Астана 8 қыркүйек күні Семей қаласында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінің сыртқы істер министрлері, Тәжікстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары және Түрікменстанның Қазақстандағы елшісі бар – Орта Азиядағы бесеу «Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы» шартқа қол қоюды жоспарлап отыр. Бұл туралы кеше Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің арнайы өкілі Ержан Ашықбаев мәлім етті. Аталған шартқа қол қоюшы әрбір тарап ядролық қаруларды, ядролық жарылғыш қондырғыларын немесе олардың қандай бір бөлшектерін шығаруға, сатып алуға және өз аумағында орналастыруға тыйым салуды міндетіне алады. «Алайда ядролық энергияны бейбіт мақсаттарда қолдануға шек қойылмайды» дейді арнайы өкіл. Бұл жолды Қазақстан әу баста, тәуелсіздігін жария еткен жылдардан-ақ таңдаған-ды. Шартқа қосылуға ынта білдіріп отырған көршілер тарапынан да «бас жарып, көз шығарар» бірде-бір оқиға болған жоқ. Орта Азия жұртындағы осынау айрандай ұйыған бейбіт өмір мен тұрақтылықты сақтап қалудың бірден-бір кілті – бірлесіп әрекет ету һәм оны нығайта түсу екені айтпаса да түсінікті. Жаңа шартты солай жасалған қадам деп бағаласақ керек. Әйтпесе ортаазиялық бесеудің арасында шешімін таппай жатқан қандай бір пікір қайшылығы атымен жоқ. Ержан Ашықбаев шарттың маңызын былай түсіндіреді: «Бұл бастама Орталық Азия мемлекеттерінің жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті сақтауға, ядролық қаруды таратпау мен қарусыздандыру процестеріне қосқан ұжымдық үлесі, сондай-ақ терроризммен ғаламдық күрес және жаппай қырып-жою қаруының террористік топтардың қолына түсуіне жол бермеуде аса өзекті оқиға болып отыр». Арнайы өкіл сөзінің жаны бар, қазіргі таңда төрткүл дүниенің зәресін ұшырып отырған лаңкестер ядролық қаруды қолға түсірудің небір айла-шарғысын жасап жатқаны белгілі. Ал аталған мемлекеттер, әсіресе, Қазақстан уранның аса бай қорына ие. Демек, шарт жансыз құжат болып тартпада жата бермеуге тиіс. Тағы бір атап өтер жайт, шартқа қол қою рәсімінің бұрынғы атышулы кеңестік ядролық бағдарлама орталықтарының бірі – Семей қаласында өткізілуі. Жақында ғана Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан 15 жыл бұрын Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы тарихи Жарлыққа қол қойғанын атап өткен болатын. Бұл тәуекелдің тарихи шешім екенін АҚШ бастаған алпауыттарыңыз әлі күнге жыр қылып айтады. «Қол қою рәсіміне ядролық сынақтарға тыйым салу шарты ұйымының атқарушы хатшысы Т.Тот, МАГАТЭ Бас директорының орынбасары Ю.Соколов, Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия және АТМ елдеріндегі Бейбітшілік және қарусыздандыру мәселелері жөніндегі орталығының директоры Ц.Ишигури, Қазақстандағы Ресей, ҚХР, Моңғолия және Жапонияның дипломатиялық миссияларының басшылары, Қазақстандағы БҰҰ жүйесінің үйлестіру-шісі Ю.Шоджи, бейбітшілік мәселелері жөніндегі БҰҰ Женева институтының вице-президенті, БҰҰ қару-сыздандыру саласында зерттеулер жөніндегі институтының аға зерттеушісі Дж.Голдблат, сондай-ақ ядролық қарудан азат аймақтардың өкілдерінің қатысуы күтілуде» делінген Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпарат парақшасында. Осы аптадағы маңызды сапарлар – қыркүйектің 8-9-ы күндері АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Ричард Баучер Астанаға ат басын тіремек. Көздегені – екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелері мен Қазақстан Президентінің алда АҚШ-қа жасалмақ сапарын талқылау. Сосын ЮНЕСКО Бас хатшысы Коичиро Мацуура 10-13 қыркүйек күндері Қазақстанға ресми сапармен келеді. Ол 12-14 қыркүйек аралығында Астанада өтетін Дәстүрлі және әлемдік діндер басшыларының съезіне қатысуды жоспарлап отыр.