Баяғыда Өмірбек деген бай болыпты, байдың үш қызы болыпты. Байдың кіші қызының аты Айша екен. Айшаның ай десе аузы бар, күн десе көзі бар, үріп ауызға салғандай сұлу екен.
Күндердің күнінде бір бала келіп Өмірбектің, қойын бағады. Бұл баланың келу себебі былай еді: Әкесі, шешесі ағаларынан ерте айрылып жасынан жоқшылық пен жетімдікті бірдей көріп өседі. Сонан бұл бала бір байға жалданады. Көп кешікпей сол ауылда жұқпалы ауру шығады. Ол ауылдың ақсақалдары мен қара сақалдары осы ауруды әкелген осы бала деп баланы қуып жібереді. Қашып келе жатқан баланың алдынан сол жалданған байдың баласы кездеседі. Ол аң аулап келе жатыр екен. Байдың баласы кездескен үйіндегі жалшы бала екенін танып: Әй, Бек! Бері кел! деп шақырады. Сонан жаңағы байдың баласы Бекті шақырып алып, сен неге қашасың, қайт ауылға!.. деп аттың бауырына алып сабайды. Бек кетсем өшімді алып кетейін деген ойға келіп: Қайтсам қайтайын, артыңа мінгестіре кет! – дейді жалынған болып. Байдың баласы кел деп еңкейе бергенде Бек қолынан шап беріп ұстай алып аттан жұлып тастайды да бастан бір тебеді. Сөйтіп, атын, қару-жарағын тартып алып, Бек беті ауған жаққа қарай жүріп кетеді. Жүріп келе жатса, алдынан бір ауыл кездеседі. Бек осы ауылға келіп қойшы болады. Бұл әлгі Өмірбектің ауылы еді. Бек осы ауылда тұра береді. Бір күні Бек суға шомылып келе жатса, Өмірбектің үш қызы суға келе жатады. Айша Бекті көріп оның тұлғасына, бет ажарына қызығады.
Ақыры Бек пен Айша бір-біріне ғашық болады. Бірақ қосыламыз деуге байдан қорқады. Өмірбек ішінен: Осы қыздарымды ешкімнен қалыңмал алмай-ақ сүйгеніне қоссам, – деп ойлайтын еді.
Бір күні ол қыздарын жинап алып, оларға өзінің ойын айтады. Сөйтіп, барлық елін жинап алып: Қыздарым, кімді ұнатсаңдар, соны алмамен ұрыңдар деп үшеуіне үш алма береді. Өмірбектің қол астындағы халық түгел жиылады, үш қызының ішінен үлкені мен ортаншысының ұнатқаны байдың балалары, ал Айшаның сүйгені манағы Бек болып шығады. Өмірбек Айшаға өкпелеп, басқа қыздарын жасауларымен ұзатады да, Айшаға жасау бермейді. Олар өз еңбектерімен күн көреді.
Күндердің күнінде Өмірбек ауырады. Бұған бақсы-балгерлердің айтуынша, киіктің еті ем болады дейді. Осыны естіген Бек аңға шығады. Өмірбектің бай күйеулері далада Бекпен кездесе кетеді. Бірақ Бекті танымайды. Бек бұл кезде киік ұстап, бауыздап жатады. Бектен жанағы бажалары тұрып ет сұрайды. Бек оларға киіктің қарын-сұрындарың береді де, оның ақысына арқаларына таңба басады.
Бек киіктің етін әкелген соң, жақсылап пісіріп табаққа салады, табақтың бір шетіне сиырдың тезегін салады. Айша етті әкесіне апарып тартады. Әкесі жеп болған соң, мына тезегің не? – дейді.
— Сиыр қорада тұрамыз, өзіңіздің берген үйіңіз ғой, мүмкін байқаусызда түсіп кеткен сиырдың тезегі шығар, – дейді қызы. Бай күйеу балалары да қайын атасына киіктің ішек-қарнын береді. Өмірбек киіктің етін жегесін жазылып кетеді.
Бай күйеулері: Біз киік атып әкеліп, атамызды өлімнен жазып алдық, – деп мақтанады. Бек бір күні баяғы бай баласынан тартып алған киімді киіп, атты мініп Өмірбектің үйіне барады. Өмірбек Бекті танымай қалады. Бек сізді ауру деп еді, кім жазды? – деп сұрайды. Өмірбек өзінің бай күйеулері жазғанын айтады. Бек бай күйеулерінің киіктің етін кімнен алғанын айтады. Өмірбек оған сенбейді. Нанбасаңыз күйеулеріңізді шақырып алдырыңыз, олар анығын айтар, – дейді.
Өмірбек күйеу балаларын шақыртады. Арқаларына таңба басылған бай күйеу балалары тана алмайды. Адамның қасиеті малда емес, адамшылығында дегенді Өмірбек сонда ғана түсінеді.
Айша сұлу мен Бек адал еңбегімен бақытқа жетіп, елге қадірлі болыпты.