АНА ТІЛ

Скачать

Баубек БЕРДІЖАР ЕРАЛЫҰЛЫ
1985 жылы сәуірдің 28 жұлдызында дүниеге келген.

АНА ТІЛ...

Қанымда толқып, үнімде түлеген,
Санамда паналап, түсімде түнеген.
Тұлғаңнан айналдым рухымды көтерген,
Елімнің бағында уақытпен гүлдеген.
Мәңгі елдің тағдыры өзіңе байланған,
Маңдайдың көгінде нұр болып жайқалған.
Ананың сүтімен, даламнан дарыған,
Сүймеген өзіңді бейшара қай надан?!...
Уа, ұлы Ана тіл!
Көз ашқан нұрымен,
Махамбет үнімен, Абайдың жырымен.
Қазақтың кеудесін, тұлғасын суарып,
Сынасып келесің саясат сынымен.
Тарихты шошытқан шайқаста өлмедің,
Ғасырдан ғасырға Сен аман өрледің.
Сақтармен Қазақтың аңызын жалғаған,
Ақ Орда төріне
Ана тіл төрлегін!
Биігің бар әлі самғайтын,
Шығатын,
Құқың жоқ архивте мұра боп тұратын...
Болса да сан тілдер көк тірер,
Жоқ мүлде,
Дәл сендей тектілік маңызын ұғатын.

БІР ТҰТАС ӘЛЕМ

Қабағы ағарған қатулы қарт дала көп көрген,
Біз білер және де білмейтін ерліктер өткерген.
Тарихтың әр сәті төсіне қашалып жазылып,
Сыры бар,
Бәріміз баратын...
Ар жаққа көтерген...
Мәңгі ел – Қазақтың,
Өткен мен бүгінін сақтаған.
Қол жайып тұрғандай,
Құшақта ақ қардай ақ арман.
Қырандай қоныстап,
Киелі қарт дала төсінде.
Ұлы ел – Қазағым,
Бабалар үмітін ақтаған.
Бағым да,
Ерлігім,
Пешенем бұл жерге байланған.
Тірлігі от болып қазанда бақ-сорым қайнаған,
Бұл дала көңілім.
Бұл халық еңселі жүрегім,
Тар жолда кең жүріп,
Адалдық арынан таймаған.
Әр қазақ жалғызым,
Әр өлке жанымның гүлісің.
Біртұтас әлемдей,
Бөлінбес біртұтас жырымсың.
Біртұтас әлемді жан беріп ерлікпен қорғамай,
Жан бағып қор болып өтетін,
Өмірің құрысын!...

АЗАТ КҮН

Атыңнан мен айналайын сыр тұнған,
Тәуелсіздік тұғырым-ай, нұр тұнған!
Ата Заңын алаулатып қайтадан,
Алла қалап Әбішұлы Нұрсұлтан!

Ұлы арман санамызда жаңғырған,
Мына қазақ өрлі рухын сайлағын.
Алдымызда қырат жолдар сырға мол,
Ұлы ерлік қол бұлғап тұр қайтадан.

Сенімі бар,
Қуаты бар,
Намыс бар!
Ұлы тарих қазағыммен табысар...
Жүрек қайсар,
Көңіл дала,
Ойы нар,
Мына ғасыр ұлы елмен танысар.

Алла бізді көз тиюден сақтасын!
Ел ағасы ел үмітін ақтасын.
Қазақ тілі,
Діні,
Ділі,
Дәстүрі,
Босағада қайыр тілеп жатпасын.

(Тағдырана ыңғайланып осы елдің),
Мәңгі елдің, кең жеріне төрлегін.
Он бір әріп сөз атасы атанған,
Қасиетті Тәуелсіздік қош келдің!...

2016 ж.

ӨКІНІШ

Бір өткір өкініш жүректі тілгілеп,
Ақтарып тастады намысты.
Содан соң арымның аспаны күркіреп,
Сол мұңлы күзбенен табысты.
Күздеген көңілмен, күздеген бақытпен,
Еңсемді көтере алмадым.
Таулардай көрікті тым биік ақ құт ем,
Қара жер сезінген салмағын.
Бұл аңқау көңілім бәріне сенетін,
Алданып қалатын түбінде.
Білмейтін еді сол,
Түссіздің жеңетін.
Шын көркін жасырған бүгінде.
Алданып қалатын сезімге, уақытқа,
Себебі шындыққа сенетін.
Сенетін мөп-мөлдір кіршіксіз бақытқа,
Тербетер бір күні жер бетін.
Ал бүгін қорланған намысын құшақтап,
Қоғамнан безінген күндеген.
Бұл тірлік тастады шындықты ұсақтап,
Сөйлетіп бос сөзді мінбеден.
Несіне өкіндің?
Ей, ақын жүрегім!
Бұл тірлік талайды құлатқан.
Пәктікті жанында жасырып жүретін,
Бұл тірлік ақынын жылатқан.
Бір өткір өкініш жүректі тілгілеп,
Бір кезде мұң сепкен бағыма,
Күз сыйлап аспанға, беймезгіл сіркіреп,
Келмеші, өкініш тағыда.

ҚОБЫЗ ҮНІ

Дала шерін қоңыр әуен кернетіп,
Қалың ойға апарады-ау селдетіп.
Қазақ мұңын санамызға құйдырған,
Мына Қобыз – жанды кетті тербетіп.

Қазақ сырын бұдан артық кім білген?!
Қоңыр үні оза шабар көңілден.
Ұлы дала шырқау шегін, сыбдырын,
Түйсіктерге мұңлы сазбен білдірген.

Мұнда жатыр ел мұраты еңселі.
Салмағынан майысатын жер беті.
Мәңгі елдің мәңгі арманын аялап,
Мына Қобыз жүректерді тербеді.

Ел еңсесін әуенімен жеткізген,
Ақиқаты жанардан жас төккізген.
Қобыз үні кешегісі Қазақтың,
Асау ғасыр санасынан өткізген.

АТА -АНА ҚҰНЫ

Ақша тауып жүз жасаймыз көңілде,
Қымбат үйде қымбат бұйым төріңде.
Дүниенің қыр соңына түсіп ап,
Бақ-дәулетке бас ұрамыз өмірде.

Уақыт мыстан, жонып жатыр жастықты.
Ойымызды тамырсыздық ашытты.
Қиял жетіп, қолың жетпес арманға,
Көзсіз көңіл неге сонша асықты.

Пенде ойға иман құнын ілген бе?!
Нағыз бақыт мағынасын білген бе?!
Ата-ана қорған, байлық екен-ау,
Көкірегі ояу жандар білгенге...

Бәрі-бәрі керек бізге шынында,
Бір ләззаты бар ғой шіркін, мұныңда.
Жеткен менен биік мансап, бақытқа,
Жетпейді ғой Ата-ана құнына.

ҚЫЗЫМА...

Кәусарым-ай, Кәусарым!
Қуанышым баубағым.
Ботақаным бөпешім,
Көңілімді жауладың.

Бақыт сыйлап жаныма,
Нұрын шаштың таңыма.
Жаратқанға мың алғыс,
Сені берген бағыма.

Пәк періштем, құлыным,
Қалың өссін бұрымың.
Биік болсын Намысың,
Тәтті болсын қылығың.

Әкесінен аумаған,
Туыстарын баураған.
Күлкіңізден айналдым,
Көздің көркін жаулаған.

Баянды боп өмірің,
Сыр сақтасын көңілің.
Тек иманды болсыншы,
Дос-жарандар,
Өңірің!

Жүрегімнің ақ құты.
Өмірімнің жақұты.
Бұйырсыншы өзіңе,
Екі әлем бақыты.

БӨПЕМ, БӨПЕМ, БӨПЕШІМ...

Бөпем, бөпем, бөпешім,
Бүрін жарған көкешім.
Бұл өмірде өзіңе,
Қамқор болып өтемін.

Тәй-тәй бассаң шаттанам.
Ал күлкіңнен бақ табам.
Балдай тәтті тіліңмен,
Керегіңді айт маған.

Құшсам бақыт табамын,
Жақсы әсерде қаламын.
Үйді шашсаң артыңнан,
Жиып бәрін аламын.

Бағың үшін тырысамын,
Уайымдама бұл жағын.
Өзің үшін кейде мен,
Анаңа да ұрсамын.

Болашақты білмеймін,
Бірақ бейқам жүрмеймін.
Қолды жайып Алладан,
Тілеуіңді тілеймін.

Бөпем, бөпем, бөпешім...
ҰЛЫ ЖЫР...

Неден біз өттік?
Ал неден өтпедік?!...
Басында бірге және де көп едік.
Жыр тепкен сызға,
Көп жүрек күздеумен,
Қыстаудан аман азымыз көктедік.
Бәріміз шаршап,
Көңілде мұздаған.
Беймаза бір мұң,
Кеудеңде сыздаған.
Ақындық өмір құрынсын деп кейде,
Қаламнан қаштық,
Жіліктеп тұздаған.
Жазамыз қайта дуалап алғандай,
Құран құс қайта жұмыртқа салғандай.
Жазбасақ тағы
Күрсініп жүректер,
Әжелер сынды,
Шәй ішпей қалғандай.
Ақындық осы!...
Таңым бар менің де.
Ұлы рух көссе,
Қалқуға ерінбе.
Жүректен шығып,
Жүрекке жететін,
Ақиқат сүйген,
Ұлы жыр бөгелме.

ТАНЫМ

Қып-қызыл жүректе,
Қанымда қызыл шежірем.
Тамырым тарпаң,
Сыр кезген текті шетінен.
Мен содан бәлкім,
Түз дала заңын сезінем.
Уақытқа құстай
Қаламым – қару кезінем.

Ақиық өмір
Өрлеткен төрге желіспен,
Желісім тұрар
Жеңіліс және жеңістен.
Шашылған жырын,
Іздеген жалған мейманы ем.
Қасымда ерген
Үш жүз сексен төрт періштем.

Мен тұрған елдің
Бағы нұр, сезем мұны мен,
Мұны да алған
Бабалар қанды құнымен.
Бұл елде ырзық,
Бұл елге байланған пешенем,
Тәңір-ай, өйткені,
Көшпенді елдің сынығы ем.

АЛАСАПЫРАН

Биыл қыс тым суық,
Жүрегім секілді қазіргі.
Беймегзіл уақытта,
Ұрлаған ол менің жазымды.
Қар аралас тұр борап,
Ойларым секілді сандалған.
Күз келмей тұрғанда,
Тауысқан мұң толған жасымды.
Суыққа шыдамай,
Бүркеген көбісі беттерін,
Мен қалай шыдадым?
Бұрылып мен неге кетпедім?!...
Айналам қалың қар,
Қырлар жоқ гүлдеген.
Ал менің жанымда
Үмітім сен қалай көктедің?!...
Қуатым жоқ менің,
Нұр шашар көңілге.
Тым суық мына қыс,
Өтпейік егіз боп өмірде.
Сен айлап борасаң,
Ойларым бір күнде жиылған,
Мен бүгін ұқсасам,
Ал ертең өзгерем тым мүлде.
ЖАРАТҚАН.
ТІЛЕК.
БАҚ.

Жаратқан жар болып тағы да,
Әр берді зарыққан бағыма.
Ол сондай қамқоршы ой жетпес,
Нығметі сыймайды басыңа.

Содан мен адал жар тіледім,
Даурыққан сәтінде жүрегім.
Көктемде мұң құшып сыздатқан,
Жазымда күз болып түнердім.

Жеркеніп өмірдің заңынан,
Тіледім иманды жанынан.
Дәм тұзы біткенше өшпейтін,
Жылуды тіледім таңынан.

Тірлікке байланбас күлкісі,
Жеңілге антоним жүрісі.
Ет-жаны елжіреп арым деп,
Кезіксе деп едім нұрлысы.

Жеті қат түндерде жалынғам,
Барыммен, нарыммен табынғам.
Жаратқан қабылдап тілекті,
Құралай сен шықтың алдымнан.

АҚ ГҮЛІМЕ АҚ ТІЛЕК

Пешеніме жазылған,
Асыл жарым, ақ гүлім.
Қос тағдырды бөлісіп,
Жырлайықшы бақ жырын.
Жаратқанға бас иіп,
Перзенттерді өсіріп,
Бір көрейік өмірдің
Қайғы-мұңын шаттығын.
Қиялдағы арманға,
Біз барайық бірлесіп.
Махаббаты жарасқан,
Аққу құстай тілдесіп.
Бізді қосқан Аллаға,
Разы болып өтейік,
Сынақтарға мойымай,
Бір жүрейік күресіп.
Болмас күдік ойлармен,
Суытпайық жүректі.
Даурыққанда көңілдер,
Жоғалтпайық тілекті.
Отбасыға қорған боп,
Жүрейікші қашанда.
Ниетіміз оң болса,
Алла берер тіректі...


Скачать


zharar.kz