Алты балапан Теміраяқтың алты жаны

Скачать

Бір байдың тоғыз ұлы болыпты. Бай сегіз ұлын үйлендіріп, отау түсіріп, енші береді. Ең кенжесі Жартыетекті үйлендірмейді. Жартыетек өркеуде, есерсоқтау, басқанын айтқан ақылына көне қоймайтын, кімнен болса да тайынбайтын жігіт екен. Жартыетек бір күні әкесіне:
         —Әке басқа ұлдарыңды үйлендіргенде мені неге үйлендірмейсің? Малың жетпей ме? – депті. Сонда әкесі:
         — Е, балам, дәулетімді аяп отырғаным жоқ. Ел-жұртқа пәленшенің баласынша деген ұятқа қалдыра ма деп өзіңе сенбей отырмын, – депті
         — Сонда мен басқа ұлдарыңнан жаман   болғаным ғой!?
         — Жоқ жаман емессің, бәрінен де өжетсің. Тек өзіңнен басқаның ақылын алмайсың, өлеріңді білмейсің, – дейді әкесі.
         — Мен ақыл мен қайраттан кенже емеспін. Өз ақыл қайратыммен сіздің дәулетіңізге залалымды тигізбей үйленсем ризасыз ба?
         — Қолыңнан келсе, мейлің.
         Сонымен Жартыетек ләм демей, үйден шыққан бойында жылқыға келеді де көкбесті деген жүйрікті ерттеп мініп беті ауған жаққа жүре беріпті.
         Жартыетек бір күні үлкен өзенге кез болады. Өзеннің жағасында аспанмен тілдескен бәйтерек тұр. Өзеннен өтпек болып өткелдің аузына таяй бергенде, алай-дүлей боран соғып, өзен буырқанып таси жөнеледі. Жартыетек өте алмай кері шегінеді.
         — Ей, жігіт, тілдесе кет, – деген дыбыс естіледі. Жартыетек жалт етіп жан-жағына қарайды.
         Ол бәйтеректің басынан төмен түсіп келе жатқан қарт ананы көреді. Ана Жартыетектің қасына келіп таяғына сүйеніп отыра кетеді. Оның жүзінен қайғы-қасіретке батқандықтың белгісі білінеді. Ананың көкірегі қарс айрылып, уһілей отырып:
         — Е, балам, мен бір шерлі жанмын. Бала деген де ай мен күндей Айна деген жалғыз қызым бар еді. Әкесі ерте өлген жетім-жесір едік. Сол қызымды ел-жұртты құртқан алаяқ Теміраяқ деген дәу келіп тартып әкетті. Дәрменсіз мен сорлы аңырап жалғыз қалдым. Теміраяқты жеңетін батыр тумады. Оның жеті жаны бар, мекеніне жеті жылда жетеді. Жолда ұшқан құс болмаса, адам өте алмайтын жеті дария, адам баласы аса алмайтын аспанмен тілдескен жеті шың бар. Сол шыңға шыққанда Теміраяқтың зәулім сарайы көрінеді. Зәулім сарайдың бержағында тағы бір дария бар. Оның жағасында жапырағы жайқалған бәйтерек бар. Сол бәйтеректің басында ұя бар.Сол ұяда алты балапан бар. Алты балапан Теміраяқтың алты жаны. Ал Теміраяқтың төсегінің астында бір балапан жатады. Ол Теміраяқтың жетінші жаны. Міне осы жеті балапанды өлтірген кісі Теміраяқты өлтіреді дегенді мен бір дана қарттан естіп едім. Мен секілді мүсәпір қарт адамға бұл секілді қиын-қыстау бөгеттерден өтіп Айнаны Теміраяқтан айырып алатын дәрмен қайда, – деп қарт ана сөзін аяқтады.
         Жартыетек қарт ананың қасында екі күн болады. Қарт ананың күншілік жердегі кедей жатақтың ішінде қара борша күркесі бар екен. Ол сол жерден осы бәйтерекке күнде жаяу келеді екен де, бәйтеректің басына шығып, қызын жоқтап зарлайды екен.
         Жартыетек қарт анаға өз жайын айтады. Екі күн өтіп, үшінші күн боран басылып, күн жайма-шуақ болады. Өзеннің тасығаны басылады.
         Жартыетек Айнаны іздемек болады. Қарт ана Жартыетекке батасын береді. Жартыетек өзеннен өтіп сапар шегеді. Жартыетек бір күні жолда келе жатып, екі тауды екі қолымен көтеріп, алмакезек ауыстырып тұрған бір алыпқа кезігеді.
         — Менің күшімнің кереметі осындай. Қандай үлкен шың-құз болса да орнынан жұлып алып, екінші жерге қоя саламын, – дейді алып. Жартыетек өзінің Теміраяққа бара жатқанын айтады. Алыптан жәрдем сұрайды. Тау көтергіш Жартыетекке ереді. Екеуі жол жүріп келе жатып, айдың шалқар көлге тап болады. Көлге таяй бергенде бір алып келеді де көлді жұта салады. Екеуі аң-таң болады.
         Көлжұтқыштың жанына бұлар таяй бергенде көлді аузынан қайта төге салады.
         — Менің ішімнің үлкендігі сондай, қандай үлкен көл-дария болса да жұта салам, – дейді. Жартыетек Көлжұтқышқа жайын айтып жәрдем сұрайды. Көлжұтқыш пен Таукөтергіште ереді.
         Үшеуі жол жүріп келе жатқанда, жайма-шуақ күн ілезде бұзылып алай-дүлей боран соғады. Үшеуінің алдына таудай алып құс келіп қонады. Жанағы дауыл соның екпіні екен. Ол құстың бір аяғы жоқ, сыңар аяқ екен.
         — Мен дүниедегі алып құспын. Тау болса да көтеріп ұшамын. Жеті жылдық жолға жеті күнде жетемін, – дейді алып құс. Жартыетек алып құсқа өз жайын айтады. Жәрдем сұрайды. Алып құс, жәрдем бермек болады. Алып құс Таукөтергіш, Көлжұтқыш, Жартыетек үшеуін Теміраяқтың зәулім сарайына алып ұшады. Олар жеті дарияның қасына келеді. Көлжұтқыш жеті дарияны кезек-кезек жұтып, өтіп алған соң қайта төгіп отырады. Олар аспанмен тілдескен жеті шыңға келеді. Таукөтергіш жеті шыңды кезек-кезек көтеріп, өтіп алған соң қайтадан орнына қоя салып жүре береді. Бұлар Теміраяқтың зәулім сарайының бір жағындағы дариядан өтіп, алты балапан жатқан бәйтеректің түбіне келеді. Жартыетек алты балапан жатқан бәйтерекке шығады да бесеуін мойнынан бұрап өлтіріп, біреуін тірідей қойнына тығып алады.
         Сонда қасындағы алып серіктері Жартыетекке :
         — Балапанды түгел неге өлтірмедің. Ол екі жаны тұрғанда өзіңді  мерт қылмай ма, – дейді.
         — Бес жанынан айрылған Теміраяқ әлсіреп-ақ қалған шығар. Екі жанын бойына қалдырып алысып көрейін, – дейді Жартыетек.
         Серіктері Жартыетекті осы бәйтеректің қасынан тосып алмақ болады. Жартыетек Теміраяқты өлтіріп, Айнаны әкелуге кетеді. Жартыетек Теміраяқтың зәулім сарайының есігінің алдына келіп, анадай жерде тұрған жасауылдың біріне:
         — Үйінде болса Теміраяқ маған тез шығып сөйлесіп кетсін, – дейді,  асқақ сөйлеп.
         — Теміраяқты алдына келтіріп сөйлескендей сен қай батырсың? — дейді жасауыл.
         — Тас жүрек батыр деген мен, мылжыңды қой, тез шақырып кел, әйтпесе басың алынады, – дейді Жартыетек. Жасауыл сарайға еніп, жедел қайта шығады да:
         — Теміраяқ науқастанып төсегінде жатыр. Келіп сөйлессін, – дейді. Жартыетек сарайдың есігінен кіре бере сылдырап аққан мөлдір бұлақ жағасында тұрған бір топ сұлу қызға тап болады. Бір топ қыздың ішінде ай мен күндей біреуі оған басқасынан ерекше көрінеді. Ол бір топ қыздың қасына келеді. Қыздар бейтаныс адамға таң-тамаша қалады.
         —Айна қайсысың? – дейді Жартыетек.
         Жартыетектің долбарлағанындай әлгі ерекше көрінген қыз жалт етіп Жартыетекке қарап:
         — Айна мен, – дейді сылдыраған үнмен. Жартыетек Айнаны оңаша шығарып, өз жайын баяндайды.
         Айна Теміраяқтын науқастанып жатқандығын, ертең неке қиып өзіне үйленгелі жатқандығын айтады.
         — Екеуіміз де Теміраяқтың жатқан бөлмесіне енейік. Сен менің соңымнан іздеп келген ағам еді де. Мен сені алып кетем дейін. Ол бермеймін деп мені өлтірмек болар. Сол кезде мен алыса кетейін. Күш бермей бара жатса, мына балапанды өлтіріп жібер, – деп Жартыетек қойынындағы балапанды Айнаға береді. Айна мен Жартыетек Теміраяқтың бөлмесіне кіріп келеді.
         Теміраяқ науқастанып жатса да қаһарын төгіп:
         — Менің сарайымның сыртына келіп шақырғандай сен қай алыпсың? – дейді.
         — Сен менің қарындасымды, өзім аң аулап жүрген кезде шешемнен тартып әкетіпсің. Мына қарындасымды сенен айырып алғалы келдім, – дейді.  Жартыетекпен алыса түседі. Екеуі бірін-бірі ала алмайды. Теміраяқ дендей түседі. Сол кезде Айна қолындағы балапанды өлтіреді. Теміраяқ сонда да күш бермейді. Айна жүгіріп барып Теміраяқтың төсегінін астындағы жетінші балапанды  өлтірген кезде Теміраяқ омақасып құлайды. Жартыетек Айнаны ертіп алыптардың қасына келеді .Сол кезде Теміраяқтың жендеттері келіп қалады. Көлжұтқыш жанындағы дарияны ұрттай салып, олардың үстінен төге салады.
         Жартыетек алыптарды ертіп Теміраяқтың сарайына келеді де тұтқын қыздарды азат етеді. Таукөтергіш, Алып құс, Көлжұтқыш үшеуі осы сарайдың иесі болады. Алып құс Айна мен Жартыетекті еліне жеткізеді. Айнаның шешесі Айнаны Жартыетекке ұзатады.          Жартыетекті бүкіл ел өзіне басшы қылады. Сөйтіп Жартыетек мұратына жетеді.


Скачать


zharar.kz