Ата жолын қуса игі

Скачать

Төле Әлібекұлы (1663 – 1756) – қазақтың қоғам қайраткері, шешен, Ұлы жүздің бас биі, "Жеті жарғыны" жасаушылардың бірі. Әлібекұлы Төле бидің атасы Құдайберді би Есім хан мен Тұрсын хан егесі кезінде Есім ханды қолдаған (Қазыбек бек Тауасарұлының "Түп-тұқияннан өзіме дейін" кітабынан). Яғни Есім хан тұсындағы, халық аузында "Есім ханның ескі жолы" атанып кеткен қазақ халқының заңдар жинағын құрастыруға қатысқан билердің бірі деп айтуға толық негіз бар. Өз заманында Қазақ хандығының тұтастығы үшін күрескен қайраткер! Төле би өз халқының шешендік-поэтикалық өнерінің дәстүрлерін жастайынан бойына сіңіріп өскен, зерделі, сауатты адам болған. 15-20 жасынан билердің бас қосқан жиналысына қатысып, өзінің әділдігі мен шешендік өнері арқасында таныла бастайды.
Мазмұны  
1 Өмірбаяны
1.1 Тауке ханның басқару кезінде
1.2 Абылай ханның басқару кезінде
2 Шешендігі
2.1 Ескерткіштер
3 Пайдаланған әдебиет
4 Тағы қараңыз
Өмірбаяны

Төле би 1663 жылы қазіргі Жамбыл облысы Шу өңірінде туған. Ұлы жүздегі дулат тайпасының жаныс руынан. Әлібекұлы Төле бидің атасы Қожамбердіұлы Құдайберді би Есім хан мен Тұрсын хан егесі кезінде, Есім ханды қолдаған. (Қазыбек бек Тауасарұлының "Түп-тұқияннан өзіме дейін" кітабынан) Бала күннен жас Төле әкесіне еріп жүріп ел көреді, жұрт таниды, қазақ халқының ақындық-шешендік өнерінен тәлім алады. Он бес жасынан ел билігіне араласып, ақыл-парасаттылығы, әділ шешімі, шешендік өнерімен көзге түседі.
Тауке ханның басқару кезінде
Төле би Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билермен бірге Тәукені хан етіп көтеруге, үш жүздің ұлыстарын бір орталыққа бағындыруға, сөйтіп, бірегей қазақ хандығын нығайтуға, жоңғар шапқыншылығына қарсы бауырлас қазақ, қарақалпақ және өзбек халықтарының жауынгерлік одағын құруға бағытталған шараларды жүзеге асыруға қатынасты. Тәуке хан Төле биді Ұлы жүздің бас биі еткен. Төле би Қазыбек бимен және Әйтеке бимен бірлесе отырып, қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы болып табылатын Жеті жарғының қабылдануына атсалысты. Ордабасы жиыны кезінде Төле би басшылық жасап, жоңғар басқыншылығына қарсы бүкілхалықтық тойтарыс беруге ұйтқы болды. Шашырап кеткен қазақтардың басын қосып, Ресей мен Қытай секілді екі алпауыт мемлекет арасында оңтайлы саясатты жүргізген Абылай ханды өкіл бала етіп тәрбиелеп, азамат қатарына қосуда Төле бидің қызметі орасан.
Абылай ханның басқару кезінде
1742 жылы Абылай тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғарлардың қолына түсіп қалғанда, оны тұтқыннан босатуда Төле би белсенділік танытты. Тарихи жырларда қазақ билеушілерінің атынан Әбілқайыр хан мен Төле бидің Орынбор әкімшілігінен Абылайды тұтқыннан босатуға ықпал жасауын өтінгендігі айтылады. Қазақтың үш жүзінен Төле би бастаған 90 адам елші боп барып, келіссөз жүргізіп, 1743 жылы 5 қыркүйекте Абылайды тұтқыннан шығарып алады. Төле би ішкі және сыртқы саясатта сара бағыт ұстанды. Хандық пен мемлекет тұтастығын, тәуелсіздігін діттеп, жаугершілікте дұшпан қолында қалған қалалар мен жерлерді қайтаруға күш салды. 1734 жылы Ресей патшасы Анна Ивановнаға және 1749 жылы Орынбор губернаторы И.Неплюевке хат жолдап, бодандықты қабылдауға ризашылық танытты. Бұл сол тарихи кезеңде шарасыздан жасалған қадам болатын. Ол жоңғар шапқыншылығынан титықтаған халықтың жағдайын жақсартуды бірінші кезекке қойды. 1748 жылы орыс сауда керуені тоналғанда, бұған кінәлі Қойгелді батырды билер алқасына шақыртып, оған бұл шығынды жұрт көзінше өтеттіреді. 1748 жылы Әбілқайыр хан қаза тапқанда, оның баласы Ералы сұлтан әкесінің құнын даулап Төле биге шағымданады. Төле би Әбілқайырдың өлімі үшін айыпкерлердің Жеті жарғы заңына сәйкес жеті құн төлеуі туралы шешім шығарады. Ералы айыпкерлерден екі құн алып, төрт құнды кешіреді де, әкесін өлтіруге қатысушылардың бірі Сырымбет батырды жетінші құн орнына өз қолымен өлтіреді. Әбілқайырдың балалары бұған да тоқтамай, Барақ сұлтанның жауапқа тартылуын Төле биден сұрайды. Бас сауғалап қашып жүрген Барақ сұлтан Төле биге өзі келіп, жасаған ісі үшін сотқа тартуды сұрайды. Төле би билер сотына қазақ билерінің ішінен Барақ сұлтанның ұсынуы бойынша төрт белгілі биді (Жалған би, Сырлыбай би, Даба би, Қабек мырза) қатыстырады, өз тарапынан бірнеше биді шақырады. Билер алқасында Төле би Барақ сұлтанды ақтап алады. Төле би Әбілқайыр ханның өлімі үшін жеті адамның құнын кескенде де, Барақ сұлтанды ақтап алғанда да, туысы Қойгелді батырға тоналған орыс сауда керуенінің өтеуіне екі мың жылқы төлеуге билік шығарғанда да елдің елдігін бұзбауды, әлі келгенше халықтың тыныш жағдайын, тұтастығын сақтауды көздеді. Төле бидің бұл секілді еларалық сипаттағы билігімен қатар ұлыс ішіндегі дауларды шешкен билігінен де оның мемлекеттік деңгейдегі парасаттылығы, ойының саралығы мен ниет-тілегінің тазалығы танылады. Төле би хан, сұлтандардың, бектер мен билердің өзара қырқысының ұлт тәуелсіздігі мен бостандығына ешнәрсе бермейтіндігін сезініп, татулықты жақтады. Оны елге танымал "Елге бай құт емес, би құт” дейтін қанатты сөзі айқын аңғартады. Бізге келіп жеткен аңыз-әңгімелерде Төле бидің ұлт бірлігін нығайтуды барынша жақтағандығы айтылады. Сондай аңыз-әңгімелердің бірінде Төле би өз көңілін сұрай келген Қазыбек, Көкі, Мәлік, Ержан билердің еліңізге қандай өсиет қалдырасыз деген сұрағына былай деп жауап берген екен: "Жүзге бөлінгендердің жүзі қара. Руға бөлінгендердің құруға асыққаны. Атаға бөлінгендер адыра қалады. Көпті қорлаған көмусіз қалады. Хан азса, халқын сатады. Халық азса, хандыққа таласады”. Төле бидің артында кейінгі ұрпаққа жарық жұлдыздай жол көрсетіп, жөн-жоба сілтейтін көптеген өсиет сөздері қалған. Оның шешендік сөздері айтпақ ойының ұшқыр да тапқырлығымен, тап басатын көркем теңеулерінің дәлдігімен, тілінің өткір де айқындылығымен ерекшеленеді. Оның Данагүл есімді келінінің де есімі көпке танымал.
Шешендігі

Төле би жас кезінде талай жасы үлкен атақты абыз билердің алдынан өтіп батасын алады. Төле бала әуелі әкесіне барыпты. Жасы жүзге тақап отырған әкесі ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. Төле "Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ" дегенді сұрайды. Сонда. әкесі әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады:

- Балам, мынаны сындырып көрші.
Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды.
- Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы? Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп пырт-пырт етіп оп-оңай сындыра береді. Әлібек би:
- Бұдан не түсіндің, балам? - дейді.
Сонда. Төле бала:
- Түсіндім, әке бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. "Саяқ жүрген таяқ жейді" демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой.
- Бәрекелде, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл. "Бақ қайда барасың дегенде, ынтымаққа барамын" дегенінің мәнісі осы, - депті.
Елдің Қазықұрт тауының бөктеріне көшіп-қонып жатқан көктеу кезі екен. Бір күні Төленің әкесі Әлібек биге екі даугер жүгініске келіпті. Біреуі:
- Қырдан қуып індеткен түлкіме мынау таласып бермейді. Екіншісі:
- Сыртынан жүні жетілсін деп бағып жүрген түлкім еді, оның үстіне жер де, ін де менікі, демек түлкі де менікі.
Екеуі осылайша біраз дауласады. Әлібек би даугерлердің сөздерін тыңдап болған соң, баласына сілтеп, мұның билігін Төле берсін дейді. Даугерлер
Төлеге келсе, ол бір шыбықты ат қылып далада "айт, шулеп" ойнап жүр екен. Алдына келіп дауларын баяндаған соң бала:
- Түлкі арлан болса, сенікі, - дейді, "қырдан қуып келіп індеттім" деген жігітке.
- Ұрғашы болса сенікі, - дейді "жер менікі" деген жігітке. Баланың бұл билігіне түсінбей әлгілер әкесіне қайтып келеді. - Балаңыздың сөзіне түсінбедік...
- Тәлежан төресін дұрыс берген екен, - дейді Әлібек би. - Түлкінің ұланын тұз сақтайды, ұрғашысын ін сақтайды. Түлкі еркек болса, сенікі, сенің қырдан куып келіп індеткенің рас, түлкі саған тиеді, ал ұрғашы болса, жер иесі саған тиеді.
Төленің жас кезі. Жотада мал бағып жүрсе, анадай жерде бес-алты аттылы кетіп бара жатады. Бала олардың алдынан шығып сәлем береді. Орталарындағы ақсақалды Қоңқа би деген жасы жетпістерге келген кісі екен.

- Балам, бұл қай ауылдың малы?
- Әлібек бидің.
- Анау үйездеп жатқан жылқылар кімдікі?
- Ол Жыланкөз байдікі.
- Е, е, іздеп келе жатқанымыз сол Жыланкөз бай еді.
- Менің де сол ауылға барар шаруам бар еді, сіздерге ілесе барайын, - дейді Төле бала.
Олар жүріп келе жатып сәске түс кезінде көп жылқыны көреді. Жылқының көптігі соншалық, кіші бесінге дейін шетіне шыға алмайды. Сонда жолсерік бала:
- Ата, мынау жылқы қандай байдың жылқысы болды екен? Білесіз бе? - деп сұрайды. Оған Қоңқа би:
- Қарағым, бұл нысапсыз деген байдың жылқысы, - дейді.
- Нысапсыз деген қандай бай?
- Балам, айтайын: нысапсыз деген, осы малды жия берген, жия берген. Бұл нашарға, кедейге қайырымы жоқ, ат майын бермейтін байдың малы.
Олар одан әрі жүріп келе жатады. Кенет кең далада жайқалып өсіп тұрған қалың егіннің үстінен түседі.
- Ойпырым-ой, ата, мынау қандай адамның егіні болды екен? Көз жауын алып, жайқала өсіп тұр ғой, - дейді бала.
- Ә, шырағым, бұл егін қайырсыз деген байдың егіні.
- Қайырсыз деген бай ма? Қай ел болады, ата?
- О, шырағым, айтайын. Бай бір өзі пәлен адам жалдап, осынша жерді айдатты. Арзанға жұмыс істетіп, еңбегін бір жеді. Енді егінді біреудің еңбегімен орғызып, қырманға салды. Бастыртып, қамбаға құйды. Мұның бәрін өзі істемеді, біреуге істетті. Сонан соң елде астық болмай калған жылы қымбатқа сатты. Өзі жан қинамай үйде май шайнап жатты. Келесі жылы тағы егін ектірді. Енді екі есе адам жалдады. Жылдан-жылға осылай кете берді. Одан жұртқа пайда жоқ. Ел ашыққанда, қымбатқа сатты. Мұның қайырсыз болатын себебі осы. Түсініп ал, балам.

- Түсіндім, ата.
Екеуі келе жатса, бір жерде көп адам жиналып, көр қазып жатады.
- О, балам, - дейді Қоңқа би, - анау жиналған топ адам кімдер? Көзің жетік қой, қарашы? - дейді.
Бала қарайды:
- Ата, өлген адамды қойғалы жер қазып жатқан көрінеді.

- Ендеше, сен барып біліп қайт. Көметіндері өлген адам ба, тірі адам ба екен? Соны сұрағын.
Бала шабады да кетеді. Барып көр қазып жатқандарға сәлем береді.
- Сіздердің жерлейтіндеріңіз өлген адам ба, тірі адам ба?
Жақыны өліп, жаны күйіп тұрғандардың біреуі:
- Не деп былшылдайды мынау? - Екінші бірі келіп, баланы қамшымен басына салып жібереді.
- Иттің баласы, не оттап тұрсың?
Бозбалалардың екеу-ушеуі оған жабыла кетіп еді, араларындағы бір қария кісі:
- Тоқтаңдар, - дейді айқайлап: - Әуелі жөн сұрайық. Қайдан келе жатқан бала екен, білелік. Кәне, балам, сен не дедің? - дейді.
- Көміп жатқандарыңыз өлі адам ба, тірі адам ба? - дедім.
- Қарағым, осы сөзді өзің айтып тұрсың ба, жоқ басқа біреу айтқызды ма саған?
- Қасымда үлкен кісі бар еді. Сол кісінің атқосшысы едім. Ол кісі:
- Аналардың жерлейін деп жатқаны өлген адам ба екен, тірі адам ба екен, барып біліп келші? - деп жұмсады.
- Апырым-ай, мұны сұраған қария тегін адам емес екен-ау. Қой, баланы ұрмаңдар, жігіттер. Мұнда бір мән бар. Сол қарияны біреуің барып шақырып келіңдер.
Екі жігіт қарияға барып сәлем береді.
- Ақсақал, бір қадірлі адамымыз қайтыс болып, соны қойып жатыр едік, ілгерінің жолы, өлікке құран оқып аттаныңыз. Қоңқа би:
- Ә, ондай болса жарайды, - деп атының басын бұрып, әлгілерге барады. Өлікті қойып болған соң көпшілік:
- Ақсақал, алыстан келе жатыр екенсіз. Өзіңіз де бір қадірлі кісі көрінесіз. Бұл кісі де қадірлі адамымыздың бірі еді. Мына баланы бізге жіберген екенсіз. Бала шауып келді де бізден:
- Қойып жатқан өліктеріңіз өлген адам ба, болмаса тірі адам ба? - деді. Соны көңілімізге ауыр алып, осында бозбалаларымыз қол көтерді. Баладан мұны қалай сұрадың, өзің бе, жоқ саған біреу үйретті ме? - деп едік, "ақсақалым бар еді, сол кісі осылай сұра деп жұмсады" - деп шынын айтты. Тағы бір қария былай деп сұрады.
- Сізден сұрайтынымыз, мұны қалай айттыңыз? Бұл өлі адам ба, жоқ тірі адам ба дегеніңіздің мәнісі қалай, түсіндіріңіз?
- Ә, оны дұрыс сұрайсыңдар. Тірі адам ба дегенім, артында өзіндей болатын бала-шағасы бар ма, ас-су беретін мал-жаны бар ма дегенім. Ал өлі адам ба дегенім, өзіндей болып өсетін артында бала-шағасы жоқ болса, ас-суын беретін мал-жаны жоқ болса, мұның аты шын өлік, шырақтарым. Осының қайсысы білгім келіп еді. Бұл өлік осының қайсысы?
- Уа, ата, артында баласы бар, ас-суына жарайтын мал-жаны бар дәулетті кісі. Қоңқа ақсақал құран оқып, бата қылады. Көпшілік:
- Ауылға жүріңіз, мейман болыңыздар, - деп өтінеді.
- Шырақтарым, маған ауылға қонуға болмайды. Мен түздің адамымын, - деп Қоңқа би атының басын бұрып жүріп кетеді. Жолда келе жатып бала тағы да:
- Ата, түздің адамымын? - дегеніңіз қалай? - деп сұрайды.
- Қарағым, өзің аңғарымпаз бала екенсің. Сенің атың кім?
- Атым - Төле.
- Төле қарағым, түздің адамымын дегенім - көпшіліктің халықтың адамымын дегенім...
- Бата берейін, сені түзде кездестіріп, серік болдым. Мен секілді сенің де өмірің түзде өтсін, түздің адамы бол, балам, - деп бетін сипайды карт. Төле би есейгенше сол жол үстінде жолыққан Қоңқа қартты үнемі құрметтеп еске алып, өзіне ұстаз тұтқан екен.
Ертеде Шу өзенінің Балқашқа жақын жайылым алқабына үйсін мен арғын тайпаларының белді бектері таласыпты. Екі жақтың да билері бас қосып, кеңесіп, бәтуаласа алмайды. Көпшілікке еріп барған он бес жасар Төле билік айтушыларға көңілі толмайды. Ол:
Ақты ақ деп бағалар!
О, игі жақсы ағалар!
Өзегі талса ел біткен,
Өзен бойын жағалар, -
деп сөз бастай бергенде:
- "Ата тұрып, ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без" деуші еді. Мына бала кім өзі? - дейді, төрде отырған би. Төле қасқая қарап тұрып:

- О, би ата, он үште отау иесі демес пе, Кінәлімін бе, келіп қалсам он беске? Сөз сөйледім, бұйыра көрмеңіз айыпқа, Алакөз болу ағайын адамға лайық па? - деп, бір тоқталады да, төрде отырған биге былай деп сауал қояды:
- О, игі асқар тауымыз, Әділ ме осы дауымыз? Жар астында тұрғанда, Жасырынып жауымыз?
Сонда әлгі би:
- Қой асығы демеңдер, Қолыңа жақса сақа ғой. Жасы кіші демеңдер, Ақылы асса аға ғой. - деген ғой, балам, билікті саган бердім, - дейді. Бала Төле жұлып алғандай:

- Сары табақтан сарқыт қайтады деген. Билікті маған берсеңіз, Шу өзенінің оң жағын үйсін, сол жағын арғын жайласын, бұған қалай қарайсыздар? - дейді. Бұл шешімге екі жақ та риза болып, бітімге келеді. Сонда төрдегі би:
Үй баласы ма деп едім, Ел баласы екенсің. Ай маңдайлы арысым, Талабың алдан өтелетін. Ауылыңның таңы бол, Маңдайындағы бағы бол! - деп бала Төлеге бата берген екен. Осыдан бастап Төленің аты шығып, ел арасындағы дау-жанжал, келіссөзге араласып, билік айта бастапты.
Төле бала ауыл сыртында қозы бағып жүргенде, жанынан өтіп бара жатқан қос аттының бірі: "Әлібек қартайыпты, әділдігінен айныпты" деп ренжіп бара жатқанын естіп қалады. Төле олардың алдарынан шығып, сәлем беріп:
- Оу, ағалар, әкем Әлібектің билігіне ризамысыздар жоқ, наразымысыздар? - дейді.

- Наразымыз, балам. Әкең әділ билік айтпады.
- Ендеше қайтыңыздар.
Екі жақ Әлібектің алдына қайта келгенде бала Төле:
- Ата, билікке екі жақ бірдей риза болу керек. Әйтпесе, ол әділ билікке жатпайды. Жеңілген де, жеңген де шындықты мойындауы керек, - дейді.
- Олай болса, балам, осы даудың билігін өзің айтып берші?
Төле әуелі таластың мәнін сұрайды. Сонда дауды бастаған жігіт ботасында жоғалтқан түйесін жолда кезіккен керуен ішінен танығанын айтады.
- Бұл өтірік айтып тұр, - дейді керуенбасы саудагер.
-Ал, енді, жігітім, "тапқан қуанады, таныған алады"деген, сен таныдым дейсің, қалай таныдың?
- Менің танығаным, - дейді ол. - Түйем туар уақтысына жақындаған кезде бошалап кетті. Бір жетіге дейін таптырмаған түйем тау баурайында боздап, ары-бері кезіп жүр екен. Ботасын қасқыр жесе де, шала туса да кетпес еді. Сонысына қарап, ботасын біреу алып кеткенін түсіндім. Содан бері жүргінші көрінген түйеге көз салып жүруші ем, көрген бойда Таныдым. Төле ойланып отырып:
- Сол танып тұрған аруананың енесі бар ма? - дейді.
- Бар.
Төле қарсы жаққа қарайды.
- Иә, саудагерім, сөйле.
- Бұл өз түйемнің ботасы. Жалақорға тура сөзіңізді айтыңыз. Іштегі ботаны танимын дегенге адам сене ме?
- Енесі бар ма түйенің?
- Туған енесі бар.
- Онда екеуің де енелерін алып келіңдер? Дауласқан екеу бесті атандарының енесін алдырады.
Төле: - Атанды тізгіндеңдер де тақымына қыл бұрауды салыңдар, - дейді. Жұрт айтқанын лезде орындайды. Бесті атанның тақымына қыл шылбырды салып, шыңғырта бұрағанда, таныған жігіттің түйесі көзінен жас парлап, мұрындығын жұла-мұла бақырып жатқан атанның үстіне түсе қалады. Ал саудагердің түйесі орнынан қозғалмай, жайымен күйсеп тұра береді. - Ау, халайық, көріп тұрсыздар. Мына жануар шын анасы екен, не дейсіздер? - Рас, аруана ботасын танып тұр. Төлежанның бұл әділдігіне ризамыз, - деседі жұрт. Төле саудагерге қарап: - Ә, саудагерім, мынау хайуан да болса әділетін халықтың алдында көрсетті. Атанның кімдікі екеніне халықтың көзі жетті. Сен енді құтыла алмайтын болдың. Күнәні мойынға алған жеңіл. Мына халықтың алдына шығып шындығыңды айт. - Оу, халайық, осыдан бес жыл бұрын жайлаудан қалаға қайтып келе жатып, жапан түзде, бір төбенің баурайында боталаған түйенің үстінен түстім. Ботасы аяқтана алмай, жығылып, тұрып жатыр екен. Түйені алсам, сіңіре алмаймын. Жолда ел көріп. "Пәленше саудагер алып бара жатыр" дейді. Мына ботаны алып кетсем, ешкім білмейді. Алашаға ораймын да, қомның арасына таңа саламын. Бір жылдан кейін түйе боп шыға келеді. Бір түйе маған аз олжа ма деп сол ботаны алып кетіп ем. Кешсеңдер де, бас кессеңдер де өздерің біліңдер, - деп мойындапты. Міне, Төле би дауды осылай шешіп, жұртты риза етіпті.
1740 жылы жоңғар қалмақ билеушісі Қалдан Цереннің қолшоқпарлары Ұлы жүздің ханы Жолбарысты өлтіреді. Төле би бастаған ел Ташкенттен қуылады. Жау жағы Ташкентке Қоқым манапты әкімдікке тағайындайды. Бұл кезде Сыр бойы қалаларының біразы жоңғарлардың қоластында қалады. Осы тұста Күлтөбенің басында үлкен жиын ашылып, оған ел басшылары түгел жиналады. Сонда Қарабек батыр: - Жауға тізе бүгуден басқа амал жоқ, - деген пікір айтады. Қарабекке ашуланған Төле би:

Атадан ұл туса игі,Өзі біліп тұрса игі.
Ата жолын қуса игі.Жаудан бұққан немені,
Өзіне келер ұятын,Ортасынан қуса игі! -
деп, шырық бұзғандарды жиыннан қудырып жібереді. Сонан соң айналасындарыларға қарап:

Уа, көсіле шабар жерің бар,Арылмайтын сорың бар...
Ту көтерер ерің бар.Құлдық ұрсаң дұшпанға,
Қол боларлық елің бар,Еркек болып туды деп,
Атадан қалған жолың бар,Мына сені кім айтар?
- Құлдық ұрсаң дұшпанға
деп толғайды. Төленің осы төрелік сөзін өзгелер түгел құп алып, жауға қарсы күш біріктіріпті деседі.
Жаңа жайлауға қоныстанған бір бай екі кедей жігітке құдық қаздырады. Құдық қазылып біткен соң жігіттер байдан ақысын сұрайды. Бай олардың біреуіне - саулық, екіншісіне қозы береді. Екінші жігіт оған наразы болады. Төлеге келіп шағым айтады. Төле байға құдық қазған екі адамның еңбегі бірдей екенін айтады. Бірақ құдық иесі өз дегенінен қайтпайды. - Адамның екі көзінің, екі қолының қайсысы кем? - дейді байға. - Ешқайсысының кемдігі жоқ. Екеуі де бірдей. Сөзіңізге жығылдым, биеке! Өкпелі жігітке қой берейін, - депті амалы құрыған бай.
Іргелес отырған Жанту жөне Жантас аулының екі жігіті шабындыққа таласып қалады. Ақырында бірін-бірі көрмеуге серт берісіп, екеуі ат кекілін кеседі. Ай өтеді, жыл өтеді. Бірақ екеуі татуласпай қояды. Әкелері мен аталарының ақыл-кеңесіне мойынсұнбайды. Осыны естіген би араздасқан жігіттерді шақыртады. Төленің үйіне екі жақтан келген екі жігіт аттарын бір казыққа байлап үйге кіреді. Тізе бүгіп, биге қол беріседі: Би ләм-мим демей, екі жігітпен сыртқа шықса, екеуінің аттары бірін-бірі қасысып тұр дейді. - Япырм-ай, мына екеуінің татуын қарашы? - дейді Төле қасынып тұрған аттарды көріп. - Кекілдері де келісті екен. Бидің осы сөзінен екі жігіт қол алысып, татуласады. - Жолдарың болсын! - дейді оларға Төле би.
Той-тамашада бір жас келіншек төңірегінен именіп, өлең айта алмай отырады. Еріне жаутаңдап қарай береді. Күйеуі жайсыз, оған өлең айтуға тыйым салып қойған екен. - Қыз кезінде алдына жан салмайтын әнші еді, енді суға түскен тауықтай боп отырғаны, - дейді Төлеге жақын отырған біреу сыбырлап. - Тұзаққа түскен бұлбұлдан, еркін жүрген торғай артық, - дейді би. - Ол не дегеніңіз, Төке? - Торға түскен бұлбұл қайдан сайрасын? Мұны есіткен әлгі келіншектің күйеуі Төле бидің алдына келіп, кешірім сұрайды. - Биеке, түсіндім сөзіңізге. Бұдан былай бұл мінезімді тастайын. Келініздің беті ашық!
Таздар мен Сүлгетай елінің арасында біраз жылдан бері бітімі созылып келе жатқан жесір дауын шешіп аулына қайтып келе жатқан Төлe би қасындағылармен Бөген өзенінен өте бергенде анадай жерде келе жатқан бір топ қыз, келіншектерді байқайды. Жақындай бергенде әлгі кыз, келіншектер аттарынан түсіп, олардың алдын кесіп өтпей ізет қылып тұрып қалады. Төле би оларға жақындап барады: - Бәрекелді, өркендерің өссін, қай ауылдың балаларысыздар? Қыздардың біреуі: - Досай аулынанбыз,- деп жауап береді. - Алдақашан өтіп кететін едіңдер, аттарыңнан түсіп бізді неге тостыңдар, бір шаруаларың бар ма еді? - Шаруамыз жоқ, ата, - дейді әлгі қыз, - үлкен кісілер айтушы еді, кісінің алдын кесіп өтпе, оларға ізет қылып сәлем бер - деп, сіздердің жастарыңыз үлкен, араларыңызда касиетті қариялар бар шығар, жолын кеспейік, аттан түсіп сәлем берейік деп, сіздерді сыйлап тұрғанымыз ғой. Қыз жауабына риза болған Төле би, енді қыздың аты-жөнін білгісі келеді. - Рахмет, қызым, көп жаса, кімнің қызысың, атың кім? - Алакөздің қызымын, атым - Данагүл. - Бәрекелде, қызым, өркенің өссін! Атың даналы болса, ақылың саналы болар түбі, - дейді де, Төле би жүріп кетеді. Былай шыққан соң оған ой келеді, қасындағыларға: - Аттың басын қыз аулына бұрыңдар. Алакөз кандай адам екен, білейік. Сөйтеді де, бәрі Төрткүлдің жазық даласымен жүріп отырып, бір ауылға жетеді. Шеткері бір үйден Алакөздің үйі қайсы деп сұрайды. Ақ қалпақты жас жігіт: - Алакөз жәкемнің үйі анау түрған қараша үй, - деп сілтеп жібереді. Төле би бәрі сол үйге барып аттан түседі. Момақан ғана Алакөз байдың жылқышысы екен. Топ аттылыны көргенде сасқалақтап, қалбалақтап қалады. Көршісінен бір қой қарыз алып сояды, алдына барын жайып күтіп алады. Сол заматта "Алакөздің үйіне бір топ аттылы кеп түсті. ішінде атақты Төле би бар" деген сөзді естіп қара батырдың жылқылы байы Алакөздің үйіне барып, Тәкеңе сөлем береді. - Ау, биеке, менің сегіз қанат ақ үйім тұрғанда жылкышымның қара лашығына түскеніңіз калай? Мен сіздерді шақырып келіп тұрмын. Тай соямын, қымыз сапырамын. Алакөздің үйінде жағдайларыңыз болмайды, көне жүріңіздер? - дейді. Сонда Төле би: - Байеке, әуре болмаңыз. Сіздей байлардың үйіне түсіп жүрміз ғой. Бір жолы Алакөз сияқты кедейлердің де үйін көріп қойғанымыз теріс болмас, - деп оған көнбепті. Ет пісіп, кісілердің алдына табақ тартылыпты. Төле бидің алдына бас қойылыпты. Би "биссимилла" деп бастың құйқасынан дәм ауыз тиіпті де: - Алакөз інім, балаң бар ма? - Балам жоқ, Данагүл деген қызым бар. - Сол қызыңды бері шақыршы? Ошақ басында самаурын қайнатып, шешесіне қолқабыс тигізіп жүрген Данагүл үйге енеді. Төле би бастың құйқасын қасқалап кеседі де, бір кұлағын, тіліп, тандайын алып қызға береді де, мынадай тілек айтады: - Шырағым, құлақ бергенім - бас ием бол дегенім. Тіл мен тандай бергенім - іштегі құпиямды айттырмай тауып, шешіп отыратын шешен бол дегенім, - депті. Қыз: - Рахмет, ата, тілегіңіз қабыл болсын, - деп, шығып кетеді. Бата беріледі, дастарқан жиылады. Енді Төле би Алакөзге қарап: - Сенімен құда болғым келіп отыр, бұған қалай қарайсың? - дейді. Жаппарқұлда жан бар ма, бүкіл елді аузына каратып жүрген Төле бидей кісі солай деп қолқа салып отырған соң. Алакөз мақұлдап ризашылығын білдіреді. Көп үзамай-ақ екі жақ тойын жасап, Данагүл Төле биге келін боп түседі. "Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан" демекші, Данагүл өзінің ақылды, әдептілігімен бір ғана би атасына емес, бүкіл ауылға жағады. Атасы билікпен, ел қамымен жүргенде, Данагүл ауыл адамдарын, өзінің құрбы-құрдас, абысын-ажындарына ақылшы, бас-көз боп жүреді. Данагүлдің ақылды, сезімталдығын, Төле би атасының ішкі ой-сезімін, емеурін-тұспалын айтқызбай түсінетінін ел былай аңыздайды: Бір жолы Төле би Мойынқұм жайлауындағы елдің дау-дамайын шешіп жүріп, аулына қайтпақ болады. Қасындағы жігітіне: - Қай жолмен жүрсек екен? Бір жол бар, ел жағалап жүретін. Онымен жүрсек ауылға он күнде жетеміз. Бір жол бар, шөл аралап жүретін. Ол жол төте ауылға бес-ақ күнде жетеміз. Жігіт: - Ел жағалап, қона жатып жүргенше, төтесінен күн-түн демей жүріп отырып, елге ертерек жеткен дұрыс-ау, биеке. Ауылда сізді күтіп түрған шаруа да аз емес шығар. - Сенің айтқаның жөн екен, олай болса тарт сол төте жолмен, - дейді би. Сонымен екеуі бұйрат-бұйрат құмды кешіп жүріп кетеді. Үшінші күні кұдық басында отырған жалғыз үй түйешіге кездеседі. Одан сусындап, аттарының белін суытып, жемдеп алады да, тағы ілгері жүреді. Түнделетіп саймен келе жатқанда бір топ қарақшылардың қолына түседі. Жол торып жүрген қарақшылар екеуін аясын ба, аттарынан аударып, киімдерін тонап алады. Екеуін екі түп сексеуілге матап тастайды. Олар өздерінің кім екенін қарақшыларға айтпайды. Төле қарақшыларға былай дейді: - Әй, жігіттер, сендерге біздің жанымыз керек пе, жоқ малымыз керек пе? Егер жан керек болса, көп азаптамай өлтіріңдер, ал мал керек болса, мәмлеге келейік, бізде сендерге жететін мал бар. Алдарыңа айдатып әкеп берейік, бізді босатыңдар. - Әрине, бізге мал керек, - дейді қарақшылардың бастығы, - біз осы шөл далада мал табу үшін жүрмегенде, не үшін жүрміз. Бірақ сендер малды қайдан тауып бересіңдер? Бізді алдап кетіп жүрерсіңдер. - Менің аулымда, - дейді Төле, - сендерге жететін мал табылады. Мен бай адаммын. Бірақ сендер енді ауылға жібермейсіңдер әрине, сенбейсіңдер. Олай болса былай етіңдер. Біреуің менің атыма мініңдер, киімімді киіңдер, мен хат жазып берейін. Хатты былай жазамын: "Кенже ұлыма құда түстім. Соған 40 қүнан атан, 20 бура, 8 ақбас атанымды осы барған адамнан айдатып жіберіңдер. Және оң босағамда тығулы жатқан алтынымды, сол босағамда жатқан күмісімді де қоса беріп жіберіңдер".
Қарақшылар орталарынан екі жігітін шығарып, олардың киімін кигізіп, аттарына мінгізіп, қолдарына хатты беріп жібереді. Екеуі салып ұрып Төле бидің аулына жетеді. Хатты табыс етеді. Екі жігітгі "біз малымызды жинастырғанша, тыныға тұрыңдар" деп, бір оңаша үйге түсіреді. Ауыл адамдары хатты олай оқып, бұлай оқып ештеңе түсінбейді. Сенбейін десе, хатты өз қолымен жазыпты, киімін кигізіп, атын мінгізіп жіберіп отыр. Сенейін десе, "40 құнан атан, 20 бура, 8 ак бас атан, оң босағадағы алтын, сол босағадағы күміс" дегені несі? Деп бәрі дал болып отырғанда Данагүл келіп атасының хатын оқиды. - Сіздер атамның бұл хатына түсінбей отырсыздар. Мен білсем, ол кісі 40 қарақшының қолына түсіп калған болу керек. "40 құнан атан" дегені - 40 мықты жігіт, "20 бура" дегені - 20 палуан, "8 ақ бас атан" дегені - 8 ақсақал кісіні балам менен келінім ертіп келсін дегені ғой. "Алтын дегені" - баласы, "күміс дегені" - келіні мен шығармын. Қой, тезірек аттанып барып құтқарып алайық.
Данагүлдің тапқыр даналығына ауыл адамдары риза болып, оның айтқанын орындайды. Хатта көрсетілген малды екі қарақшыға айдатып, Төле бидің баласы мен келіні бірге жолға шығады.


Скачать


zharar.kz