ДЦП дертімен ауыратын бала еді. Өз қатарынан жүруі де, сөйлеуі де кешеуілдей берді. Қалалық емханадағы емдеуші дәрігері балаға мейіріммен қарайтын. Ем-дом жасайды. Бір күні сол емдеуші дәрігері: Үлкен қалада осындай науқас балаларды қарайтын арнайы орталық бар. Сол орталыққа апарып көрсетіңіздер, – деді. Ол жерге де алып барды. Ол жерде: Осындай науқас балаларды зерттеумен айналысып жүрген Мәскеу қаласынан профессор дәрігер келіп отыр. Сол дәрігерден кеңес алыңыздар, – деді. Одан да кеңес алды.
Баланың жағдайы бірқалыпты еді. Енді тәуіп, бақсы-балгерлерге де көрсетуге көшті. Пәлен жерде грек кемпір бар екен. Тіл-көз тиген баланы емдейді екен десті. Тәуіп, бақсы-балгерлердің бәрінің айтатыны жалғыз-ақ ауыз сөз еді: Сүп-сүйкімді-ақ ұл екен! Құдай балаға дертті өзі беріп отыр. Лайым, қаласа, шипасын да өзі берер. Балаларың әлі жақсы боп кетер, – дейді.
Бала енді өзінің дәрігері тағайындаған ем-домын ала берді. Баланы енді ауылдағы әжесі алып баға бастады. Ауыл дәрігерлерінен ауыл балаларына берілетін сүт, қатық сұрап алып бақты. Бала аппақ нарттай болды. Өзі күшікпен ойнағанды жақсы көретін. Бірақ әжесі оған күшікті ұстата бермейді. Бір күні әжесі: Менің енді бала бағуға шамам келетін емес, өздерің алыңдар, – деді. Сөйтіп бала қайтадан қаланың тұрғыны болды. Өзі терезеден қарап тұрғанды жақсы көретін. Терезенің сыртында, биікте ұшып бара жатқан құстар балаға қол созымдай ғана жерде ұшып бара жатқан секілді.
Бір күні шешесі бала терезесінен қарап тұрған бөлмені жинамақ болды да, оның терезесін ашып тастады. Бұл бөлменің терезесіне шыбын-шіркейге ұсталатын тор да тұтылмаған еді. Бала сол ашық қалған терезенің алдында ойнап қала берді. Енді оған сыртта ұшып бара жатқан құстар әйнектен қарағандағыдан да анық, әйнектен қарағандағыдан да айқын көрінді. Бала терезенің алдына бауырымен жатып алып, сол құстарға қарай ұмсына берді, ұмсына берді. Сонан соң терезенің жақтауынан асып түсіп, төменге қарай бір-ақ құлдилады.
Тарс ете қалған дыбысты естіген шешесі бөлмеге жүгіріп кіргенінде, бала жоқ еді. Бұл тарс етіп дыбыс берген терезенің сыртқы бөлігіндегі терезенің алдына жиектей қағылған қатты қаңылтыр темірдің даусы еді. Ол бала терезенің жақтауынан ауып түсіп бара жатқан кезде баланың салмағымен майысып барып, тарс ете қалып, қайта түзеліп, дыбыс берген.
Шешесі дереу баспалдақпен төмен қарай жүгірді. Есік алдында отырған екі жігітке: Бала құлады! – деп айқай салды. Үшеулеп үйдің бала құлаған артқы беткейіне қарай жүгірді. Үйдің артқы беткейіне жете бергенде...
Үйдің артқы беткейіне жете бергенде, жерге құлап түскен баланы көтеріп алған күйі жүгіріп бара жатқан бір бейтаныс, ақ көйлек киген жігітті көрді. Әудем жерде ақ түсті Жигули автокөлігі тұр еді. Жігіт көзіне түскен сол автокөлікке қарай жүгіріп бара жатты.
Бала құлаған ғимарат ерсілі-қарсылы автокөліктер өтіп жатқан көшеден тысқары тұр еді. Әрі бала құлаған үйдің артқы беткейімен де ерсілі-қарсылы жаяу жүргіншілер жүре бермейтін. Олар үйдің алдыңғы беткейімен жүргенді қалайтын. Тура әлдекім ақ көйлек киген жігітке қазір биіктен бала құлап түседі, сен соны көтеріп алып жүгіресің деп, ал ақ түсті Жигулидің иесіне сен осы орыннан табылатын бол деп ескертіп қойған сықылды.
Ақ түсті Жигулидің иесі де биіктен баланың жерге құлап түскенін, оны бейсауат өтіп бара жатқан әлдебір ақ көйлек киген жігіттің жерден көтеріп алған күйі өзіне қарай жүгіріп келе жатқанын көлігінің ішінде отырып көріп отыр еді. Дереу көлігінен түсе салып, көлігінің алдыңғы есігін де, артқы есігін де аңқитып ашып тастаған күйі дайындала берді.
Ақ көйлек киген жігіт баланы бауырына басып алып көтерген күйі ақ түсті Жигулиге жақындай бергенде, оны алдымен баланың шешесі қуып жетті. Ол есігі ашық тұрған көліктің артқы орындығына отырды. Жігіт баланы алдына берді. Бала көзін жұмған күйі сұлқ түсіп жатыр еді.
– Тірі ме?! – деді шешесі шошынып.
– Тірі, апай, тірі!
Ақ түсті Жигули орнынан жылдамдатып қозғалып кетті. Енді ақ түсті Жигули де, ақ көйлек киген жігіт те жоқ еді. Осының бәрі қас-қағым сәттік уақытта ғана болған еді. Тек оқиға орнында дағдарылып екі жігіт қана қалды. Олар әлгінде ғана баланың биіктен құлап түскен жеріне қайта келді. Тұрғын үй ретінде пайдалануға берілгеніне көп уақыт бола қоймаған ғимараттың іргесін жиектей төселген көлеңке беттегі бетон плита көкшілденген күйі жатыр еді. Бала биіктен құлап түскенде осы бетонға келіп соғылды-ау! Не жаны қалды екен? Бірақ әлгі ақ көйлек киген жігіт баланы тірі деді ғой.
Ертеңіне екі жігіт бала түскен облыстық ауруханаға барды. Аурухананың есігінің алдында тұрған аурухана қызметкерлері олардың не мақсатпен келіп тұрғандығын сұрап алғаннан кейін, екеуіне екі ақ түсті желбегей беріп, ішке кірулеріне рұқсат етті. Кіріп бара жатқанда баланың жатқан палатасын сілтеп жіберді.
Көрсетілген палатаға кіріп келген екі жігіт өз көздеріне өздері сенбей қалды. Кеше ғана биіктен құлап түскен бала төсек үстінде тыр-жалаңаш шешініп тастаған күйі шалқасынан түсіп алып, мәз-мейрам болып ойнап жатыр еді. Осы кезде палатаға ақ халат киген емдеуші дәрігер жігіт кірді. Ол төсек үстінде шалқасынан түсіп алып, мәз-мейрам болып ойнап жатқан балаға қарап: Летчик-космонавт, – деп әзілдеді. Дәрігерлер баланы жан-жақты тексеруден өткізе келіп: Баланың еш жеріне де зақым келмеген. Тек бір қолының шыбық сүйегі ғана аздап зақымданыпты. Ол да қауіпті жарақат емес, – дейді.
Бір қызығы, осы оқиғадан кейін ДЦП дертіне шалдығып, өз қатарынан жүруі де, сөйлеуі де кешеуілдеп жүрген баланың жүруі де, сөйлеуі де шапшаңдай бергені қызық жағдай еді. Кейін бала жүріп те, сөйлеп те кетті. Осы оқиғаның табы басылып, арада уақыт өткен соң баланың айналасындағылар: Осыған сол құлағаны кәдімгідей әсер етті, өзі. Содан кейін-ақ өзі бойын тіктеп ұстай беретін болды ғой, – деп, енді қаупі сейіліп, өтіп кеткен оқиғаны естеріне күліп алып отыратын.
Біреулер бала құлап келе жатқан кезде астыңғы қабаттың антеннасына соғылып өтіпті дейді, сол кішкене жәрдемдеспеді ме екен? десе, енді біреулер: Сен де қайдағыны айтады екенсің. Астыңғы қабаттың антеннасына соғылып өткеннен бірдеңе бола қойды дейсің бе? Үйдің ішінде кәдімгі адам отыратын орындықтың үстіне шығып тұрып, аяғың тайып құлап түсші, мертігіп қалайын десең, содан да мертігіп қаласың. Бұл бала биіктен құлап түсіп тұрып, еш жері зақымданбаса, онда бұл баланы тек Құдай сақтаған. Әжесінің баласын Құдай сақтап қалған ғой дейтін.
Кейін сол үйдің сол беткейіндегі сондай биіктіктен кәрілік жеңіп, есінен алжи бастаған өзге бір ұлттың қарт кісісі құлап кетті. Миы шашылып қалыпты дейді көрген жандар.