Заңды тұлғаның жауапкершiлiгi

Скачать

1. Құрылтайшы қаржыландыратын мекемелерден, мемлекеттiк мекемелерден және қазыналық кәсiпорындардан басқа заңды тұлғалар өз мiндеттемелерi бойынша өздерiне тиесiлi барлық мүлiкпен жауап бередi.
Мекеме мiндеттемелер бойынша өз билiгiндегi ақшамен жауап бередi. Олар жеткiлiксiз болған жағдайда мекеменiң мiндеттемелерi бойынша оның құрылтайшысы жауапты болады.
Мемлекеттiк мекеме өзiнiң мiндеттемелерi бойынша өз билiгiндегi ақшамен жауап бередi.
Мемлекеттiк мекеме ақша жеткiлiксiз болған жағдайда оның мiндеттемелерi бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе тиiстi жергiлiктi атқарушы орган жауапты болады. Шарттық мiндеттемелер бойынша жауапкершiлiк заңдарға сәйкес мемлекеттiк мекеменi ұстауға арналып бекiтiлген сметаның шегiнде туындайды.
Қазыналық кәсiпорын өзiнiң мiндеттемелерi бойынша өз билiгiндегi ақшамен жауап бередi.
Қазыналық кәсiпорында ақша жеткiлiксiз болған жағдайда оның мiндеттемелерi бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметi немесе тиiстi әкiмшiлiк аумақтық бiрлiк субсидиарлық жауаптылықта болады. Шарттық мiндеттемелер бойынша жауапкершiлiк мемлекеттiк кәсiпорын туралы заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен туындайды.
Мемлекеттік тапсырысты орындау шеңберінде қазыналық кәсіпорындармен және мемлекеттік мекемелермен жасалатын азаматтық-құқықтық мәмілелер Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен тіркелуге тиіс.
2. Заңды тұлғаның құрылтайшысы (қатысушысы) немесе оның мүлкiнiң меншiк иесi оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, ал заңды тұлға заңды тұлғаның құрылтайшысының (қатысушысының) немесе оның мүлкiнiң меншiк иесiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, бұған осы Кодексте, өзге заң актiлерiнде не заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көзделген жағдайлар қосылмайды.
3. Егер заңды тұлғаның банкроттығы оның құрылтайшысының (қатысушысының) немесе оның мүлкiнiң меншiк иесiнiң iс-әрекетiнен туындаған болса, заңды тұлғаның қаражаты жеткiлiксiз болған жағдайда құрылтайшы (қатысушы) немесе оның мүлкiнiң меншiк иесi несие берушiлер алдында субсидиарлық жауапкершiлiкте болады.
4. Заңды тұлға үшiншi тұлғалардың алдында заңды тұлғаның органы құрылтай құжаттарында белгiленген өз өкiлеттiгiн асыра пайдаланып қабылдаған мiндеттемелерi бойынша жауап бередi, бұған осы Кодекстiң 159-бабының 11-тармағында көзделген жағдайлар қосылмайды.


ҚР 19.06.97 ж. N 134-I; 18.12.00 ж. N 128-II Заңдарымен 45-бап өзгертілді
45-бап. Заңды тұлғаны қайта құру
1. Заңды тұлғаны қайта құру (қосу, бiрiктiру, бөлу, бөлiп шығару, өзгерту) оның мүлкiн меншiктенушiнiң немесе меншiк иесi уәкiлдiк берген органның, құрылтайшылардың (қатысушылардың) шешiмi бойынша, сондай-ақ заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында уәкiлдiк берiлген органның шешiмi бойынша, не заң құжаттарында көзделген реттерде сот органдарының шешiмi бойынша жүргiзiледi. Заңдарда қайта құрудың басқа да нысандары көзделуi мүмкiн.
Заңды тұлға - жинақтаушы зейнетақы қорын, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын қайта құру зейнетақымен қамсыздандыру және сақтандыру қызметі туралы заңдарда көзделген ерекшеліктер ескерiле отырып жүзеге асырылады.
2. Қайта құру ерiктi түрде немесе ықтиярсыз жүргiзiлуi мүмкiн.
3. Заң құжаттарында көзделген реттерде ықтиярсыз қайта құру сот органдарының шешiмi бойынша жүзеге асырылуы мүмкiн.
Егер заңды тұлғаның мүлкiн меншiктенушi, ол уәкiлдiк берген орган, құрылтайшылар немесе заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында қайта құруға уәкiлдiк берiлген органы заңды тұлғаны қайта құруды сот органының шешiмiнде белгiленген мерзiмде жүзеге асырмаса, сот заңды тұлғаның басқарушысын тағайындайды және оған осы заңды тұлғаны қайта құруды жүзеге асыруды тапсырады. Басқарушы тағайындалған кезден бастап заңды тұлғаның iсiн басқару жөнiндегi өкiлеттiк соған ауысады. Басқарушы сотта заңды тұлғаның атынан әрекет етедi, бөлу балансын жасайды және оны заңды тұлғаны қайта құру нәтижесiнде туындайтын құрылтай құжаттарымен бiрге соттың бекiтуiне бередi. Аталған құжаттарды соттың бекiтуi жаңадан пайда болған заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу үшiн негiз болады.
4. Заңды тұлға, бiрiктiру нысанында қайта құрылатын реттердi қоспағанда, жаңадан пайда болған заңды тұлғалар тiркелген кезден бастап қайта құрылған деп есептеледi.
Заңды тұлғаны оған екiншi бiр заңды тұлғаны бiрiктiру жолымен қайта құрған кезде, заңды тұлғалардың мемлекеттiк регистрiне бiрiктiрiлген заңды тұлға қызметiнiң тоқтатылғандығы туралы жазба жасалған кезден бастап олардың бiрiншiсi қайта құрылған деп есептеледi.


Скачать


zharar.kz