ЖАСЫЛ АРАЖЕГІШ
Жасыл аражегіш немесе көк боздақ — сарыалқым аражегіштен айырмашылығы: алқымындағы ашық сары және арқасындағы ашық қызғылт жолақтары жоқ. Бояуы онша шұбар емес, дауысы да басқашалау, мұны айыру үшін жетік білу керек. Жасыл аражегіш онша көп таралмаған. Ол Қазақстанның оңтүстік және батыс аудандарында, негізінен Сырдария, Ембі, Жайық, Сарысу, Шу, Іле ірі өзендердің анғарларында мекендейді. Африка мен Арабияда қыстайды. Тік жарды керек етпейді, ұя қазуда жердің кішкентай бедерінің өзі жарап тұр, тіпті арба, машина дөңгелегінің ізін де пайдаланады. Осы іздерге салынған ұяларды көбіне машиналардың басып кеткенін Іле және Шу өзендерінің аңғарынан жиі кездестіруге болады. Бірақ жасыл аражегіш ұяларын негізінен құмдарға салады. Сәуірдің екінші жартысында ұшып келіп, қыркүйек-қазанда ұшып кетеді.