Бұқабай деген кісі де өтірікке келгенде, ешкімге есесін жібермейтін кісі екен. Лепіре сөйлегенде, елді аузына қаратып, өтірікті шындай, ақсақты тыңдай қылып, шімірікпестен соғып отырады екен.
— Қантар туысымен қарсақ тонымды бастыра киіп, қара жолақ өгізіме мініп, тобылғыдан түлкі түртіп, қия тастан қасқыр қағып келе жатып, арыстанның алты жұмыртқасын омбы қардан ұрып алдым да, ойдан қашқан отыз түлкіні алты жұмыртқа жіберіп ұрып, түлкінің бәрін жау жапырақтай түсіріп, сайды әкеме ас бергендей қан сасыттым.
Шыбық садағым, ши оғыммен құралайды көзден атамын. Сеңгірде селтиіп тұрған кер құланды тартып қалғанымда, оғым атқан құланның оң танауынан кіріп, сол құлағынан шығып, алдыңғы оң аяқтың тұяғын жұлып, артқы сол аяқтың башпайын түсіріп, сан етті аралап өрлей шығып, құйрықты қуып отырып үстіне шығып кетіпті.
Аңғал сайдың алшасына салып тастаған қақпаныма күнде отыз орман, тоқсан түлкі түсетін болды. Күнде бір қақпаннан бір ауыр көген аң аламын. Біреуінің кірпігінен, біреуінің мұртынан, біреуінің мүйізінен, бірінің құлағынан, көбінің аяғынан, азы тұяғынан түседі де жатады, түседі де жатады дейді екен.