қазынасы, рухани байлықтың өлшемі, адам интеллектісінің көрінісі. Ол – адамзат үшін ғасырдан ғасырларға жалғасып қызмет етіп келе жатқан ғылым мен өнердің, соның ішіндегі сөз өнерінің туындысы, ғалым адам мен қаламгердің жемісі. Әу баста сол рухани өлшем мен адам ақыл-ойының ажырамас тұнығындай болып көрініс тапқан кітап енді өзін оқыған, пайдаланған адамға да қызмет ете отырып, сол жанды да рухани тұрғыдан байытады, білім-білігін ұштайды, сенімді серігі, ажырамас досына айналады.

Замана легіне теледидар ілесті, қоғам көшіне ғаламтор иелік ете бастады. Бұлар адамзат өміріне кітаптан кейін келген дүниелер еді. Бірақ бір қызығы, теледидар да, ғаламтор да кітаптың орнын алмастыра алып кете алған жоқ. Оқырман санын кемітті деген сөз алмастырды деген сөз емес. Кітап өзінің әу бастағы тұғырында қала береді. Мысалы, адам тұрақты теледидар қараушы немесе адам белсенді ғаламтор қолданушысы болып келуі мүмкін, бірақ оның жан-дүниесінде рухани тұрғыдан кемшіндік болуы да ғажап емес. Мұның жалғыз ғана себебі оның нашар оқырман болғандығында да жатуы мүмкін. Себебі басты рухани байлық – кітапта.

Кітап сонымен бірге ақпарат пен техника дәуірі, жаңа технологиялардың заманында да бірден-бір білім беруші құрал ретінде қала береді. Кітап ғаламтордан уақыт тұрғысынан алғанда ұтылуы мүмкін, бірақ адамға дайын ақпараттарды ұсынушы емес, терең сезімге, өзіндік ойлауға үйрете отырып, білім береді. Адамды ізденімпаздыққа жетелейді, ой-өрісін ұштайды.

Ал сонымен бірге кез келген қызметкердің, соның ішінде мемлекеттік қызметкердің шешендік өнеріне де, аудиторияны өзіне қарата, тарта білуіне де кітаптың көмегі өте зор. Өйткені ол – тіл байлығын қалыптастырушы құрал. Осымен бірге кітаптың тәлім-тәрбиелік, имани құндылықтарды адам бойына сіңіре алатындай қасиеті теледидар мен интернеттен жоғары тұрмаса, кем тұрмақ емес.

Демек, кітап – бүгінгі күн тұрғысынан алғанда да маңызын жоймаған дүние. Ендеше, қоғамның сан-салалы мақсаттарының ішіндегі ажырамас бір мақсаты ол – үнемі жас оқырман тәрбиелеп отыру. Бұл оқу орындары үшін де, басқа да қоғамдық ұйымдар үшін де абыройлы әрі үздіксіз жүре беретін міндет болмақ.


Скачать


zharar.kz