Қыстың қатал түні. Ақтөс тағы да аязды, суық түнді дүкен жанында қоқысқа шығарған қораптар арасында өткізіп жатыр. Тұла-бойы мұздап, тоңғаны өз алдына, жарақаттанған аяғы да сыздап ауырып жатыр. Өзі арасында ыңырсып қояды. Көзінен жас ағып тоқтар емес. Иә, ол кәдімгі жас баладай егіліп жылады.
Ол бір кездері бақытты еді. Анасынан туылғаннан бастап, оның жылы, жұмсақ бауырында рахаттанып күй кешті. Өзімен бірге туған бауырларымен күні бойы, ойнап асыр салатын. Туылғанына екі ай өткенде оны бір еңгезердей ер адам қорапқа салып алып кетті. Ақтөс әуелі бұны ойын шығар деп ойлаған. Сөйтсе олай емес екен. Қораптың тербелгені тоқтап, тынышталғандай болды. Бұл құлағын салып тың -тыңдап көріп еді, ешнәрсе естілмеді. Бір уақытта тырсылдаған дауыс естілді де, қораптың беті ашылып ішіне жарық түсті. Көзін ашып, тезірек мына қараңғы қапастан құтылғысы келген Ақтөстің көзі, өзіне мейірімді көзбен үңіліп қарап тұрған балаға түсті. Бұл он жасар Қайсар еді. Әкесі оған күшік сыйлауды бірнеше уақыт бұрын уәде еткен. Бүгінгі туған күніне сол уәдесіне тұрып, сыйлыққа Ақтөсті әкеліпті. Қайсардың қуанышында шек жоқ. Әкесіне ризашылығын бірнеше рет қайталады. Жұмсақ қолдарымен Ақтөсті бауырына қысты, бірден оның төсіндегі ақ түгіне қарап, Ақтөс деп ат қойды.
Әуелгі уақытта Ақтөс үлкен қиналыста болды. Анасы мен бауырларын сағынып түні бойы қыңсылап шығатын. Ондай түндері Қайсар үнемі оны қасына алып, ұйықтап жүрді.
Кейін келе екеуі ажырамастай дос болды.Қайсар өте қамқор еді. Ақтөсті уақытылы тамақтандырып, жуындырып балаша күтім жасайтын. Қайсар мектептен оралған соң екеуі асыр салып ойнайтын. Сөйтіп жүргенде бес жыл уақыт зырлап өте шықты. Қайсар да ержетті. Бірақ Ақтөс пен екеуі ажырамастай достар еді. Ақтөс Қайсардан бір елі қалмайтын. Онымен бірге мектепке дейін бірге барып, ол мектептен шыққанша мектептің алдында күтіп жататын еді.
Бір күні Қайсарды әкесі машинаға отырғызып алып кетті. Содан кейін Қайсарды көрген емес. Қайсар кетіп бара жатырғанда бұған:
- Ақтөс, мен оқуға кетіп барам, бұйырса келген соң көрісеміз. Оған дейін сен үйді күзететін бол. Жарай ма? – деп кеткен.
Содан бері Ақтөс Қайсарды күтумен көп күнді өткізді. Бір күні бұл үйдегі адамдардың орнына басқа біреулер пайда болды. Бұл кісілер Ақтөсті шарбаққа кіргізбей әбден әбігерге салды. Қатты ашуланған үйдің жаңа иесі бұны ұстап алып, машинамен басқа қалаға әкеліп тастап кетті.
Сол күннен бастап, Ақтөс көшедегі қаңғыбас иттердің біріне айналды. Тамақ үшін талай таяқ та жеді, иттерге де таланды. Талай жауын мен боранды түндерді де өткізді.
Кешегі дүкенге келген әдемі киінген жігіт Ақтөсті теуіп аяғын сындырды. Енді жатысы мынау. Қара суық, аяғынан аққан қан қатып қалған, қанша жаласа да қайтар емес. Бауырынан өткен сыз денесін қарып барады. Талықсып ұйықтап бара жатыр. Түсінде баяғы жан досы Қайсарды көрді. Ол сондай мейірімді. Басқа адамдар да сондай деп ойлайтын, сөйтсе қателескен екен. Адамдардың қатал, мейірімсіздері де көп екен. Денесі аздап жылығандай болды, көзін ашса күн атқан екен. Денесінде қалған бар күшін жинап, дүкеннің алдыңғы жағына қарай жылжыды. Ондағы ойы мүмкін өзі күткен жанды кезіктіріп қалар. Дүкен алды ығы–жығы адамдар. Әлі кеткен Ақтөс қардың үстіне жата кетті. Көзін ашуға да шамасы жетер емес. Аштық пен суық оны әбден әлсіреткен.
Кенет таныс дауыс естілгендей болды. Бар күшін жинап көзін ашты. Көзіне сол баяғы мейірімге толы көздер қарап тұр екен. Ол сілкініп тұрғысы келді. Денесінің бәрі жылынғандай ... .
Иә, бұл осы қалада оқып жүрген Қайсар еді.
4 "г" сынып оқушысы Амангелді Гауһар
Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласы
№18 М.Сатыбалдиев атындағы жалпы орта білім беретін мектеп
Жетекшісі: Шегирова Жанаргуль Сайлауовна