Жамбыл облысы, Жуалы ауданы,
№3 Қ. Қошмамбетов атындағы орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Дуржанова Бибисара Қалиасқарқызы
Сабақтың тақырыбы: Наурыз – думан
Мақсаты:
1. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі туралы білімдерін тереңдету.
2. Ауызекі сөйлеу арқылы оқушылардың дүние танымын кеңейту.
3. Оқушыларды елін сүюге, дәстүрлі мерекелерді құрметтей білуге, бойларына адамгершілік жақсы қасиеттерді сіңіре білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Интербелсенді тақта, Наурыз мерекесі туралы қанатты сөздер, ұлттық тағамдардан дастархан әзірленеді.
Үнтаспадан күй, халық әуендері беріліп жатады. Мереке ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Наурыз айы болғанда әнімен басталады.
І. Кіріспе сөз:
Құрметті қонақтар, ата - аналар, ұстаздар, оқушылар!
Осы бүгінгі жиналып отырғанымыз көктем мезгіліндегі қазақтың ұлы мейрамы Наурыз - яғни Жаңа жыл! Наурыз айының 22 - інде күн мен түн теңеледі. Адамдар бір - бірін мерекемен құттықтайды. Жеті түрлі тағамнан наурыз көже пісіреді. Үлкен кісілер ақ тілек айтып, бата береді.
Осы қуанышты күн, жаңа жылдарыңыз құтты болсын халайық. Ұлыстың Ұлы күні аталған Наурызда еңбектеріңіз өнімді, тілектеріңіз қабыл боп, ескі ауыртпалықтарыңыз ескі жылда кетіп, жаңа жылда жаңа үміт, жаңа тіршілікпен, осы Ұлыстың Ұлы күнінде елімізге, жерімізге Наурызымыз есігін қуанышпен ашсын. Әр шаңыраққа береке, бірлік, мәртебе келсін! Барлық жақсы ниет - тілектеріңіз қабыл болсын!
1 - жүргізуші: Уа, халайық! Бүгін ұлыстың ұлы күні. Ата - бабаларымыздың сөзімен айтсақ, ақ түйенің қарны жарылған күн. Наурыз мейрамы. Наурыз салтанаты.
2 - жүргізуші: Бұл күні аталарымыз бен әжелеріміз үй - үйді, ауыл - ауылды аралап, наурыз көжеден дәм тататын. Үлкен - кішіге ақ баталарын беріп ізгі тілек тілесетін.
1 - жүргізуші:Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар, Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар деп нақыл айтып, ауыл арасын ауыз бірлікке, татулыққа, ынтымаққа шақыратын. Жыл басы - Наурыз күні айтылған бұл тілектер ақ болып, толық орындалады деп ырым ететін.
2 - жүргізуші: Ғасырлар бойына атадан балаға мұра болып жатқан дәстүрлі осы Наурыз тойы бүгін, міне тағы есігімізді ашып отыр.
Наурыз тойы тамаша,
Наурыз тойы жаңаша.
Табиғатта тамаша,
Тамылжып тұр жараса.
Наурыз тойы салтанат,
Наурыз тойы мархабат.
Әр жүректен ән тарап,
Шаттанады шартарап.
Наурызды
1 - жүргізуші:
Ақ бұлақтарды ақтартып,
Шың - құздарды шаттатып,
Тізбектеп тырналарды,
Сүйгізіп сырғаларды,
Шоршытып балықтарды,
Шапшытып арықтарды,
Тербелтіп наз қайыңдарды,
Төгілтіп жаз жайында әнді,
Қаздарды қаңқылдатып,
Найзағай жарқылдатып,
Айтып ертегіңді,
Жайып желкеніңді,
Жеттің бе, әз - Наурыз!!!
2 - жүргізуші:
Армысыздар, үлкен - кіші ағайын!
Бүгін – Самарқанның көк тасы еріген күн.
Бүгін – Жаңғыру мейрамы!
Бүгін – Жыл басы, Жаңа жыл!
Ендеше, сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтай отырып, 6 сынып оқушыларының ұйымдастыруымен өткелі отырған Қош келдің, құтты Наурызым! атты тәрбие сағатымызды бастауға рұқсат етіңіздер!
1 - жүргізуші:
Бұл күн – күн мен түннің теңелетін, жан – жануар төлдейтін, адамдардың аузы аққа тиетін, жер жүзінде шаттық орнаған күн.
Наурыз – бақыттың бастамасы, жақсылықтың жыршысы, өмірге нұр сыйлаған, сезімге гүл сыйлаған, халық қастерлейтін күн.
Бірге:
Ұлыстың ұлы күні, құтты болсын ағайын!
Наурыз - қыз:
Сәлем Ата - аналар!
Айналайын Балалар!
Халқым менің аман ба?
Жаса жайлы заманда,
Уақыт үдеп келдім мен,
Бақыт тілеп адамға.
Қудым жерден суықты,
Қырдан салқын бу шықты.
Ұлыс күнге бүгін мен,
Жеттім міне асыға.
Келген жылым,
Жақсылыққа басташы.
Қуанышпен әр үйдің,
Босағасын атташы.
Келген жылым,
Болсын дәйім бақытты.
2 - жүргізуші: Наурыз мейрамы негізінен адамдардың көрісуінен басталған. Жігіттер төңіректегі бұлақтардың көзін ашып, бұлақ басына тал еккен. Жаңа шыққан күнге иіліп сәлем берген. Ренжіскен адамдар татуласқан.
Мұғалім: Амал келді. Жыл келді
Жыл басында Нұр жауған түн – Қызыр түн;
Жыл басының алғашқы суы – Қарғын;
Жыл басының қары – Ақша қар, Құс қанаты;
Жыл басының алғашқы күні – Ұлыстың ұлы күні - Ұлыс күн;
Жыл басының алғашқы желі – Жыл айналып жеткен Алтынкүрек;
Жыл басының алғашқы төлі – Дүбіраяқ;
Жыл басының бірінші сүті – Уыз;
Жыл басының бірінші құсы – Жылқышы торғай, Нәуірзек;
Жыл басының бірінші көгі – Бәйшешек, Наурызшешек;
Жыл басының бірінші асы – Жер асы – Наурыз көже, Көп көже;
Жыл басының бірінші тілегі – “Ауызды ақтан айырмасын, қызылды уақтылы көрсетсін”;
Жыл басының бірінші құттықтау сөзі –“Жасың құтты болсын!”;
Жыл басының бірінші белгісі – Көрісу;
Жыл басының бірінші сәлемі – “Ұлыс бақты болсын!
- Төрт түлік ақты болсын!
- Ұлыс береке берсін!
- Пәле - жала жерге енсін!”;
Жыл басының бірінші нысаны – Самалық айту
Жыл басының бірінші сый тағамы - “Ұйқыашар”
Жыл басының алғашқы сыйлықтары – “Діреткізер”, “Селтеткізер”.
Жеті түрлі дәмнен: соғымнан қалған ет, қойдың басы, сүт, тұз, сүзілген құрт, бидай (тары, күріш), пияз және сәбізден қазан толы наурыз көже пісірілген.
Жеті түрлі дәмнен пісірілген наурыз көже Алланың Көктегі Нұрын кемелдендірген. Жеті дарияның белгісі іспеттес. О бастағы түсінік бойынша наурыз көжеден дәм татқан кісі Көктегі жеті даналықтың дариясынан да сусындайтын секілді. Сол себепті наурыз көжені үйме - үйді аралап жүріп ішкен. Ғарыштағы Жеті дарияны қазақ елі о баста Жеті қазына деп атаған болуы керек.
Жеті дарияның таңбасы:
Аспан әлемінде – Жеті қат көк.
Төменгі әлемде – Жеті қат жер.
Ортаңғы әлемде – Жеті түс.
Саз әлемінде – Жеті дыбыс, т. с. с.
Күн мен Түн теңелген сәтте Алланың Нұры Жер әлеміне жеткенше Жеті қат көкті шарлап өтеді.
Күн сәулесі жер шарының шығыс бөлігінен таңғы сағат 6 - да себездеп атқан кезде біздің өмірімізде бұл сәт 21 наурыздың түні, 22 наурыздың таңғы сағат 03. 00 - ке тұспа - тұс келген. Сондықтан да қазақ халқы жаңа жылды 22 наурыздың таңғы сағат 03. 00 - де қарсы алған. Ата - бабамыздың нанымы бойынша көктен жауған Нұр жерге Қызыр баба кейпінде түскен. Әдетте халқымыз Қызыр бабаны Саумалық айтумен қарсы алған.
Саумалық
Саумалық, Саумалық,
Қап тауының көк құсы,
Ұйқыдан көзін ашты ма?
(Барлығы – ашты, ашты)
Аяғын жерге басты ма?
(Барлығы – басты, басты)
Саумалық, Саумалық,
Қап тауының көк құсы,
Жүгірді ме, көрдің бе?
(Жүгірді, жүгірді, көрдік, көрдік)
Саумалық, Саумалық,
Самарқанның көк тасы,
Жібіді ме, көрдің бе?
(Жібіді, жібіді, жібіді)
Саумалық, Саумалық,
Жаңа келген жақсылықты,
Көрдік пе, көрмедік пе?
(Көрдік, көрдік, көрдік)
Саумалық, Саумалық,
Ескі жыл шығып, жаңа жыл келді!
(Жыл келді, Жыл келді!)
Саумалық, Саумалық,
Сүті көп, көмірі аз,
Жаңа жыл жарылқа,
Ескі жыл есірке!
Ақ мол болсын, қайда барса жол болсын!
Деп, үйдегі ескі ыдысты сындырып, қабақ сынды, қайғы кетті деп ырым жасаған.
1 - жүргізуші:
Қымбатты қонақтар! Енді ортамызға ақ ниетпен, шын пейілмен, дархан көңіл жарқын ниетімен Қызыр ата келеді. Кәне, қарсы алайық.
Бәрі: Қош келдіңіз, Қызыр ата!
2 - жүргізуші:
Тамашаға толтырып тұнық төрді,
Жетті, Наурыз, үкілеп үміттерді,
Барша үйге бақыт боп, береке боп,
Жанарынан нұр шашып күліп келді.
Ендеше, Ұлыстың ұлы күнінде келген Қызыр бабамыздың ақ батасын алайық.
(Қызыр ата бата береді).
Оу аман ба жарандар
Алтын таңға қараңдар.
Ерте жайнап атты таң
Естіліп тұр шаттық ән.
Жұрағатым қуанып
Рахатын тапты жан.
Келе жатыр жылымыз
Мейрамдаймыз мұны біз.
Жас балаша нұрланып,
Жадырайды күніміз
Ұрпақтардың бағы болсын,
Арайланған таңы болсын.
Ақ батамен қол жайғанның,
Тілегінің бәрі болсын!
1 - жүргізуші: Бүркіт ұлттық ойыны
Ал, кәне, балалар, Бүркіт деп аталатын бір қызық ұлттық ойынды ойнап көрелік. Болашақ қырандар, бері келіп бақ сынаңдар. Ойын шарты: ойнаушы жүресінен отырып, екі аяғының аралығынан екі қолын жерге тіреп, еңкейіп жердегі орамалды түйіншегінен аузымен іліп алуы керек. Бұл ойын екі білектің күшін сынауға арналған.
2 - жүргізуші:
Наурызда ойналатын ойындарды жалғастырып 6 сынып ұлдары арасында Қол күшін күрестіру ойындарын көреміз.
1 - жүргізуші:
Наурыз мейрам жүректерге нұр сепкен,
Маңдайымнан сүйіп жатыр күн көктем.
Жарығыңмен, шуағыңмен Күн - Ана,
Алып келдің жер бетіне гүл көктем.
2 - жүргізуші:
Жыр сыйлаған, нұр сыйлаған тірлікте,
Қастерледік, қадіріңді білдік те.
Құтты болсын, Ұлыс күн жұмылдырған,
Бәрімізді ынтымақ пен бірлікке
1 - жүргізуші:
Ал келіңдер, келіңдер,
Бір - біріңе еріңдер.
Білімдеріңді тексеріп,
Бір таласып көріңдер. Келесі кезекте Сен білесің бе? викториналық сұрақтардың жауабын тауып шешейік.
2 - жүргізуші: Осындай той қазақта бола берсін,
Көңілдерге жақсылық қона берсін.
Береке күннен - күнге тола берсін,
Ырыс - құт басыңыздан аса берсін.
Ынтымақ боп, бірлік боп елімізде,
Еліміз ілгері аяқ баса берсін.
1 - жүргізуші:
Ән қосылсын әніңе,
Сән қосылсын сәніңе!
Ырысты боп жаңа жыл,
Бақ дарысын бәріңе!
Ой қосылып ойыңа,
Бой қосылсын бойыңа!
Аман – есен жетейік.
Келер Наурыз тойына!